Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 11 Сәуір, 2024

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

«Біздің тарих, бұл да бір, қалың тарих…» Әр кезеңнің де тарихшы маман талдап, сараптап беруге тиіс дерегі көп. Бүгінгі сұқбатта тарихшы, тарих ғылымының кандидаты Сәбит Шілдебайдан ғасыр бұрынғы кезеңнің кейбір дерегін сұрап, білуге тырыстық. Оған қоса еліміздегі, шетелдердегі архив құжаттарының ғылыми айналымға енуі мен зерттеп, сарапталуы туралы сұраққа жауап іздеп көрдік.

 

– Қазақстан мен Орталық Азиядағы ұлттық республикалардың құрылғанына жүз жыл болып отыр. Кейін шегенделген шекаралар сұлбасы сол 1924 жылдан көрінді ме? Сол тарихқа үңілсек…
– Иә, сол 1924 жылдың қаңтар айында басталған процесс сол жылдың қазан айында аяқталып, қазір Орталық Азия деген ортақ атау­ды иемденіп отырған Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Тәжікстан республикаларының негізгі шек­арасы сол кезде қалыптасты. Яғни, өзіңіз дұрыс атап көрсетіп отырғандай, 1924 жылы Орта Азияда жүзеге асырылған ұлттық-аумақтық межелеуге биыл 100 жыл толып отыр. Бірақ оны атап өтуге Орталық Азия республикаларының ешқайсысы да құлшыныс танытып отыр­ған жоқ. Оның да өзіндік себебі бар. Тек қана Санкт-Петербург университеті қазан айында ТМД тарихшыларының басын қоса отырып, үлкен форум өткізуге даярланып жатыр. 
Әрине, кез келген мемлекеттің шекарасының қалыптасуы мен тарихи мәселелері өте нәзік әрі күрделі. Дүниежүзінде, шекара мәселесіне келгенде «әттеген-айы» жоқ мемлекеттер жоқтың қасы. Сондықтан мұндай мәселеге саясат пен идеологияны араластыр­май, тек ғылыми тұрғыдан ғана қарауымыз керек. Қазір Қазақстан Республикасы Орталық Азиядағы барлық көршілерімен шекарасын бекіткен және өткен тарихта бізге тиесілі болған жерлер үшін ешкімге дау айтпайды. Өзбекстан және Қырғыз республикаларымен мәңгілік достық туралы келісімге Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ қол қойылған. Шығу тегі бір, тілі мен тарихы ортақ, бір кездері жері де бір болған бауырлас түркі мемлекеттері арасындағы мәдени-экономикалық интеграцияны тереңдете бергеннен басқа мәселе жоқ. Сондықтан 100 жыл бұрынғы тарихты білуге ұмтылу, таза танымдық және ғылыми ұстанымдар тұрғысынан жүргізіліп, жас ұрпаққа оның тарихи маңызын дұрыс түсіндіру аса маңызды.
1924 жылы 11 қазанда РК(б)П ОК Саяси бюросы өзінің кезектен тыс арнайы мәжілісін шақырып, «Орта Азиядағы ұлттық межелеу туралы» мәселені қарай келе, 24 пункттен тұратын шешім қабылдады. Мәжілісте Ташкент қаласын Өзбек республикасына беру туралы Саяси бюроның бұрынғы шешімі өз күшінде қалдырылды. Осылайша, қазақ қайраткерлерінің Ташкентті қайтармақ болған талабынан нәтиже шықпай, қазақ тарапы ежелден қазақ халқы қоныстанған 900 000 шаршы верст жердің орнына 600 000 шаршы верст жерге ие болып, шамамен 900 000 қазақ Өзбек респуб­ликасы құрамында қалып қойды.
1924 жылы 14 қазанда ХІ шақырылған Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің (БОАК) ІІ сессиясы Түрікаткомның ұлттық-мемлекеттік межелеуге қатысты шығарған қаулысын бірқатар өзгерістермен бекіте отырып, «Автономиялы Түркістан Социалистік Кеңестік Республикасын жекелеген автономиялы бірліктерге қайта құру туралы» қаулы қабылдады. Қаулы бойынша төмендегідей ұлттық-мемлекеттік құрылымдар мен автономиялы ұлттық облыстар құрылды: 1) Одақтас Өзбек КСР-і; 2) Одақтас Түрікмен КСР-і; 3) РСФКР құрамындағы Қара-Қырғыз автономиялы облысы; 4) Одақтас Өзбек КСР-і құрамындағы Тәжік АКСР-і. Ал Түркістан АКСР-і құрамындағы қазақ жерлері Қырғыз (Қазақ) АКСР-і құрамына қосылды. 
1924 жылы 27 қазанда ІІ сайланған КСРО ОАК-тің ІІ сессиясы Бұқара, Хорезм және Түркістан республикаларының, сондай-ақ РКФСР-дің жоғарғы кеңес органдары қабылдаған қаулылар туралы баяндаманы тыңдай келіп, «еңбекші халықтың ерік білдіруі жоғарғы заң» болып саналатынын мақұлдай отырып, «КСРО Орталық Атқару Комитетінің Төралқасына Орта Азияда құрылып жатқан республикалар Кеңестерінің съездеріне сәйкес құрылуын» жүзеге асыруды тапсырады.
Жаңа республикалар мен автономиялы облыстардың құрылуына байланысты 1924 жылы қараша айында Түркістан АКСР-і, Хорезм және Бұқар республикалары Кеңестерінің Орталық атқару комитеттері өз қызметін тоқтату туралы шешім шығарды. Осылайша, 1924 жылдың күз айларында ұлттық-аумақтық межелеу Орта Азия республикаларының, РКФСР және КСРО мемлекеттік билігінің жоғарғы органдарының қаулыларында заңды түрде бекітілді. Қысқа уақыт ішінде жаңа ұйымдастырылған мемлекеттік құрылымдарды құру жүзеге асырылды.
– 1918 жылы құрылып, ғұмыры қысқа болған республикалар тарихына үңілсек, олардың тез құрылып, тез таралуына не себеп болып еді? Әсіресе Түркістан АКСР-нің тарихы тасада қалып қойған жоқ па?
– Орта Азияда 1918 жылы сәуір айында құрылған Түркістан АКСР-і және 1920 жылы сәуір айында құрылған Хорезм және осы жылдың қыркүйек айында құрылған Бұқар республикалары осы аймақтарда Кеңес өкіметін орнату мен Азамат соғысы жағдайында қалыптасқан ахуалға байланысты, бұрынғы Түркістан генерал-губернаторлығы, Бұқар және Хиуа хандығы аумағында құрылған мемлекеттік құрылымдар болды. Бұл республикалар большевиктердің ұлт саясатына қатысты бағдарламасына да, осы республикаларды мекендеген ұлттардың мүддесіне де сәйкес келмеді. 
Бұл мемлекеттік құрылымдардың шек­арасы осы өлкеде өмір сүрген ұлттардың этностық шекарасына сәйкес келмейтін еді. Бұл республикалардың кез келгенінде ешбір ұлт саны жағынан анық басымдыққа ие бола алмады. Мысалы, өзбектердің басым бөлігі (65%-ы) Түркістан АКСР-інде өмір сүрді, бірақ олар ондағы халықтың 41,4 пайызын құрады. Ал өзбектердің 22,2 пайызы Бұқар және 11,3 пайызы Хорезм республикаларын мекендеді. Түрікмендердің 40 пайызынан астамы Түркістан АКСР-інде, 20,8 пайызы Хорезм респуб­ликасында және 27 пайызы Бұқар республикасында тұрды. Бірақ олар да еш республика құрамында сан жағынан басымдыққа ие бола алмады. Түрікмендер Түркістан АКСР-індегі халықтың небары 4,7 пайызын, Бұқардағы халықтың 10,6 пайызын және Хорезм тұрғындарының 28,7 пайызын құрады. Тәжіктер, негізінен, екі республикада тұрды. Олар Түркістан АКСР-інде 7,7 пайыз болса, Бұқар рес­публикасында 31 пайыз болды. Қырғыздар, негізінен, Түркістан АКСР-ін мекендеді, бірақ олар мұндағы халықтың небары 10,8 пайызын ғана құрады. Қарақалпақтардың үштен екісінен астамы Түркістан республикасында тұрып, ондағы халықтың 1,4 пайызы болды. Ал қазақтар Орта Азия республикаларының үшеуінде де тұрды. Олар Түркістан АКСР-інде 19,3, Бұқарда 1,5 және Хорезмде 3,5 пайыз болды.
Біздің ойымызша, Түркістан АКСР-ін ұттық-мемлекеттік аумақтарға жіктеудің негізгі себептерінің бірі – Т.Рысқұлов бастаған түркі-мұсылман қайраткерлерінің біртұтас Түрік Кеңес Республикасын құруға талпынысы болса керек. Егер, мүмкіндік болса, бұл межелеу сол 1920 жылдың өзінде-ақ жүргізілуі мүмкін еді. Бірақ, үздіксіз соғыстар мен «басмашылық» қозғалыстың салдарынан қалыптас­қан Түркістанның аса ауыр әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен Бұқар және Хорезм Халық Республикаларының егемендік жағдайында болуы межелеуді бірнеше жылға кейін шегеріп тастады. 1922 жылы Азамат соғысының аяқталуы мен Кеңес одағының құрылуы – Орта Азиядағы межелеуді жүргізуге алғышарттар қалыптастырды.
1924 жылы 15 қарашада РК(б)П ОК Орта Азия бюросының мәжілісінде мемлекеттік аппаратты қайта құру және шаруашылық мүлікті бөліске салу мақсатында КСРО Еңбек және Қорғаныс Кеңесінің өкілетті өкілі жетекшілік жүргізетін Орта Азия Тарату комитетін (Ликвидком), сондай-ақ республикалар бойынша Тарату комиссиясын құру туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар осы мәжілісте Түркістан АКСР бойынша Тарату комитеті құрылды.


1924 жылдың 18 қарашасында Түрікаткомның IV Төтенше сессиясы Түрікаткомның, Халық Комиссарлар Кеңесі мен Экономикалық Кеңесінің қызметін тоқтатып, республиканың аумағындағы барлық билікті жаңадан құрылып отырған республикалар мен автономиялы облыстардың революциялық комитеттеріне тапсыру туралы қаулы қабылдады. 
Негізі, Түркістан АКСР-інің тарихы кеңес кезеңінде таптық және Мәскеудің ұлт саясаты тұрғысынан біршама зерттелгенімен, Түркістанның тарихи құжаттары сақталып отырған Өзбекстан архивтерінің зерттеушілерге жабық болуы салдарынан тәуелсіздік жылдарында бұл тақырыпты жан-жақты кеңінен зерттеу бағыты үлкен тосқауылға тап болды. Бірақ Ордалы Қоңыратбаев, Саидакбар Агзамходжаев, Сергей Абашин, Марко Буттино, Адиб Халид, Франсин Хирш т.б. ғалымдардың іргелі зерттеулері жарық көргенін атап айтқан жөн. Бұл авторлар ғылымға шекара мен саясаттың да кедергі жасай алмайтынын анық көрсетіп отыр. Сонымен қатар әріптесіміз А.Жүнісбаев екеуміздің «Архив – 2025» бағдарламасының арқасында соңғы жылдары Мәскеу қаласындағы архивтерден жинаған құжаттарымыз осы межелеудің объективті әрі толық тарихын қалпына келтіруге көмектеседі деп ойлаймыз.
– Осы Орта Азияда болған ұлттық-­аумақтық межелеу нәтижесінде Түркістан АКСР-і құрамындағы қазақ жерлері Қазақстанға қосылды дедіңіз. Осыған кеңірек тоқталып өтсеңіз.
– Орта Азияда жүргізілген ұлттық-территориялық межелеу нәтижесінде Қазақстанға бұрынғы Сырдария облысының Қазалы, Ақмешіт, Шымкент уездері толық және Әулие-Ата уезінің басым бөлігі, Ташкент және Мырзашөл уездерінің бөліктері қосылды. Жетісу облысының Алматы, Жаркент, Лепсі, Қапал (Талдықорған) уездері, Пішпек уезінің Георгиевка, Шу, Қарақоңыз болыстары Қазақ АКСР-і құрамына қосылды. Межелеу саясатының нәтижесінде ҚАКСР-інің территориясы 700 мың шаршы шақырымға артып, 2,7 миллион шаршы шақырымды құрады. Ал халқы 1,5 миллион адам шамасында көбейіп, жалпы халық саны 5 230 мыңға жетті. 1926 жылғы халық санағының мәліметтері бойынша қазақтар республикадағы барлық халықтың 61,3 пайызын құрады.
1924 жылы іс жүзіне асырылған Орта Азия республикаларының ұлттық-мемлекеттік межеленуі – большевиктер билігі ұстанған ұлттық-таптық саясатының заңды қорытындысы. Межелеу таза Орталықта алдын ала қабылданған саяси шешім болды және болашақта құрылатын жаңа әкімшілік-аумақтық бірліктерге қатысты Орталықтың жобасы іске асты. Ұлттық-аумақтық ұстаным негізінде жүзеге асырылған межелеудің қайшылыққа толы сипатына қарамастан, ол қазақ халқына бір республиканың құрамында бірігуіне және қазақ жерінің тұтастануына мүмкіндік берді.
– Қазақ жерлерінің тұтастай бір респуб­ликаға бірігуі үшін күрескен тұлғалар тағдыры және мұндай шешімнің тарихи маңызы туралы не айтар едіңіз?
– Негізі, бұл жерде қазақ жерлерін бір республика құрамына біріктіру үшін «анау қайраткер күресті, мынау күреспеді» деп бөліп-жаратын ештеңе жоқ. Сол кезеңде билікте болған – Т.Рысқұлов, С.Меңдешев, С.Қожанов, С.Асфендияров, Ә.Әлібеков, Т.Жүргенов, С.Есқараев, Ж.Мыңбаев т.б. бірқатар қазақ қайраткерлері де қазақ халқының бір республика құрамында жиналуына, қазақ жерлерінің бірігуіне аса мүдделі болғанын айтуымыз керек. Ал, енді бұл тұлғалардың тағдыры туралы мәселе өз алдына бөлек тақырып деп ойлаймын. Сондықтан оған арнайы жеке әңгімеде тоқталған жөн.
– «Архив – 2025» жобасы туралы айтып қалдыңыз. Әлеуметтік желіден байқап отырмыз, жоба аясында Ресей архивтерінен «шаң басқан» тың құжаттарды іздеп, зерттеп келдіңіздер. Қоржындарыңызға қандай «олжа» түсті?
– Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 20 желтоқсандағы №953 қаулысымен бекітілген «Архив – 2025» жобасын іске асыру жөніндегі 2020–2025 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспарының 5-тармағын іске асыру бойынша 2024 жылғы іссапарлар жоспарына» сәйкес, 2024 жылдың 10–30 наурызы аралығында Орталық мемлекеттік архивінің бір топ қызметкері (С.Шілдебай А.Жүнісбаев, Б.Бұрханов, Е.Стамшалов, М.Ахметбек) Ресей Федерациясының Мәскеу қаласындағы бірнеше архивте жұмыс істеп қайтты.
Жұмыс тобы жалпы Қазақстанның Ұлттық архив қорында кездеспейтін, еліміздің тарихы үшін маңызды архив құжаттарын анықтап, олардың көшірмеcін алумен қатар, 2022 жылы Алматы қаласында өткен Архивтер саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан–Ресей комиссиясының ІІІ отырысында бекітілген «Қазақстан мен Ресей архивтерінің 2022–2025 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарына» сәйкес, «Қазақстандағы ғылымның қалыптасуы мен дамуы» атты тақырыпқа арналған құжаттар жинағын шығару үшін осы жинаққа енгізілуге тиіс құжаттарды анықтап, олардың көшірмеcін алуды мақсат етті. 
– Жуырда ғана «Кеңестік Қазақстан: денсаулық сақтау жүйесінің қалыптасуы мен дамуы» деген ғылыми жинақтарыңыз жарық көрді. Қазақ ғылымының тарихы қалай жазылып жатыр?
– ҚР ОМА басшылығы бұл тақырыпты таңдаған жоқ. «Архив – 2025» жобасы аясындағы 2022 жылғы ғылыми іссапарлар кезінде Мәскеуде Ресей Ғылым академиясының архиві (АРАН) мен ҚР Орталық мемлекеттік архиві арасында Ниеттестік туралы келісімге қол қойылып, Тараптар арасындағы бұл келісім алдағы уақытта Ресей–Қазақстан арасындағы ғылыми байланыстар тарихы мен Қазақстандағы Ғылым академиясының негізі болған КСРО Ғылым академиясы Қазақстан филиалының (ҚазФАН) тарихына қатысты бірлескен құжаттар жинағын шығаруды көздеді. Оған КСРО ҒА қазақстандық базасы мен Қазфилиалының беймәлім тарихы себеп болған еді. 
1946 жылы 1 маусымда құрылған Қазақстан Ғылым академиясы жоқ жерден пайда болған жоқ. Оның материалдық-техникалық және ғылыми базасы 1920 жылдардан бастап қалыптасып, 1932 жылы құрылған Қазақстан базасы мен оның негізінде 1938 жылы құрылған ҚазФАН-нан бастау алған болатын. Сондықтан Қазақстан Ғылым академиясы құрылғанға дейінгі, яғни 1920–1946 жылдар аралығындағы кеңестік Қазақстандағы ғылымның қалыптасуы мен даму тарихын қалпына келтіру үшін осы тақырыпқа қатысты Қазақстанда жоқ құжаттарды анықтап, олардың көшірмеcін РФ архивтерінен тауып, көшірмеcін алуды мақсат еттік. 
Биыл Мәскеудегі іссапарымыз барысында Росархив басшылығымен және АРАН директоры А.В. Работкевичпен кездесулер өткізіп, аталған тақырып бойынша анықталған тарихи құжаттарды алу жөніндегі уағдаластыққа қол жеткіздік. Осы уағдаластық аясында 2024 жылы 25 наурызда ҚР ОМА мен АРАН арасында «Кеңестік Қазақстан: ғылымның қалыптасуы мен дамуы (1920–1946)» атты тақырып бойынша құжаттар жинағын даярлау жөніндегі келісімге қол қойылып, қазақстандық жұмыс тобы анықтаған құжаттарының көшірмеcін ақысыз алуға қол жеткіздік.
– Тамаша! Нақты қандай құжаттарға қол жеткіздіңіздер? Ол құжаттар Қазақ­стан­дағы ғылым тарихына қандай жаңалық қоспақ?
– Жұмыс тобы ғылым тарихы бойынша Мәскеудегі Ресей Федерациясының мемлекеттік архивінде, Ресейдің әлеуметтік-саяси тарихының мемлекеттік архивінде, Ресейдің қазіргі заман тарихының мемлекеттік архивінде, Ресей Ғылым академиясы архивінде, сондай-ақ Ресей мемлекеттік кітапханасының қорларында ізденіс жұмыстарын жүргізіп, ХХ ғасырдың 20–60-жылдарындағы Қазақстандағы ғылымның қалыптасуы мен даму тарихына қатысты тың, бұрын жарияланбаған тарихи деректер мен құжаттарды анықтап, олардың көшірмеcін алу жұмысын жүргізді.
Кеңес заманындағы РКФСР мен КСРО-да ғылымды ұйымдастыру мен дамытуға жауапты орталық партиялық, кеңестік билік органдарының (КОКП және оның органдары (Саяси бюро, Ұйымдастыру бюросы, Бүкілресейлік ОАК, КСРО ОАК, КСРО мен РКФСР үкіметі, тиісті бейіндік комиссариаттар мен олардың құрамындағы комитеттер мен басқармалар, комиссиялар т.б.), Ғылым академиясы мен Коммунистік академия сынды ғылымды ұйымдастырумен айналысатын орталық үйлестіруші ғылыми орталықтардың архив қорлары, сонымен бірге ғылымды басқаруға тікелей жауапты болған атақты ұйымдастырушы-ғалымдардың (мысалы, академиктер В.Комаров, А.Ферсман, И.Губкин) жеке тектік қорлары мен жеке істері қаралып, соның нәтижесінде Қазақстанда кеңестік негіздегі академиялық ғылымның, ғылыми орталықтар мен мекемелердің құрылу тарихына қатысты ауқымды деректер кешені (200-ден астам құжат) анықталып, электронды көшірмеcі алынды.
Көшірмеcі алынған құжаттарды түріне қарай мынадай негізгі топқа бөлуге болады:
Мемлекеттік биліктің жоғары орындарының құжаттары – партия мен кеңес органдарының ресми құжатнамасы: декреттер, қаулылар, бұйрықтар, қарарлар, шешімдер, хаттамалардан үзінділер;
Қазақстанның билік орындары мен олардың басшыларының құжатнамасы: қаулылар, бұйрықтар, қарарлар, орталық билік органдарымен хат алмасуы, жеделхаттары, баяндама мен түсініктеме хаттары, анықтамалары;
Ресей Ғылым академиясы басшылық орындарының Президиум мен Жалпы жиналыстың құжатнамасы: қаулылары мен қарарлары және олардың көшірмеcі;
Ресей Ғылым академиясының құрылымдық орындары – Филиалдар мен базалар бойынша Кеңес, Өндіргіш күштерді зерттеу бойынша Кеңес құжатнамасы: мәжілістер мен арнайы кеңестер хаттамалары мен материалдары;
 КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалы (базасы) мен Қазақ КСР Ғылым академиясы мен оның құрылымындағы ғылыми органдар мен мекемелердің (ғылыми сессиялар, институттар, секторлар, ғылыми комиссиялар, Орталық ғылыми архив) құжатнамасы: есептер, билік органдарымен және КСРО Ғылым академиясымен, оның басшыларымен және мекемелерімен хат алмасулар, жеделхаттар, баяндамалар; 
 Өндіргіш күштерді зерттеу жөніндегі Кеңес жанындағы Қазақстан экспедицияның құжатнамасы: хаттамалары, есептері, хат алмасулар, жоспарлар;
 Ресей Ғылым академиясының құрылымындағы мекемелерде Қазақстанда жарық көрген ғылыми басылымдарды, қазақ ғалымдары диссертацияларын талқылауға арналған мәжілістердің стенограммалары, үзінділері мен көшірмеcі (выпискалар), сондай-ақ соларға арналған сын-пікірлер (рецензиялар);
 Қазақстанда жұмыс істеген орыс және қазақ ғалымдарының түрлі сипаттағы дипломдары, марапаттау қағаздары т.б.;
 Қазақ ғалымдарымен тығыз араласып, байланыста болған, соғыс жылдары Қазақстанға эвакуацияланып, Қазақстанда ғылыми-зерттеулермен айналысқан орыс-кеңес ғалым­дарының жеке қорларында сақталып қалған хат алмасу құжаттары, осы ғалым­дардың қазақ ғалымдарына және соңғылардың орыс ғалымдарының атына жазған хаттары. Бұлардың ішінде бірқатары ғылыми-ұйымдас­тырушылық мәселелерге арналған болса, қалғандары құттықтау жеделхаттары;
 Бүкілодақтық Орталық Комитетінің Қазақстанда жаңа әліпби енгізу, латын қарпіне негізделген әліпбиді ғылыми негізде түзу, орфография мәселелерін талқылау, Қазақстандағы Жаңа әліпби бойынша Орталық Комитеттің қызметі жайында мол мәлімет беретін құжаттар – хаттамалар, есептер, ғылыми баяндамалар, баянхаттар т.б. 
Әсіресе Ресейдің федералдық орталық архивтерінің қорларынан анықталған құжаттардың ішінде қазақ және орыс ғалымдары арасындағы хат алмасулар айрықша маңызға ие. Осы күнге дейін бірде-бір қазақ ғалымының ғылыми хат алмасуы жарияланбады. Қазақ қайраткерлері ішінен М.Шоқай мен 
Ә.Марғұланның эпистолярлық мұрасы ғана жарияланды. Осы ретте іссапар нәтижесінде табылған қазақ ғалымдарының 40-қа жуық хаты – үлкен жаңалық. Олардың ішінде академиктер Қ.Сәтбаевтың, А.Нүсіпбековтің, В.Фесенковтың, А.Самойловичтің орыс ғалымдарының атына және академиктер В.Комаров, В.Гордлевскийдің, Л.Штерннің қазақ ғалымдарының атына жазған, Қазақстандағы ғылымның даму тарихына, оның басты кезеңдері мен бағыттарына қатысты құнды мәлімет беретін, бұрын ғылыми айналымға енгізілмеген хаттарының табылып, электронды көшірмеcінің алынуын ғылыми жаңалық деп санауға толық негіз бар.
– Сонда, бұл құжаттар Қазақстан архивтерінде жоқ па? 
– Жоқ еді. Кез келген ғалым белгілі бір тақырып бойынша зерттеу жұмысын бастамас бұрын сол тақырып бойынша оған дейін не жазылғанын қарастырады. «Архив – 2025» жобасын жүзеге асыру барысында да осы принцип қатаң сақталады. Алдымен, белгілі бір тақырып бойынша еліміздің Ұлттық архив қорында не бар, не жоғы зерделенеді. Бар құжаттардың тізімі жасалып, жоқты түгендеу міндеті қойылады. Ұлттық ғылым академиясының архивінде зерттеу жұмысын жүргізген, ондағы тізімдемелермен таныс ғалымдардың біздің жұмыс тобында болуы – жоқ құжаттарды алуға толық жағдай жасады.
Қазір Ресей архивтерінен анықталған құжаттардың көшірмеcінен құралған ауқымды деректік базаны жүйелеу, өңдеу, ортақ тізбе құрастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта, бірінші сатыда, РФ архивтерінен анықталып, елімізге көшірмесі әкелінген құжаттар негізінде 2025 жылы ғылыми жинақ шығару жұмысы, екінші сатыда, Қазақстандағы ғылымның қалыптасуы мен даму тарихына қатысты іргелі зерттеу жұмысын жазу сияқты күрделі де игілігі мол істер күтіп тұр. 
– Бауыржантануға қатысты біршама құжат дерегін ашып, ғылыми айналымға қостыңыз. Ол деректер туралы да айтып берсеңіз. Момышұлы тұлғасына қатысты, Екінші Дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақтардың тағдыры мен дерегіне байланысты Ресей архивтерінде әлі де жасырулы жатқан құжаттарды зерттеу ісі, елге алдыру ісі жалғаса беретін болар?
– Рақмет! Бауыржантануды әдеби, танымдық және ғылыми деп бөліп қарастырсақ, негізінен, Б.Момышұлы әдеби және танымдық тұрғыдан зерделеніп, ол бойынша бірнеше диссертация қорғалғанымен де, ғылыми тұрғыдан зерттелуі кенже қалған деп айтуға толық негіз бар. Уақыт өте келе, Б.Момышұлы туралы жазылған әдеби шығармалар мен өзі туралы жазған еңбектерінің күмәнға ұшырамай қоймайтыны ақиқат. Өйткені архив құжаттарына сілтеме жасалмай жазылған кез келген еңбекті жоққа шығару оңай. Біз тарихшы-ғалым ретінде, архив қызметкері ретінде бұл мәселені айқын түсінеміз. 
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ІІІ Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Айрықша қолбасшылық қабілетімен аты аңызға айналған тағы бір тұлға – Бауыржан Момышұлы. Ол майдан шебіндегі ең қиын шайқастарға қатысты, батальон, полк, дивизия басқарды. Оның қоршаудан шығу тәсілі кейін соғыс өнеріне «Момышұлы спиралі» деген атаумен енді», – деп, оған айрықша тоқталуы да бекер емес. Осындай аңызға айналған тарихи тұлғаның, ұлт батырының архив құжаттарымен дәйектелген портретін жасау, сол арқылы жас ұрпақты, жас сарбаздарды тәрбиелеудің маңызы зор.
2022 жылы, Подольск қаласындағы РФ Қорғаныс министрлігінің орталық архивінде жұмыс істеген кезімізде, Ержан Бақытжанұлының бізге берген сенімхатының арқасында Бауыржан атамыздың жеке ісімен танысуға және оның толық көшірмесін алуға қол жеткіздік. 92 парақтан (парақтың артқы беттерін қоса есептегенде 130 бет шамасында) тұратын жеке іспен танысу барысында Б.Момышұлының өмірі мен қызметін архив құжаттары негізінде жазып шығу қажеттігін айқын ұғындық және содан бері осы мәселеге кірістік. Бауыржантануға кеш келгенімізге қарамай, оның өмірі мен қызметіне қатыс­ты архив құжаттарын анықтап, оларды жинақтау­да біршама табыстарға қол жеткізіп отырмыз. Осы жылғы іссапарымыз барысында Мәскеудегі Ресей мемлекеттік әскери архивінен Б.Момышұлының 1936–1940 жылдардағы әскери қызметіне қатысты құжаттарды анықтап, көшірмесін алдық. Алдағы уақытта, Подольскідегі архивтен Б.Момышұлының 1942–1943 жылдардағы және 1952–1955 жылдардағы ерлік жолы мен әскери қызметіне қатысты құжаттарды анықтап, көшірмесін алу міндеті тұр. Осы уақытқа дейінгі табылған құжаттар аты аңызға айналған батырдың қасіреті мен қайғысын, ішкі жан-дүниесін, Кеңес одағының батыры атағы мен генерал шенінің берілмеу себептерін толық ашады деп ойлаймыз. 
Әрине, Екінші Дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақ батырлары мен қазақстандық әскери құрамалардың, түрлі әскери құрылымдардың тарихын зерттеу, оларға қатысты құжаттарды жинастыру жұмысы жалғасады. Бұл жұмыстар тіпті жаңа ғана басталды деп айтсақ та артық емес. Жалпы, «Ресей архивтерінде әлі де жасырулы жатқан құжаттарды» деп айту дұрыс емес. Ол құжаттар әлдеқашан құпиясыздандырылған. Тек қана зерттеушілерін күтіп жатыр. Әскери тарихтың Елімізде кенже қалғаны, қазіргі таңда бұл бағытта зерттеу жүргізетін ғалымдардың саусақпен санаулы екені ешкімге жасырын емес. Бұл – тарих ғылымын ұйымдастыруда жіберілген кемшіліктердің заңды жемісі.
– Архив – әр елдің тарихы таңбаланған мекемесі. Өзіңіз басқарып отырған Орталық мемлекеттік архивтің зерттеушілерге ашықтығы, құжаттар көлемі, зерттелуі қандай деңгейде деген сауалмен сұқбатымызды қорытындыласақ.
– ҚР ОМА – жүз жылдан аса тарихы, 1,5 миллионға жуық сақтау бірлігі бар, еліміздегі ең көне және тарихымызға қатысты бірегей құжаттарды сақтап отырған архив. Бүгінгі таңда ҚР ОМА өз қорына қатысты ғылыми-анықтамалық аппаратты жетілдіруге барынша назар аударып, қорларға қатысты жөнсілтемелері мен реестрлерін қайта шығарып жатыр. Ғылыми жариялау бағытында да үлкен жетістіктерге ие. Тек қана соңғы 3 жылда жиырмадан аса кітап жарық көрді. Олардың негізгі дені тұңғыш рет ғылыми айналымға тартылып отырған құжаттар негізінде шығарылды.
Архивіміз зерттеушілерге ашық, тіпті «өте» ашық деп те айтуға болады. Еліміздегі архив саласына қатысты заңнамаларға сәйкес, архив қорымен жұмыс істеуге біз кім көрінгенді кіргізіп жібердік. Мұның ұлттық мүддеге нұқсан келтіретін тұстарын анық байқап отырмыз. Сондықтан бұл мәселеге қайта оралып, архивтерге тек қана мемлекеттік ғылыми-зерттеу мекемелерінде жұмыс істейтін ғалымдарды ғана кіргізіп, шетелдіктер мен басқа да санаттарға қатысты шектеулер жасалуға тиіс деп есептейміз. Ол біздің ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет.
– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен 
Қарагөз СІМӘДІЛ

1673 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз