Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Шартарап
  • 10 Мамыр, 2024

Францияда қазақстандық жауынгерлердің рухына тағзым етілді

Банё, 2024 жылғы 7 мамыр – Жеңіс күніне орай жыл сайынғы дәстүр бойынша Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан және Францияны азат ету жолында қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің рухына тағзым етілді.

Қазақстанның Франциядағы Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова, ЮНЕСКО және халықаралық ұйымдар жанындағы ҚР Тұрақты өкілі Асқар Әбдірахманов және дипломатиялық өкілдіктер ұжымы қабірі 2018 жылы табылған Нұрман Молдабековтың басына барып, гүл шоқтарын қою рәсімін өткізді.

Мұрағаттық мәліметтерге сәйкес, 7-ші атқыштар полкінің қатардағы жауынгері 1928 жылы дүниеге келген. Ол 1941 жылы Алматы облысының Іле ауданында әскерге аттанып, ұзақ жылдар бойы хабарсыз кеткен сарбаздардың қатарында болды. 2018 жылы тарих ғылымдарының докторы Г.Мендікұлованың іздеу жұмысы нәтижесінде Париж госпиталінде оның қайтыс болғаны және Банё паризьен әскери зиратында жерленгені анықталды.

Іс-шара барысында Банё паризьен зиратының өкілдерімен аталған сарбаздың дұрыс жеке деректері көрсетілген тақтайшаны орнату мәселесі талқыланды.

Сонымен қатар, Қазақстанның Париждегі Елшілігі жанындағы Әскери атташе аппаратының жеке құрамы Кеңес Одағы сарбаздарының құрметіне Нуайе-Сен-Мартен коммунасында орнатылған мемориалға гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты. Бұл жерде француз Қарсыласу қозғалысы қатарында соғысқан Қызыл армияның 4643 жауынгері жерленген.

Фото: gov.kz

714 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз