Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 01 Желтоқсан, 2023

Кейде ата-аналар қызылшаның қаншалықты қауіпті екенін түсінбейді - педиатр

Бірер күн бұрын Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният елімізде қызылшаның 17 мыңнан астам жағдайы тіркелгенін айтқан еді. Ең қиыны, бұл ауруға шалдыққандардың 82%-дан астамы - балалар. Соңғы мәліметтерге сәйкес, қызылша ауруы Қазақстанның барлық өңірлерінде тіркелген. Жұқпалы аурудың бұлай асқынуына не себеп? Қызылшаның алдын алу шаралары мен ауырмаудың жолы туралы Алматы қаласындағы №26 қалалық емхана директорының емдеу ісі бойынша орынбасары, бірінші дәрежелі педиатр маман Абиырова Жазира МЕЙРАМҚЫЗЫМЕН сөйлескен едік.

Жазира Мейрамқызы, жалпы қызылша қандай ауру және алғашқы белгілері қандай?

Қызылша — ауа арқылы жұғатын өте жұқпалы вирустық инфекция. Қызылша вирусы үй-жайда екі сағатқа дейін сақталуы мүмкін. Алғашқы белгілері инфекциядан 8-12 күн өткен соң пайда болады. Оған жоғары температура, тұмау, көздің қызаруы, ауыздың шырышты қабатында ұсақ ақ дақтардың пайда болуы жатады. Бірнеше күннен кейін бөртпе бетке және мойынның жоғарғы бөлігіне таралады, содан кейін біртіндеп төмендейді. Қызылша сырқатынан сауыққаннан кейін адамда өмір бойына иммунитет қалыптасады. Ең қиыны, орташа есеппен, қызылшаның әрбір үшінші жағдайы асқынуға әкеледі.

Қызылшадан қандай асқынулар болуы мүмкін?

Ең көп таралғаны — диарея, құлақ инфекциясы, 40,5 градусқа дейін температураның көтерілуі және дене қызуынан болатын құрысу, пневмония, бронхит және ларинготрахеит.

Кейде ата-аналар қызылшаның қаншалықты қауіпті екенін түсінбейді. Оған жеңіл қарайды. Алайда, қызылша вирусының асқынуынан адамдар соқыр және керең болып қалатын дәрежеге жетеді. Бұл вирус мидың қабынуына, яғни энцефалит, менингит ауруларына, жүйке жүйесінің бұзылуына, психикалық бұзылуларға, сондай-ақ миокардитке әкелуі ықтимал. Мәселен, сіздерге түсінікті болуы үшін бірнеше күрделі асқынуларға тоқтала кетейін.

Медицинада беріштендіруші жітілеу панэнцефалит деген бар, қысқаша БЖПЭ — бұл қызылшадан кейін болатын ең қатты асқынулардың бірі, науқас ауырғаннан кейін бірнеше жыл өткен соң пайда болуы мүмкін. Бұл - прогрессивті және әдетте өлімге әкелетін ауру, қызылша вирусы миды зақымдайды. Қауіпті тұсы сол, БЖПЭ қарсы дәлелденген және тиімді емдеу жоқ.

Иммундық амнезия дейміз, бұл да бір қызылшадан болатын салдардың бірі. Бұл дегеніміз, адам бұрын ауырған барлық инфекцияларға қайтадан шалдығуы мүмкін, өйткені қызылша иммундық жүйенің алдыңғы аурулар туралы жадын 70% - ға дейін өшіреді. Иммунитетті қалпына келтіру кезеңі алты айдан бірнеше жылға дейін созылады. Кейбір жағдайларда қызылша және оның асқынуы өлімге әкеледі.

Елімізде қызылшаның бұған дейін асқынған кездері болды ма?

Әрине. Мысалы, 2019 жылы қызылшаның өршуі кезінде Қазақстанда 19 бала және 2 ересек адам қайтыс болды. Сол жылы сырқаттанғандардың саны 13000-нан асты.

Қызылшамен ауырмаудың, яғни қорғанудың жолы қандай?

Қызылша жұқтырудан және асқындырудан қорғанудың жалғыз жолы — ҚҚП вакцинасы яғни қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы құрамдастырылған вакцина. Ұлттық екпе күнтізбесі бойынша балалар бұл вакцинаны 12-15 айда және 6 жаста алады. ҚҚП вакцинасының екі дозасы қызылшаны жұқтыру мүмкіндігін, шамамен 97%-ға төмендетеді. Вакцина тиімді ғана емес, сонымен қатар қауіпсіз.

Қызылшаға қарсы вакцинаны кімдерге алуға болмайды?

Вакцинаның қарсы көрсетілімдері өте аз. Бұл – иммун тапшылығы ауруы, оның ішінде АИТВ, қатерлі ісіктер және жүктілік. Егер адамда қызылшаға қарсы екпе салынбаған болса, онда ол кез келген жаста ауру жұқтыруы мүмкін. Қызылша жаңа туған нәрестелер мен жас балаларға, жүкті әйелдерге салуға болмайды, себебі жүкті әйелдер мерзімінен бұрын босану немесе түсік тастауы мүмкін, сондай-ақ иммунитеті төмен адамдарға өте қауіпті болып келеді. Бұл қауіп топтарында аурудың асқынуы ықтимал.

Вакцинация демекші, қазіргі таңда кейбір ата-аналар екпеге үзілді-кесілді қарсылық танытып жатады. Оларға не дейсіз?

Меніңше, оның бәрі халықтың дұрыс ақпарат алмағандығынан болады деп ойлаймын. Жоғарыда қызылшаның қандай асқынуларға әкелетінін айтып өттім. Ата-аналардың назарын тағы бір еліміздегі соңғы деректерге аударғым келеді. Бүгінгі таңда стационарлық емдеуде қызылшамен ауырған  2375 бала ем алуда. Емдеуге жатқызылғандардың ішінде 30 бала реанимация бөлімшелерінде ауыр жағдайда жатыр, науқастардың ішінде 1 жасқа дейінгі – 15 бала бар. Ауырған балалардың дені уақытылы ауруға қарсы вакцина алмағандар. Қазақстанда салынып жатқан ҚҚП вакцинасы туралы айтсам, оның сапасы мен қауіпсіздігіне кепілдік беретін ДДCҰ біліктілігі бар. Үндістанда жасалған вакцина тәжірибеде 60 жылдан бері қолданылып келеді және осы уақыт ішінде қызылшамен күресуде тиімділігі дәлелденген. Балалар үшін жұқпалы аурулардан қорғанудың ең тиімді тәсілі вакцинация болып табылады. Ол балалар мен жасөспірімдерді көптеген аурулардан, ауыр асқынулардан және тіпті өлімнен құтқарады.

 

Гауһар ТҮСТІКБАЕВА

"Қазақ газеттері"

4058 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз