Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 15 Тамыз, 2023

«Парасат майданы» қандай шығарма?

Төлен Әбдікұлы басқа жазушыларға ұқсамайтын, ерекше ойлайтын дара тұлға болып көрінеді. Шығармаларын оқығанда мүлде басқа әлемге түскендей болдым. Кітаптан мұндай сезімді сезінуім алғаш рет. Сезім ғана емес, рухани жағынан да ілгері дамиды екенсің. Өте салмақты жазушы. Салмақты деген сөзге қарап, «бұл жанр менікі емес» деп ойланып қалуларыңыз мүмкін. Алайда, мен Төлен Әбдікұлының жазғанына таңғалдым. Сюжеті, ойламаған жерден шым-шытырық оқиғалардың болуы оқырманын одан сайын қызықтыра түседі. Біз сөзбен айтқанда, құпияға толы шығармалар кімге ұнамайды?

Бір шығармасының идеясы мен сюжетін айтып берсем. Жалпы, автордың барлық шығармасы болмаса да, біразын оқыдым. Солардың ішінде маған ерекше ұнағаны – «Парасат майданы». Автор осы повесі үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. ПЕН-клуб сыйлығының лауреаты және Франц Кафка атындағы еуропалық алтын медальдың иегері атанды.

Кез келген оқырман бір кітапты, повесті оқымастан бұрын оның тақырыбына, автордың шығармаға берген атауына қарап таңдайды деп ойлаймын. Әрине, мен де солай бұл шығарманы оқуды бастадым. Бірақ мен шығарманы оқымай тұрып оның атына қарап бағалап, шығармада не болады екен деп тақырыбына қарап ойланамын және ой қалыптастырамын. Сіз де ойланып көріңізші, «Парасат майданы» дегенде ойыңызға не келді? Шығарма не туралы болады деп ойладыңыз? Мен шығарма соғыс туралы болады деп ойладым.

Араздық, парасат үшін күрес деп тура мағынасында түсіндім. Мүмкін, сіз де солай ойлаған шығарсыз. Алайда, мен шығарманы оқу барысында өзімнің өте таяз ойлайтынымды, тура мағынасында түсініп қалғаныма көңілім түсті. Ал енді неге менің ойымдағыдай болмағанын, қысқаша мазмұнын айтып берсем. Басты кейіпкер психикалық ауруханада жатып күнделік бастап, оған өзінің пікірін, өмірдегі жамандық пен жақсылық, құндылықтар туралы ойын әр күн сайын жазып жүреді. Қарап тұрсаң, өмірін қағазға түсіріп, күнделік жазып жүрген қарапайым адам. Бір күні оған бейтаныс жаннан хат келеді.

Хат жазушы оның күнделігін оқығанын айтып, кешірім сұрайды және оның ойына пікірін білдіреді. Әрине, пікірі күнделіктегі пікірге қарама-қайшы, әртүрлі дәлелдер келтіріп хатта өзінің пікірінің дұрыстығын дәлелдегісі келетіндей. Әр адамның пікірі, ойы әртүрлі болатыны белгілі нәрсе ғой. Сонда да екеуі де бірбірімен әрдайым хат алмасып, әр кез өз пікірінің дұрыстығына көз жеткізу үшін неше түрлі құнды ой бөлісіп жатты. Күнделіктің иесі бейтаныс адамның пікіріне қарап қоғамда осындай балама пікірлердің болғанынан жамандық, әділетсіздік бар деп, оның пікірінің дұрыс емес екенін көрсететін. Сондықтан болар, күнделіктің иесі бейтаныс адамды тапқысы келіп, ауруханадағы адамдарға қарап, оны іздейтін. Ол ауруханада болғандықтан оны медбикелер қарайтын. Сол кезде ол бір медбикені жақсы көріп, екеуі әрдайым көзбен сөйлесетін. Мен хат жіберуші сол қыз деп ойлаған едім және соңына дейін сол қыз, медбике деп танбадым. Алайда, соңында хатты жазған адамның кім екені белгілі болғанда, шығармаға, авторға деген ойым мүлде өзгерді, әрине, жақсы жағынан. Мүмкін мен бұл повесті де осы күтпеген жерден болған оқиға үшін сіздерге айтып жатқан шығармын. Қысқасы, хатты жазған адам күнделіктің иесі болды. Иә, дұрыс оқыдыңыз, яғни ол психикалық ауруханада жатқандықтан, адамның екі тұлғалық қасиеті бар екен, психикасы бұзылған. Кейіпкер мұны естігендегі күйін көзіме елестетіп, оның ойына кері пікір айтушы ішінде жатқанын білгендегі жағдайын сезінгендей болдым. Қатты таңғалдым. Себебі мен шығарманың соңы бұлай аяқталмайды деп ойлағандықтан болар. Мен мұндайды тек фильмдерден ғана көріп едім, алғаш рет әдеби шығармада кездестірдім.

Бұл шығармада автор психикалық аурудың арқасында адамның екі тұлғалығы арқылы жамандық пен жақсылық, парасаттылық үшін күрестегі, майдандағы пікірлерді көрсете алды. Былай қарасақ, автор өте жақсы тақырыпты, идеяны алып шықты және сюжеті де өте ерекше, қызықты болды. Жазушының шығармаларында негізінен тіршілік ағысының тереңіне, құпиясына үңілу, өмір шындығын философиялық тұрғыдан пайымдауы басым. Адам тағдыры қоғам бейнесінің айнасы іспетті. Кейіпкерлердің күйзеліске тек психологиялық құбылыс ретінде ғана емес, заман болмысының бет-бейнесін анықтайтын рухани өлшем ретінде қарастырылады. Сізге де автордың шығармашылығымен танысып, оқуға кеңес беремін!

Жайнасын ЖАЛЫНБЕКҚЫЗЫ

«Ұлан» газеті, №32
8 тамыз 2023 жыл

324 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз