Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 02 Маусым, 2021

Әл-Фарабидiң интелект туралы пайымының қазiргi санадағы көрiнiсi

ХХI ғасырда қазақстандық қоғам күрделi трансформациялану процестерiн бастан кешiруде. Бұл процесс қоғам өмiрiнiң барлық салаларын: экономиканы, саяси құрылымды, мәдени дамуды, ғылым мен білімді толық қамтып отыр. Тарихи тұрғыда аз ғана уақыт саналатын аралықта қоғам күрделi өзгерiстерге ұшырауда. Және де, елдiң әлемдiк интеграциялану процесiне, яғни, жаһандану үрдiсiне күрт араласуы да − бұл процестi мейлiнше тездетiп жiбердi. Әрине, мұндай күрт өзгерiстерге ұзақ уақыт Кеңестiк идеологиямен құрсанған жүйе негiзiнде қалыптасқан қоғамдық сана дайын болмады. Ол мынадан көрінді: өмiрге нарықтық қатынастардың шұғыл енуi және қоғамның нарықтық экономика қатынастарына сай болмауы, оның үстіне, оның нарық табиғатына сай емес тәсiлдермен жүзеге асуы – қоғамда  идеалданған және категориалды тұрғыда бекiген жақсылық пен жамандық, мейiрiмдiлiк пен зұлымдық, әдiлдiк пен әдiлетсiздiк, отаншылдық-патриоттық және басқа ұғымдардың мәнi мен мағынасын өзгерiстерге ұшырата отырып, қоғам санасында аса күрделi қайшылықтарды туғызды. Бұрынғы бағалы саналып келген құндылықтар қарама-қарсы мағынаға ие бола бастады. Құндылықтар орын алмастырды. Нәтижесiнде, қоғамда ар мен ұят, намыс пен отансүйгіштік және басқа да ұлттық мағынадағы интеллект ұғымдары үздiксiз ревизияланып, өзгерістерге ұшырады. Оны ұзақ уақытқа бағытталған ұлттық идеологияның болмауы одан әрі ушықтырды. Әрине, мұндай жағдайда қоғамда тұрақты адами құндылықтардың қалыптасуы туралы бiржақты мәселе көтерілуі де мүмкiн емес еді.

Бұл, өз кезегiнде, қоғамдық ой-пікірдегі шиеленiске жетелейді:

а) ұрпақтар арасындағы түсiнiспеушiлiктің пайда болуына;

б) өзгермейтiн құндылықтардың жалпылық мағынасын бөлшектеуге және жеке бас прагматикасы дәрiптелетiн псевдотеориялардың өмiрге келуiне;

в) салт-дәстүр негiзiнде пайда болса да, салт-дәстүр іргетасы саналатын мәдени-рухани дүние – ұлттық дүниетанымның дағдарысқа ұшырауына;

г) ұлт, ел мүддесiне сай адам, азамат ұғымдарының көмескiленуiне, оның жалғасы ретінде азаматтық позицияның әлсiреуiне  әкеледі.

Әрине, мұндай ахуал − қоғамның дағдарысқа тап болғанын бiлдiредi. Бұл ғылымда дәлелденген. Сөйтіп, қоғамдық сананың хаостық (бейберекеттік) фазаға енуi және қалыптағы адамгершiлiк қатынастардың түпкілікті мағынасынан ауытқуы  − қоғам үшiн қауiптi нәрсеге айнала бастады. Енді, осыған қарсы адекватты шешімдер қабылдау қажеттілігі туады. Онсыз қоғамның алға қарай дамуы да неғайбыл.

Жалпы, кез-келген қоғамның мемлекеттік иммунитетiн үнемі нығайтуға ұмтылуы − заңдылық. Бұл, біріншіден, ғасырлар бойы жадыда сақталып, өмiршеңдiгiн дәлелдеген ұлттық даналық ойды жаңғырту болса, екіншіден, ұлт дамуында идеологиялық платформа болған мәдени жәдiгерлер мен рухани қазынаны игеру болып саналады. Бұл – сол негізде қазiргi кезеңнiң өзiндiк даму принциптерiн құрумен жалғасады. Яғни, бұдан − қоғам өз дамуында тарихына «қайта оралу» арқылы, дамудың «тарихи принциптерін» басшылыққа алады және сол арқылы өз мақсатын жүзеге асырады  деген қорытынды жасауға болады.  

Сондықтан, жаңа ғасыр басында, елдегі экономикалық «үлкен дағдарыс» біршама тұрақтанған соң, Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен «Мәдени мұра» бағдарламасының жүзеге асырыла бастауы, негiзiнен, осындай себептерден туындады деуге болады.

Осы тұрғыда, әлемнiң екiншi ұстазы атанған ұлы бабамыз әл-Фарабидiң, және басқа да даналарымыздың iлiмiн зерделеп отыру қажеттiлiгi туындайды. Бiздiң ғылыми мақаламыздың мақсаты әл-Фарабидiң интеллект туралы түсiнiгiн қазiргi көзқараспен баяндау болғандықтан, дананың осы тақырыптағы трактатымен шектелгендi жөн көрдiк. Жалпы, қазақ философиясында «фарабирануды» шынайы ғылыми деңгейге көтерген ойшылымыз А.Қасымжанов (1931-2000) «әл-Фарабиге қайта орала отырып, мынаны ескерткен жөн: сырттай әсер ету емес, iштен серпiлiп шығатын ой күшiне, идеялар драмасына баса назар аудару керек («Қазақ». Алматы, «Бiлiм» баспасы, 1994-ж. 114-б.)» деп ескерткенiндей, бұл мақалада фарабилiк пайымдаудың қазiргi қоғам үшiн маңызды екенiн, серпiлiс қуаты күшеймесе азаймайтынын дәлелдеуге тырыстық.

Әл-Фараби интеллект сөзi түрлi мағынада қолданылады дейдi. Бiрiншiден, қарапайым тiлде «парасатты адам» мағынасында. Оны интеллекция актысына (даму үстiндегi интеллектiнiң көрiнiсi деп ұғу керек) жатқызады. Себебi, «парасатты» деп түйiндеу үшiн адамға сенiм қажет. Болмаса, парасаттылық негiзi жасанды (сенiмсiз) жағдайда парасаттылық туралы айту мүмкiн емес. Ал сенiм қайырымдылықтан туындайды. Ендеше, парасатты адам деп «жақсылыққа асық, жамандықтан қашық» қайырымды адамды айтады». Әл-Фараби бұл пайымдауында өте терең философиялық мағына жатыр. Ол – адамның iшкi жан дүниесi мен рухани әлемi оның iс-әрекетiмен байланысы бүтiн құбылыс екендiгi. Ол екеуi – рухани әлемi мен iс-әрекетi - ажырамас бiрлiкте болса ғана парасаттылық сенiмi қалыптаса алады, болмаса, iшкi есепке құрылған жасанды қайырымдылық негiзiнде парасатты адам туралы айту мүмкiн емес. Мысалы, билiктегi адамдарда осы қасиет жетiспей жатса – онда ондай қоғам қайырымды бола алмайды. Тiптен, негiзi таза қайырымдылықтан тұратын меценаттық қозғалыстың өзiнде бұра тарту кездессе, онда ондай меценаттық өзiнiң негiзiнен, яғни, риясыз қайырымдылығынан ажырағандықтан сенiмдi емес. Сол себептi, ол меценатқа қатысты «парасатты» деп айта алмаймыз. Олай болмауы үшiн «парасатты адамның ойын жүзеге асырушылар да парасатты болуы керек» деуге тура келедi. Бұл – қайырымды қоғамның негiзi дейтiндей, қазiргi қоғамымыз үшiн өткiр де терең мәселе. Бұл ойды ‒ әл-Фарабиден «серпiлiп шыққан» ой қатарына жатқызу қажет.

Адамның үнемi парасаттылыққа ұмтылуы заңдылық. Тiптi, ұдайы жамандық жасап дағдыланған адамның өзi қиялында жақсылықты көздейдi. Себебi, психологияда дәлелденгендей, жамандық сезiмi күйзелiстi сезiмдермен, жақсылық ‒ рахаттану сезiмдерiмен ассоциацияланады. Осы тұрғыда, жер бетiндегi тiршiлiк атаулыны рахаттануға ұмтылыс деп бағалауға болар едi. Мысалы, өсiмдiктiң жапырағын күнге бұруының өзi «рахаттанудың» көрiнiсi. Яғни, бұл оның өмiр сүру формасы. Сол сияқты, кез-келген адам алдымен парасаттылықты iздейдi. Ал жамандық дегенiмiз, өмiр сүру гармониясы бұзылған сәтте адамды iздеп табатын, адам табиғатына тән емес, одан тысқары тұрған құбылыс. Бұл тұжырымнан «парасаттылық» адамның өмiр сүру формасы, яғни, мәңгiлiк категория екендiгiн көремiз. Ол туралы тұжырым қай ғасырда айтылмасын, өзiнiң мәнiн өзгертпейдi. Ендеше әл-Фарабидың интеллект туралы тұжырымдары да осындай категориялар санатында. Сондықтан оның iлiмi қазiргi кезеңде де актуалды десе болады.

Екiншiден, «Әрқайсысы өзiнше түсiнiп, үнемi айтысуға құмар мутакалимдер «интеллект …парасат ненi қабылдаса сол» дейдi. «Сөйтiп, барша жұрт қабылдаған пiкiрдi бұлар интеллект деп атайды». Әл-Фараби бұған манадай ескертпе жасаған: «олардың ненi мақұлдайтынын сiз бiртiндеп ұғана келе түсiнесiз». Мұнда да қоғам өмiрiне қатысты күрделi философиялық түйiн жатыр. Өйткенi, бүкiл қоғам қабылдаған шешiмнiң дұрыс-дұрыс еместiгiн (жақсылық не жамандық екенiн) бiз әлi бiлмеймiз. Оны уақыт өте келе сараптай аламыз. Ендеше, дәл сол кезеңдегi қоғамның шешiмiн интеллект көрiнiсi, не парасаттылық болып едi деп кесiп айту ерте. Осыдан келiп, егер қоғамдық пiкiрдегi парасаттылық ұғымы - қоғам мүшелерiнiң бiлiмiнiң, ой-өресiнiң, сауаттылығының, әлеуметтiк белсендiлiгiнiң, тәлiм-тәрбиенiң берiктiгiнiң және т.с.с. потенциалдары неғұрлым жоғары болса, онда қоғамдық шешiм де парасаттылыққа бастап апара алады деген қорытынды шығады. Олай болса, қазiргi саяси өмiрдегi референдумдарды, сайлауларды және т.с.с. қоғам таңдауыларын парасаттылыққа ұмтылыс деп бағалаймыз. Ол шешiмдер оны жүзеге асырушылардан да парасаттылықты талап етедi. Егер осы шешiмдi орындаушылар (билiк, содан кейiн қоғамның өзi) парасаттылықтан алшақ болса, онда парасаттылыққа ұмтылыс дегенiмiз өзiн-өзi алдау болып шығады. Ал қоғам алдына қойған парасатты мақсатына жетсе, ол – парасатты қоғамның белгiсi ретiнде қабылданып, әуелгi мақсаттың қоғам потенциалымен сәйкес болғанын, онымен үндес екендiгiн көрсетедi. Мұндай қоғам сатылы түрде өрлей дамуға қабылеттi, ендеше өзгеге үлгi боларлықтай қайырымды қоғам болмақ.  

Үшiншiден, интеллект дегенiмiз адам жанының қабiлетi, және де ол ой толғау арқылы емес, жаратылысынан туа бiткен қасиет. Адамды әмбебап, ақиқи шарттарды қабылдауға жағдай туғызушы жан қабылетi деп түсiну. Бұл шарттар адамға ақылман келетiн бiлiмдердiң негiзi болып табылады.  Адам өмiрге шартты және шартсыз рефлекстер жиынтығымен келетiнi белгiлi. Бұл қасиет бүкiл тiршiлiк атаулыға тән. Ол қасиеттер Гегель философиясында «ашылмаған мазмұн» ретiнде түсiндiрiледi. Ұлы немiс ойшылы өзiнiң қуатты диалектикалық ойлау қабылетi арқылы адам эмбрионы жетiлу барысында жанды табиғаттың тұтас эволюциясын қайталап шығатынын көрегендiкпен болжаған (қазiргi медицина оны толық дәлелдеп отыр). Ал әрбiр адам адамзат дамуының «шағын көшiрмесi» болатынын да ғалым – осы негiзге сүйенiп айтқан. Бiрақ  ақыл-ойға апаратын бұл шарттар тек адамзатқа ғана тән. Сондықтан, парасаттылық ұғымы адам мен қоғамға қатысты қарастырғанда ғана мағынаға ие болмақ. Интеллект пен парасаттылық табиғаттан көрiнiс тапса - оны эстетикалық әсемдiлiк, табиғи гармония, көркемдiк және т.с.с. атаймыз. Ендеше, әл-Фарабидан бастау алатын бұл пайымдардан, бiз, қоғам мен қоғамдық сана (қайырымдылық және интеллект) ұғымдарының бiр-бiрiмен байланысты екенiн көремiз. Қоғамның дамуы қоғамдық сана деңгейiне тiкелей байланысты болмақ. Бұрын бұл пiкiр идеализм аталынып, сыналды. Шын мәнiнде, бұл мәселенiң екi жағы бар екенi, идеологиялық ұстанымға байланысты, саналы түрде ескерiлмедi. Оның бiрiншi жағы жетiлмеген санаға байланысты: жетiлмеген сана – болмысқа тәуелдi, содан туындайды. Екiншi жағы – жетiлген, парасатты, интеллектi сана. Ол сана, ендi, болмысты таныған, оның қыр-сырын меңгерген, оған өзi ықпал ететiндей жағдайға жетiп толысқан  сана болып табылады. Ендi болмыстың дамуы санаға тәуелдi болып қалады. Мұндай парасатты сана қоғам дамуына өзi ықпал ете отырып, өзiн жаңа бiлiммен үнемi толықтырып отыруға да қабылеттi. Сол арқылы қоғамның да теориялық бейнесi үздiксiз жетiле бередi. Мұны Әл-Фараби интеллект десе, Гегель обьективтi сана деп атаған. Обьективтi санаға ие болу үшiн қоғамда белгiлi – бiр жағдайлардың жетiлуi шарт: ол – ғылым мен бiлiмнiң деңгейiнен, мәдениеттен, кемелденген дiннен, дүниеге деген эстетикалық көзқарастан тұрады. Мiне, бiздiң өмiр сүрiп отырған қоғамымызда осы шарттардың барлығы дерлiк қалыптасуда. Бiрақ олардың арасында  үйлесiмдiлiк орнамағаны себептi, бiз әлi дамыған елдер қатарына ене алмай отырмыз. Дегенмен, қоғамның ақыл-ой, парасаттылық деңгейi өсiп келедi. Ертең ол алып күшке айналары сөзсiз. Сол кезеңде жан-жақты толысқан сана қоғам өмiрiнiң барлық қалтарысын қамти отырып, бүгiнгi шиеленiстi жағдайлардың жұмбағын шеше алады. Әрине, Гегель айтатындай абсолюттi гармонияға (үйлесiмдiлiкке) жету мүмкiн емес. Ол – қоғам даму процесiн толық тоқтатты, даму тоқтағандықтан күйреуге бет бұрды дегендi бiлдiредi. Бiздiң айтайын деп отырғанымыз – қайшылықтардың бiрiгуi жаңа қайшылықтарды, немесе, бiр мақсат екiншi мақсаттарды туғызып отыратындығын атап өту ғана.

     Ендi қысқаша түрде әл-Фараби жiктеп кеткен интеллектiлерге тоқталып өтейiк. Ол Аристотель iлiмiн негiзге ала отырып, алдымен потенциальды интеллект туралы айтады. Олардың пiкiрiнше, потенциалды интеллект дегенiмiз формаларды жүзеге асыратын субстанция болып табылады. Ал қазiргi кезең тұрғысынан қарасақ, осы субстанцияны қалай танимыз, бiздiң қоғамда осындай субстанция бар ма? деген сұрақ туындайды. Табиғи байлықты осының бiрi деп қарасақ – ол бiзде жеткiлiктi. Ал ендi, адами ресурстар тұрғысынан алғанда, бiз әлi де жеткiлiксiз дәрежеде қалудамыз. Осыны дамытатын күрделi жолды қалай өтетiнiмiз – тарихи тұрғыда әлi айқындалған жоқ десек болады. Оны айқындау қоғам толық тәуелсiздiкке жеткенде, өз әрекетiн толығымен өзi құру мүмкiншiлiгiне ие болғанда ғана мүмкiн. Болмаса, қазiргi иық артып отырған күштердiң бәрi дерлiк бiздiң субстанциямызға жат, одан тысқары элементтер. Олар тұрғанда толық үйлесiм де орнауы екiталай. Өйткенi, олар мен қоғамымыздың арасында мақсаттар үйлесiмдiлiгi ешқашан да болмақ емес. Ендеше, бiздiң тарих өз кезеңiн күтiп, үнсiз жатыр деуге болады. Осы тiресудiң соңы немен аяқталатынын саралау болашақ ұрпақтың еншiсiне қалады. Ал қоғамымыздың негiзгi мақсаты осы потенциалды интеллектiнi жүзеге асыратын субстанциялардың айнымауын қамтамасыз ете бiлу. Сонда ғана үнсiз тарихқа тiл бiтетiн болады.

    Бiз мақаланы осы жерден тоқтатамыз. Өйткенi, одан әрi айтылуға тиiстi актуальды интеллект, жүре келе дарыған интеллект, әрекетшiл интеллект қоғамдық сана мысалында әлi де «потенциалды интеллект» аумағынан аса қойған жоқ. Себебi, тәуелсiздiкке ендi ғана ие болған санада тәуелсiз рух бiрден орныға алмайтыны сияқты, ол интеллектер де ашылар кезiн күтуде.

Әбдірашит Бәкірұлы,

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті

философия кафедрасының аға оқытушысы

 

1143 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз