Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Qazaq gazetteri TV
  • 04 Желтоқсан, 2019

«Бастау» студенттік және дебюттік фильмдер фестивалінің салтанатты ашылуы өтті

Алматыда ҮІІІ Халықаралық «Бастау» студенттік және дебюттік фильмдер фестивалінің ашылуына орай баспасөз мәслихаты өтті. Оған «Бастау» ХКФ президенті Сергей Әзімов, Bastau Debuts конкурсының қазылар төрағасы, кинорежиссер, сценарист, продюсер - Михаил Сегал (Ресей), театр және кино актрисасы - Нелли Уварова (Ресей), киносарапшы, «Лістапад» халықаралық Минск кинофестивалының бағдарламалық директоры Игорь Сукманов, «Бастау» фестивалінің арт-директоры Диана Әшімова, режиссер Шәрипа Оразбаева (Қазақстан), режиссер, студенттік қазылар алқасының төрағасы Әлішер Жәдігеровтер (Қазақстан) қатысты. Бұл туралы Халықаралық "Бастау" кинофестивалінің баспасөз қызметі хабарлайды.

 - Осымен сегізінші мәрте өтіп жатқан фестиваліміз өтпелі кезеңде ұйымдастырылып жатыр. Мұндай кезде біздің фестивальдай ауқымды шараны өткізу-оңай емес. Дегенмен Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тікелей қолдау білдіруімен бұл мәселе оң шешімін тапты. Сондай-ақ бізге Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мен Т.Қ.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА басшылығы үлкен қолдау көрсетті. Бұл қадам фестиваліміздің еліміздің мәдени өмірінде тұрақты түрде өтіп тұруы тиіс маңызды шара екендігін айғақтайды. Біздің фестиваль - жас киногерлердің шеберліктерін шыңдауға, алға қойған мақсаттарын жүзеге асыруға жолдама беретін алаң, өздеріндей жастармен танысып, байланыс орнататын, кино майталмандарынан үйренетін шығармашылық кеңістік, - деді «Бастау» ХКФ директоры Сергей Әзімов.

- Биылғы бағдарлама студенттерге ғана емес, сондай-ақ көрерменге де қызықты болады деп ойлаймын. Бір айта кетерлігі, біз биыл алғаш рет байқау бағдарламасына деректі киноны қостық. Шетелдік қонақтардың бағдарламасы да қызық болатыны сөзсіз. «Бастаудың» басты міндеті – білім беру болғандықтан, біз шеберлік дәрістердің бағдарламасын да жақсылап ойластырдық. Картиналарды халықаралық деңгейде таныту, оларды халықаралық фестивальдарға ұсыну, сатып алуларға қатысты арнайы бағдарлама болады, - деді фестивальдің арт-директоры Диана Әшімова.

- Қазылар алқасы ретінде біздің міндетіміз - жекелеген фильмдерге бүйрегімізді бұрмай баға беру. Өнер туындысына баға бере отырып, оларды бір-бірімен салыстыру деген - оңай шаруа емес. Сондықтан, біз бір нәрсеге ғана сүйенеміз. Яғни ешбір контекстке қарамастан фильмдердің көркемдік идеялық сипатына баса назар аудармақпыз. Бұл істі бізге сеніп тапсырғаны үшін қуаныштымыз,- дейді Bastau Debuts қазылар алқасының төрағасы Михаил Сегал.

- Фестивальға шақырғаны үшін ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін. Бұл менің алғаш рет қазылық етуім. Менің әлі де үйренерім көп болғандықтан, өзіме жүктелген міндетке асқан жауапкершілікпен қараймын. Кадрларды өте мұқият қарап, тыңдауға тырысамын. Фестиваль енді басталғандықтан, айтар сөз, бөлісер пікір әлі алда. Әңгіме-сұхбат құратын себептер аз болмасына сенімдімін, - дейді ресейлік кино және театр актрисасы Нелли Уварова.

- Шақырғандарыңызға, беймәлім дүниелердің табалдырығын аттауға мүмкіндік бергендеріңіз үшін рахмет. Қысқаметражды жұмыстар дебюты дегеннің өзі - белгісіздік. Алда не күтіп тұрғанын білмейсің, мұның өзі қызық та. Бәлкім осы күндері басқалардан оқ бойы озып шығып, аты ерекше аталатын таланттар мен олардың картиналары уақыт өте келе әлемдік мәдениеттің жауһарына айналар. Мұндай дәрежеге жетуге біздің де үлесіміз болғанын кейіннен мақтанышпен еске алармыз,- дейді «Лістапад» халықаралық кинофестивалінің бағдарламалық директоры Игорь Сукманов.

- Бұл фестиваль мен үшін ерекше болмақ. Бір жағынан мен өзім қазылар алқасының құрамында отырсам, енді бір жағынан фестивальда менің «Мәриам» атты туындым көрсетіледі. Бұған дейін тек қысқаметражды фильм түсіріп келсем, осы жолы толықметражды фильм түсірдім. Жас киноматографистерге осындай тамаша мүмкіндік ұсынғаны үшін Сергей Әзімов пен Диана Әшімоваға шын жүректен алғысымды білдіргім келеді. Солардың арқасында қазақстандық көрермен жастардың түсірген тың дүниелерін көре алады, - деді режиссер, қысқаметражды фильмдер байқауының қазылар алқасы мүшесі Шарипа Оразбаева.

Ал кешке «Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Бастау» кинофестивалінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Кеш басында «Бастау» кинофестивалінің президенті Сергей Әзімов және ҚазҰӨА проректоры Сәкен Майғазиев келген қонақтарға алғыстарын айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Мәдени іс-шара барысында Грузияның белгілі режиссері Ираклий Квирикадзе қазақ киносының дамуына қосқан үлесі үшін жүлдесімен марапатталды. Бұл құрметті сыйлықты фестиваль президенті Сергей Әзімов табыстап, грузиялық әріптесімен бірге 8-ші халықаралық «Бастау» кинофестивалін ашық деп жариялады.

Салтанаттың ресми бағдарламасынан кейін көрермендерге әлемнің көптеген фестивальдерінде көрсетіліп үлгерген қазақстандық режиссер Шарипа Оразбаева түсірген «Мәриам» фильмі ұсынылды. Көрсетілімнің алдында фильмді таныстыруға шыққан режиссер картинаның түсірілу барысы туралы сөз айтып, шығармашылық ұжымға алғысын білдірді.

Естеріңізге сала кетейік, биыл фестиваль форматына өзгерістер енді. Байқауға алғаш рет толықметражды дебюттік фильмдер еніп отыр (барлығы 10 туынды). Ал қысқаметражды фильмдер байқауына биыл 44 елден 360 өтінім келіп түскен. Фестивальдің іріктеу комиссиясы конкурсқа 43 туындыны таңдап алған. Айта кетсек, фестиваль барысында ҚазҰӨА студенттерге арналған шеберлік дәрістер мен фестиваль қонақтарының қатысуымен шығармашылық кездесулер өтеді.

Фильмдер Bekmambetov Cinema (Абай даңғылы, 109 В,Globus СОО, 2—ші қабат) кинотеатрында көрсетіледі. Фестивальдың жұмысы туралы толық ақпаратты www.bastauiff.kz. Сайтынан таба аласыздар.

Студенттік және дебюттік «Бастау» халықаралық фестивалының ұйымдастырушылары: «Бастау» ХКФ Бас Дирекциясы, «Кинокомпания Tanaris Production» ЖШС, Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «A Team» компаниясы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер Академиясы, ТҰРАН Университеті, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ.

Бейнематериалды әзірлеген: Жанарбек Әлихан

40979 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз