Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Фотогалерея
  • 01 Мамыр, 2024

Алматыда субұрқақтар ашылды

Бүгін Алматы қаласында 60 субұрқақ іске қосылды, - деп хабарлайды kazgazeta.kz тілшісі.

Қала балансында барлығы 66 субұрқақ бар, оның 6-ын қайта жаңғыртуда («Бақбақ», «Аққу», «Қызғалдақ» субұрқақтары, М.Әуезов  Қазақ ұлттық драма театры, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және ҚР Мемлекеттік мұражайы).

«Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны аясында  субұрқақтардың тостағандары, түптері, қабырғалары тазартылып, гранит плиталарын қалпына келтіру бойынша дайындық жұмыстары жүргізілді. Мамандар субұрқақтардың сәндік элементтерін бояды, электр жабдықтары мен сорғыларына, электр энергиясының инженерлік желілеріне, суық сумен жабдықтауға және кәрізге ревизия жүргізді. Коммуналдық қызметтерді жеткізушілермен сумен жабдықтау және электрмен жабдықтау жүйелері қайта консервацияланды. Дайындық жұмыстары барысында авариялық учаскелер анықталды, қазіргі уақытта инженерлік сумен жабдықтау және электрмен жабдықтау желілерін қалпына келтіру жұмыстары аяқталуда.

Тұңғыш Президенті паркіндегі субұрқақ толық іске қосылмай тұр екен. Мұны сол жерде жұмыс жасап жатқан жұмысшы Ғани Келдебеков фонтанның су жинау процессімен байланыстырды. Шамамен 3-4 күннен соң толық іске қосылады екен.

Қазақстан-Британ техникалық университеті маңайындағы субұрқақтардан Жұбаныш Бәрібаев атындағы орта мектебінің 11-сынып оқушыларын кезіктірдік.  Есімдерін Кәусар Еркінова, Зарина Абай деп таныстырған мектеп бітіруші түлектер қаланың осы жеріне фотосессия жасауға келіпті. Өйткені, дәл бүгінгі фонтан маусымының ашылуы мен қызғалдақтар олар үшін ерекше локация ретінде ұнапты.

Ал ғұмырының 54 жылын Алматыда өткізіп келе жатқан зейнеткер Разия Айдарова қала субұрқақтарының сан мәрте өзгеруінің куәсі болыпты. «Қазір де қала өзіне тән сәулетімен ерекшеленіп келеді», - дейді зейнеткер.

Естеріңізге сала кетейік, 8 сәуірден 8 мамырға дейін «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны өтіп жатыр, оның аясында қалада және таулар, өзендер мен көлдер аумағында қоқыстардан тазарту, ағаштарды, гүлдер мен бұталарды жаппай отырғызу, ғимараттардың қасбеттерін жуу, шағын сәулет нысандарын, қоршауларды, балалар жән спорт алаңдары  жөнделіп, айнала  абаттандырылуда.

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ

Суреттерді түсірген автор

1688 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз