Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 16 Сәуір, 2024

Астаналық әскери міндеттілер оқу-жаттығу жиындарына аттанды

ҚР Қарулы күштерінің жүзге жуық запастағы қатардағы жауынгері, сержанты мен офицері 99255 әскери бөліміне он күндік оқу-жаттығу жиындарына аттанды. Іс-шара Астана қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің алаңында өтті, - деп хабарлайды kazgazeta.kz Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

Әскери жиынға шақырылған азаматтар он күн бойы казармада тұратын болады. Олар теориялық білімдерін бекітіп, оқу полигонында атыс дайындығынан өтетін практикалық сабақтарға қатысады.

Астана қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілі запастағы полковник Ғани Артықов атап өткендей, жиындардан өту кезінде жұмыс істейтін азаматтар республикалық бюджет қаражаты есебінен орташа айлық жалақысын сақтай отырып, қызметтен босатылады. Жұмыссыз азаматтар еліміз бойынша белгіленген ең төменгі жалақы есебінен төлем алады.

– Бүгін біз жоспарлы түрде әскери міндеттілерді Астана қаласының аумақтық бригадасына әскери жиындарға жіберіп отырмыз. Жиын барысында жұмылдырылған ресурстарды жергілікті аумақтық бригадаға құлақтандыру, қабылдау, шақыру және жеткізу мәселелері іс жүзінде пысықталатын болады. Сондай-ақ, жиын кезінде 99255 әскери бөлімінің елорда әкімдігінің құрылымдық бөлімшелерімен өзара іс-қимыл деңгейін арттыруға да назар аударылмақ, – деп атап өтті Ғ. Артықов.

ҚР Парламенті Мәжілісі аппаратының қызметкері запастағы лейтенант Саурық Әбірбек бұған дейін 2015 жылы Қазақ гуманитарлық заң университетінің әскери кафедрасында әскери жиындарға қатысқанын айтты.

– Әлемдегі қазіргі геосаяси жағдай аясында әскери жиындардан өту әрбір қазақстандық үшін қажеттілік деп санаймын. Азаматтар елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға қатысуы тиіс, – деп атап өтті С.Әбірбек.

«Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ-ның қызметкері запастағы капитан Аян Қайыповтың айтуынша, әскери жиындар – бұл әскери дағдыларды қолдау үшін тамаша мүмкіндік.

Іс-шараға әскери міндетті Мадияр Сейітжағыпар да түсіністікпен қарайды.

– Мен 30 жастамын. Заң департаментінің бастығы болып жұмыс істеймін. 2020 жылы коронавирустық инфекцияның өршуі кезінде арнайы жасақтың еріктісі болдым. Бір айдан астам уақыт әкімдіктің жедел штабында жұмыс істедім. Міне, 4 жылдан кейін жиынға қайта келіп отырмын. Біздің әрқайсымыз елді қорғауға дайын болуымыз керек, – деді ол.

Елордада әскери міндеттілерді жинау шарасы дәстүрлі түрде әр көктем мен күзде өткізіліп тұрады. Әскери жиындар бағдарламасын сәтті игергендер кезекті әскери атаққа ұсынылатын болады.

143 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз