Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 26 Шілде, 2022

Түймедақ туралы аңыз

Түймедақ - махаббат гүлі

Тау етегінде тұратындар күлімдеп тұрған қыздарға ұқсайтын, күнде көріп жүрген осы бір кішкентай күн іспетті гүлдерге кейде мән бермеуі мүмкін. Ал кейде гүлдерден әлдебір махаббат нұры тарап жатқандай  жүректері елжірей, аялай қарайтыны да анық. 

Жастар “сүйеді”, “сүймейді” деп күлтелерін аяусыз жұлып жататын осы түймедақ гүлінде бір сиқыр барына сенетінмін...

Оным бекер емес тәрізді.

Түймедақ туралы аңыз көп. Біреуін сіздерге баяндап берейік. 

“Ертеде бір-бірін жан-тәнімен жақсы көретін қыз бен жігіт  болыпты. Жігіттің есімі Роман болған деседі. Бір күні ол түсінде ақ күлтелері бар, күн кейіптес гүлді көреді. Гүл махаббат пен нәзіктік нұрына малынып тұр екен...Осындай ғажайып көріністі көріп жатып, Роман оянып кетсе, жастығының бас жағында түсіне енген гүл жатады. Аң-таң болған Роман гүлді сүйіктісіне сыйлайды. Оны көрген қыз да қатты таңырқап, гүлге жігіттің есімімен “Ромашка” деген ат қояды. Ерке қыз жігітке күн сайын осындай гүл әкеліп беруін өтінеді. 

Қызға шексіз ғашық Роман мұны түс патшасына айтып барады. Патша көп ойланып барып:           “Ғұмырыңды менің патшалығымда өткізсең, маған қызмет қылсаң  ғана қызыңа қалаған гүлін беремін”,- дейді. Романға бұл ұсыныс ұнамаса да, махаббаты үшін, қызына берген уәдесі үшін патша бұйрығына бағынады.

Қызы гүл әкелуге уәде еткен ханзадасын ұзақ күтеді. Ол келмейді... Сағыныштан сарғайған қыз әр күнді жылаумен өткізеді. Бір күні қыз әдетінше жылап жатып, басын көтереді де, терезеге қарап, таң-тамаша қалады. Шетсіз-шексіз алқапта түймедақ гүлдері жайқалып тұр екен. Қыз өз сүйіктісінің аман екендігін, бірақ ешақашан кездесе алмайтындықтарын түсінеді.

Содан бері адамзат, әсіресе қыздар түймедақты қарапайымдылығы үшін, адал және шынайы махаббаттың нышаны болғандығы үшін жақсы көреді,” -дейді әфсана. 

Жүректері тас боп қатқан жандардың да кейде түймедақ гүлін көргенде елжіреп кететіні содан дейді...

Гүлдің күнге ұқсауы да бекер емес-ау?! 

 

А.Әкімбайқызы                       Фото: дереккөз

 

1633 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз