Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 30 Сәуір, 2024

Алматыда «Деректі фото: тарихы және даму көкжиегі» кітабының тұсаукесері өтті 

Алматыдағы Ұлттық кітапханада «Деректі фото: тарихы және даму көкжиегі» атты монографияның таныстырылымы өтті, - деп хабарлайды kazgazeta.kz тілшісі. 
Шараны «Фотоөнер» республикалық қоғамдық бірлестігі мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінің Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасы ұйымдастырды.


Монографиялық еңбекте авторлар «тәтті» фотодан алыстау жүріп, мән-мазмұны бар «ащы» фотоға, яғни деректі фотоға келуге шақырады. Кітапта деректі фотоның маңызы мен тарихы әр кезеңдегі авторлар мен олардың туындылары көрнекілік ретінде көрсетіле отырып, егжей-тегжейі сөз болады. Сонымен қатар қорытынды бөлімде деректі фотоның еліміздегі беталысы және оның сапалы дамуына жасалған алғашқы жобалардың нәтижелері ұсынылады. 
Классикалық ақ-қара түсте жарық көрген бұл кітап: ««Тәтті фото» мен «Ащы фото» терминдерін ғылыми айналысқа енгізу жолдары», «Әлемдегі деректі фото жағдайын талдау» және «Қазақстандағы деректі фотоның даму көкжиегі» атты негізгі үш тараудан, сонымен қатар авторлық тұжырым мен библиографиялық тізімдерден құралған. 
Фотография саласы бойынша қазақ тілінде алғаш рет жарық көріп отырған монография студенттерге, магистранттарға, докторанттарға, зерттеушілерге және фотоөнерге қызығушылық білдірген қалың оқырман қауымға арналған. 
Кітаптағы баға жетпес кейбір құнды фотосуреттер ҚР Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архивінің қорынан алынды. 


Ғылыми еңбектің авторлары: Асылхан Әбдірайымұлы, Серік Мұқышұлы және Дәурен Мақсұтханұлы.
«Деректі фото-адамзат мәдениетінің ең қымбат бөлігі һәм заманауи бейнелеу өнерінің бағалы мұрасы. Деректі фото фотографияны әлеуметтік тіл құралы еткен, әрі қоғаммен тікелей тілдесетін нақты көрсеткішке айналдырған. Ендеше, шындықты ашушы да, сынға  алушы да сол көрсеткіш-фотография. Одан да маңыздысы, ол әлеуметтік шындықты белсенді түрде өзгерте алады», - дейді кітап авторының бірі Серік Мұқышұлы.

Шара аясында «National Geographic Qazaqstan» журналының қолдауымен Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылған «Деректі фото» біліктілікті арттыру курсының нәтижесі жарияланып (фотокөрме), үздіктері арнайы Сертификаттармен марапатталды.

Досжан Балабекұлы

316 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз