Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 10 Шілде, 2022

«Өмірің жақсы болсын десең, бәрінен мықты бол!»

Әлемдегі ең бай адамның бірі – Билл Гейтс. Оның ұстазы – Джим Рон. Билл осы дәрежеге жетуіне ұстазының көмегі көп болғанын айтады. «Өзіңе қатты ұнайтын істі тап. Жақсылықты бір-екі емес, бірнеше адамға жаса. Өміріңді өзгерткің келсе, алдымен өзің өзгер. Ал өмірім жақсы болсын десең, бәрінен мықты бол», – деп жиі айтыпты. Джим – бизнес тренер, психология мен тұлғалық дамуға қатысты бірнеше кітап жазған. Әйгілі «Coca-Cola», «Xerox», «General Motors» сынды компаниялардың дамуына үлес қосқан. Биллдің баюына ықпал еткен ақылы қандай? Бірге оқып, бірге өзгерейік, жас дос.

Арнайы дәптерге «Ұзақ мерзімді мақсаттар» деп жазамыз. 
1. Не істегім келеді?
2. Кім боламын?
3. Не көргім келеді?
4. Менде не болғанын қалаймын?
5. Менің қайда барғым келеді?
6. Мен не бөліскім келеді? 
Осы сұраққа алдағы бір жыл мен он жыл аралығында істейтін жұмыстарды жазамыз. Мысалы, ҰБТ-дан 140 балл жинағың келсе, «140» деп жаз. Жазып болған соң оқимыз. Әр мақсаттың орындалуына қанша уақыт кетеді? Бір, үш жыл болса, оны да жазамыз. Егер он жылда орындалатын мақсат болса, 10 жыл дейміз. Мақсаттар арасында тепе-теңдік болсын. Бір жылға арналғаны аз, он жылға арналған мақсат көп болса, ойланамыз. Демек, бүгін әрекет етуге ерініп, мақсаттың орындалуын кейінге қалдырып жүрсің. Басты нәрсе, қысқа және ұзақ мерзімді мақсат арасындағы тепе-теңдік. Кейде адамдар көп мақсат қоюға қорқады. Бір ғана мақсат қойып, өзін жайлы сезінетін адамдар да бар. 

Бақыт сусымалы. Адам бір мақсатқа жетіп, екінші мақсатқа жету үшін жұмысты бастайды. Міне, бақыт деп осыны айт! Тілегіңді жіктеп жаз. Егер оқу орны болса, орналасқан жерін, факультетті жазамыз. Жетістікке жетудің себебін айтамыз. Мақсат шын мәнінде керек пе, әлде қиялдан туды ма? Бұрын маңызды болған мақсатың не үшін жігер бермейді? Өйткені, оған ұмтылатын негізгі себеп жоқ. Арман жазылған дәптерді әрдайым өзіңмен бірге алып жүр. Оны орындау үшін белсенді қадам жаса. Қысқа мерзімді мақсатқа бір күннен бір жылға дейінгі уақытта орындалатын әрекетті айтамыз. Олар орташа болса да маңызы жағынан ұзақ мерзімді мақсаттан кем емес. 

Кеме капитаны ұзақ сапарға бағыт алды делік. Жолда саяхаттың табысты болуына себеп болатын бірнеше орын бар. Қысқа мерзімді мақсатты ұзақ мерзімді жетістікпен байланыстыруға болады. Жақын арада іске асатын мақсаттардың артықшылығы анық болады. Мұндай мақсатты «сенімділікті орнату» деп атаймыз. Өйткені оның орындалуы сенімді арттырып, алға ұмтылуға жетелейді.

ОЛАР ЖОСПАР ҚҰРМАЙДЫ

Егер табанды түрде еңбектеніп, қысқа мерзімді тапсырманы орындасаң, жеңістен жігер аласың. Саяхатыңды шабытпен жалғастырасың. Қысқа мерзімді жобаның орындалатын апта, күні, уақытын міндетті түрде жазамыз. Мақсат орындалғанда, белгі соғамыз. Жетістікті тойлауға уақыт табамыз. Бұл алда одан да көп жұмыс істеуге шабыт береді. Адамдар мақсат қойып, оны табандылықпен орындауға ұмтылмайды. Неге? Өйткені бұл көп уақыт пен ойлануды қажет ететін жұмыс. Адамдар өздері қаламайтын жұмыста күні бойы еңбек етеді. Ал болашағын жоспарла десе, «оған уақыт жоқ» дейді. Олар өз болашағын анықтай алмайды. Көп адамдар жоспар құрмайды. Сенде солардың бірі болуың мүмкін...

Өзіңнен жоғары мәні бар мақсат қойғанда бұрынғы адамға ұқсамайсың. Нақты қойылған мақсат барлық нәрсеге әсер етеді. Күні бойы не істедің, қайда бардың?.. Не істесең де сол мақсатқа жетумен байланысты болады. Бірде бір адамнан: «Осы айдағы мақсатың қандай?» – деп сұрадым. «Салықтан құтылсам, шіркін..» – деді. Салық жай ғана мақсат. Өмірдегі шабыт беретін себепке қоса алмаймын. Ұйқыдан тұрғанда: «Керемет! Салық төлеуге ақша табуға тағы бір мүмкіндік туды», – деп айтатыныңа күмәнім бар.

Мақсат адамды өзгертеді. Сол үшін жоғары қою қажет. Ол жоғары болса, жету үшін өсуге ұмтыласың. Сананы оятып, әрекет жасауға себеп болсын. Мақсат қоюда оған жету ғана емес, сенің дара болғаның маңызды. Өмірде өзін миллионер деп ойламайтын адамға миллион ақша берсек. Ол адам ақшаны тез жоғалтады. Шын миллионердің барлық ақшасын тартып алса, ол қайтадан жаңа белеске шығады. Өйткені ол миллионер дәрежесіне жеткен адам. Осы процесті қайталауға білімі, тәжірибесі жетеді. Қалаған нәрсеңді алу үшін қандай дара адам болуың керек? Оны да күнделікке жаз. Қандай дағды мен білім алу керегін жазып қой. 

Өзіме жиі көңіл бөлемін. «Мен көп нәрсені қалаймын. Бірақ соған жетуге лайық дара адам болуға дайынмын ба?». Егер жалқау, оқуға дайын емес, өсуге ұмтылмасам, өз тілегіме жетуді есептемесем де болады. Мақсатқа жетуге қанша жұмыс істесең, алдыңнан сонша мүмкіндік шығады. Сол үшін бастаудан қорықпау керек.

Қалай дана болуға болады?

Дана болудың екі әдісі бар. Өз өмірінің тәжірибесінде үйрену және басқа адамдардың өмірін оқу. Сенің өміріңдегі оқиғалар – ең жақсы ақпарат көзі. Өтіп жатқан күннен бір нәрсе алуға тырыс. Ол үшін айналада не болып жатқанын білуге ұмтыл. Өмірде барлық нәрсе үшін уақыт пен кек бар. Біз байыпты ойлана бермейміз. Бүгін не істеп, не айттың? Не жұмыс істегеніңді байыптап ал. Нені қайталағың келмейді, неге жолағың келмейді?

Адамдардың айырмасы өзінде болып жатқан өзгеріске қалай қарап, соңғы нәтижені анықтауында. Табысқа жеткен кісілердің барлығы кітапты өте жақсы оқитын. Олар оқиды, оқиды. Білімге құштарлығы көп оқуға мүжбүрлейді. Барлығы жақсы болу үшін тұрақты түрде жаңа жол іздейді. Ғажайып жетістіктің арқасында электронды кітап оқуға болады. Бос уақытты ұтымды пайдалану үшін аудио тыңдаймыз. 

Қалай күшті болудың сырын айтатын, ең жақсы оратор, ең мықты көшбасшы болуға үйрететін мыңдаған аудиокітап бар екенін білесің бе? Солай болса да, адамдар білімнің байлығын қолданғысы келмейді. Жұмыс істеу сыртқы себептерге байланысты деуші едім. Нағыз жұмысты көрсететін ішкі терең мазмұны бар адамдар екен. Оның жауабын іздедім. Табыс пен бақыт – ізделінбейтін құндылықтар. Олар дамытуға тиіс құндылықтар.

Өзін шектеу

Табысқа жету үшін жеке бастың дамуына кедергі болатын шектеуден арыламыз. Ең біріншісі – жайбасарлық. Бір есепті кейінге қалдырсақ, оның мәні жоқ сияқты. Бір жұмысты дұрыс істемесек те, күн ойдағыдай өтеді. Бірақ осындай күндер көп жиналса, ауыр күндер күтіп тұр. Біреуді кінәлағанды жақсы көреміз. Неге өзіміздің ішкі жандүниемізге үңілмейміз? Дамуды тежеудің тағы бір жолы – ақталу. Адамдар барлығына өзі жауапты екенін мойындамай, өте қорқынышты өмір сүреді. 

Бүгіннен бастап өзіңді жетілдіру үшін не істеуің керек? Егер шектеуден арылмасаң, келесі бес жылың өткен бес жылдағыдай болады. Кей адамдар өзінің қабілетіне онша сенбейді. Олар өзінен: «Мен істей аламын ба? Өмірімді өзгерту үшін не істеуім керек?» – деп сұрайды. Қандай қиындық болса да, соңын жақсы аяқтауға болады. Өзіне қажет деп тапса, кез келген жан адам айтса сенгісіз биікке жетеді. Әсіресе, балалар өте тамаша заттар жасайды. Біз балық, құс немесе ит емеспіз. Жоқ нәрседен бар жасаймыз. Адами құндылықтың үлкен бөлігін көрсет. Өз құндылығыңды ашқанда қажеттінің барлығын өзгерте аласың. 

Бүгінгі жұмыс ұнамаса, бір нәрсе жетіспесе, онда оны өзгерт. Өзіңді өте жақсыға өзгертсең, барлығын да жақсы жағына өзгерте аласың. Біреудің үйіне келсем алдымен кітапханасын қараймын. Бос сөзден гөрі адамды оқыған кітабынан білемін. Кітап оқу адамның ойы мен тілегін, өмірлік құндылығын ашады. Кітап оқу бос уақытты салтанатты өткізу емес. Ол – өсемін деген адамның қажеттілігі. Кей жастар мектепті бітірсек болды, кітаптың қажеті жоқ дейді. Оқуды бастаңдар. Әсіресе, ішкі мүмкіндікті ашатын кітап оқыңдар. Барлық кітапты бірден оқудың қажеті жоқ. Апта сайын екі кітаптан оқы. Егер олай болмаса, кітап оқыған достарыңнан мың кітапқа артта қалдың. Олар сені шайнап-шай-нап түкіріп тастайды. Білімнің аздығынан кейбір керемет мүмкіндікті жіберіп алуың мүмкін.

Дайындаған 
Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА 
Суреттер 
Pixabay.com сайтынан

«Ұлан» газеті

1889 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз