Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Безбен
  • 02 Қыркүйек, 2020

Президент Жолдауы баршамызды бір мақсатқа топтасуға шақырады

Президенттің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты кезекті Жолдауы жарияланды.

Осыған орай Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірлесе отырып, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын талқылауға арналған онлайн конференция өткізді.

Аталған шараға ҚХА Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің өкілдері, ҚР Парламенті депутаттары, ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшелері, этномәдени бірлестіктердің басшылары қатысты. Конференцияда сөз алған Жансейіт Түймебаев Жолдауда айтылған мәселелердің барлығы еліміздің әр азаматына қатысты екенін, сондай-ақ, Жолдаудың жалпыхалықтық бірлік пен татулықты ұстана отырып, ел экономикасын көтеруге шақыратынын атап өтті.

 - Құрметті Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, бүгін халқымыз ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауына куә болды. Жолдауда ең маңызды мәселелер айтылып, әсіресе, экономикаға басымдық беріліп отыр. Осыған орай мемлекеттік, жергілікті басқару, жаңа экономикалық дамудың жолдары, орта және шағын бизнесті дамыту, экономиканың бәсекелестікке жетуі, жалпы тұрғын халыққа құрылыс салу мәселесін дамыту – осылардың барлығы да әрбір азаматтың міндеті. Биылғы жылдың ерекшелігін барлығымыз көріп отырмыз. Бүкіл дүниежүзін қамтыған коронавирус пандемиясының салдарынан көптеген елдердегі экономикалық ахуалдың төмендеуі - бұл Қазақстанға да өз әсерін тигізіп отыр. Осы кезеңде ҚР Президентінің Жолдауы баршамызды бір мақсаттың жанында топтасуға, жалпыхалықтық келісім, ынтымақпен біріге отырып, еліміздің экономикасын дамытуға, жұмыла көтеруге шақырады. Сондықтан да осындай күрделі кезеңнен, қиындықтан біріге отырып өтейік, – деді ҚХА Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев.

Сонымен қатар аталған онлайн жиында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын насихаттау және оны жүзеге асырудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының міндеттері талқыланып, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтудың өзекті мәселелелері бойынша қатысушылар өзара пікір алмасты.

 

 

 

 

 

 

 

819 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз