Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 11 Сәуір, 2024

Қазақтың нар тұлғаларын білесің бе?

Балалар, өткен жылы «Ақ желкен» журналы Med365 компаниясымен және Ғабиден Құлахмет атындағы қоғамдық қормен бірлесе отырып, «Қайталанбас сәт» жас фотографтар байқауын ұйымдастырды. Жыл қорытындысында үздік фотосурет түсірген бес оқырманымыз бағалы сыйлықтармен, дипломдармен марапатталды. Байқауға белсене қатысқан оқырмандарға алғысымыз шексіз. Биыл да жыл соңына дейін оқырмандарымыз арасында «Қазақтың нар тұлғалары» атты викторина өткізбекпіз. Журналдың наурыз айындағы санынан бастап Ф.Оңғарсынова, Қ.Сәтбаев, Ә.Марғұлан, Б.Соқпақбаев, Ш.Айманов, Ә.Қастеев, Ж.Аймауытов, Б.Майлин, І.Жансүгіров сияқты қазақтың ұлы тұлғаларына қатысты байқау жариялаймыз. Әр нөмірдегі сұрақтар бір тұлғаға арналып, 10 сұрақтан тұратын, тест үлгісіндегі викторина ұсынылады. Байқауға қатысушы әр сұрақтың төрт жауабының ішінен дұрысын таңдап, редакцияға жолдайды. Жауаптар akzhelken.1925@gmail.com электронды поштасына қабылданады. Қатысушы өзінің аты-жөнін, оқитын мектебін, сыныбын, мекенжайын, телефон нөмірін толық көрсетуге тиіс. Өзі туралы деректерді дұрыс көрсетпеген қатысушының жауабы есепке алынбайтынын естеріңе саламыз.

Жауаптар «1. А; 2. В; 3. Ә» нұсқасында қабылданады. Жауаптың тұсына түсіндірме жазудың қажеті жоқ. Жауаптар жыл соңына дейін қабылданады. Демек, викторинаға кез келген айдан бастап қосылып, өзің қатыспаған алдыңғы сандардағы сұрақтарды тауып алып, желтоқсан айына дейін жауап беруіңе болады. Барлық викторинаның жауабы 2025 жылғы қаңтар айында жарияланып, жеңімпаздар да сол кезде белгілі болады. Бұл викторина арқылы «Ақ желкен» журналы қазақ руханияты мен ғылымы жолында аянбай еңбек еткен тарихи тұлғалардың өмірі мен өнегелі істерін ұрпақ санасында жаңғыртуды мақсат етеді.

Әр дұрыс жауапқа 1 ұпай беріледі. Демек, байқауға қатысушы әр турда ең жоғары 10 ұпай жинай алады. Жыл соңында барлық жауаптар есептеліп, ең көп ұпай жинаған 5 қатысушыға бағалы сыйлықтар қаңтар айындағы қорытынды жиыннан соң табыс етіледі. Бұл жолы да «Ақ желкеннің» викторинасына Med365 компаниясы және Ғабиден Құлахмет атындағы қоғамдық қор демеушілік көрсетіп отыр. Компанияның және қоғамдық қордың басшылары Ғазиз, Шыңғыс Ғабиденұлдарына оқырмандар атынан зор алғыс білдіреміз. Жаңа технологиялық жетістіктерді еліміздің ең түкпір аудандарына тарату жолында қатты ізденіс жасап жүрген Med365 компаниясы руханият саласын да назарынан тыс қалдырған емес. 2024 жылға осы компания Абай облысының Үржар, Мақаншы аудандарынан 100 оқырманды «Ақ желкен» журналына тегін жаздырып берді. Ендеше, іске сәт, білімді жас! Алғашқы викторина қазақ поэзиясының патшайымы Фариза Оңғарсыноваға арналады.

ФАРИЗА ҚАНДАЙ МЕКТЕПТЕ ОҚЫДЫ?

(Бірінші викторина)

1. Ф.оңғарсынова оқыған мектеп сол кезде қалай аталды?

а) «Октябрьдің 30 жылдығы»;

ә) В.Куйбышев атындағы мектеп;

б) Новобогат орта мектебі;

в) Нарын мектебі.

2. Өзінің тұңғыш жыр жинағының атауын Ф.оңғарсынова тағы қандай жағдайда пайдаланды?

а) «Ақ желкен» журналының айдары ретінде;

ә) Әдеби бірлестіктің атауы ретінде;

б) Әдеби бүркеншік есімі ретінде;

в) Немересіне осы есімді қойды.

3. «Мен туған ауыл қазір бұл дүниеде жоқ. оның орны жер бетінен де, географиялық картадан да сүртілген. оның орнында бүгін ескі жұртты күзеткен молалар мен теңіз беттен соғатын аптап желмен араласып ызыңдаған аруақтардың рухы ғана. Қазақтың қаншама ауылы осылай дүниеден көшті...» «Тағдыр» атты жазбасында Ф.оңғарсынова Манаш деп аталатын туған ауылын осылай есіне алады. Ауылына арнаған өлеңінде ақын өзін қалай сипаттайды?

а) «Талындай жалғыз қамыстың, өзім-ау анау қоңыр қыз»;

ә) «Қалды да қойды жанымда, жауғалы тұрған бір жаңбыр»;

б) «Ақ маржандай тізілген сұлу тістер көмкеріліп алқызыл екі ерінмен»;

в) «Күй тартсам домбырада Динаны тірілтемін».

4. 1984 жылы Ф.оңғарсынованың өмірінде қандай елеулі оқиға болды?

а) «Пионер» журналының редакторы болып тағайындалды;

ә) Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері атанды;

б) «Шілде» жыр жинағы жарық көрді;

в) Пабло Неруданың «Он екі жыл өткен соң» кітабын қазақ тіліне аударды.

5. Ф.оңғарсынова студент кезінде қатысқан әдеби үйірме қалай аталды?

а) «Жас толқын»;

ә) «Жас өркен»;

б) «Жас талап»;

в) «Жас қанат».

6. Ф.оңғарсынованың сөзіне жазылған «Жақсы көру» әнінің авторы кім?

а) Ә.Бейсеуов;

ә) Ш.Қалдаяқов;

б) М.Маңғытаев;

в) К.Дүйсекеев.

7. Ақын қаламынан 1966 жылы туған деректі хикаяттың бас кейіпкері кім?

а) Зылиха Тамшыбаева;

ә) Кәмшат Дөнентаева;

б) Әлия Молдағұлова;

в) Бибігүл Төлегенова.

8. Ф.оңғарсынованың құрастыруымен «Қазақстан» баспасынан 1975 жылы соғысқа қатысқан қазақ қыздары туралы шыққан жинақтың атауы қандай?

а) «Барлаушы қыз»;

ә) «Олар өмір үшін шайқасты»;

б) «Арулар отты жылдарда»;

в) «Жеңіс жолында».

9. Ф.оңғарсынованың «Шашы ағарған қыз» әңгімесінде бас кейіпкер Шынардың атастырылған жігіті Жақия қандай жағдайда мерт болады?

а) Ақтардың оғынан қаза табады;

ә) Ат теуіп өлтіреді;

б) Аштықтан өледі;

в) Жастай қайтыс болады.

10. Ақын өлеңінің соңғы жолын жалға.

«Мен солай көрінемін,

Жер секілді құбылтқан өмір өңін.

Міз бақпайтын адамдай жүре берем...

а) Бар болмысым осы ғой, тегі, менің;

ә) Тереңдемес жаныма көбі менің;

б) Күйіп-жанып жатса да төңірегім;

в) Балаң болсам болғаны сенің, елім.

 

«Ақ желкен» журналы, №3
Наурыз, 2024

973 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз