Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 26 Наурыз, 2021

Қазақстанның "Уолт Диснейі"

Анимация – өнердің үлкен әрі күрделі саласы. «Сақ» киностудия-сының осы салада аянбай еңбек етіп, халықтың көзайымына айналып жүргеніне 18 жыл болды.  2008 жылы АҚШ-тың «Дисней» ұжымы «Сақ» киностудиясына Қазақстанның «Уолт Диснейі» деген баға берген болатын. «Сақ» ұжымы осы атауға лайық болып келеді. Өскелең ұрпақтың дүниетанымына оң әсер етіп, отансүйгіштікке тәрбиелеуде сіңірген еңбегі орасан зор. Тоқтаусыз жұмыс істеп, қазақ кинематографиясына өлшеусіз үлес қосып келеді. Еліміздегі ең алғашқы сапалы анимациялық бейнебаяндар мен мультфильмдер «Сақ» киностудиясынан бастау алады. Бала күнімізде  «Алдар көсе мен шайтандар», «Қанатты Барыс», «Мақта қыз бен мысық», «Қошқар мен теке», «Момын мен қарақшылар», «Толағай», «Маймақ қаз» мультфильмдерін көріп өстік. «Томпақ» пен «Қалқанқұлақтың» орны бір бөлек еді. Мені «біз сүйіп көретін мультфильмдер қалай жасалады, кино қалай түсіріледі?» деген сұрақтар қатты қызықтыратын. Осы сұрақтардың жауабын іздеп, «Сақ» киностудиясына барған едім. «Сақ» ұжымы жақсы қарсы алып, сіз бен бізді қызықтырып жүрген барлық сұраққа жауап берді.

Нұриддин Паттеев, «Сақ» киностудиясының директоры:

– «Сақ» киностудиясы 2001 жылы құрылды. Алғашқы атауы «Жібек» болатын. 2008 жылдан бастап «Сақ» киностудиясы деп аталды. Сақ атауы – сапалы анимациялық қойылым ұғымы мен ұлы даламызда өнерін өркендеткен сақ дәуірін де меңзейді.

Бастапқыда анимациялық жарнама роликтерін жасаумен айналыстық. Кейінірек «неге мультфильм жасап көрмеске?» деген ой келді.  2004 жылы  «Алдар көсе мен шайтандар» мультфильмін жасадық. 10 минут-тық мультфильмді жасауға бір жыл уақыт кетті. Осы мультфильмімізді басқаларға мақтанышпен көрсе-тетін едік. Қазіргі өнімдеріміз көрерменін тауып жатыр. Шет елге де шығарып жүрміз.

2008 жылға дейін анимациялық мультфильмдерімізден ешқандай табыс болған жоқ. Жарнамадан тапқан ақшамызды мультфильм жасауға жұмсайтынбыз. Елімізде балалар тақырыбында әңгіме жазатын адам жоқтың қасы еді. Сондықтан халық ертегілерін өзгертіп, заманауи тұрғыда анимациялық  мультфильмдер жасауға тырыстық. Баланың тәрбиесі тал бесіктен басталады.

Қазіргі кішкентай бүлдіршінде-ріміздің барлығы теледидар, Youtube қарайды. Көргенін бірден жаттап алып, түрлі кейіпкерге еліктейді. 30 жылдан бері қазақ тілінің бір қалыпқа түспегені – қазақи өнімдердің аздығынан деп білемін. Елімізде балалар көретін қазақша өнімдер өте аз. Сондықтан  амалсыз шет елдің мультфильмдерін көруге мәжбүр болады. Ұрпақ тәрбиесі – болашақ тірегі. «Сақ» ұжымы еліміздің игілігі мен анимация саласының даму жолында аянбай еңбек етуге дайын.

Біздің фильмдер мен мультфильмдердің сценарийі тарих пен халық ауыз әдебиетіне сүйене отырып жазылады. Қазір анимациямен қатар тарихи фильмдерге күш салып жүрміз. 2020 жылы «Төле би» мен «Әл Фараби» телесериалдарымыз жарыққа шықты. Біздің фильмдер-дің барлығы оңтүстікте түсіріледі. Өлкеміздегі қасиетті, киелі орындарды насихаттауға барынша тырысып келеміз. Сонымен қатар ұжымның басты мақсаты – адами құндылықтарды сақтау, көрерменді мейірімділікке шақыру. Осы мақсатта  «Періштемен болған екі күн» атты фильм түсіруге дайындық жүргізіп жатырмыз. Фильмнің жалпы сюжеті отбасындағы берекені сақтау, адамгерші-лікті жоғалтпау жайлы болмақ.

«Томпақ» қалай түсірілді?

2012 жылы «Томпақ» телехикаясының  сценарийі жазылды. Бірақ  идеямызды ұлттық арнаға түсіндіре алмай біраз жүрдік. Себебі анимация мен киноның араласуы бәріне таңсық көрінді. Сол кезде «Балапан» арнасының басшысы Ләйлә Сұлтанқызының қолдауы көп болды. «Томпақты» түсірудегі мақсат елімізді, қасиетті жерлерімізді, салт-дәстүрімізді насихаттау болды. Кастингке 200-ге жуық бала келді.  Басты кейіпкерлер – Тасболат, Берік, Есет, Жасмин. Тасболат рөліндегі Арманды театрдан шақырттық, Рауан мен Жасмин  кастинг арқылы өтті. Ал Есет рөліне сай келетін томпақ баланы ұзақ іздедік. Мектептерді араладық, соңында ассистент қыздар Олжасты дүкенде тұрған жерінен көріп, кастингке шақырған болатын (күліп). 

Кішкентай  балалармен жұмыс істеу қиын. Түсірілім кезінде ұйқысы келеді, қарны ашады. Жылайтын сахналар болады. Түнгі түсірілімнен балалар  кеш қайтатын кездері жиі болады. Ата-анасы уайымдайды. Түсірілімдер көбіне табиғат аясында түсірілгендіктен ауа райы да кедергі жасайтын. 

Телесериалдағы Томпақты жасыратын үйді, мектепті табу қиынға соқты. Мектептің ішіндегі сахналар Н.Назарбаев мектебінде, сырты ауыл мектебінде түсірілген болатын. Бір бөлімнің анимациясын 1 айда жасайтынбыз. Телехикая 2 маусым, 24 бөлімнен тұрады. 

Кастинг қалай өтеді? 

Әр жобаның алдында міндетті түрде кастинг жариялаймыз. Көп актерді кастинг арқылы таңдаймыз, арнайы шақыртумен келетіндер де бар. Кейде актерлерді өзіміз көшеден, мектептерден де іздейтін кезіміз болады. Кастингке келген балаларға арнайы мәтіндер беріп, оқытып, түрлі образ жасауын талап етеміз. Балалармен жұмыс істеу қиынырақ. Сценарийді жаттау да оңай емес. Кейбір ата-аналар уайымдап, жиі қоңырау шалып, мазасын алып жататын кездері де болады.

АНИМАЦИЯ ҚАЛАЙ ЖАСАЛАДЫ?

Оңласын Бөрібеков, аниматор: 

– Ең алдымен сценарий  жазылып, кейіпкерлердің эскизі салынып, кескіндеме жасалады. Содан соң аниматорлар барлық кескіндемені салып, дауыс жазылған соң монтаждауға кіріседі. 10 минуттық мультфильмге елу мыңға жуық сурет салынады. Мультфильм жасау ұзақ уақыт пен ұқыптылықты талап етеді. Мультфильм көрермен талғамайды. Аниматорлардың мақсаты – жансыз суреттерден қимыл-қозғалыс жасау, көрерменді сендіру. Кейіпкерлердің бір-бірі-не ұқсап кетпеуіне барынша тырысамыз. Жаңа образдар жасау біз үшін өте қызықты. Ал сол жасаған жұмысымыз халыққа ұнап, балалардың көңілінен шығып жатқаны қуантады. Қазір жұмыстарымыз шет елдерде көрсетіліп жүр. 

Биыл «Қошқар мен теке», «Бабалар ізі» мультфильмдерінің жаңа маусымдары мен YouTube арнамызда балаларға арналған жеміс-жидектер туралы жоба жасау ойымызда бар. «Айбынды Алуа» мультфильміне сценарий жазылып жатыр.

Достар, біз фильм немесе мультфильм қарағанда тек сюжетке, іс-қимылға ғана мән береміз. Бір жобаның сәтті шығуына қаншама маман атсалысады. Солардың бірі – композитор. Оқиғаны жүрекке жеткізіп, қозғау салатын бір күш бар. Ол – әуен. Көрерменді қорқыту, күлдіру мен жылату әуен арқылы жүзеге асады. Бұны көпшілігіміз байқай бермейміз. Біз көріп жүрген мультфильмдер мен киноларға өң беріп, жүрекке жеткізіп жүрген жанның бірі – «Сақ» киностудиясының композиторы Руслан Шынықұлов.

– «Сақ» киностудиясында 2005 жылдан бері жұмыс істеймін. Осы уақытқа дейін түсірілген фильмдер мен мультфильмдердің әуенін жаздым. Мультфильмді аниматорлар құрастырады, одан соң дубляж жасалады. Яғни көзбен көретін, құлақпен еститін дүниелер дайын. Бірақ жүрекке жеткізетін нәрсе жетіспейді, ол – әуен. Кейіпкер жылап отырса, оның қуаныштан немесе қайғыдан жылағаны әуен арқылы көрерменге түсінікті болады. Ұйықтап  жатқанда, қауіпті жағдайды сезгенде, жалпы, кейіпкердің көңіл-күйін көрсету үшін әуен пайдаланылады. Мысалы, толықметражды «Қазақ елі» мультфильміне арналып 1,5 айда 30 әуен жазылды. 30 әуенде 60-тан астам аспап қолданылды. Осы мультфильмдегі жұмысым үшін Египетте өткен сайыста 60 елдің арасынан «Ең үздік композитор» номинациясын алдым. Көрермен бір фильмнің саундтрегіне ғана мән береді. Бірақ бір жобадағы әр кейіпкерге, әр сахнаға арнап арнайы әуендер жазамыз. Мысалы, «Төле би» телесериалына  49 әуен, «Томпаққа»  40 әуен жазылды. «Томпақ» телехикаясы ауылда түсірілгендіктен, артық дыбыс көп болды. Ит үріп, сиыр мөңі-реп, көліктің қозғалысы бар, барлығын студияда қайтадан жазатынбыз. Себебі дыбыс кинода, мультфильмде болсын маңызды рөл атқарады.

Мінеки, достар, сендер мультфильмнің қалай түсірілетінінен аз да болса хабардар болдыңдар. 

Айғаным ТҰРЫСБЕК, 
«Ұланның» жас тілшісі

 

1116 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз