Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 25 Шілде, 2022

«Аяқкиім тоқып,айына 60000 теңге табамын»

Қызылордалық оқушы Ұлан Сайлаудың талабы күшті. Өзі оқу үздігі. Бір жылдан бері тоқыма тоқумен айналысады. Ересектер мен балаларға кез келген дизайнда кеды, сандал, кросс, сөмке, шашқа тағатын резеңке  тоқиды. Оны Инстаграм желісінде жариялап, сатып, ақша табады. Біз Ұланмен хабарласып, тоқыма өнерін қалай үйренгенін сұраған едік.

– Инстаграмнан Гүләнда Жөкеш деген он қолынан өнері тамған шебердің жарнамасын көрдім. Оған дейін тоқыма тоқи алмайтынмын. Жарнаманы көріп, қызығып, сабағын сатып алдым. Осылайша аяқкиім тоқуды бастадым. Тоқыған заттарымды әлеуметтік желіге саламын. Сол жерден адамдар қызығып, тапсырыс береді. Кейде дүкенге, мектепке апарып сатамын. 

– Алғаш тоқыған бұйымың қандай?

– Ең алғаш үйге киетін тәпішке тоқыдым. Алғашқы тұтынушым анам болды. Басында қиын, түсініксіз болды. Қиындыққа шыдамай, тастап кеткім келді. Бірақ бастаған істі соңына дейін жеткізген дұрыс деп санаймын. Тоқи-тоқи үйреніп кеттім. Бұрын тоқуды ұнатпайтын едім, қазір жақсы көремін. 

– Айлық табысың қанша?

– 60000–70000 теңге. 

– Жарайсың, Ұлан! Айлығыңды қайда жұмсайсың?

– Ақшаның жартысына жаңадан тауар аламын. Қалғанын отбасым мен өзімнің керек затыма жұмсаймын. 

– Отбасың жайлы айтшы. Тоқуға бауырларың да қызыға ма?

– Отбасымда сегіз адамбыз. Анам, әкем, екі тәтем, екі інім, бір сіңлім бар. Тәтелерім тұрмыста.  Бауырларым қызығады. Бірақ ешқайсы тоқымайды. Анам жұмысынан бөлек тігінмен айналысады. Карантин бәрімізге оңай болған жоқ. Тоқуды үйренуіме осы уақытша қиындық себеп болды. Ата-анама көмектестім.

– Тоқудың соңына түсемін деп сабақтан кешігіп қалмайсың ба?

– Жоқ, қызыл аттестат иегерімін. Жыл үздігі деген дәрежем бар. Иә, арасында тоқудың қызығына түсіп, үлгермей қаламын. Сол кезде түн ортасы болса да, сабақ оқимын. Биыл 9-сыныпты бітірдім. Тоқумен байланысты қызық оқиға жиі болады. 

– Сен тоқыған тәпішкенің артықшылығы қандай?

– Кір жуатын машинада жууға болады. Жазға жеңіл, аяқ демалады. Тағы бір ерекшелігі – түсі. Әдемі түстерді таң-дауға тырысамын.

– Бағасы қанша?

– Үйге арналғаны – 4000 теңге. Балаларға – 6000 теңге. Сәнді мокасин, кросс болса, 10000 теңге. 

– Бұл ақша кеткен шығын мен уақытыңды ақтай ма?

– Иә, жетеді. 

– Тапсырыс қай өңірден көп түседі?

– Кез келген ауыл, ауданнан келеді. Әсіресе, Семей, Алматы тұрғындары белсенді. 

– Болашақта кім боласың?

– Білмеймін, әлі ойланып жүрмін. Дизайнер мамандығын оқығым келеді. 

– «Жұрт не дейді?» деп ұялып, өз ойын айта алмайтын замандастарың бар. Оларға не айтар едің?

– Біреуге ақыл айтқым келмейді. Алдыңа мақсат қойып, оны орындауға ұмтылсаң, көп нәрсеге мән бермейсің. Бұл сенің өмірің. Ақшаң болса, отбасыңды қуантуға, әлемді аралауға мүмкіндік бар. Таңдау өз еркіңде. Атақты актер Сильвестр Сталлоненің өмір жолын оқығаным бар еді. Жетістікке деген күресті бала кезінен бастаған. Ол кинода барлық қиындықты жеңетін мықты адамды ойнайды. Оқушы кезінде өзін осылай елестеткен екен. Шала туған соң ажарсыз болыпты әрі кекештеніп, дұрыс сөйлей алмайтын. Актер болам деген арманына бұл кедергі болмады. Егер басқа жұмысқа кірсе, актер бола алмауы мүмкін. Сол үшін ұзақ күреседі. Бірде кино алаңына ерте келеді. Режиссерді әбден мезі етеді. Сталлонені бәрі танитын. Әйтеуір, көзге түсіп, біреуден таяқ жейтін кішкене рөлге бекітіледі. «Арманға жету оңай, ол үшін табандылық керек», – дейді актер.

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті

964 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз