Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 16 Сәуір, 2024

6000-ға жуық азамат қайтыс болғаннан кейін ағзалардың донорлығына келісім білдірген

Бүгін Астана қаласында «Қазақстандағы этикалық донорлық» семинары өтті, оның алаңында сарапшылар ағза донорлығы мен трансплантаттаудың заңдық және этикалық негіздерін, ДДҰ-ның басшылық қағидаттарын талқылады, сондай-ақ ағымдағы жағдайды және Қазақстандағы ұлттық трансплантаттау бағдарламасын іске асырудағы негізгі қиындықтарды қарастырды, - деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігі.

«Трансплантологияның даму деңгейі денсаулық сақтау жүйесі мен медициналық қызметтер сапасының дамуының өзіндік индикаторы болып табылады, өйткені ағзаларды сәтті трансплантаттау құқықтық база, дайындалған адам ресурстары, техникалық мүмкіндіктер және елде қалыптасқан донорлық мәдениет болған кезде ғана жүзеге асырылады.

Трансплантаттау соңғы онжылдықтардағы, соның ішінде Қазақстан үшін де медицинадағы ең маңызды серпіліс болды, бұл пациенттердің өмірін көптеген жылдарға ұзартуға мүмкіндік береді және көбінесе емдеудің жалғыз тәсілі болып табылады», - деді ҚР ДСМ Медициналық көмек көрсету департаментінің директоры Ұлықбек Медеубеков.

Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі атап өткендей, Қазақстан ағзаларды трансплантаттау бойынша жоғары технологиялық операцияларды жүргізу үшін дамыған заманауи инфрақұрылымға ие.

Отандық мамандар жүректі, бауырды, бүйректі, өкпені трансплантаттауды жоғары деңгейде жүргізеді және трансплантаттау нәтижелері әлемдік стандарттарға сәйкес келеді.

Қазақстанда ағза донорлығы мен ағзаларды трансплантаттаудың тиімді ұлттық жүйесін дамыту үшін 2012 жылы Трансплантаттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталық құрылды.

Қазіргі уақытта елде 7 трансплантаттау орталығы, 40 донорлық ұйым жұмыс істейді, олар қайтыс болғаннан кейін донорды трансплантаттау мақсатында көп ағзаны алуға дайындау бойынша медициналық қызмет көрсетеді.

Бейінді ведомствоның мәліметінше, соңғы 10 жылдың ішінде Қазақстанда 2,5 мыңнан астам ағзаларды трансплантаттау операциясы, бұл ретте 83% жағдайда тірі кезіндегі донордан, 17% жағдайда қайтыс болғаннан кейінгі донордан жүргізілді.

«Трансплантаттау өмірді сақтайды және баламасы жоқ жерде адам өмірінің негізгі функцияларын қалпына келтіреді. Бұл ретте, бар қауіптерді ескере отырып, донорлықтың этикасы мен қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету үшін денсаулық сақтау мамандарын оқытуға баса назар аудару қажет», - деді ДДҰ-ның Қазақстандағы өкілі доктор Скендер Сыла.

Әлемде жыл сайын 115 мыңнан астам ағзаны трансплантаттау жүргізіледі. АҚШ, Испания, Хорватия, Иран сияқты елдерде ауыстырылып қондырылған ағзалардың кем дегенде 85%-ы қайтыс болғаннан кейінгі донорлардан алынған.

Бүгінгі таңда донорлар мен реципиенттердің бірыңғай тізілімінде 4000-ға жуық адам, оның ішінде 104 бала ағзаны трансплантаттауды күтуде, олардың көпшілігі жас және еңбекке қабілетті жастағы адамдар. Реципиенттердің ішінде 3735 адамға бүйрек, 185 адамға бауыр, 144 адамға жүрек, 16 адамға өкпе трансплантаттау қажет.

Қазіргі уақытта Министрлік елімізде трансплантологиялық қызметті дамыту үшін келесі шараларды қабылдауда.

Халықаралық стандарттарға сәйкес келетін материалдық-техникалық база нығайтылды, шетелде және ел ішінде трансплантаттау үйлестірушілері оқытылды, ҚР-да 2023-2025 жылдарға арналған ағза донорлығы және трансплантология қызметін жетілдіру жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленді.

Бүгінгі таңда Қазақстанның 6000-ға жуық азаматы қайтыс болғаннан кейін ағзалардың донорлығына келісім білдірді.

179 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз