Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 03 Ақпан, 2020

Неге «Гарри» емес, «Хәрри»? (видео)

Алматыда "Хәрри Поттер" топтамасының бірінші кітабы "Хәрри Поттер мен пәлсапа тас" романының тұңғыш рет қазақ тілінде ресми жарық көруіне орай, журналистерге арналған баспасөз мәжілісі өтті. Британ жазушысы Жоан Роулиң ойлап тапқан сиқыршы бала Хәрри Поттер және оның әлемі туралы еңбектерді қазақ тілінде шығару құқығы "Steppe & WORLD Publishing" баспасы ие болған. Баспа өкілдерінің айтуынша, кітапты қазақ тілінде аударуға бұл әлемдік бестселлердің үлкен-кішіге бірдей қызық болатыны, Қазақстанда танымал екендігі түрткі болған. Назгүл ҚОЖАБЕК, жобаның жауапты редакторы: -Кітап туралы алғаш ақпарат беріп, мұқабасын әлеуметтік желілерде жариялағалы бері "Неге "Гарри" емес, "Хәрри"?, "Неге "Роулинг" емес, "Роулиң"? деген сұрақтар көбейді, сынға да ұшырап жатырмыз. Әрине, "Гарри" мен "Роулингке" үйреніп кеткен көпшіліктің біздің нұсқаны қабылдай алмай жатқанын түсінеміз. Алайда біз тікелей ағылшын тілінен аудардық. Ағылшын тілінде "Harry" [ˈhærɪ] болып транскрипцияланады. Ал "ә" дыбысы ағылшын тілінде де, қазақ тілінде де бар. Сол секілді жазушының тегі "Rowling"  [ˈrō-liŋ] деп оқылады, яғни "ң" дыбысымен аяқталып тұр. Бұл да қазақ тілінде бар. Сондықтан біздің нұсқамызда "Гарри" емес, "Хәрри", "Роулинг" емес, "Роулиң" болады. Райса ҚАДЫР, "Steppe & WORLD Publishing" баспасының негізін қалаушы және басшысы: -Бүкіл әлем білетін, 80 тілде жарық көрген топтаманың әлі күнге қазақшаға аударылмағанына 20 жылдың ішінде бұл істі қолға алатын ешкім шықпағанына алғаш таң қалғаным рас. Біздің баспа тәржімаланатын кітаптарды өз қалауына, мақсат-жоспарына, тәжірибесіне сүйене отырып тыңдайды. Сондықтан кезекті жобамыз ретінде "Хәрри Поттер" топтамасын қолға алып, аударуға кірісіп кеттік. Біз бұл кітапты шығаруға ешбір жерден қаржылай қолдау алған жоқпыз. Бұл біздің өзіміздің жобамыз. Автормен келсім-шартқа келу жұмыстары бір жылдың көлемін алды. Біздің баспаның "Хәрри Поттер" топтамасының барлық топтамасын қазақ тілінде шығаруға рұқсатымыз бар. Аталмыш кітап жеті сериядан тұратын әлем ғой. Бүгін бірінші топтама жарық көрді, жылдың соңына дейін төрт топтамасы жарық көреді. Қалған екі топтама 2021 жылы жарық көреді. Біздің баспамыздың мақсаты-балаларымыз әлемге танымал кітаптарды қазақ тілінде оқып өссе деген ниет. Өйткені, осы уақытқа дейін кітап дүкендерінде балаларға арналған әлем әдебиетінің қазақ тіліндегі нұсқасы болмады. "Қазақшасы қашан шығады?",- деп күтіп отырмай, істі өзімізден бастадық. Аударма авторы тәржіма барысында адам аттарының, жер-су атауларының көпшілігін түпнұсқадан ауытқымай беру туралы шешім қабылдағанын айтып өтті.

Досжан Балабекұлы

(Суреттерді түсірген автор)

Алихан Жанарбек (видео)

 

43495 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз