Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 22 Ақпан, 2021

Өміріңді бағала...

"Күйбең тірлік пен у-шу өмірдің арасында тыныштық сыйлайтын бейбіт әлемнен өз соқпағыңды адаспай тауып, әр қадамыңды анық бас. Өз жүрегіңе сатқындық жасамай, өмір жолында кездескен әр адаммен мүмкіндігінше жақсы қарым-қатынас құр. Өз ақиқатыңды қысқа да нұсқа айтып үйрен. Өзгенің шындығын тыңда. Сауаты мен шешендігі болмаса да, оларға құлақ сал. Әр адамның өмірлік хикаясы әр бөлек. Соны ұмытпа.

Бос сөзі көп, ашушаң, жеңілтек адамдардан бойыңды аулақ ұста. Олар көңіл-күйді бұзады. Өзіңді ешкіммен салыстырма. Не мүлде бейбақ, не тым тәкәппар сезімнен басқа түк таппайсың. Сенен артық, я кем түсер адам міндетті түрде табылар. Жоспарың қуаныш сыйласын. Қол жеткен жетістігіңе де марқая біл.

Өз кәсібіңе көзіңді жіті сал. Немен шұғылдансаң да – басқа мамандықтардан өз ісің көш ілгері деп ұқ. Сенің қазынаң – кәсібің. Басқасын кейінге ысыр. Әр қадамыңа абай бол. Өмір өтірікке толы. Бірақ мейірбандықтан аттап кетпе. Өзгелер ұлы іске ұмтылады. Өмір қаһармандары мейлінше көп. Өзіңмен өзің бол. Достықты ойынға айналдырма. Махаббатты ақшамен өлшеме. Көңіл қалу мен шыбынның ызыңы естілер үнсіздіктен бір айырмашылығы сезім жер бетіндегі көк шөп сияқты мәңгілік бола алады.

Жылдар сыйлаған ақылды жүрегіңді ашып қабылда. Жастық шағыңмен алғыс айта отырып қоштаса біл. Аяқ астынан басыңа түсер қиындыққа берік болу үшін рухыңды шыңда. Өзіңді өтірік мұңмен тұншықтырып, жаныңа жасанды қайғы байлама. Өмірдегі қорқыныштың бәрі жалғыздық пен төзімсіздіктен туады. Есі дұрыс тәртіпке бағын. Бірақ өзіңе жұмсақ бол.

Ағаштар мен жұлдыздар секілді адам баласы да мынау ғаламның бір бөлшегі. Жер басып жүруге құқы бар. Әлем өз жолынан жаңылмайды. Тәңірді қалай түсінсең де, ол жүрегіңнен орын алсын. Не істеп, не қойсаң да, нені армандап-аңсасаң да, небір шулы өмірдің ортасында жүрсең де, өз жаныңның тыныштығын сақта.

Барлық жұмыстармен, орындалмаған армандармен де өмір ғажап. Оған мұқият бол. Бақытты болуға барыңды сал".

Авторы белгісіз.

Аударған: Шынар Әбілда

2708 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз