Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 22 Мамыр, 2020

Арман Оспанов, аралас жекпе-жек шебері: Тек UFC тұжырымында өнер көрсетуді көздеймін

– Расул Мирзаевпен болған жекпе-жектегі жеңіс спорттық мансабыңыздағы ең үлкен жеңіс пе? – Әрине, бұл жеңісті спорттық мансабымдағы ең үлкен жеңіс деуге негіз бар. Жауынгерлік самбодан жеткен жетістіктерімді, Президентіміздің алдында намысты бермей жеңген кезді де ерекше атап өтуге болады. Бірақ бұл жеңістің орны бөлек. Өйткені Расул әлемдік деңгейдегі мықты спортшы, қазақ халқы оны жақсы біледі. Қазақстанға келіп, үш рет жерлесімізді жеңгені жанкүйерлердің жанына батты. Бұл кездесу көптен бері халықтың көкейінде жүрді. Аренаға жиналған 15 мыңға жуық көрерменнің рухы көтеріліп, ерекше көңіл-күймен қайтты деп ойлаймын. Аллаға шүкір, намысты қолдан бермей, еліміздің мерейін үстем еттік. – Жекпе-жекке «Кейкі мерген» композициясымен шығып жүрсіз… – Иә, әр жекпе-жекке шығар алдында өзімізді психологиялық тұрғыдан дайындаймыз. Батыр бабаларымыздың ерлігін еске алып, рухымызды көтеріп, жігерімізді жанимыз. Сондай батырдың бірі Кейкі мерген болған. Шет елде оқу-жаттығу жиынында жүргенде жаттығудан бөлек Кейкі мерген, Оспан батыр сынды батыр бабаларымыз туралы кітап оқып, кино көреміз. Кейкі мергеннің ерлігін көпшілік еске ала бермейді, тарихта да ол туралы шындық айтылмаған. Дала дарабозы халқының бостандығы үшін күресіп, жанын құрбан еткен рухы күшті ерлердің бірі. Дағыстанда оқу-жаттығу жиынында жүріп, «Кейкі мерген» туралы телехикаяны да көрдік. Арыстан жүректі Кейкі батыр бейнесінің кинода сомдалуы қуантты. Ерлерді ұмытпау үшін шаршы алаңға Ұшқын Жамалбектің «Кейкі мерген» композициясымен шығып жүрмін. Осыдан кейін біраз адам «Кейкі мерген» телехикая­сын көріп, ерлігіне тамсанып, әлеуметтік желіден хат жазды. «Қазақстанда жекпе-жек өткізбеймін» деп өзіңізге уәде беріпсіз. Мирзаевпен болатын жекпе-жекте шешім қабылдау қиын болды ма? – Иә, Қазақстанда жекпе-жек өткізу мен үшін әлдеқайда қиын. Ал Расулмен болатын кездесудің жауапкершілігі екі есе ауыр болды. Одан бөлек қарсыласыңа есе жіберіп қоюға қорқасың. Жоғарыда айтқанымдай, бұл – халықтың көптен күткен сайысы. Екеуміздің жекпе-жегіміз екі рет өтпей қалды. Дегенмен бұл кездесуді қабылдауға тура келді. Қазақ елін қуантып, жанкүйерлеріме жеңіс сыйлағым келді. Жеңіске әуелі Жаратушының арқасында, екіншіден шүмектеп төккен тердің нәтижесінде жеттік. «Арлан» ММА командасы мен бауырым Аманның да еңбегі зор. Әкемнің батасы, анам мен үйдегі бес қызымның дұғасымен, жалпы көптің тілегімен осындай үлкен жеңіске жеттім деп ойлаймын. Қазақстанның түкпір-түкпірінен аренаға жиналған, көгілдір экранның алдында мен үшін тақымын қысқан қазақ еліне алғысым шексіз. Бұйыртса, әлемге әйгілі UFC тұжырымында да атой салуға барымызды саламыз. – Сізді жанкүйерлер UFC тұжырымында көргісі келеді. Осы тұрғыда қандай жұмыстар атқарылып жатыр? UFC-мен келісімшарт жүргізіп жатырсыз ба, әлде басқа да тұжырымдарда өнер көрсетуіңіз мүмкін бе? – Аллаға шүкір, АСА (Absolute Championship Akhmat) тұжырымымен келісімшартты абыроймен аяқтадық. Қазір UFC тұжырымымен келісімшарт бойынша менеджерім, америкалық Әли Абдул-Азиз және Ризван Магомедов сөйлесіп жатыр. Бірақ әлемдегі коронавирус пандемиясына байланысты келіссөз тоқтап тұр. Әлемдегі жағдай тұрақталғаннан кейін келіссөзді жалғастырып, әлемге әйгілі тұжырыммен келісімшартқа отырамыз деген ойдамын. Халықтың жиі қоятын сұрағы мен тілегі де UFC тұжырымында өнер көрсету жайында. Енді тек сол тұжырыммен ғана келісімшартқа отырып, өнерімді паш еткім келеді. Рамазан айында тауда күш қуатымызды арттырып, денсаулығымызды қалыпқа келтіріп жатырмыз. Карантин біткеннен кейін АҚШ-қа аттануды көздеп отырмыз. – Елімізде тұңғыш рет UFC тұжырымының турнирі өтуі керек еді. Алайда мына жағдайға байланыс­ты өтпей қалды. Бұл біздің спортшыларға қаншалықты кері әсерін тигізді? – Әрине, әлемдегі ең үздік тұжырымның елімізде турнир өткізуі үлкен тарихи оқиға болар еді. Жанкүйерлер де UFC турнирінің қандай деңгейде екенін көреді. Тұжырым да қазақ жанкүйерлерінің қолдауы қаншалықты мықты екенін байқайды. Ең бастысы, спортшыларға UFC-мен келісімшартқа отыруға керемет мүмкіндік болар еді. Бұл жарыс біраз жеткіншектің жүрегіне от жағып, спортпен айналысуға жол ашады. Өкінішке қарай, мына індеттің кесірінен турнир өтпей қалды. Менің де осы турнирде өнер көрсетуім әбден мүмкін еді. Болашақта UFC тұжырымының турнирі елімізде өтетініне кәміл сенемін. – Ініңіз Аман да ММА спортына қадам басқалы жатыр. Өзіңіз сияқты ММА спортының жарқын жұлдызы болады деп ойлайсыз ба? – Жарқын жұлдыз бола ма, болмай ма, оны бағына қарай көрер. Інім бала күнінде бокс­пен айналысып, спорт шебері атағына дейін жеткен. Бірақ жарақатына байланысты бокс­ты қойып, кеңесім бойынша қоян-қолтық ұрысқа ауысты. Қазақстан чемпионаттарында біраз өнер көрсетіп, жүлделер алды. Әскери самбодан, джиу-джитсудан, әуесқой спорт түрлерінен де сынға түсіп, үздіктер қатарынан көрінген. Оның бұл спортқа ауысуы­на мен ықпал еттім. Себебі қасымда жүріп көп нәрсені үйренді. Менімен бірге оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, мықты спортшылардан тәжірибе жинады. Кәсіби деңгейдегі алғашқы жекпе-жегін NFC тұжырымында өткізбек. – Биыл Джексон Уинк академиясын бару ойыңызда бар ма? Бұл академияда оқу-жаттығу жиынын өткізуге қанша қаржы кетеді? – Иә, жоғарыда айтқанымдай, әлемдегі жағдай тұрақталса, АҚШ-қа аттанамын. Грэг Джексонның АҚШ-тағы спортшыларды дайындайтын Jackson Wink MMA академиясынан арнайы шақырту алдым. Бұл академияда 3-4 жылдай жаттығып, тәжірибемді толықтырғанмын. UFC-де өнер көрсететін мықтылармен де шынықтық. Әрине, Тайланд пен Дағыстанға қарағанда АҚШ-та оқу-жаттығу жиынын өткізуге қомақты қаржы кетеді. – Қазір Арлан ММА командасы сапындасыз… – Иә, команда қазақ спортшыларының жоғары дәрежеге жетуіне көмектесу мақсатында құрылған. Бастысы жас спортшыларға жағдай жасап, жоғары нәтижеге қол жеткізуіне көмек береді. Расул Мирзаевпен болар жекпе-жек алдында да бірінші Dagfighter залында Мансур Учакаев деген жаттықтырушының тактикасымен жұмыс істесек, екінші оқу-жаттығу жиынын командамен Алматы облысы, Талғар ауданында AIBA академиясында өткіздік. Бапкер Игорь Фунтиковтың қоластында өткен оқу-жаттығу жиынына «Арлан ММА» командасына кіретін барлық спортшы қатысты. Жас спортшыларға білгенімізді үйретіп, бір-бірімізге көмек бердік. – Әлеуметтік желілерде бір кісіге қажылыққа баруға көмектескеніңіз тарап кетті… – «Батыр болсаң жауыңа найзаң тисін, Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін» дейді ғой. Қолымыздан келгенше қайырымдылық жасауға тырысамыз. Бірақ оны жарияға жар салып айтқан дұрыс емес. Қайырымдылық жасау үшін асып-тасып бай болудың қажеті шамалы, бастысы мейірімді жүрегің мен таза ниетің болса жеткілікті.

Дәурен Түлкібай

«Ақ желкен» журналы, №5 Мамыр, 2020

1120 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз