Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Аймақ тынысы
  • 18 Тамыз, 2021

Ақтөбе облысын дамытуға 567 млрд теңге бөлінеді

Бүгін Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткізілген Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарымен таныстырды.

"Кешенді жоспар мұнай-газ және көлік инфрақұрылымын, тау-кен металлургия кешенін, өндірістік кооперацияны, сондай-ақ Ақтөбе агломерациясындағы ғылыми-медициналық және білім беру кластерін дамытуға бағытталған", - деді министр.

Жоспарды іске асырудың жалпы сомасы 567 млрд теңге. Бұл ретте айрықша үлес жеке инвестицияға тиесілі, ол 478,7 млрд теңге. 64,9 млрд теңге – республикалық бюджет, 7,4 млрд теңге – жергілікті бюджет және 16,6 млрд теңге МЖӘ арқылы.

А.Ерғалиевтің дерегінше, облыста 119,6 млрд теңгеге 13 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Әңгіме инженерлік-коммуникациялық және индустриялық инфрақұрылымды дамыту жобалары, Ақтөбе қаласындағы кәріз тазарту құрылысын жаңғырту және тұрғын үй құрылысы аудандарындағы инженерлік-коммуникациялық желілерді қамтамасыз ету туралы болып отыр.

Осы кезеңде облыста өнеркәсіптік кооперация жобалары, оның ішінде ауданы 450 гектар болатын жаңа индустриялық аймақ құрылады.

Көлік инфрақұрылымының жаңғыртуды, оның ішінде қолданыстағы автомобиль жолдары мен "Ақтөбе-Орск" және "Ақтөбе қаласының оңтүстік айналма жолы" жаңа жобаларын атап өту маңызды. Бұл көліктік жобалар Ақтөбе қаласының "өсу орталығы" және елдің батысындағы ірі көлік торабы ретіндегі рөлін күшейтеді. "Ақтөбе-Хромтау-Қарабұтақ-Ұлғайсын" және "Ақтөбе-Атырау-Астрахань" автомобиль жолдарын одан әрі қайта жаңарту жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 61%-тен 95%-ке дейін арттырады.

Жоғарыда аталған барлық жобаларды іске асыру 2025 жылға қарай Ақтөбе облысының тауар айналымының 1,5 есе, 2,3 триллион теңгеге дейін өсуін қамтамасыз етіп, сондай-ақ көрші облыстармен жолаушы, жүк тасымалын арттырады.

"Әлеуметтік дамуға ерекше рөл беріледі. Денсаулық сақтау мен білім беру жүйесіндегі қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын жақсарту үшін заманауи инфрақұрылым құрылады. 25 денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жүргізіледі", - деді министр.

Көпбейінді аурухана мен балалар онкогематологиясы орталығын салу, сондай-ақ денсаулық сақтау ұйымдарын жоғары технологиялық медициналық жабдықпен қамтамасыз ету жоспарлануда. Сонымен қатар облыста 49 мектеп пен Ақтөбе қаласында колледж студенттеріне үш жатақхана салынады.

2025 жылға қарай Кешенді жоспардың сапалы орындалуы 114 мың жаңа жұмыс орнын құруға және 5,8 трлн жеке инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Өңдеуші өнеркәсіп көлемі 21,6%, ауыл шаруашылығы өнімдері - 37%, жақсы және қанағаттанарлық жағдайда жергілікті автомобиль жолдарының үлесі - 34%-ке дейін, халықтың ақшалай кірісі - 41,8%, тұрғын үйді пайдалануға беру - 21%, құрылыс жұмысы көлемі 60,7% деңгейінде орын алады. Болжам бойынша ЖӨӨ нақты өсімі 27,4%-ті құрайды.

"Жоспардың түпкі мақсаты – Ақтөбе облысы тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту. Жоспар өңірдің дамуына жаңа серпін беріп, оның экономикасын әртараптандырады және инвестиция тартады деп күтеміз", - деді Ұлттық экономика министрлігінің басшысы.

819 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз