Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Аймақ тынысы
  • 21 Қараша, 2020

Нарынқолда 40-тан астам үй беріліп, бірнеше ғимарат іске қосылды

Алматы облысы Нарынқол ауылында бүгін 40-тан астам тұрғын үй берілді. Сонымен қатар “Азаматтарға арналған үкімет” жəне аудандық прокуратура ғимараттары іске қосылды. Бұл игілікті шаралар облыс əкімі Амандық Баталовтың қатысуымен өтті, - деп хабарлайды Алматы облысы əкімінің баспасөз қызметі.

Облыс басшысы Райымбек ауданына барған сапарын алдымен нарынқолдықтарға тұрғын үйдің кілтін беру қуанышынан бастады. Бұл 33 үй - Нарынқолда салынып жатқан 83 коммуналдық үйдің 1, 2 кезеңі бойынша құрылысы аяқталған баспаналар. Қоныс той қуанышына кенелгендер арасында көп балалы отбасылар, жетім балалар, мүгедектер, мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік мекеме қызметкерлері бар. Тұрғын үйлердің жалпы алаңы 3242 шаршы метр. Құрылысын “Фуд МС” ЖШС жүргізген.

Жаңа үйдің кілтін салтанатты жағдайда табыстаған облыс əкімі баспаналы болған ауыл тұрғындарын құттықтап, Нарынқол өңіріне жасалып жатқан мемлекеттік қолдаулар жəне алдағы уақытқа жоспарланған жұмыстар туралы қысқаша айтып берді. Сол сияқты ауданның бұрынғы басшысы Жолан Омаровтың еңбегін де еске алды.

- Шекараның шебінде, облыстың шетінде қайта шаңырақ көтерген Райымбек ауданының жаңарып, көркейіп келе жатқаны көңіл қуантады. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен қайта құрылғаннан бері аудандағы халық саны өсіп, 40 мыңға жуықтады. Соның ішінде екі мыңнан аса адам туған жеріне қайта оралды. Ауданның дамуына, инфрақұрылымын қалпына келтіруге бюджеттен 17,9 млрд. теңге қаржы жұмсалды. Жолдары жасалып, көшелеріне асфальт төселіп, жаңа ғимараттар салынды. Басқа да игіліктердің барлығы жасалуда. Соның ішінде бірінші кезекте, ауданға жұмыс істеуге келген қызметкерлерді баспанамен қамтамасыз ету мәселесін шешіп келеміз. Бүгін, міне, салынып жатқан 83 коммуналдық тұрғын үйдің 33-ін қолданысқа беріп отырмыз. Қоныстарыңыз құтты болсын! - деді А. Баталов.

Нарынқолдық ардагерлер атынан Медетхан Абиров сөз алып: «21 жылдан кейін ауданымыз қайта түледі, көсегеміз көгерді, өшкеніміз жанды. Ауданға республикадан да, облыстан да қыруар қаржы бөліп, қарқынды жұмыс жасалып жатыр. Осы жақсылықтың бәрінің игілігін халық көріп отыр», - дей келе, ел ағаларының атына шынайы алғысын жеткізді. Баспаналы болу бақытына ие болғандар қатарында аудандық дене шынықтыру жəне спорт бөлімінің басшысы Талғат Ақылов пен денсаулық сақтау саласының маманы Құралай Бұқарбаева ризашылық сөздерін айтты.

Жаңа қоныс иелерінің бірі, 20 жылдан бері бір сәбиге зар болып, жуырда нәрестелі болған Қуаныш Абаевтар отбасы кішкентай Нұрислам үшін облыс әкімінің бата-тілегін алғысы келетіні туралы ниетін білдірді. Амандық

Ғаббасұлы отбасының шаңырағына кіріп, нәрестенің болашағына жарқын жол тілеп, батасын берді.

Бұдан бөлек мемлекеттік қызметкерлерге 8 үй берілген, облыс басшысы олардың да үйлеріне арнайы барып, қоныс иелеріне тілегін білдірді.

Тағы бір жаңалық - осы күні Нарынқолда “Азаматтарға арналған үкімет” жəне аудандық прокуратура ғимараттары пайдалануға берілді. Сол сияқты күрделі жөндеуден кейін ҰҚК ғимараты қолданысқа берілді.

“Азаматтарға арналған үкімет” орталығында халыққа қызмет көрсету бөлімі, полиция бөлімінің көші-қон қызмет тобы жəне мұрағаты, əлеуметтік қамсыздандыру, жер кадастры бөлімдері орналасқан. Орталық күніне 100 адам қабылдай алады.

Облыс басшысы орталыққа қызмет алуға келген тұрғындармен тілдесіп, қызмет көрсетуші мамандармен әңгімелесті. Мәселен, Ерлан Тоқтабек пен Сымбат Мұқаш мұнда жас маман ретінде келген. Екеуі де жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін алғашқы еңбек жолдарын осы орталықтан бастағандарын айтты. Сол сияқты мұнда 2018 жылы аудан қайта ашылғанда Алматыдан ауысып, Нарынқолға арнайы жұмысқа келген мамандар да бар. Ресми қонақтар орталық ішін аралап, мемлекеттік қызмет алуға жасалған қолайлы жағдайларды көріп, танысты.

Сапар қорытындысында журналистерге сұхбат берген облыс әкімі Амандық Баталов алдағы уақытта да Райымбек ауданын дамытуда іргелі жоспарлардың бар екенін айтты.

- Елбасының тарихи шешімінің арқасында Райымбек ауданы белсенді дамып келеді. Ауданын көркейтуге республикалық және облыстық бюджеттен 18 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінді. Ал биылғы жылдың өзінде құрылыс жұмыстарына 8 млрд. теңге қарастырылып отыр. Соның 3 млрд. теңгесі – «Жұмыспен қамту жол картасы» арқылы бөлінген. Ауданда жаңа жұмыс орындары ашылып, жастар туған өлкесіне қайта оралып жатыр. Келесі жылы тәулігіне 250 адам қабылдайтын, жобалық құны 2,8 млрд. теңгелік емхана салына бастайды. Аудандық аурухана ғимараты күрделі жөндеуден өткізіледі. Суару жүйелерін ретке келтіреміз. Ірі инвесторлар осы өңірде мал шаруашылығы бойынша кәсіптерін дамытуға ниет білдіруде. Келесі жылы Кеген, Нарынқол өңіріне газ жеткізу жұмыстарын бастаймыз. Бұл өңір табиғаты тұнып тұрған, туризмді дамытуға қолайлы өңір. Осы бағыттардың барлығын басымдыққа алып, ауданды өркендетуге жұмыс істейтін боламыз, - деді А. Баталов.

187 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала Құжаты жоқ 172 адам анықталды
Келесі мақала Ресеймен шекаралас аудандарда карантин шаралары күшейтілді

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *