Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 21 Қаңтар, 2021

Енді жүргізуші куəлігін көрсету міндетті болмайды

Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, қабылданды.

Заңның жобасы бірқатар Парламент депутаттарының бастамашылығымен әзірленді. Құжат Мемлекет басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында берген тапсырмасын іске асыруға және жол жүрісі саласындағы заңнаманы жетілдіріп, азаматтардың, қоғам мен мемлекеттің құқықтарын және мүдделерін қорғауға, жол-көлік құралдарының тиімді әрі қауіпсіз қызметін қамтамасыз етуге бағытталған.

«Заң жобасында Қазақстан Республикасында берілген жүргізуші куәлігі мен көлік құралын тіркеу туралы куәлікті өзімен бірге алып жүруді талап ететін норманы қолданыстағы заңнамадан алып тастау көзделіп отыр. Яғни автокөлік иесін полиция тоқтатқан кезде, ол жеке куәлігін ұсынып, сол жеке куәлікпен полиция қызметкері планшет арқылы электрондық базада оның қажетті құжаттары бойынша тексеру жүргізе алады», - деді Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров.

Сонымен қатар, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстен, Қазақстан Республикасында берілген жүргізуші куәлігі мен көлік құралын тіркеу туралы куәлікті өзімен бірге алып жүруді талап ететін нормалардың сақталмағаны үшін әкімшілік жауапкершілікті алып тастау ұсынылды.

«Заң жобасындағы өзгерістер мен толықтырулар шетелдік жүргізушілер мен шетелдік көлік құралдарына қолданылмайды, яғни олар өзімен бірге барлық қажетті құжаттарды алып жүруге міндетті», - деп нақтылады сенатор.

Екі оқылымда болған талқылаудан кейін депутаттар Заңды қабылдады. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев қабылданған заң Мемлекет басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысында жасаған ұсыныстары аясында әзірленгенін еске салды. «Соған сәйкес, енді көлік жүргізгенде жүргізуші куәлігін және көліктің техникалық паспортын бірге алып жүру міндеті алынып тасталады. Бұл цифрландыру жұмыстарының нақты нәтижесі екені сөзсіз», – деді М. Әшімбаев.

 

 

485 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз