Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 21 Мамыр, 2015

Оқулықтағы олқылықтардан қашан арыламыз?

Соңғы кездері мектеп оқулықтары жайлы сыни пікірлер, атап айтқанда, оқулық тілінің ауырлығы, түсініксіздігі, бірізділіктің жоқтығы туралы жиі айтылып жүр. Әсіресе, ата-аналар сапасыз оқулықтардан, авторлардың жиі ауысуы кесірінен балалардың оқу үлгерімі төмендегенін жасырмайды. Болашақ – білімді ұрпақ қолында деп жатамыз. Алайда мектеп оқулықтары әлі күнге дейін бірізге келе алмай жатқанда, ел  тізгінін ұстайтын білімді де сауатты азаматтар тәрбиелеп жатырмыз деп нық айта аламыз ба?!  Оқулықтағы олқылықтарға кім жауапты деген сауал өзектілігін жоғалтпай отыр. Жуықта Парламентте өткен Үкімет сағатының басты тақырыбы да осы оқулықтар жайында өтті.uchebniki-325x243 «Оқулықтардың сапасы үшін оның авторлары, министрлік қызметкерлері, тіпті министрдің өзі дербес жауапкершілік арқалауы қажет» деген пікірін  Үкімет сағатын жүргізіп отырған Мәжіліс төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі Дариға Назарбаева алға тартып, дербес жауапкершіліктің жоқтығы кесірінен оқулық жазуға атүсті, бейжай қарау орын алып жатқанын жасырмады. «Нәтижесінде, сапасыз оқулықтарға бюджеттен қаржы босқа шығындалуда. Сондықтан қазір жаңа оқулықтарды ендіруге асықпаған жөн. Бір жылға болса да кейін шегеріп, мұқият қарап, тек сапалы оқулықтарға ғана өмірге жолдама берейік» деді ол. Д.Назарбаева тіпті оқушылардың ҰБТ-ны тапсыра алмауына да оқулықтардың бір баспадан екіншісіне жиі ауысуы, оқулықтың оқу бағдарламасы мен жоспарына сәйкес келмеуі басты себеп болып отырғанын тілге тиек етті. Бұл пікірдің орынды екенін айтқымыз келеді. Қаншама оқушы жыл сайын ҰБТ-ға дайындалу барысында мектеп бағдарламасында оқымаған сұрақтарды кездестіріп, қиналып жатады. Тіпті соңғы жылдары оқу бағ­дар­ламасының кітабы бір бөлек екенін, ал ҰБТ-дағы сұрақтар көбінесе басқа кітаптан келетінін байқау қиын емес. Ал «оқулықтардың сапасы және оқулықтармен қамтамасыз ету» тақырыбында есеп берген Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов  қазақстандық оқулықтарда білім берудің заманауи тұжырымдамасына сәйкес келмейтін кемшіліктер барын мойындады. Сондықтан да оқулық  авторлары мен сарапшыларына арналған біліктілікті арттыру бойынша оқыту курстарын өткізу ұсынылып отырған көрінеді.  Министр оқулықтардың мазмұны мен құрылымына қойылатын талаптардың өзгеруіне байланысты біліктілігі бар авторлар мен сарапшылар жетіспейтінін, авторлар құрамының қартаң тартып отырғандығын сөз етті. Осы мәселені шешу үшін министрлік тарапынан біліктілікті арттыру курсы басталыпты. Біздіңше, бұл нақты жауап емес. Себебі елімізде білікті мамандар мен авторлар жетерлік. Оқулықтардағы қателіктерді авторлардың біліксіздігінен емес, қадағалаудың жоқтығынан, не болмаса оқулық дайындауда белгілі бір та­лап­тардың  қойылмауын атап өткен жөн. Аслан Сәрінжіповтің түсіндіруін­ше, бірнеше баламалы кітап арасынан оқушыларды қандай оқулық бойын­ша оқытатынын мектеп пен аудандық білім бөлімшесі таңдайды. Егер қай оқулықпен оқуды министрлік белгілемесе, оны әр ауданның білім басқармалары шешіп отырса, түптің түбінде бұл оқушының біліміне кері әсерін тигізбей ме? Онда министрліктің бізге не қажеті бар деген де сауал алдымыздан шығады. Бұдан кейін қосымша баяндама жасаған палатаның Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Гүлнәр Ықсанова әр пән бойынша біртұтас базалық оқулықты әзірлеуге орталықтандырылған мемлекеттік тапсырыс беру өте қажет екендігін айтты. Комитет төрайымы осы орайда оқулықтарда ескі бағдарлама бойынша әзірленген материалдар барлығын ескерте келіп, олардың көпшілігінде өндіріске енгізілген заманауи құрал-жабдықтарға қатысты материалдардың жоқтығына қынжылыс білдірді. Иә, қалай айтсақ та, оқулықтарды біріздендіру, орталықтандыру бүгінгі таңда аса қажет.

Ақбота ИСЛӘМБЕК

537 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз