Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Шартарап
  • 12 Сәуір, 2021

Əлемде вакциналау қалай жүріп жатыр?


Əлем елдері вакциналау жоспарынан кешігіп жатыр.  Оның түрлі себептері бар, деп хабарлайды «Хабар 24». Мәселен, Еуропада препараттың жеткізілуіне қатысты қиындық туындаған. Оның үстіне AstraZeneca компаниясының екпесіне қатысты жанжал шығып, науқанға кесірін тигізді.

Тағы бір мәселе – бай елдер вакцинаны көп мөлшерде сатып алған. Тапсырыстары халық санынан 2-3 есе асып кеткендері де бар. Салдарынан кедей мемлекеттерге препарат жетіспей жатыр. Мәселен, әлемде коронавирусқа қарсы екпенің 700 миллионнан аса дозасы салынса, соның тек 0,2 проценті ғана – кедей елдердің үлесіне тиесілі. Францияда медицина және әлеуметтік қызметкерлер және құтқарушылар кезегін күтпей екпе салдыра алады. Бұл топқа мұғалімдер де кіруі тиіс еді. Алайда билік мектеп қызметкерлеріне екпе салу жұмыстарын маусымға дейін шегерді. Бұл жаңалық мұғалімдердің наразылығын тудырды. Жергілікті билік бірнеше кезеңге созылатын вакциналау стратегиясын ұстанып отыр. Мәселен, осыған дейін жасы 75-тен асқандар, одан кейін 65-ке толғандар екпе алған. Енді бүгіннен бастап ол топқа жасы 55-тен асқан азаматтар да кірді. 

Эммануэль Макрон, Франция президенті:

 – AstraZeneca компаниясының вакцинасы мен тромбоздың пайда болуы арасында байланыс бар екені расталды. Бірақ бұл оқиға жастарда жиі кездеседі. COVID-19 өте қауіпті вирус. Сондықтан біз вакциналау қарқынын бәсеңдете алмаймыз.AstraZeneca компаниясының препаратын жасы 55-тен асқан тұрғындарға салуға рұқсат бердік.

АҚШ-тың Нью-Йорк штатында жасы 16-дан асқан тұрғындар коронавирусқа қарсы екпе салдырып жатыр. Бірақ олар тек Pfizer/Biontech препаратын ғана ала алады. Өйткені бұл өндіруші дәрілік затын балаларға сынап көрген. Препарат 12-15 жас аралығындағы жеткіншектер арасында 100 процент тиімділігін көрсеткен. Енді Pfizer және Biontech компаниялары өз екпесін шұғыл түрде балалар арасында қолдануға рұқсат беруін сұрап, түрлі елдердің құзырлы органдарына сауал жолдамақшы. Әзірге өтінім АҚШ-тың азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын бақылау сұрақтары жөніндегі басқармасына жіберілген.  

Чарльз Шлиен, балаларға арналған медициналық орталықтың атқарушы директоры:

 – Pfizer/Biontech – қауіпсіз вакцина. Оның клиникалық сынақтарына жүз мыңдаған бала қатысты. Ешбірінде екпеден кейін асқыну байқалған жоқ. Бәрі ұжымдық иммунинтет туралы айтады. Бірақ ол қалыптасуы үшін балалардың да вакцина салдырғаны дұрыс.

Жапония бүгіннен бастап жасы 65-тен асқан тұрғындарға екпе салу жұмыстарын бастады. Олардың саны 36 миллионға жуықтайды. Егде жастағы тұрғындардың көптігіне байланысты вакциналау орталықтары ауруханаларда, сондай-ақ қоғамдық орындар мен стадиондарда да ашылды. Жапонияда жаппай екпе салу науқаны ақпанның ортасында басталған. Осы күнге дейін препаратты тек медицина қызметкерлері алып келді. Соңғы дерек бойынша, екпе қабылдағандар саны 1 миллион бір жүз мыңнан асады. Бұл жергілікті халықтың бір процентіне де жетпейді. Бұл науқан бойынша Жапония әлемнің жетекші елдерінен артта келеді.     

жергілікті тұрғын: 

– Мен ауруханаға автобуспен немесе метромен барамын. Оның ішінде адам көп. Сондықтан енді вакцина алғаннан кейін қоғамдық көлікте еш алаңдамай жүре аламын.

Үндістанда 85 күнде 100 миллион доза вакцина салынып, рекорд орнатылды. Салыстыру үшін айтатын болсақ, америкалықтар мұндай көрсеткішке 89 күнде, ал қытайлықтар 102 күн ішінде қол жеткізген. Билік бұл қарқынды әлі де арттырмақ. Елде вакциналау фестивалі өтіп жатыр. 

Шараның мақсаты – халықты коронавирусқа қарсы вакцина алуға ынталандыру. 

Джай Пракаш, Солтүстік Дели мэрі:

 – Біз сәуірдің 11-інен 14-іне дейін ел бойынша вакциналау фестивалін тойлаймыз. Бұл премьер-министр Нарендра Модидің екпе алуға байланысты үндеуін қолдау шарасы. Өзім аймағымдағы барлық вакциналау орталықтарын аралап жүрмін. Бірақ осындай жақсы нәтижеге қарамастан елде коронавирус өршіп барады. Бұған дейін індет жұқтырғандар бойынша әлемде үшінші орында тұрған бұл мемлекет Бразилияны басып озып, екінші орынға шықты. Өткен аптада вирус жұқтырудың тәуліктік көрсеткіші бойынша бірнеше рет «антирекорд» тіркелді. Кеше мұнда бір күнде 150 мыңнан аса адамнан вирус анықталды. Мамандар неге вакциналау осындай қарқынмен жүріп жатқанда індеттің таралуы бәсеңдемей тұр деген сұраққа былай дейді. Біріншіден, екпенің әсері байқалу үшін біраз уақыт керек. Екіншіден, тұрғындардың сақтыққа салғырт қарауы да эпидемиологиялық ахуалдың өршуіне кесірін тигізген. Мәселен, билік Холиге орай көп адам боп жиналмаңдар десе де, мыңдаған тұрғын бояулар мерекесін атап өтуге шыққан. Олар әлеуметтік қашықтық сақтамай, маска тапқай, ән айтып, би билеумен әлек болған. Бұл аздай бір миллионға жуық адам Ганг өзенінде жаппай жуыну рәсімін өткізген. Үндістан қысқа уақыт ішінде екпе салу жылдамдығы бойынша алға шықса, Африкада керісінше жағдай алаңдатарлық. Бұл құрлықтағы екпе салу науқанының көрсеткіштері әлем бойынша ең нашар нәтиже көрсетіп отыр. Мұнда вакциналау жұмыстары 1 наурызда басталған. Алайда осы күнге дейін препаратты қабылдаған тұрғындардың саны 1 процентке де жетпеген екен. Сарапшылар бұған екпенің қолжетімсіздігі себеп дейді. Ал, Ресейде керісінше, биліктің айтуы бойынша, препарат жеткілікті. Алайда әлеуметтік сауалнама нәтижесі көрсетіп отырғандай, тұрғындар екпе алуға асықпайтын көрінеді.

24.kz

 

657 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз