Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 15 Тамыз, 2023

Лагерьлер қашан ойдағыдай болады?

Балалардың жазғы лагері балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалысын көңілді, салауатты, пайдалы ұйымдастыру мақсатында енгізілген шара. Бала күнімізде жаз сайын әр аймақтағы лагерьлерге баратынбыз. Күзде мектепке оралғанда сыныптастарымызға лагерьде болғанымызды, не ойнағанымызды, не көргенімізді, тіпті жырақтан тапқан достарымызды ұзақ әңгімелеп жүретінбіз. Ал қазір лагерь туралы сондай естеліктер айтыла ма екен? Бұл сұрақ көптің көкейінде болса керек. Себебі, жаз басталғалы балалардың қауіпсіздігіне немқұрайлық танытып, қарапайым санитария талаптарын сақтамаған бірнеше лагерь белгілі болды. Бүгінгі мақалада балалар лагерьлерінде болған келеңсіздіктерге кім жауапты, жазғы лагерь қалай ұйымдастырылуы керек, балаға лагерьді қалай таңдаймыз, лагерьде қандай ережелер болғаны жөн деген сауалдарға жауап іздейміз.

Алдымен, биыл қандай лагерьлерден шу шықты? Маусым айында ата-аналар Түркістан облысы, Түлкібас ауданындағы лагерьде балаларға жағдай жасалмағанын айтып, наразы болды. Ата-аналар «қатқан нан, ашыған сүт береді, бөлмеде жәндіктер бар» дегенді келтірген. 600 оқушының 20- сы лагерьден кеткен болса, қалған 580-і лагерьде өз еркімен қалыпты. Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасы тарапынан құрылған топ лагерьді тексергеннен кейін талаптардың сақталғанын, бес мезгіл тамақ уақытымен беріліп жатқанын, жоспарға сәйкес іс-шаралар өткізілгенін хабарлады.

Арада бір ай өткенде, шілде айында Алматы қаласындағы «Арман дала» лагерінен дау шықты. Бұл жолғы мәселе демалыстың о бастан жүрдімбардым ұйымдастырылғанын көрсетеді. Өйткені, лагерь сауна ғимаратында орналасқан. Мұнда «әлеуметтік аз қамтылған отбасы» санатында жолдама алған алматылық мектеп оқушылары болған. Ал мемлекет тарапынан лагерьге 107,8 миллион теңге бөлінген. Алматы қаласының прокуратурасы «сауна ғимара-тындағы балалар лагеріне» қатысты қылмыстық кодекстің 361-бабы, яғни «Кәмелет жасқа толмаған жеткіншекті тәрбиелеу жөнінде құзіреттілігін асыра пайдалану» және Қылмыстық кодекстің 140-бабы – «Міндеттерін орындамау фактілері» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізді. Сәл кейінірек «Арман дала» саяжай лагері иесінің Қаскелең қаласында тағы бір лагері бар екені анықталды. Бұл лагерьдің ерекше күтімді қажет ететін балаларды қамап ұстап отырғаны әшкере болды.

Сапасы сын көтермейтін, жөндеуді қажет ететін тар бөлмеде балалардың демалысын ұйымдастырған тағы бір лагерь – Қонаев қаласындағы «Бәйтерек». Лагерьде Жетісу облысының балалары болған. Облыстағы Сарқан ауданында лагерь болмағандықтан, облыстық білім басқармасы «Бәйтерекпен» келісімшарт жасасқан. Лагерьдегі бұл оқиғадан кейін Оқу-ағарту министрлігі балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру бойынша қызмет көрсетуді қадағалайтын жедел топ құрылғанын хабарлады. Алматы білім басқармасы «Бәйтерек» лагерін де сотқа берді.

Сондай-ақ бірер күн бұрын санитарлық талаптар сақталмаған Ақмола облысының және Алматы облысындағы тағы бір лагерьде түсірілген кадрлар тарады. Екі айдың ішінде балалар демалысын ұйымдастыру ісіндегі осынша олқылықтан кейін Оқу-ағарту министрлігі жеке білім беру ұйымдарын тексеруге мораторийді алып тастауды және балалар лагерьлерін лицензиялауды ұсынды. Лицензияны санитария-эпидемиология талаптарына сай келетін лагерьлерге беру керектігі де айтылды.

Оқушы жазғы демалысты тоғыз ай күтеді. Жазда қайда баратынын да күнібұрын өзінше жоспарлайды. Ал атаана үшін тиімді нұсқаның бірі – баланы лагерьге жіберу. Бірақ жоғарыдағы оқиғалардан кейін лагерьдің бәрі бірдей сапалы демалысқа кепіл бола алмайтынын түсініп отырмыз. Бала отбасы қаражатымен, әлде мектептің, мемлекеттің қаржыландыруымен барар болса да лагерьдің талапқа қаншалықты сай екенін анықтап алу демалыс кезінде өзіңіздің де алаңсыз болуыңызға себеп болар еді.

Лагерьді қалай таңдау керек?

Лагерьдің мекенжайына, жол ұзақтығына, орналасқан аймағының табиғатына мән беріңіз. Мысалы, жергілікті табиғатқа байланысты лагерьлер теңіздің жанында, таулы аймақта, қала ішінде болуы мүмкін. Егер балаңызбен байланысқа шыға алмай қалудан қорықсаңыз, таулы аймақтағы лагерьге жібермеңіз. Пікірлер мен рейтингті қараңыз. Сіз таңдаған лагерьге барған ата-аналар мен балалардың пікірін сұрастырып көріңіз. Олар сапа деңгейі туралы керекті ақпарат бере алады.

Аккредиттеуді тексеріңіз. Лагерьде тиісті лицензия бар екеніне көз жеткізіңіз, бұл лагерьдің қауіпсіздік пен стандарттарға сай болуына кепілдік береді. Лагерь қызметкерлерінің біліктілігі мен тәжірибесі жайлы ақпарат сұраңыз. Бұл оқушылардың қауіпсіздігін, бақылауда болуын қамтамасыз ету үшін маңызды. Мүмкін болса, лагерь бағдарламасымен танысып, қызметкерлермен кездесу үшін лагерьге барыңыз. Лагерь қаншалықты төтенше жағдайға дайын, медициналық бөлімше жұмыс істеп тұр ма? Назардан тыс қалдырмаңыз. Құны мен жеңілдіктер туралы лагерь қызметкерлерінен сұраңыз. Өйткені әлеуметтік статусқа байланысты немесе мекеменің маркетингтік шешімі бойынша жеңілдіктер болып қалуы әбден мүмкін.

Лагерьге барсаң...

Жазғы демалыс лагерьлеріне әдетте 13 жасқа дейінгі оқушылар барады. Көпшілігі демалыстың алғашқы күндерін үйін сағынумен өткізеді. Кейбіреулер келесі күні үйіне қайтып кетеді екен. Керісінше, ары кетсе екі аптаға созылатын демалысты адаптация кезеңіне айналдыр. Өзге қалалардан келген достарыңды көбейт. Өз ауылың, қалаң жайлы әңгімелеп, өзге аймақ жайлы да мұқият тыңдап ал. Білім, сауда, коммуникация жүйелерін өзара салыстырып көр.Бұл сенің географиялық, мәдени танымыңды кеңейтеді.

Іс-шараларда белсенді бол! Көзге түсу үшін, үздік атану үшін емес, өзің үшін. Іс-шара, дәрістер кезінде смартфонды пайдалануды доғара тұр. Өйткені, ойың телефонда болып, дәл қазір асыға күткен демалысыңның зулап өтіп жатқанын байқамай қаласың. Әрі демалысты ұйымдастырушыларға кедергі келтіресің.

Қауіпсіздік, тағы қауіпсіздік. Бір өзің ғимараттан шықпа! Жаныңда міндетті түрде құрбыларың немесе ұстаз болсын. Өзге аймаққа барғандықтан, адасып кету қаупі бар. Ата-анаң уайымдамауы үшін әр таңда және іс-шаралардан кейін кешке отбасыңмен хабарласып, күніңді қысқаша айтып бер. Егер мақаланың басында оқығандай құқық бұзушылыққа куә болсаң, ата-анаңа хабар бер. Бірақ еркелікпен түймедейді түйедей етіп, оларды босқа уайымдатпа.

Жазира БЕКБОЛАТОВА

«Ұлан» газеті, №32
8 тамыз 2023 жыл

400 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз