Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 11 Сәуір, 2024

Су иесі, жел иесі және мейірім…

Қарагөз СЕРІКҚЫЗЫ, 

«Ana tili»
 

Отамалыда жел айдап, абыржыда сең соғылысқан аласапыран шаққа куә болғанымыз қазір ғана емес. Тек биылғы судың екпіні қатты, талай жылда бір мінезін көрсетіп алар тосын тасқын. Солтүстік, батыс, шығыс және арқа суға төтеп беру үшін күндіз күлмей, түн ұйықтамай іске кірісті. Тілсіз жау­дың екпінін басып, ашуын ауыз­дықтаумен қатар, төтенше жағдайда да ел тіршілігі қалыпты жүрісінен танбауы да маңызды… 

 

Бірінші, халықтың амандығы. Иә, ең өкініштісі, қарғын суға кеткендердің дерегі бар. Ендігі жағдайда қауіпсіздік ережелеріне толық бағынып, арнайы рұқсат жоқ жағдайда сел басқан ауылдарға дайындықсыз, арнайы көліксіз аттап басуға болмайтынын әр тұрғынның түсіне білгені де маңызды. Қара шаңырақ – әрқайсымыздың менталды байланысымыз ажырамаған мекен. Сондықтан қаншама үй ауыстырсақ та, сол қара шаңырақ әлі күнге түсімізге енеді, қатты қуанып, қиналған шақтарымызда қара шаңырақтағы естеліктер жүректі жылытады. Ендеше, әр қара шаңырақтың қарғын судан опырылып құлағанын көзбен көру, сол қара шаңырақты су тұтқыны қылып тастап кету – кім-кімге де ауыр соққы. Міне, қара шаңырағын тастап кеткісі келмейтіндердің, оған қайта айналып барғысы келгендердің де жан-жүрегіндегі ұлы сағынышты түсініп, арнайы психологиялық көмек не әңгіме ұйымдастырса, құба-құп болар еді. 
Екінші, халықтың денсаулығы. Шүкір, әзірге көптеген инфекциялық ауру бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Алайда тасқын сумен күресіп жатқан халыққа эпидемиолог мамандар айтқан ережені жадта ұстау да маңызды. Тіпті қандай да бір қауіп төне қалса, барлық жұқпалы ауру ауруханалары мен медқызметкерлер, қажет болған жағдайда, тәулік бойы жұмыс істеуге дайын. «Диспансерлік есепте тұрғандар мен жүкті әйелдер ерекше бақылауда. Дезинфекциялық құралдар мен дәрі-дәрмектің 2 айлық қорын жасау міндеті тұр», – дейді Тамара Дүйсенова. Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Әйгерім Оразалиева орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде тасқын салдары қатты сезіліп жатқан 6 өңірде медицина мекемелері күшейтілген режімде жұмыс істеп жатқанын хабарлады. «Су басқан аймақтарда орналасқан стационарларда барлығы 103 адам ем алып жатыр. Оның басым бөлігі Маңғыс­тау және Атырау облыстарында. Оларға хирургия, травматология, акушерлік және гинекология, педиатрия (су тасқынына байланысты емес аурулар бойынша) сияқты бейіндер бойынша медициналық көмек көрсетіледі», – деді министрліктің ресми өкілі.
Үшінші, білім. Қазір 130 мектеп (115 мың оқушы) қашықтан оқып жатыр. Су тасқыны және қалпына келтіру жұмысы аяқталғанға дейін балалар оқу оқып және жазғы демалысты дұрыс өткізуі үшін барлық жағдай жасалады. Балаларға және зардап шеккендерге психологиялық көмек көрсету мақсатында жергілікті жерлерде 300-ден аса мектеп психологі жұмыс істеп жатыр. Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов: «Қазір төтенше жағдай жарияланған өңірлердегі жоғары оқу орындарын су алмаған. Министрлік және тиісті өңірлердің жоғары оқу орындары төтенше жағдай режімінде жұмысын жалғастырып жатыр. Су тасқыны жүріп жатқан өңірлердегі университеттердің күнделікті мониторингін жүргізіп отырмыз», – дейді.  Онлайн оқытуға қазір төтенше жағдай режіміне байланысты тек қана Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті көшкен. Онда 8 мың студент білім алады.  
Төртінші, мал-жан амандығы. Президент барлық шығын толық өтелетінін Үндеуінде айтты. Шығын қалай есептеледі, мүліктің қирағаны қандай құжат негізінде анықталады, мал басына қатысты деректер қалай ашылады – барлық механизмдер халыққа жария таныстырылғаны абзал. Шаңырақ қайта еңсе тіктер, қора-қопсы малға толар, ең бастысы азаматтардың көңілінде қаяу қалмаса дейсің осындайда.
Бесінші, экологиялық ахуал. Су шайған жердің экологиялық ахуалына арнайы мониторинг мамандары жұмылдырыла ма? Егістіктердің, мал жайылымдарының топырағы эррозияға ұшырамады ма? Солтүстіктің бидай алқаптары бүлінбеді ме? Киігі жосқан арқа мен батыстың тұма табиғатының жағдайы қандай? Көктемгі тіршілігіне енді кіріскен, кейбірі төлдей бастаған, енді бірінің туыт мерзімі келіп қалған дала жануарын кім түгендер?  Су басқан өңірдің экологиялық ахуалына қатысты жағдайды алдағы нөмірлерімізде де назардан тыс қалдырмаймыз.
Алтыншы, ауа райы. «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы Алина Исмағұлова: «Қазақстан аумағының басым бөлігінде құбылмалы ауа райы сақталады, жаңбыр жауады. Республикамыздың солтүстік-батысында, солтүстігінде, шығысында, оңтүстік-шығыс­тың таулы аудандарында түнгі кезде жаңбыр мен қар, ал күндіз нөсер жауады», – дейді. Қазгидрометтің мәліметінше, республика бойынша тұман түсіп, жел күшейеді. Елдің батысында, оңтүстік-шығысында найзағай ойнайды. Демек, әлі де босаңсуға жол жоқ. 
Жетінші, сабақ пен суды үнемдеу. Қарғын суды тоқтата алмауымыздың сабағын елеп-екшеп, қорытынды шығару үшін арнайы мамандар талдау жұмысын жасар. Қар мен суды арнайы қауіпсіз жерде сақтап, кейін егістік алқаптарын суаруда қолдану жайын да назарға алып жатқан өңірлер бар екен. Суы аз өлкеде мұндай мәселе де өзекті екені рас.
Сегізінші, мейірім. Елді сел басқанда бастапқыда абыржып қалған жұрт қандай жағдайда да мейірім маңызды екенін тағы да бір дәлелдеп берді. Бір-бірін, үй жануарын, ауылын, аймағын мейіріммен құтқарып қалуға жанталасты. Мәселен, Қазақстанның Еңбек Ері Илья Жақанов: «Тіршілік нәрі – Жайығымыз арнасы аспаса екен, ел қиындыққа тап болмасын деп тілеймін. Қазір су тасқыны Атырау облысына ғана емес, бірнеше өңірге қауіп төндірді. Сол себепті бөгет салып жатқан жастарды қолдауға келдім. Елімізді қиындықтан бірлігімізбен ғана қорғай аламыз», – дейді. Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан: «Білім беру саласының 20 мың қызметкері тасқынға қарсы іс-шараларға ерікті ретінде қатысып жүр, оның 10 мыңнан астамы эвакуациялық пункттерде жұмыс істеп жатыр», – дейді. «Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің 450 студенті мен 50 қызметкерінен тұратын еріктілер тобы гуманитарлық орталықтарда қажетті тұрмыстық тауарларды тасымалдауға-жеткізуге, гуманитарлық көмектерді қабылдауға жәрдемдесіп жүр. Атырау мұнай және газ университетінің 300 студенті еріктілер ретінде ауыспалы режімде жұмыс істеп жатыр. Қостанай өңірлік университетінің 100 еріктісі күн сайын тасқын болған аймақтардан эвакуацияланған азаматтарға гуманитарлық көмек тарату жұмысына қатысып жүр», – дейді Ғылым және жоғарғы білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов. Иә, бізді мейірім біріктіреді…

 

595 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз