Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Басты ақпарат
  • 09 Ақпан, 2021

«Махаңдардың сарқыты»

Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойы елімізде кеңінен аталып өтуде. Мерейтойға орай Алматы қаласындағы «Ғылым ордасы» мемлекеттік мекемесіне қарасты Орталық ғылыми кітапхана ұжымы «Махаңдардың сарқыты» атты поэзиялық сазды кеш ұйымдастырды. Ғалымдар үйінде өткен әдеби кешке Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары, белгілі ақын Бауыржан Жақып, белгілі әнші Еркін Шүкіман,«Ғылым ордасы» мемлекеттік мекемесінің басшысы міндетін атқарушы Нұрлан Сейдінжәне өлеңсүйер қауым қатысты.

Ақын Бауыржан Жақып оқырман қауымға Мұқағали Мақатаевтың поэзиясы жайында айта келіп, ақынның 50 жылдық мерейтойы қалай өткенін әңгімеледі. «Жазушылар одағында Мұқағалиға арналған кеш өткен күні болған ерекше оқиға әлі есімде. Бар болғаны 45 жыл өмір сүрген ақынның алғашқы мерейтойы атап өтіліп жатқан сәтте одақ ғимаратының алдындағы бәйтерекке жасын түсті. Ақынның «Шәмілге жазған хаттарында» «Мен де бір – жасын түскен терек те бір» деген тіркес бар. Бұл бәйтерекке түскен найзағай кездейсоқтық емес еді» деп, Б.Жақып ақын жайлы студенттік кезінде куә болған сәтін еске алып, Мұқағалиға арналған өлеңін оқыды. Дәстүрлі ән өнерінің дүлдүлі Еркін Шүкіман Мұқағали Мақатаевтың өлеңдеріне белгілі композитор Тұрсынғазы Рахимовтың 20-ға жуық ән жазғанын айтып, бірнеше әнін орындап берді.Күйші Аршын Кәсімбайұлының күмбірлете тартқан күйлері мен айтыскер ақын Бағдат Дүйсеннің әні әдеби кештің мазмұнына сай келді.

Сондай-ақ поэзиялық кеште ғылыми кітапхананың жас қызметкерлері М.Мақатаевтың «Алтай-Атырау» поэмасынан жыр шумақтарын оқыды. Жас әншілер ақын өлеңіне жазылған эстрадалық әндерден шашу шашты. Кітапхана қызметкерлері ақын мерейтойына арналған кітап көрмесін ұйымдастырып, шолу жасады. Көрмеге кітапхана қорындағы Мұқағали Мақатаевтың өлеңдер мен поэма жинақтары және ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы кітаптар қойылған.«Ғылым ордасындағы» жас қызметкерлер ұйымдастырған мән-мазмұны мол әдеби кеш Мұқағали өлеңдеріне деген халық ықыласын тағы бір көрсетті.

Дина ИМАМБАЕВА

1018 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз