Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 14 Наурыз, 2024

14 наурыз - Көрісу күні

Бүгін – Көрісу күні. 14 наурызда еліміздің батыс өңірлері Наурыз мейрамының басы Көрісу мерекесін атап өтіп жатыр. Бұл күнді Амал мерекесі деп те айтады.

Бұл күні халық қыстан аман-есен шыққанына қуанып, бір-бірімен қол алысады. Таң сібірлеп атысымен, көрісу мерекесін асыға күтіп отырған әрбір отбасы алдын ала дайындалып қойған дастарханын жаяды. Міндетті түрде бауырсақ пісіріп, дастарханға тәтті-пәттісімен қосып үйіп қояды. Отбасының кішілері үлкендеріне қос қолын беріп, көрісіп шығады. Бір–біріне «Бір жасыңмен!» дейді. Ол «Бір жасқа есеюіңмен! Осы жылға аман-есен жетуіңмен!» дегенді білдіреді. Содан кейін әр отбасы көршілерімен көріседі. Жасы кіші отбасы мүшелері жасы үлкен жанұяларға кіріп, көрісіп шығады. Міндетті түрде әр адам үш үйдің есігін ашу керек, яғни түске дейін үш үйге кіріп, көрісіп үлгеруі керек. Кішкентай балаларға аналары шағын пакет ұстатып қояды. Бала қай үйге көрісуге кірсе, сол үйдің дастарханынан ауыз тиіп, бауырсақ, тәттілерден пакетіне салып алады. Қазақ қашанда дастарханын айрықша қастерлеген. Бұл жоралғы жыл бойы балаларымыз тоқ жүрсін, дастарханымыз аралас болсын, қарым-қатынасымызға сызат түспесін деген ниеттен туған. 

Татулыққа бастайтын бұл жол - ислам қағидаттарына да өте жақын. Көрісу мерекесі Батыс Қазақстан, Атырау облыстарында және Ақтөбенің кейбір аудандарында, Ресейдің көршілес Астрахан, Саратов, Орынбор өңірлерінде, Қарақалпақстанда аталып өтіледі. Маңғыстауда Амал мерекесі 14 наурыз күні басталып, жалғаса береді. Соңғы жылдары Қазақстанда мейрам аясы кеңейіп келеді. 

Көрісу қашан және қалай пайда болды? Неліктен бұл дәстүр Қазақстанның өзге өңірлерінде кездеспейді? Аталмыш ғұрыптың түп-төркіні қандай жағдайлардан туындауы мүмкін? Әзірше Отан тарихы ғылымында мұның ғылыми тұрғыда тұжырымдалған нақты жауабы жоқ. Бірақ әр түрлі болжамдар мен жорамалдар бар.

Археолог-ғалым Андрей Астафьев бұл дәстүрді ғылыми тұрғыдан түсіндіріп беруге тырысты. Ол Маңғыстау өлкесінің тарихын ұзақ уақыт бойы зерттей отырып, Амал мерекесінің тамыры моңғол мен тувалық халықтарда жатыр деген қорытындыға келді. Адай руының аңыздары бойынша адамдар Үстірт аймағы мен Маңғыстау түбегіне шығыстан келген. Бәлкім, осы жерден өздерімен бірге күнтізбелік жүйесін алып келген. Моңғолдар күнтізбесіне сәйкес бір аптада тоғыз күн болған еді. Ал күнтізбенің өзі 22 желтоқсаннан басталады. Күнтізбедегі төрт маусым (көктем-жаз-күз-қыс) тоғыз күннен тұратын кезеңдерге бөлінген. Қысқы күн тоқырауы кезеңінен Жаңа жыл басталып, содан бері күн ұзақтығы созылады. Ал 23 желтоқсан-14 наурыз аралығындағы уақыт - қысқы осындай тоғыз аптадан тұратын кезең. 14 наурыз күні көктем келіп, жапырақтар бүршік түрінде болып, көкек ән салып тұрған. Көктемнің тоғызыншы күні күн мен түннің теңесу күні тойланады.

Қолда бар кейбір там-тұм деректер 14 наурыз Қазақстанның өзге өңірлерінде де Ұлыстың ұлы күні ретінде аталғандай әсер береді. Этнограф Серік Ерғали: «Шын мәнінде халқымыз Наурыз айының алғашқы (ескіше - 1 наурыз қазіргі 14-не сәйкес) күнінен бастап, Наурыз мерекесін бір ай бойы мейрамдаған. Қазақтың ғұлама ғалымы - Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өзінің жазбасында 8 күндік наурыздама өтетінін жазады. Ол ескіше:1-8 наурыз, қазіргі күнтізбеде 14-21 наурыз аралығы», - деп жазады.

Амал мерекесін Наурыздан бөле-жара қарауға болмайды, ол - Наурыздың алғашқы жаршысы іспеттес. 

Фото: ашық дереккөз

755 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз