Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 29 Қыркүйек, 2020

Ұстаз - ұлы есім

 

Ұлы деген сипат сөзді көз бен құлақ шалса, ойға кім түседі? Мүмкін, 20 жасында жер шарын жаулаған Ескендір Зұлқарнайын, қазақ әдебиетінің эталоны Абай Құнанбайұлы, әлде үш жүздің басын қосқан Абылай хан шығар. Сөзсіз, үшеуінің де ұлылар қатарында өз орны бар. Бірақ, олардың ұлы атануына  кім себепкер? Бағыт-бағдар көрсетіп, жол сілтеген кім?  Әрине, ол ұстаз атты қастерлі жан. Аталған үш тұлғаның әрбірі өз ұстазынан үлгі-өнеге, ғылым мен ілім алды. Ескендір Аристотельден, Абай әкесі Құнанбайдан, Абылай тәлімгері Төле биден. Демек, ұлыларды ұлы ете білген, сол ұлылардың дәрежесін көтерген – ұстаз. Ұстаз – ұлы есім.

Ұстаз бен мұғалім бір-біріне синоним сөз емес. Қызметі бір болғанмен, өмірлік рөлі басқаша. Мұғалім – біздің мектептегі ұстазымыз. Ұстаз болса, кез-келген орта мен кез-келген салада кездеседі. Өмірде, жұмыста, достықта, отбасыда.

Адам баласы бұл жалғанда бәрін танып білуге, үйренуге мұқтаж. Жануардан да басты айырмашылығымыз осы. Хайуан бірнеше апта ішінде өзінің өмірлік дағдысына икемделіп, тіршілігін жалғап кете береді. Адамдар, неше жыл ғұмыр кешсе де, бәрібір, дүние сырын біле алмай жатады. Сондықтан, өмір жолында жақсы ұстаздың кездесуі – үлкен несібе, бұйырған бақ.

Ұстазбен өткен әрбір шақ – қайтып келмес дәурен. Оның қадіріне жете білген адам шын бақытты. Мұны, әсіресе қазір, індет салдарынан басталған онлайн оқу кезінде қатты ұғындық. Оның үстіне, жас түлек болғаным, жығылғанға жұдырық іспетті, қимастық сезімін еселеп ауырлатады. Ұстазыңмен күніге көрісіп, ол кісінің күлімдеуіне себеп сыйлап, разылығын алудың өзі бір ғанибет екен ғой, шіркін.

Ұстаз жүрегі – ана жүрегі сияқты. Сенің әрбір қадамыңа қуанып, жеңілісіңе көңілі босайды. Бәйгеде болсаң, тақымын қысып, сен үшін қайырлысын тілеп отырады. Ағаттық жасап, қателік жіберсең тіпті ренжуге де жүрегі дауаламайды. Қайта, тік тұрғызып,  бар ыждаһатымен дұрыс жолға қарай тартады. Мұндай асыл жанның көңіліне қаяу түсірудің өзі қорқынышты. Дей тұрғанмен, бәріміз де пендеміз...

Ұстаз. Бес  әріпті сөз төрткіл дүниенің тірегіндей. Бір қаріп үйреткен адамға, қырық күн сәлем бер деп шариғатымызда жазылған. Қарап отырсаң, Мұхаммед пайғамбарымыз(с.а.с) да бүкіл әлемді мораль мен этикаға, имани тәрбиеге үйреткен жарқын ұстаз секілді. Ұстаздарымызды сыйлай білейік, құрметтеп, ізет көрсетуге ынтық болайық. Қандай аламан асуларды өткерсек те, кімнің арқасында екенін есте сақтай білсек, ұтылмаймыз. Әр тұлғаның алған белесінің, жеткен жетістігінің артында ұстаздың ерен еңбегі  бар екенін ұмытпағанымыз жөн.

Осы орайда, 2021 жылдың түлегі ретінде еліміздің барлық ұстаздарын  кәсіби мерекесімен құттықтағым келеді. Талмай, күн сайын ел ертеңі атанатын шәкірттерді қанаттандыра беріңіздер, ұлт жанашырлары!

Өсербай Өркен

М. Мақатаев атындағы

 №140 гимназияның

11 «Г» сынып оқушысы

 

  

999 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз