Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 20 Қаңтар, 2020

Уақыт пен кеңістік талғамайтын туындылар көрмесі

«Қазақ газеттері» серіктестігінің шығармашылық ұжымы 2020 жылдың 17 қаңтарында Алматы қаласында орналасқан Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейіне баспасөз турын ұйымдастырды. Өнердің киелі ордасына барудағы басты себеп – қазақ бейнелеу өнерінің қалыптасыуына өзіндік үлесін қосқан акварель шебері Үкі Әжиұлының 95-жылдық мерейтойына арналған көрмесі мен «Pigmalion» коллекциясының раритеттері» экспозициясын тамашалау болды.

Көркемдік әлеміне деген саяхат мәдениет пен бейнелеу өнері саласындағы Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты, «Тарлан» тәуелсіз сыйлығының лауреаты Үкі Әжиұлының сурет көрмесін тамашалаудан басталды. Өнер иесінің қылқаламынан шыққан дүниелерге қарап отырып, суретші шығармашылығындағы басты ерекшелік – тақырыптық еркіндікті бірден байқауға болады. Портрет пен пейзаждары  суретшінің ойы мен эмоциясын дәл жеткізіп,  түстер гаммасы ғаламат сәйкестік табады. Баян Барманқұлова суретшінің шығармашылығы жайында: «Күннің шығуы мен батуына, жаңбыр пен қардың жаууына, тау мен жазықтың әдемілігіне, адамдардың кескін-келбеті мен мінез-құлқындағы әралуандылыққа, тіршілік түйіткілдеріне жайбарақат қарамайтын суретшінің де әрекеті қайталанбастай еді. Дарынды қылқалам шеберіне бүкіл әлем табиғат құбылыстары мен адамзаттық оқиғалардың алма-кезек ауысқан ғажап бейнесі ретінде көрінді», - деп сипаттады.

Үкі Әжиұлының шығармасымен таныстырған өнертанушы, көрме жетекшісі Гүлнұр Жұбанова: «Үкі Әжиев бейнелеу өнеріне Қастеев атамызбен шамалас келген. Қазақ акварелін дәріптей алған, акварельдің сулы және құрғақ тәсілін ерекше меңгерген суретшілердің бірі. 1924 жылы осы Алматы өңірінде дүниеге келген. Биыл 95 жылдығын атау тойлануда, бұл көрмеде біз көпшілікті суретшінің 80-ге жуық тың туындыларымен таныстыра аламыз. Бұл көрменің бұған дейінгі көрмелерден ерекшелігі, бұрын-соңды еш жерде қойылмаған туындылар кездеседі және музей қорынан алынған туындылармен қатар өзінің ұрпақтары, қызы Әсия Хайруллинаның үлесі мол» - деді.

Жастайынан бейнелеу өнеріне құмартқан тума талант иесінің өмір жолы оңай болмаған. Балалық шағынан жетімдіктің, соғыстың ащы зардабының дәмін татқан суретшінің шығармашылық жолына пешенесіне жазылған қиын тағдыры да кедергі болмады. Керісінше, оның ғұмырындағы арпалыстар туындыларын күрделендіріп, тынысын кеңейте түсті. Суретшінің портреттік бейнелері «Қазақ мадоннасы», «Ана ойлары», «Автопортрет», «Қастеевтің портреті» адам бойындағы шынайылық пен сұлулықты жеткізсе, түрлі елдерге жасалған сапарлардан туған «Фудзи бөктерінде», «Гоби түні», «Бизондар», «Бұхарадағы керуен-сарайы» және басқа да суреттерінде әлемнің әр елінің тұрмыс-тіршілігі мен уақыт тынысы дәл қазіргі сәттегідей әсерлі, ал табиғат көріністеріне арналған «Ассы жайлауы», «Хан-Тәңірі бөктерінде», «Биік таулы жайлау» және басқа да шығармалары табиғат құпияларын жан-жақты аша түседі.

 Музейге деген саяхаттың жалғасы Еуропа суретшілерінің туындылары жапон гравюрасымен бір кеңістікте біріккен «Pigmalion» коллекциясының раритеттері» экспозициясын тамашалумен жалғасты. Көрме «жеке коллекция өнері», яғни әртүрлі мерзімде жеке жинақтарда сақталған өнер туындыларын көпшілікке ұсынады. Бұнда Еуропа мен Азияның үздік  қылқалам шеберлері Пабло Пикассо, Анри Матисс, Марк Шагал, Сальвадор Дали, Огюст Ренуар, Альберт Дюрерлердің туындыларымен қатар, укие-э жапон гравюрасының шеберлері Хиросигэ, Кунитика, Кунитера шығармаларымен танысып, әр дәуірдегі түрлі мәдениеттің уақыт пен кеңістіктігін сезінуге мол мүмкіндік береді.

         

Суретшілердің өмір сүрген кезеңіндегі көзқарас, олардың өмірі мен шығармашылығы, өнер туындыларындағы басты тақырыптар, әлемді мойындатқан туындыларына себеп болған музалары жайлы қызықты мәліметтермен бізді экскурсиялық жұмыстар бөлімінің жетекшісі Оксана Танская таныстырды: «Көрмемен танысу арқылы келушілер атақты суретшілердің есімі мен туындыларын біліп қана қоймай, литография, калотипия, офорт, гравюра секілді түрлі суретшілік өнерге тән тәсілдер, атаулармен танысып, өнер туындыларын ерекшеліктеріне қарай ажырата алатын болады», - дейді. Әлемнің көрнекті өнер шеберлерінің эстетикалық, философиялық, көркемдік ізденістерінің негізінен туған үздік коллекцияны тамашалауға мол мүмкіндік беретін көрме 26 қаңтарға дейін жалғасады.

Гауһар Түстікбаева

Бейнематериалды әзірлеген: Жанарбек Әлихан 

Суреттерді түсірген: Азамат Құсайын

42164 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз