Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 02 Желтоқсан, 2020

Бірінші ұлттық конкурстың жеңімпаздары анықталды

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында «Qazaqstan Project Management Awards 2020» мемлекеттік басқаруда жобалық менеджментті жетілдіру жөніндегі конкурстың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.  

Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінде басталған онлайн конкурсты Мемлекеттік басқару академиясы Қазақстандағы БҰҰ Даму Бағдарламасы (БҰҰДБ) мен Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кеңсесі Жобалық басқару орталығының қолдауымен іске асырды.

Конкурстың негізгі мақсаты – өз қызметінде жобалық менеджменттің әдістері мен құралдарын белсенді енгізетін және қолданатын мемлекеттік органдарды, ұйымдарды қолдау, мемлекеттік қызметшілерді көшбасшылық пен жаңа құзыреттерді дамытуға ынталандыру.

Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне QazPMA 2020 конкурсы мен форумының ұйымдастыру комитетінің төрағасы, Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл, QazPMA 2020 конкурсы мен форумының ұйымдастырушысы, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Мемлекеттік басқарудағы жобалық менеджментті дамыту орталығының басшысы Арман Евниев, Green Project Management Global Президенті және негізін қалаушы Джоел Карбони, IPMA вице-президенті Оксана Клименко, PMO Global Alliance Президенті және негізін қалаушы Америко Пинто, Prince 2 негізін қалаушы Пол Брэдли, Қазақстандық жобаларды басқару қауымдастығының директоры Майра Кусаинова, PMI Kazakhstan Chapter Президенті Юлия Жевно, БҰҰДБ тиімді басқару департаментінің директоры-Константин Сокульский, ҚР жобалық менеджерлер одағының Президенті Алексей Цеховой, Жобалық қауымдастық Президенті Вадим Богданов, Ресей Федерациясы Үкіметінің жанындағы Талдау орталығы басшысының кеңесшісі Павел Шестопалов қатысты.

Мемлекеттік басқаруда жобалық менеджментті жетілдіру бойынша конкурстың 6 кезеңнен тұрғандығын атап өткен жөн: «Өтінімдерді қабылдау» (1-10 қыркүйек), «Есептерді қабылдау» (10-20 қыркүйек), «Асессорлардың бағалауы» (15-25 қазан), «Қазылар алқасының отырысы» (26 қазаннан - 15 қарашаға дейін), «Форум» (27-28 қараша) және «Конкурсанттарға кері байланыс туралы есеп беру» (1-25 желтоқсан). Конкурсқа келесі номинациялар бойынша орталық мемлекеттік органдардың  (бұдан әрі – ОМО) және жергілікті атқарушы органдардың (бұдан әрі – ЖАО) өкілдері, сондай-ақ мемлекеттік жобаларды жүзеге асыратын және өз қызметінде жобалық басқарудың әдістері мен құралдарын қолданатын жобалық менеджерлер қатысты: «Үздік жоба», «Үздік жобалық менеджер», «Үздік жобалық кеңсе», өтінімдердің жалпы саны – 52 (ОМО-дан 22 ӨТІНІМ  – «Жылдың үздік жобасы» – 9, «Үздік жобалық менеджер» – 7, «Үздік жобалық кеңсе» – 6; ЖАО-дан 29 ӨТІНІМ – «Жылдың үздік жобасы» – 13, «Үздік жобалық менеджер» – 8, «Үздік жобалық кеңсе» – 8).   

Конкурс қорытындысына сәйкес «ОМО-ның үздік жобасы» номинациясы бойынша БІРІНШІ ОРЫНДЫ (алтын жүлде) Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты («Мінсіз судья»), ЕКІНШІ ОРЫНДЫ (күміс жүлде) Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі («Қазақстан Республикасы минералдық ресурстарының ұлттық деректер банкі» ақпараттық жүйесін құру және енгізу), ҮШІНШІ ОРЫНДЫ (қола жүлде) Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі (Инвесторларды тарту мен қолдаудың үшдеңгейлі жүйесін енгізу), сондай-ақ Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі (QazTrade экспорттық акселерациясы) иеленді.

«ЖАО-ның үздік жобасы» номинациясы бойынша АЛТЫН МЕДАЛЬ Шымкент қаласының әкімдігіне («Цитадельдің VR-ролигі»), ал КҮМІС – Шығыс Қазақстан облысының әкімдігіне (Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы Ақтоғай кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу) табыс етілді.    

«ОМО-ның үздік жобалық менеджері» номинациясы бойынша АЛТЫН МЕДАЛЬ иегері Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінен Сауле Маукеновна Байтусупова атанса, КҮМІС МЕДАЛЬДІ Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінен Сымбат Бакытовна Исрапулова, ал ҚОЛА МЕДАЛЬДІ Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің қызметкері Айбек Совхозбекович Ибатуллин жеңіп алды.   

«ОМО-ның үздік жобалық кеңсесі» номинациясында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің жобасы (Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру кеңсесі) АЛТЫН МЕДАЛЬҒА, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі КҮМІС ЖҮЛДЕГЕ (Туристік саланы дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жобалық кеңсесі), ал Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕ (Жобалық басқару департаменті – Жобалық кеңсе) ие болды.  

«ЖАО-ның үздік жобалық кеңсесі» номинациясында БІРІНШІ ОРЫНДЫ Шымкент қаласының әкімдігі (Шымкент қаласын дамыту бағдарламасының жобалық кеңсесі), ЕКІНШІ ОРЫНДЫ Батыс Қазақстан облысының әкімдігі (Батыс Қазақстан облысының ақпараттандыру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер және архивтер басқармасы) иеленді.

«Ұйымның жобалық персоналын басқарудың үздік жүйесі» АРНАЙЫ НОМИНАЦИЯСЫ бойынша Шымкент қаласының әкімдігі марапатталды.  

Конкурс қатысушылары көптеген қызықты жобаларды ұсынды, олардың ішінде  Шымкент қаласы әкімдігінің «Цитадельдің VR-ролигі» атты жобасын ерекше атап өтуге болады. Жоба туристті Ұлы Жібек жолы бойындағы қаланың өркендеп тұрған және оның керуендер мен саяхатшыларға қорған болған кезіне, орта ғасырға алып келетін виртуалды шындықты көрсетеді. Турист өз көзімен сол дәуірдің тұрмыс-тіршілігі мен сәулетін көріп, фильмнің басты кейіпкерінің тарихын өз басынан кешіре алады. Жобаға Цитадель тарихын көпшілікке түсінікті формада паш ету мақсатында Шымкент қаласының Туризм басқармасы бастамашы болды және қала басшылығы, Шымкент қаласының әкімі тарапынан қолдау тапты.    

Ұйымдастырушылардың айтуынша, ұсынылған әрбір жобаны 2 асессор бағалады, әуелі екі тарап әрбір үміткердің жұмысын жекелей бағалады, кейін балдарды санау үшін топтық бағалау жүргізді және қорытынды бағаны шығарды. Бағалау кезеңінен кейін конкурс қатысушылары әділқазы мүшелерімен виртуалды сұқбаттасудан өтті.

Конкурстың әділқазылар алқасы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының, конкурстың сарапшылық қауымдастығының өкілдерінен және конкурс серіктестерінің, қазақстандық және халықаралық сарапшылар қатарынан құрылды.

QazPMA 2020 конкурсы мен форумының ұйымдастыру комитетінің төрағасы, Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл «Жобалық басқаруды жетілдіру бойынша конкурс – мемлекеттік басқаруда жобалық менеджментті дамыту идеясының айналасына біріккен адамдардың жұмысы мен еңбегінің нәтижесі. Жобалық менеджмент принциптерін енгізудің,  цифрлық технологияларды пайдаланудың,  бизнес-үрдістерді оңтайландырудың және мемлекеттік басқару тиімділігін арттырудың маңызды құралы осы үрдіске мүдделі барлық тараптардың коллоборациясы болып табылады» - деп атап өтті.

2020 жылдың 27 қарашасында QazPMA-2020 конкурсының аясында Мемлекеттік басқару академиясы БҰҰДБ және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің Жобалық басқару орталығының қолдауымен форум ұйымдастырды, онда форум және конкурс қатысушылары өзгерістер мен тәуекелдерді басқару, коммуникациялар, мақсат қою, Agile Scrum Kanban жобаларды басқару әдіснамасы бойынша жобалық менеджменттің халықаралық сарапшыларының қызықты шеберік сыныптарынан өтті. Сондай-ақ, форумда «Жеңімпаздар клубы» презентацияланды, онда Конкурстың ақтық мәресіне жетушілердің үздік жобалық жұмыстары таныстырылды.   

Оған қоса, Конкурс әкімшілері Форум қатысушылары үшін пікірталас алаңын (Жобалық зертхана) ұйымдастырды, мемлекеттік басқарудағы жобалық менеджменттің өзекті мәселелері мен дамуына қатысты сауалнамалар жүргізілді. Форумның бірінші күнінің соңында қатысушылар үшін «Мемлекеттік басқарудағы жобалық менеджменттің заманауи трендтері» атты дөңгелек үстел өткізілді. Онда пікірталас алаңының қорытындысы талқыланып, резолюция қабылданды. Форум асессорлар мен конкурсанттардың кері байланысы (жетілдіру бойынша ұсынымдар, алынған сабақтар) бойынша өткізілген сессиямен аяқталды. Оның шеңберінде 2020 жылғы байқау қатысушыларының ұсынған жобаларына қатысты пікірлер айтылып, болашақ конкурсқа қатысушылардың есептерін жетілдіру, сондай-ақ конкурсты жақсарту бойынша ұсынымдар айтылды.

Бағалау барысында асессорлар әр қатысушы үшін кері байланыс туралы есептер дайындады. Кері байланыс туралы есепте бағалаушылар тобының толық тұжырымдары (мықты тұстары, бағыттары) бар. Бұл есептер жеңімпаздарды марапаттау рәсімінен кейін бір ай ішінде конкурсқа қатысқан барлық қатысушыларға жіберілетін болады.

Мемлекеттік басқару академиясы 2013 жылдан бастап елімізде жобалық басқаруды дамыту және ілгерілету бойынша мақсатты бағытталған жұмыс жүргізуде. Осы жылдар ішінде Академия мемлекеттік қызметшілердің жобалық менеджмент саласындағы білімі мен құзіреттіліктерін жүйелендіру бойынша әдіснамалық және бірыңғай білім беру алаңына айналды. Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және олардың біліктіліктерін арттыру курстары аясында магистратура және докторантура білім беру бағдарламаларына жобалық менеджмент бойынша сағаттар қосылды, жобалық менеджмент пәндері қарастырылды, бұл өз кезегінде тыңдаушыларға жобалық менеджмент бойынша ұлттық, халықаралық сертификаттаудан өтуге мүмкіндік береді.  

727 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз