Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 29 Шілде, 2022

Нью-Йоркте тұңғыш рет қазақ кәсіпкерлерінің бизнес-конференциясы өтті

 “United Alash” қорының бизнес клубы аясында тұңғыш рет Нью-Йорк қаласында қазақ кәсіпкерлерінің бизнес-конференциясы өтті.

«Біздің “Біріккен Алаш» қорымыз биылғы Рамазан айында құрылды. Содан бері кітап клубы мен бизнес клубы аясында шаралар өткізіп жүрміз. Ахмет Байтұрсыновтың “Біз басқаларрдан кем болмас үшін білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болу үшін оқу керек, бай болуға кәсіп керек, күшті болуға бірлік керек” деген Алаш баласына қалдырған өсиет сөзін негізге алып, осы бағдарламамызды бастап отырмыз», – деді «United Alash» қорының құрылтайшысы Ұланбатыр Бақытханұлы.

Фото: Дәурен Мақсұтханұлы/Facebook

Ал ұйымдастырушы Дархан Мұңайтпасов аталған шараның негізгі мақсаты тек қазақстандықтарды ғана емес, басқа да ұлт өкілдерін Америкада өз бизнесін қалай ашу керек және ол үшін не істеу керек, қандай қателіктерді жасамау керек деген оймен бөлісуге шақырғанын айтады.

«Мақсатымыз орындалған сияқты. Себебі бизнестің айналасында қойылатын сауалдар өте көп, кәсіпкерлер өз тәжірибесімен бөлісіп қана қоймай, оларға дұрыс жолды көрсетіп, өз мақсатына қалай жету керектігін айтты. Бәрі дән риза болды. Бизнесте серіктес табу қиын. Яғни бұл конференция – серіктес табу мақсатында да келушілерге бір-бірімен байланыс орнату үшін жасалған шара», – деді ол.

Фото: Дәурен Мақсұтханұлы/Facebook

Топ алдында сөз алған Қазақстанның Нью-Йорктегі Бас консулы Раушан Есбулатова жиынға қатысушыларға сәттілік тілеп, бизнес саласында жүрген жастарды әрдайым қолдайтынын жеткізді.

Одан әрі бизнесте 12 жылдық тәжірибесі бар, SCALEUP IT жобасының авторы, бизнес-коуч Даяна Асанова мен жас кәсіпкер Айдын Есенгелді франшизаны сату мен жаңа кәсіпті бастаудың жолдарын түсіндірді.

Фото: Дәурен Мақсұтханұлы/Facebook

«Негізінде мұнда, Америкада, нарық өте үлкен және бизнесін бастағалы тұрған кәсіпкерлер үшін де, тұтынушылар үшін де, жалпы бизнес үшін де өте ыңғайлы әрі жағымды. Бизнестегі ұстанатын ережелер де бірдей. IT жобалар мен қызмет көрсету саласында, кез келген салада тауарды қалай өткізу керек, қалай сату керек, оны қалай дамыту керек, ең бастысы – заңды, барлық ережелерді қалай сақтау керектігін үйретеміз», – деді Даяна Асанова.

Бір-бірін мұқият тыңдаған қатысушылар “Farida» мейрамханалар желісінің директоры Фарида Габбасова – Риччиарделлидің бизнестегі тәжірибесіне тәнті болды.

Фото: Дәурен Мақсұтханұлы/Facebook

Сонымен қатар бизнеске қатысты есептер беріліп, әркім өз тәжірибесімен бөлісті. Дүкендер мен сән салоны, көлік тасымалдау бизнесі (трак), ауыл шаруашылығы, мейрамхана сияқты салаларда бизнестерін жүргізіп отырған қазақ қауымдастығының өкілдері мұндай шараның ұйымдастырылғанына ризашылықтарын білдірді. АҚШ-та 4 жылдан бері тұратын Али Алаш пен жас кәсіпкер Мұрат Нұрғалиев шарадан қандай әсер алғандарын айтты.

Норс Каролайн, Вирджиния штаттарында бал шығару және жылқы санын көбейту шаруасымен айналысып жүрген фермер Али Алаш бұл конференцияға өзі сияқты кәсіпкерлермен танысу үшін және отандастарын көру мақсатында арнайы келгенін атап өтті.

Ал трак компаниясының директоры Мұрат Нұрғалиев  көптеген адаммен кездесу, олардың өз тәжірибесімен бөлісуі зор әсер қалдырғанын жеткізіп, ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.

Фото: Дәурен Мақсұтханұлы/Facebook

Фото: Дәурен Мақсұтханұлы/Facebook

Сұрақ-жауап форматындағы бұл конференция қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде өтті. Алдыңғы аға буынның ақыл-кеңесін тыңдаған жас кәсіпкерлердің өтініш-тілегі бойынша мұндай шара енді жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп тұрмақ.

Нұрлыайым Данаева, 

Болашақ стипендиясының иегері, NYFA студенті

Дереккөз: KazUnite.com

 

1262 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз