Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Инфографика
  • 14 Тамыз, 2023

Көп болса кәсіп, арта түсер нәсіп

Жаппарберген Айбота,
сарапшы

Кәсіпкер жолы – қиын жол. Олар алдыңғы шепте, яғни болашаққа бастар жолда кездесетін сын-қатерлерді алғашқы болып қарсы алушы батыл қауымның өкілдері. Бүгінде қоғамда шағын және орта бизнесті (ШОБ) «Экономиканы алға жетелейтін жасампаз күш» деп атайды. Міне, сол сала бүгінде елімізде де дамып келеді. Бұған мына деректер дәлел бола алады: 2022 жылдың қорытындысы бойынша шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 36%-ға жетіпті. Соңғы деректер бойынша елімізде шамамен 1.8 млн ШОБ субъектілері тіркелген. Оларда 4.1 млн жуық адам жұмыс істейді. Бұл жалпы жұмыспен қамтылғандардың 46%-ын құрайды. Бірақ соған қарамастан аталған секторда түйткілді сұрақтар жетіп артылады. Таяуда Астанада «Экономика туралы диалог: Қазақстанда ШОБ дамуы» атты кең ауқымды конференция барысында сол мәселелер ашық айтылды.

Jusan Analytics зерттеу орталығы ұйымдастырған бұл іс-шараға мемлекеттік органдардың, саяси партиялардың, квазимемлекеттік сектордың өкілдері, қаржыгерлер мен экономистер және журналистер қатысты. Сондай-ақ ең бастысы – ШОБ өкілдері келді. Жүздерінде бұл жолы ерекше бір сенімділік, табандылық табы байқалғандай.

 

Белгілі болғанындай, елімізде ШОБ-тың басым бөлігі өндіріс емес, қызмет көрсету саласында еңбек ететін болып шықты (75%). Ал осы бизнес нысандарының 50%-дан астамы негізінен 6 өңірде: республикалық мәнге ие қалаларда, сондай-ақ Алматы, Қарағанды және Түркістан облыстарында шоғырланған. Аталған зерттеу орталығының талдаушылары Қазақстанда шағын бизнестің, әсіресе, өміршеңдік деңгейіне баға беру үшін 2017 жылы құрылған 39 мың қазақстандық шағын компаниялардың (Дара кәсіпкерлік және ЖШС) өмірлік жолына талдау жасаған.

 

 

Бұл туралы өзінің алғысөзінде «Jusan Bank» АҚ Басқарма төрағасы Нұрдәулет Айдосов былай деді:

– Зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, 3.2 мың компания алғашқы жылы-ақ жабылып қалған. Ал 5 жылдық өміршеңдік деңгейі бар болғаны 18.4%-ды құрады. Яғни 39 мың компанияның тек 7.1 мыңы ғана 2022 жылы өз қызметін әрі қарай жалғастырды. Жаңа компаниялар үшін ең ауыр жыл – екінші жыл: бұл жылы олардың 80%-ы дерлік жабылды. Салыстырар болсақ, АҚШ-та шағын кәсіпорындардың 5 жылдық өміршеңдік деңгейі 51.9%-ды құрайды. Осы жерде заңды сұрақ туындайды: бизнесті дамыту үшін не істеу керек? Не жетіспейді? Біз бұл салаға өз тарапымыздан қандай көмек көрсете аламыз? Қазір ШОБ-қа тек қаржылық өнімдер ғана емес, қаржылық емес өнімдер де қажет болып тұр. Мысалы, салықтық есеп жүргізу бойынша онлайн бухгалтерия, заңнамалық өзгерістер бойынша маңызды ақпараттарды жедел ұсыну жүйелерін айтуға болады». Өз кезегінде Jusan Analytics зерттеу орталығының басқарушы директоры Әнуар Қуандықов ШОБ-ты экономика дамуының, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайының нағыз индикаторы екендігін тілге тиек етті:

 

– «Шынында да бұл бір нәзік, кірпияз және сезімтал сала. Айтса айтқандай, жаңадан құрылған ШОБ алғашқы жылдары жабылып қалмау үшін күреседі. Тек 3-5 жылдан кейін ғана, сан жағынан ғана емес, сапа жағынан да пайда әкеле бастайды. Бәсекеге қабілеттілігін нығайтады. Ғылыми-зерттеу жұмыстарына ден қояды. Еңбек өнімділігі мен экспорттық әлеуеті арта түседі». Оның айтуынша қазір елімізде ШОБ дамуына кедергі келтіретін тосқауылдар жетіп артылады. «Ең алғашқы мәселе – біз шикізаттық елміз. Экономиканың ауқымы үлкен емес. Жалпы ішкі өнімдегі (ЖІӨ) ШОБ үлесі дамыған елдерге қарағанда бізде әлі де төмен – шамамен 37%. Ал оларда ШОБ үлесі 50-60%-дан асады. Экономикасында ШОБ үлесі мардымсыз, бірақ табысы жоғары елдер болмайды. Болуы мүмкін емес. Нарық жағдайында кез келген елдің болашағы ШОБ дамуына және оның экономикадағы үлесіне тікелей байланысты», – дейді басқарушы директор.

 

Иә, бір қалыпсыз, құбылмалы даму – экономикасы шикізаттық сипатқа ие елдердің барлығына тән екені белгілі. Қазақстан да солардың қатарында. Мұндай елдерде шикізаттық емес бизнестің өмір сүріп кетуі қиын-ақ. Ал жоғары айырбас бағамы өндірілген өнімдерді импорттық өнімдердің қасында бәсекеге қабілетсіз етіп жібереді. «Сыртқы саудада да жағдай шамамен осындай. Қазақстанның шағын және орта бизнесіндегі компаниялардың тек 6%-ы ғана өз өнімдерін сыртқа экспорттайды. Ал мысалы, Орталық Еуропада және табысы орта деңгейден жоғары елдерде бұл көрсеткіш орта есеппен ШОБ-тың 20-25%-ын құрайды. Бізде тіпті компаниялардың елеулі бөлігі жұмыстық бизнес-модельді жасауға қауқарсыз және көп жағдайда жабылуға мәжбүр болады» дейді Ә. Қуандықов.

Тағы бір өзекті мәселе – жоғары инфляция. Соның салдарынан пайыздық мөлшерлемелер мен борышты өтеу қызметі қымбаттап кетті. Қазір нақты сектордағы кәсіпорындардың ұзақ мерзімді банктік несие алу мүмкіндігі төмен. Тек қысқа мерзімді несиелерге ғана сұраныс бар. Онда да тек айналым капиталын өтеу үшін алады.

 

Статистикаға сүйенсек, жалпы несие қоржынында заңды тұлғаларға берілетін несиелер 2010 жылы 70% болса, 2022 жылы 50%-дан төмен түсіп кеткен. Соның салдарынан тауар өндіретін ШОБ субъектілері жөнді дамымайды. Сондай-ақ жұмыспен қамту, бәсекелестік және инновация қамтамасыз етілмейді. Экономиканың шикізат экспорттаушыларға тәуелділігі арта түседі. ШОБ-тың несиелік қоржынының әлеуетті көлемі Қазақстанда 18.4 трлн теңгені құрайды. 2023 жылдың наурыз айының соңына қарай несиелердің нақты көлемі 6.5 трлн теңгеге жетті немесе әлеуетті көлемнің 35%-ына ғана тең. Ал соңғы деректер бойынша қазақстандық банктердің несие беруге жететін ақшалай қоры 17 трлн теңгеден асады. Бірақ соған қарамастан олар ШОБ тарапынан кредит алуға қатысты өтінімдерді қарауға келгенде қаталдық танытады – 100 өтінімнің шамамен 40-ын ғана мақұлдайды. Неге? Біріншіден, көптеген ШОБ субъектілерінің кепілге қоятын дүниелері жоқ. Екіншіден, несиелердің мөлшерлемесі жоғары, ал мерзімі қысқа. Үшіншіден, сол баяғы есептілік. Шағын бизнестің көпшілігі оңайлатылған режімде жұмыс істеді. Қаржылық есеп-қисап жасамайды. Сондықтан да оларға қазір мөлшерлемесі жоғары болса да кепілсіз тұтынушылық несие ала салған жеңіл болып тұр», - дейді қаржыгер. Оның айтуынша банктер несиеге қатысты бюрократиялық талаптарды, мөлшерлемелерді қысқартып, несие мерзімін барынша ұзартса жағдай өзгерері анық. Өйткені ШОБ қашанда қаржыландыруға мұқтаж. Әрине, мемлекет тарапынан бизнеске қолдау көрсетіліп-ақ жатыр. «Бұл бір жағынан жақсы» дейді мамандар. Бірақ екінші жағынан алып қарағанда бұл шынайы нарықтың бұрмалану қаупін тудырады. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) деректері бойынша Қазақстан экономикасында квазимемлекеттік сектордың үлесі жоғары – 40%-ды құрайды. Ал мемлекеттің қатысуымен құрылған ШОБ нысандарының саны 25 мыңнан асып жығылады. Сан жағынан бұл көрсеткіш бүкіл ЭЫДҰ елдерінен және тіпті көрші Қытай елімен салыстырғанда да көп екен. Тағы бір проблема – монополия. Мамандардың айтуынша экономиканың 26 секторының 11-інде бар болғаны 10 шақты компания бүкіл нарықтың 50%-ын иеленіп алған. Бұл секторларда өнімділік те бәсекелестік те төмен. Тіпті бәсекелестік жоғары дейтін секторлардың өзінде, мысалы тамақ өнімдері өндірісінде 10 компания нарықтың 16%-ын қамтиды. Ал сусындар шығару өндірісінде бұл 30%-ды алып жатыр. Қалған 12 секторда ірі фирмалардың нарықтағы үлесі 30%-дан 50%-ға дейін барады.

 

 

«Квазимемле­кет­тік сектордың ауқым­дылығы, монополияның құлашын кең жаюы бизнес үшін нарық кеңістігін тарылтып жібереді. Шағын бизнеске орын қалмай барады» деп күйінеді қаржыгерлер. Ал көлеңкелі бизнес тағы бір бас ауыртар мәселе. Кейбір статистикалық мәліметтер бойынша Қазақстанда экономиканың бейресми секторы ЖІӨ-нің шамамен 20%-ын құрайды. Басқа елдермен салыстырғанда бұл көп емес, орташа ғана деңгей. Бірақ бейресми экономика бірқатар мәселелер тудыратыны анық. Айталық: • көлеңкелі бизнес сапалы жұмыс орындарын ашпайды және оның өсіп-өркендеуге әлеуеті жоқ; • мұндай бизнестің операциялық шы­ғын­дары төмен болғандықтан, олар заңды кәсіпкерлерді нарықтан ығыс­тырады, өйткені салық және басқа да міндетті төлемдерді төлемейді, сондай-ақ санитарлық және басқа да талаптарға және т.б. байланысты шығындары жоқ.

 

Өз кезегінде «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары, экономика ғылымдарының докторы Төлеутай Рақымбеков ауыл шаруашылығы өнімдерін қосымша құн салығынан (ҚҚС) босату керектігін алға тартты. «Картоп егіндікте неге 50 теңге, ал базарда 300 теңге тұрады? Өйткені шығынды азайту үшін арада алып-сатарлық әрекеттер жүреді. Адамдар ҚҚС төлеуден қашады. Сол үшін заңды түрде тіркеліп, ресми айналымда жұмыс істегілері келмейді. Демек, бұл салықты алып тастау керек. Иә, бюджетке 150-250 млрд теңге түспей қалады. Бірақ есесіне адамдар кәсіпкер ретінде заңды түрде тіркеліп жұмыс істейтін болады. Несие алып, ісін әрі қарай дөңгелетуге күш салады. Бюджетке түсер кіріс еселене түседі», – дейді ғалым.

 

 

Оның пікіріне қарағанда ұлттық идеологияда ауыл шаруашылығына басымдық берілуге тиіс. Өйткені Қазақстанның алдағы болашағы осы ауыл шаруашылығымен тығыз байланысты болмақ. «Біз көлік, компьютер шығарудан болмаса да, ауыл шаруашылығы өнімдерін дамытудан көшбасшы мемлекеттердің қатарынан көріне аламыз. Есебіне бара беріңіздер: ауыл шаруашылығында ашылған 1 жұмыс орны қалада сол ауыл шаруашылығына қызмет көрсету бойынша 6-7 жұмыс орнын ашуға жол ашады. Егер осы дәстүрлі саланы лайықты деңгейде дамытатын болсақ, Қазақстанның кемінде 400-500 млн халықты асырауға шамасы жететін болады. Алдағы 20-30 жылда мұнай да газ да таусылады. Ал ауылшаруашылығы ол мәңгілік тіршілік көзі», – дейді Т.Рақымбеков.

 

Ғалымның пікірімен ҚР Қоғамдық тамақтандыру жөнінде өзін-өзі реттеу ұйымының төрайымы Вероника Нұрпеисова да келіседі. Айтуынша, Қазақстанда әрбір ірі қаланың айналасына жинау-тарату хабтарын жасайтын уақыт жетті. «Ауыл шаруашылығы өнімдері қала тұрғынына жеткізілгенше кем дегенде 4-5 қолдан өтеді, бағасы аспандап кетеді. Сол үшін арнайы хабтар ашу қарапайым тұрғындарға тиімді болар еді. Өйткені бағасы да арзан болады. Яғни, диқан ауыл шаруашылығы өнімдері арнайы көліктермен тікелей осы орталықтарға жеткізіледі. Өнімнің өзіндік бағасына негізінен тек көлік шығындары ғана қосылады. Сонымен қатар елімізде жылыжайларды, мал бордақылайтын арнайы орталықтарды ашу бағдарламасын қолға алу қажет деп санаймыз», – деді Вероника ханым. Үзілістен кейін конференцияның екінші жартысында қатысушылар ШОБ-ты қаржыландыру мәселесін талқылап, өз ұсыныстарын ортаға салды. «Шағын бизнес-экономиканың қозғаушы күші ғана емес, сондай-ақ халықтың жаны. Ол адамдардың арманын, құмарлығын және іскерлік рухын жүзеге асырады».

 

 

Әйгілі кәсіпкер Ричард Брэнсонның осы сөздерін мысалға алған KPMG Caucasus and Central Asia компаниясының басқарушы серіктесі Сәкен Жұмашев ШОБ туралы философияға беріле сөйледі. Оның пікірінше ШОБ – Қазақстанның болашағының іргетасы. Оны дамыту ұлттық идеологияға айналуы тиіс. «Өкінішке қарай, бүгінде ШОБ жеткілікті қаржыландырылмайды. Көп адам кәсіпкерлікпен айналысқаннан көрі, ақшасын банкке салғанды артық көреді. Өйткені көтеріңкі сыйақы беріледі. Ал несие алу құны одан да жоғары. Бірақ соған қарамастан, кәсіпкерлер қымбат болса да несие алуға мәжбүр» дейді С.Жұмашев. Ол сонымен қатар арнайы әдістеме бойынша теңгенің қазіргі құндылығына зерттеу жүргізгендерін жеткізді. «Қазақстанда бюджеттің бизнеске жұмсаған 1 теңгесі 30-ақ тиын қосымша табыс әкеледі. Ал басқа дамушы елдерде бұл көрсеткіш 0,6-0,8%-ды құрайды. Мұны көтеру үшін бизнесті қаржыландыру қажет. Оның бір жолы – қор биржасын, қаржы орталықтарын дамыту. Тек солар арқылы бизнеске тікелей инвестиция тартуға болады. Тағы бір мәселе – шағын бизнес туралы статистикалық мәліметтер аз. Не себептен? Өйткені салық жоғары. Сол үшін шағын және микро бизнес нысандары есептілігін жариялағысы келмейді. Жарияласа, ертеңіне салық қызметкерлері, қадағалаушы орган өкілдері жетіп келеді де салықты көтереді. Ал ірі компанияға айналайын десе, «монополияға айналып бара жатыр» деген сынға қалады. Міне, сондықтан ірі компания құруға шамасы келетін кәсіпкерлер қомақты салық төлеуден жалтарып, әрі тексеруден құлағының тыныш болуын көздеп, бизнесін бірнеше шағын фирмаларға бөліп тастайды. Сондықтан бизнестерді бөлшектеп, барлығын бірдей кедей қылуға ұмтылғанша, оларды әр түрлі деңгейде бай қылу жағын ойластырайық», – деді ол. Бұл пікірді Қазақстанның миноритарлық акционерлері қауымдастығының (QAMS) атқарушы директоры Данияр Темірбаев іліп әкетті: «Экономикада сенімді арттыру қажет. Мысалы, қазір бизнес субъектілеріне ашық болу, ашықтық саясатын жүргізу тиімді емес. Олар бұл үшін сыйлықақы алмайды. Ал ашық болмау, көлеңкеде күнелту олар үшін тиімді. Бұл үшін олар сыйлықақы алады. Ал егер тиісті саясат жүргізіліп, ашық болмау, көлеңкеде болу тиімсіз етілсе, кәсіпкерлер бірден өзгерер еді. Өйткені олар прагматиктер. Олар қашанда тиімді жағын көздейді».

 

Конференция соңында сөз алған Jusan Invest аналитикалық зерттеу басқармасының бастығы Бауыржан Төлепов Қазақстанның экономикасына тән парадокстарды алға тартты. «Бүгінде Қазақстан экономикасының құны 200 млрд АҚШ долларынан асады. Ал оны трлн долларға жеткізуге бола ма? Болады. Бірақ бізде мынадай парадокстар бар. Қазақстанда бір жағынан жұмыссыздық деңгейі жоғары, екінші жағынан сол еңбекке деген сұраныс та жоғары. Неге? Барлығына кінәлі «жоғары инфляция». Қазақстанда соңғы 20 жылда орташа инфляция 8,9%-дан кем болмады. Басқа көптеген дамушы елдерде бұл көрсеткіш - 2%. Бүкіл проблема осы арадағы 7%-да болып тұр. Неге бұлай? Өйткені ішкі өндірісіміз, жергілікті өнімдеріміз лайықты дамымаған. Ішкі өндіріс жолға қойылмай инфляция жоғары бола береді. Ал ішкі өндірісі, қор нарығы лайықты дамымаған, тауарларының басым бөлігі сырттан әкелінетін ел инфляциядан көз ашпайды. Екінші парадокс – бір жағынан экономика жеткілікті қаржыландырылмайды, екінші жағынан нарықта артық ақша массасынан бел қайысады. Банктерде 20 трлн теңге өтімді актив несие ретінде экономикаға берілмей жатыр. Өйткені қымбат. Егер елімізде экономикалық саясат дұрыс жүргізіліп, банктер дұрыс жұмыс істесе, несие арзан болса, артық ақша массасы инфляция туғызбас еді» деді ол. Тәжірибелі маман экономиканы тығырықтан шығару үшін батыл мемлекеттік саясат жүргізілуі керек екендігін айта келе, ШОБ-ты дамытудың өзіндік жолдарын ұсынды. «Біріншіден, инфляция бойынша белгіленген мақсатты деңгейді (қазір ол - 5%) 2-3%-ға түсіру. Сонда депозиттер бойынша мөлшерлемелер 5-6%, ал несиелер 7-8% болар еді. Екіншіден, тиімді бюджеттік ереже енгізу. Бүгінде мемлекеттік шығындар – инфляцияның нағыз қайнар көзіне айналып отыр. Ол барған сайын көбеюде. 2000 жылдары елімізде мемлекеттік шығындар 700 млрд теңге болса, қазір олардың көлемі 27 трлн теңгеге жеткен. Ол нақты өндіріске жұмсалса бір сәрі, ал жұмсалмаса ше? Халыққа жалақы, зейнетақы, жәрдемақы ретінде беріліп жатқан қыруар ақшалар ішкі өндіріспен қамтамасыз етілмейтін болса, жоғары инфляцияны тудырады. Үшіншіден, Ұлттық банктің тәуелсіздігі. Өкінішке қарай, бүгінде Ұлттық банк жеткілікті дәрежеде тәуелсіз емес. Сол үшін де инфляция бойынша дұрыс саясат жүргізілмей жатса, Үкімет Ұлттық банкке, Ұлттық банк Үкіметке сілтеп отырады. Кімнің жауапты екендігін біліп болмайды. Егер осы ұсыныстар орындалса, экономикамыздың, шағын және орта бизнестің қарыштап дамитындығына бек сенімдімін», – деп сөзін аяқтады Б. Төлепов. Осылайша конференцияға қатысушылар іштегі жанайқайын ортаға салып, пікір алмасты. Өз ұсыныстарын алға тартты. Бұл айтылғандардың билік басындағыларға жетер-жетпесі енді уақыт еншісінде.

600 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз