Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 23 Ақпан, 2021

Елордалық оқушылар Музыкалық жас көрермен театрының екі қойылымын тамашалайды

Елордада мектеп оқушыларына арналған «Балалар мен театр» жобасы 2021 жылдың алғашқы күнінен бастау алған болатын. Бүгін жоба аясында оқушылар Музыкалық жас көрермен театрында М.Мақатаевтың 90 жылдығына арналған «ҒАШЫҚ-ЖҮРЕК»  музыкалық-поэтикалық қойылымын тамашалайды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Аталмыш жобаға елорданың сегіз театры атсалысады: «Астана Опера» Мемлекеттік опера жән балет театры, «Астана Балет» театры, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры, Жастар театры, Қуыршақ театры, Музыкалық жас көрермен театры, М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық театры, Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай игі жоба жас буынды өнерге баулып, театр әлемімен жақынырақ таныстыруға бағытталған. Енді мектеп оқушылары Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан театрлардың бірнеше қойылымын аптасына екі рет тегін тамашалай алады.

Бүгін, яғни 23 ақпан күні 11:00-де №82 «Дарын»  мамандандырылған лицейінің және №9 «Зерде» мамандандырылған мектебінің оқушыларына М.Мақатаевтың 90 жылдығына арналған «ҒАШЫҚ-ЖҮРЕК»  музыкалық-поэтикалық қойылымы көрсетіледі.

«Ғашық-Жүрек» спектаклі - автордың ой-арманынан, жан сарайынан, ішкі танымы мен толғанысынан туған өлең-жырлары мен әндеріне құрылған сахналық қойылым. Оның қоюшы режиссері – Аман Ғұмаров. Мұқағали Мақатаевтың бейнесін театр актері Қазбек Есқара, ал ақиық ақынның досы Шәмілдің бейнесін театр актерлері Ерназар Жаңатілек және Асқар Жұмабеков сомдайды. Сондай-ақ, спектакльге театрдың барлық әртістері қатысады.

Ал 25 ақпанда 15:00-де №86 мектеп-гимназиясының және №87 мектеп-гимназиясының оқушыларына арнап М.Әуезовтің «АБАЙ-ТОҒЖАН» спектаклі өтеді. Абай-Тоғжан» музыкалық драмасы – бүгінге дейінгі ұлы ақын жайлы қойылған шығармалардан болмысы бөлек, бейнесі ерек жаңа туынды.

Балалар мен жасөспірімдердің дүниетанымына, талғамына, рухани болмысының қалыптасуына әсер ететін бұл қойылым Абай ғұмырының бозбала кезеңінен көрініс береді. Инсценировка авторы – Мирас Әбіл, режиссері – Асхат Маемиров, музыкалық кеңесші – Димаш Құдайберген, қоюшы-суретші – Алма Сырбаева, композиторы – Бауыржан Ақтаев, балетмейстері – Шырын Мұстафина, хормейстері – Ғалымжан Берекешев.

590 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз