Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Qazaq gazetteri TV
  • 20 Маусым, 2019

Алтын Аралдың Арғымақтары

Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада “Ер Жәнібек” халықаралық қоғамдық қоры және Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен белгілі ақын-жазушы, публицист, аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Бақытбек Бәмішұлының “Алтын Аралдың Арғымақтары” атты шығармашылық кеші өтті.

Баян-Өлгей аймағының Бұлғын сұмынында Үлкен Теміртінің Норты жайлауында дүниеге келген Бақытбек Бәмішұлының есімі қазақ оқырманына «Мәңгі көк аспан астында», «Тұмарлы таң», «Бай Бұлғын жерім-ай», «Оспан батыр», «Айторы ғұмыр», «Азанбай абыз», «Зуқа батыр – аласапыран замана арыстаны» атты өлеңдер мен поэмалар жинақтары, «Ажалсыз адам» атты әңгімелер мен хикаяттар, «Алтын аралдың арғымақтары» өлең-роман кітаптары арқылы жақсы таныс. Ғылым жолында «Махмуд Қашқари және моңғол тілі» және «Моңғолия қазағының тілі: әлеуметтік қыры» атты монографиялар жазды. О.Сүлейменовтың «Аз и Я» кітабын моңғол тіліне, ал моңғол ақыны Р.Чойномның «Алтай» дастанын, түріктің халық ақыны Қараожалан, түркімен ақыны Ораз Ягмуров өлеңдерін қазақ тілінде сөйлетті.

Қазақ әдебиеті мен ғылымында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып үлгерген өнер иесінің 60 жастық шығармашылық кешінің шымылдығын Серік Қалиев Бақытбек Бәмішұлына арналған ән шашумен ашты. Ал, ресми ашылуында Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет: «Армысыздар ардақты ағайын! Құрметті әдебиетсүйер қауым! Бақытбек Бәмішұлы инженерлердің қатарынан әдебиетке үлес қосып жүрген адам», - дей келе әдебиетте инженерлік мамандықты оқыған жазушылар Ілияс Есенберлин, Олжас Сүлейменов, Қасымхан Бегманов, Софы Сматаевтар секілді ақын жазушылардың ізімен келіп, дегенмен өзгелерден дараланып, өз қолтаңбсын қалыптастырған шығармашылық иесі екенін атап айтты. - Бақытбек Бәмішұлы 90 жылдардың ішінде келгеннен бастап өлеңдері көзіме шалынды. Ерлік пен қаһармандықты жырлауды өзінің бір тақырыбына айналдырды. Зуқа батыр, Оспан батыр поэмалары соған дәлел. Қазақта Оспан батырды жазған басқа да адамдар бар. Бірақ Бақытбек оларды қайталамай, өзінше жырлады, батырлық, қаһармандықты айтып, адамгершілік қырларын аша білді. Оннан астам кітап шығарды», - деп ақынның шығармашылығына тоқталды. Кешке Бақытбек Бәмішұлының замандастары, қоғам қайраткерлері, үзеңгілес қаламдастары қатысып, ақжарма тілектері мен өлең-жырларын ортаға салып, ақынның өнердегі өзгеше келбетіне тоқталды. Алпысты арқалаған өнер иесін құттықтауға «Ер Жәнібек» қорының құрметті төрағасы Мақсұт Темірбаев, бүгінгінің жырауы Жәркен Бөдешұлы, ғалымның кандидаттық диссертациясының жетекшісі, профессор Бақытжан Хасанов, тарихшы, профессор Нәбижан Мұхамедханұлы сынды азаматтар қатысып, оның шығармашылығындағы ерекшеліктерін даралап айтып өтті. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Секен Тұрысбеков кешке арнайы ат басын бұрып, кеш қонақтарына тамаша күйін тарту етті.

Шығармашылық кештің иесі Бақытбек Бәмішұлының замандас құрдасы Ғалым Жайлыбай: «Бізді табыстырған тәуелсіздік, - дей келіп, - Бақытбек екеуіміз ит жылы туғанбыз. Қазаққа иттей адал болып қызмет етіп келеміз», - деп көкейіндегі әзілі аралас шындығымен бөлісті. «Ақиқат» журналының бас редакторы Аманхан Әлім ақын жайлы: «дәстүрлі классикалық қазақ поэзиясының үлгісін жалғастырып келе жатқан көп еңбектенетін адам» десе, ақын Алмас Ахметбек: «Болмысымен, талантымен, махаббатымен, келбетімен, кісілігімен шын мәніндегі ақын Бақытбек деп білем. Ел тәуелсіздік алғанда алыстағы елдің шырылдаған дауысын жеткізген ақын едік. 60-қа келген ақынның төсіне бір медаль артық па еді? - деген назын жеткізді. Ақынның алғаш рет өткізіліп отырған жыр кешінде өнер иесінің өлеңіне жазылған әндер орындалды. Беделхан мен Жәмилә есімді әншілер «Зуқа батыр», «Туған жер», Жамболат пен Гаухар «Сұлу бұлғын, сал бұлғын» әндерін орындап кештің көркін одан сайын қыздырды. Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының студенттері «Оспан батыр» поэмасынан үзінді сахналады. Кеш соңында әдебиетсүйер қауымға Бақытбек Бәмішұлы өз шығармашылығынан өлеңдер оқыды. Сондай-ақ, ақынның мұрагері Ақтамберді Бақытбекұлы әкесінің мерейлі мерекесіне арнап күй орындады. Шығармашылық кешті айтыскер ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы жүргізді.

Гаухар Түстікбаева. Бейнематериалды әзірлеген: Әлихан Жанарбек Суреттерді түсірген: Досжан Балабекұлы

41134 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз