Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 22 Сәуір, 2021

Рухани жаңғыру – өмір талабы

Бүгінгі күннің биігінен көз тастап, қоғам дамуы жайлы салиқалы ой сараптайтын болсақ, тәуелсіз Қазақстанда егеменді еліміздің ертеңіне, болашақ болмысына деген сенім күн санап артып келеді. Мұны біз, ең алдымен, ертеңнің иегері келешек ұрпақ тәрбиесіне айрықша көңіл бөлініп, кешенді бағдарламалар жүзеге асырылып жатқанынан айқын байқаймыз. Осыған қатысты өркениет өрінде өркен жайған елімізде жаңару мен жаңғырудың кешенді бастамалары орнықты орын алып келеді. Әр жылдары бағдарға алып, мақсатты жолға қойылған кешенді дамудың жарқын белестері Мәдени мұра, Мәңгілік Ел, Рухани жаңғыру идеяларының өзектілігі мен өміршеңдігін уақыт өзі дәлелдеп отыр. Иә, Ұлттық идеологияның ұстанымдық түп тұғырын бекітіп, әлеуметтік негізін нығайтатын, ұлттық рухтың отаншыл құдірет-қуатын, руханияттық таным-болмыстың кеңдігін айқындайтын бағдарламар молдығы дәтке қуат болып ғана қоймай, көңілге сенім де ұялатады.

Мәңгілік елдік ұстанымымызды ұлықтайтын шын мәнінде мемлекеттік маңызы бар мәселелердің ұлт бағдаршамына, бағыт айқындығының Темірқазығына айналуы - құптарлық жайт. Рухани жаңғыру бағдарламасының төрткіл дүние өркениеті мен өзіміміздің ұлттық даму бағдарымен өзектестігін негізге алған бағдар-бағытын нақ та дәл айқындап тұрған жетістігі- бағдарламалық желі өзегінің өткен мен бүгінді сабақтастырған ұлттық тәрбие мен салт-дәстүр бірлігінің айқұшақ табысуынан көрініс береді. Рухани жаңғырудан біз ежелден халқымызбен біте қайнасқан өркениет сілемдерінің мәдени, рухани құндылықтарын, ескі сүрлеудің жаңарған жаңғырығын танимыз. Бізді қуантатыны тереңнен тамыр тартқан рухани құндылықтарымыздың бүгінгі күннен үндестік тауып, өркениетке бет түзеген ел көшінің жаһандану талаптарымен ұштасатындығы. Олардың кез-келгені біздің рухани қуатымызды арттыруға, мемлекетшілдік санамыздың қалыптасуына септігін тигізері сөзсіз. Ендеше, Рухани жаңғыру – рухани кемелділікке жетелейтін жандүние тазаруы, ұлттық рух пен сананың бірегейлігі.

Рухани жаңғырудың жастар тәрбиесіндегі, оларды бәсекеге қабілетті маман, өркениетті алға жетелер азаматтық тұлға ретінде дайындаудағы ықпалы өте зор. Осы тұрғыдан алғанда, Рухан жаңғыру арқылы жастардың дұрыс қалыптасуына, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру мен ағалар аманатын адал атқаруға деген жауапкешілігін арттыруға үндейтін тәрбиелік жолдағы іс-әрекетімізге әрқайсысымыз жауапты екенімізді сезіне түссек, ықпал ете алсақ, көп мәселе шешімін табар еді. Себебі, жастар – өткен мен келешекті жалғар алтын көпір. Бүгінгі істің келер ұрпаққа қажеттілігін, келешектің кемелділік келбеті үшін керектігін жас ұрпақ санасына сіңіре алсақ, оның тәуелсіздігіміздің баянды да тұғырлы болуына тікелей жауапты

екенін түйсіндіре білсек, болашаққа борыштар болмайтынымыз анық. Ендеше, «Еліміздің ертеңі – жас ұрпақ қолында» деген қанатты қағидаттың мағынасы кең, мәні терең, айтары айқын. Жас мемелекетіміздің іргетасы нық қалануын ойласақ, тәуелсіз Қазақстанның өркен жаюын шын жүректен тілесек, егеменді еліміздің ертеңі жарық, болашағы баянды болуын қаласақ, онда жас ұрпақ тәрбиесіне деген парызымызға адалдық сақтауымыз керек-ақ!

Иә, Рухани жаңғыру – Тәуелсіздікті сақтап қалудың басты кепілі. Өзекті ой мен өміршең іс-әрекетімізді бір арнаға тоғыстыра алсақ, өткеннен өнеге, кешегіден көрегендік, бүгінгіден біліктілік ала білсек, келешекке көш түзер бағытымыз айқын, береріміз берекелі болары тағы анық.

«Ұлтын шын сүйіп, аянбай қызмет қылған азаматы көп жұрт күшті, өнерлі, білімді жұрт болып, күресте тең түсіп, өздерін елетіп отыр. Есейген соң бар білімін, күшін өз жұртының күшеюіне жұмсайды. Олардың әр адамы – мемлекеттің керегі, қызметкері», - деп Жүсіпбек Аймауытұлы айтқандай, ұлтқа қызмет етуді міндет, парыз санауды әрбіріміз санамызға сіңіріп, өмір- салтымызға ұстаным етуіміз керек. Сонда ғана, ұлтжанды ұрпақ, мемлекетшіл тұлға, арлы азамат тәрбиелеуге жол аша аламыз. Бәсекеге қабілеттілікке жетудің маңыздылығын қаншалықты түйсінсек, еліміздің алға қойған мақсаттарына жетудің мәнісін соншалықты ұғына түсеміз.

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар, рухани жаңғыру» атты мақаласында көтерілген елдік мәселелердің парқын байыпты бағамдай алсақ, туған жер мен елге құрмет арта түседі. Сонымен қатар, заманауи мәдениет пен өркениетке жеткізер білім, тарихтан алар тағылым мен болашаққа бағдар т.б. құндылықтарымыздың құны да бағалана түспек. Жаһандану дәуірінің құрсауынан құтылудың төте жолы - рухани сілкініс, өркениет тағылымдарын игеру, алға қарай ұмтылу екенін рухани сана үрдісінен бағамдай аламыз. Үстіміздегі жылы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы кең көлемде аталып өтілмек! Тәуелсіздік – ең қастерлі де мәртебелі мерекеміз! 30 жылдық, бұл - сан ғасырлық ауыр жолдан аман-есен алып өткен ата-бабаларымыздың рухына тағзым ететін, болашаққа деген бағытымыздың дұрыстығын айқындайтын жылдар белесі.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл – көзді ашып жұмғандай қас-қағым сәт. Дегенмен, бұл көптеген халықтар үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Біз де осындай жолдан өтіп келеміз», - деп атап өтті. Тәуелсіздік тойы қарсаңында бар-жоғымызды түгендеп, жіберілген кемшіліктерді жөндеп, дәуір талабын таразылауымыз керек. Мына құбылмалы заманда жаһанданудың жаңашылдыққа бастайтын ұстанымдарын зерделей талдап, қай жағынан ыңғайын табуға боларын болжаммен емес, болмысын зерттеу арқылы тетігін тап басу қажет. Сондықтан да, аса қабілетті, ұлтын сүйетін, дәстүрін білетін, тарихын сыйлайтын ұлт

жанашыры, шынайы азамат, ұлтжанды заманауи тұлға қалыптасуына бар жағдай, дұрыс қамқорлық жасалуы керек, қажет-ақ.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы аясында жастар тәрбиесі мәніндегі біраз ауқымды іс-шаралар өткізілуде және олар үзіліп қалмастан өз жалғасын тауып, жаңаланып, жаңғырып келеді.

Университетімізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аталып өткен әл-Фараби бабамыздың 1150, Абайдың 175 жылдық мерейтойлары мәдени мұрамыздың, рухани құндылықтарымыздың қуат алар қайнар көзі, ұлттық сананы жаңғыртудың, әлемдік өркениетке үлес қосар ұстындарымыздың шынайы көрсеткіші деуімізге толық негіз бар. Өскелең ұрпаққа бабаларымыздың ілімі мен білімін сіңіріп, озық идеясы мен ұлағатты ұстанымын көкіректеріне ұялату арқылы ұлттық танымдарының толысып, ұлттық сананың қалыптасуына мүмкіндіктер туады. Осы арқылы қоғамды ізгілендіруге атсалысатын, ұлттық рухани құндылықтарымыздың қадірін түсінетін мәдени, заманауи ұрпақ тәрбиелеуге қол жеткіземіз. Адамзаттық қазынаға қосар үлесі мол тұлғаларымызды дәріптеу, насихаттау арқылы өркениет кеңістігіндегі орнымызды белгіліп, ұлттық санамыздың әлемдік межедегі деңгейін өсіреміз.

Жамбыл бабамыздың 175 жылдық мерейтойы барысында да ақын жырларының ұрпақ тәрбиесімен сабақтастығы, ұлттық таныммен ұштасатындығы назардан тыс қалған жоқ.

Біздің түлектеріміз білім алған алтын ұясына, кәсіби маман, білікті азамат болып қалыптасуға септігі зор болған білім мен ғылым ошағына, тәрбие ордасына қайта оралуды жыл сайын дәстүрге айналдырған. Университетіміздің мақтанышы, еліміздің айтулы азаматтарына айналған бітірушілеріміз бас қосып, жетістіктерімен бөлісіп, жас білімгерлерге жөн сілтеп, дәріс оқып, қайырымдылық жасауды өздеріне шәкірттік парыз санайды. Әр жылдардағы танымал түлектердің кездесу, жүздесу алаңына айналған Түлектер күні рухани жаңғыру бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан игі іс-шарамыздың өзгеше өзіндік бір көрінісі болып табылады. Еліміздің талантты да дарынды шығармашыл жастарын қолдау мақсатында өтетін ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған «Мен жастарға сенемін!» студент жастардың республикалық патриоттық форумы да университет бағытын айқындайтын, болашағынан мол үміт күттірер жобалардың қатарында.

Қазіргі кезде университетімізде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына «30 жылдыққа 30 апталық» мерейтойлық жол картасы әзірленіп, кең көлемдегі тәрбиелік мәндегі іс-шаралар өткізіле бастады. Биыл біздің сәні мен салтанаты жарасқан әсем қалашығымыздың экологиялық тазалығын жақсартуды арттыру, табиғи көрік-бедерінің тұнба тұнық күйін сақтап қалу мақсатында қалашық аумағында «Ағаштар аллеясы» атты саябақ ашылды.

Бұл аллеяда биылғы Наурыз мерекесі тұсында 160-тан астам қырым қарағайы мен алтай шыршасы бой түзеді. 12 сәуірдегі Ғалымдар күнінде

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлы даланың жеті қырының бірі ретінде атап өткен Алатаудың Сиверс алмасын егуді қолға алып, қалашықта 90 түп сиверс алма ағаштарын отырғызып, оны «Ғалымдар бағы» деп атадық. Ағаш отырғызу рәсімі Науырыздан бастап ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ұсынысымен кеңге қанат жайып келеді. Ол ҚазҰУ қалашығында да өз жалғасын тауып, жаңашыл үрдіске айналуда. Жақында аталмыш бақтағы ағаштар аллеясын кеңейту, абаттандыру мақсатында 100 түп қарағай әкелініп, соларды аллеяға орнықтыру үшін студент жастармен арнайы сенбілік өткіздік. Мұнда не мән бар десеңіз, Алатау баурайындағы осы бір құт мекенге әу, бастан-ақ, көрік болған жайқалған ағаш-тал, жасыл шырша бүгінде біздің қалашығымыздың да көркі мен сәніне айналып келеді. Туған табиғатты түу бастау-болмысына жақындата түсу - туған табиғат қастерлей білудің бір белгісі. Осындай тәрбиелік мәні зор, қасиеті мол қалашығымызды жасыл-желекке орандыру сынды мәуелі бастаманы біз бұдан әрі де жалғастырып, жаңғырта беретін боламыз.

Жақында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Басқарма төрағасы - ректор Жансейіт Қансейітұлы Түймебаевтың «Ғылымда даңғыл жол бар, ол – ізденіс пен білім жолы» мақаласында 90 жылға таяу тарихы бар ҚазҰУ ғалымдарының ғылым-білімге, инновациялық дамуға қосар үлесінің қомақтылығы туралы айтылды. Бұл – алдағы уақытта ғылымға серпін, ғалымдарға қамқорлық, озық идеяларға кең өріс ашылатынын байқатып отыр. ҚазҰУ-дің рейтингтегі орнының өзі бәсекелестікке қарым-қабілетіміздің қарымындай, рухани жаңғыру мәселесіне жан-жақты, салмақты көзқараспен қарайтынымыздың көрінісіндей.

Сапалы білім мен дұрыс тәрбие – ұлт болашағының кепілі. Ендеше, Тәуелсіз еліміздің келешегінің келбетті, болашағының баянды болуына білімді, тәрбиелі жастардың қосар үлесі қомақты, бағындырар белесі биік болмақ.

Жұлдыз Есімова

Әл-Фараби атындағы

Қазақ ұлттық университеті

тәрбие департаменті директоры

1196 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз