Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Qazaq gazetteri TV
  • 05 Тамыз, 2019

«Қамалы бекем, халқы қайсар – Отырар» көрмесі ашылды

Алматы қаласындағы Мемлекеттік орталық музейде 5 тамыз күні «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қамалы бекем, халқы қайсар – Отырар» көрмесі ашылды. 

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында ортағасырлық қалалар жайлы: «орта ғасырдағы Отырар қаласы әлемдік өркениеттің ұлы ойшылдарының бірі – Әбу Насыр Әл-Фарабиді дүниеге әкелсе, түркі халықтарының рухани көшбасшыларының бірі Қожа Ахмет Ясауи Түркістан қаласында өмір сүріп, ілім таратқан», - деп ерекшеліктерін атап көрсеткен. Елбасының мақаласын негізге ала отырып, Отырар қорғанысының 800 жылдығына орай  ұйымдастырылған көрмеге «Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі» РМҚК қорының жәдігерлері қойылған.

 

Әлемдік өркениетте өзіндік үлесі зор, тарихы тереңде жатқан Отырар Сыр мен Арыс өзендерінің бойында орналасқан көне қала. Ұлы Жібек жолының құт мекеніне айналып, Үнді мен Қытай, Византия мемлекеттерімен ғылыми, мәдени, экономикалық, дипломатиялық байланыста болған  шаһарда сауда, егін, мал шаруашылықтары қатар дамыған. Көрме төрт бөлімнен тұрады: бірінші бөлім – музей қорындағы археологиялық материалдардың ерте ортағасырлық үлгілері ІІІ-VІІІ ғғ. тән түпнұсқа жәдігерлер мен деректік материалдар; екінші бөлім - Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстігіндегі қала мәдениеті дәуірлеген кезіндегі Отырар; үшінші бөлім – ХІІІ ғасырдағы Отырардағы дүрбелең, моңғол шапқыншылығы кезіндегі Отырардың тіршілігі және осы кезеңдерге тән жәдігерлер; төртінші бөлім – Отырардың қайта бой көтеруі. Павлодардан бастау алып, бес қалада ұйымдастырылған көрменің  соңғы нүктесі Алматы қаласы болып отыр. Отырардың даму кезеңдерінен хабар беретін бірегей, түпнұсқа заттар мен деректер көрмеге келушілердің ерекше назарына ие болды.

Толығырақ бейнематериалда.

Ералы Шоқай

Отырар мемлекеттік-археологиялық қорық музейінің бөлім меңгерушісі

Гауһар Түстікбаева.

 Бейнематериалды әзірлеген:

Әлихан Жанарбек

 

 

43844 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз