Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 07 Желтоқсан, 2023

Аслан Қаженов, спорт журналисі: ХАЛЫҚ АҚИҚАТТЫ БІЛУГЕ ХАҚЫЛЫ

Аслан Қаженов әлеуметтік желіде спорт саласын аяусыз сынап, басшылардан «есеп» сұрайды. Осы үшін «таяқ жеп» қалған сәт те болған екен. Десе де мәселенің шешілгендей, спортшы шынайы қуанғанын көргенде «арқамнан жүк түскендей болады» деп отыр. Отандық спорт жанашыры алдағы олимпиада жайы мен кей олқы тұсты ашық айтты.

 

– Әңгіменің басын спортқа бөлінген 775 миллион доллардан бастасақ. Сіздіңше бұл аз ба, көп пе?  
– Депутат Нартай Аралбайұлы көтерген мәселе – 775 миллион доллар ресми тіркелген 180 спорт түріне бөлінген қаржы. Яғни осынша спорт түрінің мемлекеттік бюджеттен қаржыландыратынын есептесек, бұл көп. Салыс­тырмалы түрде Қырғызстан 7 спорт түрін, Өзбекстан олимпиадалық 17 спорт түрін қаржыландырады. Ал біз 180 спорт түрін қаржыландырсақ, соның ішінде олимпиадалық 58 спорт түрі бар. Сәйкесінше, паралимпиада ойындарынан 19, сурдоолимпиададан 10 спорт түрін қаржыландырады. Сонда қалған қаржы олимпиадалық емес спорт түлеріне бөлінеді. Соның ішінде пилондағы спорт, биатл, триатл, унифайд, спорттық балық аулау сияқты бірнеше түсініксіз спорт түрі де енген. Басқа министрліктерге бөлінген қаржымен салыстырып, бөлінген қаржының көп екенін жасырып-жабуға болмайды. Жоғары жетістіктер спортын қаржыландыруға Канада – 72 миллион доллар, Нидерланды – 41 миллион доллар, Дания 46 миллион доллар жұмсайды. Ойланайық, біз 775 миллион доллар берсек, көрші Өзбекстан 130  миллион доллардан аса бөліп отыр. Қырғызстан болса 7 миллион доллармен шектелген. Міне, соманың аз-көбін осыдан-ақ салыс­тыруға болады. Бюджетке түскен салмақ айналып келгенде халықтың қалтасынан жұмсалып жатыр. Өкініштісі, осынша шығыннан ешқандай нәтиже жоқ. Жазғы Олимпиада, қысқы Олимпиада мен Азия ойындарында да төмен нәтиже көрсеттік. Қазақ спорты тарихында болмаған төмен нәтижелер тіркеліп жатыр. Сондықтан аталған шығын негізсіз. Оған қоса бұл мәселе кеш көтерілді. Дегенмен кеш болса да, бөлінген қаражатты тиімді жұмсау жолын қарастырған жөн.  
– Олимпиадаға жеті ай қалды. Билік енді қозғала бастағандай. Ал Парижге дайындық Токиодан қайтқанда басталуы керек пе еді? 
– Иә, Олимпиадаға жеті ай уақыт қалды. Қозғалыс басталды деуге болады, бірақ оның барысы көңіл көншітпейді. Өйткені Президент Азия ойындарынан кейін Спорт және туризм министрі Ермек Маржықпаевты қабылдап, бірқатар тапсырма берді. Сәйкесінше, ведомство басшысы үлкен жиын өткізіп, аймақтағы спорт басқармасы басшыларын, федерация басшыларын жинады. Кеңейтілген отырыста мәселені талқылап, жеке-жеке де қабылдап жатыр. Бәрін сырттан бақылап жүрмін. Аталған тапсырманы орындау дәрежесі өте төмен. Әркім көрпені өзіне тартып, сиырқұймышақтанып, соңы сұйылып кетіп жатыр. Байқағаным, ауызбіршілік жоқ. Аймақтарға келетін болсақ, мықты мамандар аз. Сондықтан дайындық әлі бір жүйеге түсті деп айта алмаймын. Әрине, әлем дайындықты төрт жыл бұрын бастайды. Токио Олимпиадасынан кейін кезекті жазғы Олимпиадаға, Пекин Олимпиадасынан кейін қысқы Олимпиадаға керегін түгендейді. Өкініштісі, елімізде жауапты министрлік басшысы бірнеше рет ауысты. Кейінгі төрт жыл ішінде төрт министр ауысты. Комитет төрағалары да ауысып жатыр. Қаржыландыру жүйе­сі Ұлттық Олимпиадалық комитеттен Спортты дамыту дирекциясына ауысты. Яғни министрлікте біршама өзгеріс бар. Жаңа жылға дейін спорттың басы-қасында жүрген мамандар арасында тағы да ауыс-түйіс болады. Әрине, мұның бәрі кері әсер етеді. Тұрақтылық жоқ, жүйелі жаттығу жоқ. Жалпы жоғарыдағы ауыс-түйіс спортшылардың дайындығына әсер етпеуі керек. Егер жүйе бір жолға қойылып, нақты механизмі болса, машинаның моторындай тықылдап, өзімен өзі айналып тұруы керек. Бірақ бізде нақты жүйе болмаған соң, кез келген ауыс-түйіс спортшылардың дайындығына, физикалық-психологиялық әзірлігіне әсер етеді. Жаттығу жиыны, жарыс, керек-жарақпен қамтамасыз ету сияқты дүниелер мың құбылып жатыр. Себебі жылы орынға жайғасқан әрбір басшы өзіндік бағдарламасы мен жобасын арқалап келеді. Сәйкесінше, алдыңғы басшының жобасын тоқтатып тастайды. Яғни сабақтастық жоқ, бір-бірін іліп әкетіп, саланы аяққа тұрғызуға әрекет жасамайды.
– Өзіңіз осы саладағы жиындарды жіті қадағалап, ауыс-түйісті сынап жүрсіз? Сіздіңше, біздегі спорттың халі қалай? 
– Министр Ермек Маржықпаев пен спортқа жауапты комитет төрағасы Ербол Мырза­босынов экс-жауаптылармен салыс­тырғанда ашық. «Кел, көр, содан кейін жаз, объек­тив сыныңа дайынбыз» деп отырады. Байқағаным, феде­рацияларда, облыстық спорт басқармаларында маман тапшы. Мысалы, Оралдағы спорт басқар­ма­сына қаржыгер басшы болып келді. Күні кеше ол орынбасары етіп тарих және география пәнінің мұғалімін алды. Яғни аймақта саланы мұрнына спорттың иісі де бармайтын мамандар басқарып жүр. Мұндай мысал басқа да аймақта, тіпті федерацияларда да бар. Салдарынан спорт ақсап тұр. Өкінішке қарай, мықты мамандар шеттетіледі. Өйт­кені әлсіз басшы жанына қатарластарын жинайды. Ал мықты маманның өзіндік көзқарасы, позициясы бар. Сол сияқты әлсіз басшы дегеніне көнбейтін маманды жанына жуытқысы келмейтіні белгілі. Сондықтан мықты мамандардың бір бөлігі далада қалып, қалғаны шетел асып жатқанын көз көріп жүр. 
– Жақында «Бірінші бол» под­касында алдағы Олимпиадададан алтынсыз қайтуымыз мүмкін екені сөз болған. Бокстан басқа «қармап» қалар тұсымыз бар ма?  
– Иә, «Бірінші бол» подкасында Парижден алтынсыз қайтуымыз мүмкін екенін айттық. Әбден мүмкін. Жоғарыда айтқанымыздай, отандық спорттың жағдайы мүшкіл. Біріншіден, министрлік, федерациялар, министрлік жанындағы сараптама орталығы жағдайды саралап, зерттеп, нәтижесін айтуы керек. Қандай спорт түрінен медаль аламыз, қанша жүлде алуымыз мүмкін дейтін қорытынды беруі керек. Таңқаларлығы, олар осыған дейін бірде-бір болжам ұсынған жоқ. Сондықтан әркім өз ойын айтып, топшылап жүрміз. Лицензияға қатыс­ты, олимпиадаға баратын спортшылар санын жүзден асыратынын айтады да, жүлдеге қатысты ләм-мим демейді. Токио Олимпиадасы мен қысқы Пекин Олимпиадасында да осы сценарий қайталанған. Меніңше, алтын беретін бір спорт түрі болса – ол бокс. Кейінгі кезде байқасаңыз, бокстағы төрешілік Халық­аралық Олимпиада комитетінің қолында тұр. Азия ойындары кезінде Қазақстанға тиісті орнын берген жоқ. Жағдай мүшкіл, алда лицензия беретін турнирлер күтіп тұр. Дегенмен боксшылар лайықты өнер көрсетеді. Ал жауаптылар тиісті жүлдені бере ме, бермей ме – мәселе осыда. Сондықтан бокста жағдай қиын. Бұдан басқа қай спорт түрінен үміт күтеміз? Теннистен Рыбакинаға үміт артады. Елена Олимпиадаға қатысуы керек. Ал оның қаншалықты алысқа шабатынын білмеймін. Қазір жарақаты бар, көп жарыста «күн өтті, өзімді жайсыз сезіндім» деп жарыс жолынан шығып қалып жатыр. Сондықтан алда да осындай жағдай бола ма деп алаңдаймыз. Одан кейін спорттық гимнастикадан өнер көрсететін жігіттерге сеніп отыр. Милад Карими, Нариман Құрманов жақсы өнер көрсетіп жүр. Күтпеген нәтиже тіркегені одан сайын үміт отын маздатады. Бірақ спорттық гимнастикада бәсеке жоғары екені даусыз. Олардың үздік үштіктен көрінетініне сенгім келеді. Дзюдодан да, күрестен де алтын алмаймыз. Арамыз­да семсерлесуге үміт артатындар бар. Иә, Азия ойындарында жақсы нәтиже көрсеткенмен, бұл спорт түрінің Еуропада барынша дамығанын еске түсіріңіз.  Бәрі жеребеге байланысты болатыны тағы бар. Брейк-денс билейтін жігітке сенім артып жатқандар да бар. Ол жігіт Азия орындарында топ жара алмады. Ескерерлігі,  жарыс қожайыны болған соң Франция брейк-денсті Олимпиада ойындары тізіміне қосты. Меніңше, олар әуелден осы спорт түрінен алтын алуды көздеп отыр. Бұл жерде музыка, қимыл, әр элемент пен киім бағаланады. Айналып келгенде бәрі төрешілердің қолында. 
– Өңірлердегі спорттың дамуына тоқталайықшы. Неден үміт күтесіз, неге көңіліңіз толмайды? 
– Өңірлердегі спорттың жағ­дайы мүшкіл. Оған бірнеше себеп бар. Біріншіден, өңірлердегі спорт басқармасы басшысын әкім тағайындайды. Оған қоса спортқа жұмсалатын қаржы жайын әкім шешеді. Бұған араласуға министрліктің құқы жоқ. Сондықтан ішкі жүйенің кем-кетігін айтып, талап қоя алмайды. Негізі  ұлттық құрамаларға резерв дайын­дайтын күш – өңірде. Ауыл-ауылдан икемі, таланты бар балаларды таңдап, дайындайтын да солар. Министрлік кеңейтілген отырыста 300 миллиард теңгесінің өңірлерде айналымда жүргенін айтқан-ды. Ал нәтиже жоқ. Әкім өз тарапынан қалаған спортын дамытады, ­­­­­­­­­­«өзі –­­­­­ би, өзі – қожа». Соның ішінде олимпиадалық емес спорт түрлеріне қаржы құйып, дамытып жатқан аймақтар да бар. Екіншіден, заңда мониторинг деген сөз жоқ. Министрлік аймақтағы спортты барып, тексеріп, мониторинг жасай алмайды. Байқасаңыз, өңірлер арасынан жүлде алып жатқанының дені – оңтүстік өңірлер. Алматы, Алматы облысы, Шымкент пен Түркістан. Қалған өңір бәсең. Әсіресе, кеңейтілген отырыста солтүстік аймақтардың ілініп-салынып жүргені айтылды. Мәселен, елордада өткен бокс спартакиадасына солтүстіктен бірде-бір боксшы қатысқан жоқ. «Біз бокс державасымыз» дейтін ел үшін бұл ұят жағдай. Айта кетерлігі, аймақтарда бокстың дамуы кенжелеп барады. Мысалы, Қарағанды облысының мықты боксшы дайындайтын өзіндік мектебі болатын. Министр осы жайында сала басшысынан сұрады. Сонда берген жауабына таңданбасқа болмас. Ол кісі Головкин мен Сәпиевті дайындаған бапкерлер қайтыс болғанын, аймақта маман жоғын, салдарынан шетелден маман тартуды көздеп отырғанын айтты. Қазақстан бокс­ты дамытуға шетелден маман тартты дегеніміз, бокс тұралап қалды дегенді білдірмей ме?! Өзім Оралдың тумасы болған соң, аталған аймақтағы мәселені де барынша айтамын, жариялаймын. Мысалы, Оралда самбо спортына қаражат көп бөлінеді. Бұл олимпиадалық емес спорт түрі, көрші Ресейдің ұлттық спорты десек те болады. Одан бөлек Оралда бір ғана мұз сарайы бар. Мұзды ерітіп, сол жерге әкеліп самбоның кілемін де төсейді, бокс рингін құрады. Бұл хоккей, шорт трек, мәнерлеп сырғанау спортына кері әсер етеді. Аймақта ұлттық спорт түрлерін қолдау да нашар. Меніңше, өңірлерде әркім білген спортын дамыта бермей, нақты министрлік басымдық беретін спорт түрлеріне қаржы құю керек. Мысалы, Солтүстік Қазақстанда шаңғы, биат­лон, Шығыс Қазақстанда қысқы спорт түрлерін қолға алсақ. Мәселен, жақында Түркістанда қысқы спортты дамытып, мұз сарайын саламыз деп жатыр. Ал бұл керек пе? Одан кейін бокстың қалыптасқан мектептері бар, соны жоғалтып алмай, ары қарай дамытсақ. Яғни әр аймақтың икемі бар спорт түрін ары қарай шыңдасақ деймін. Кезінде бұл турасында сараптама жүргізілген. Спорт түрлерін а,в,с категориясына бөлген-ді. Одан кейін аймақ ерекшелігін ескеріп, бірқатар жұмыс басталған. Бірақ аяқсыз қалды. Соны жандандырып, бір жүйеге түсірсек.  
 – Жоғарыдағы тақырып төңіре­гінде сізге хабарласып, араша сұрай­тындар көп. Біршамасы шешіліп жат­қанын да байқаймыз. Осы ретте есіңіз­де қалған маңызды оқиғаны баяндап берсеңіз. 
– Бізде спортшы, бапкер, маман арнайы бір дисциплинамен жүреді. Өз ойын айтып, мәселе көтерсе қысым көрсетеді. Командадан шығарып тастап, жұмысынан айырылады. Сондықтан аты-жөнін жасырын ұстауды өтініп, мәселесін айтып, көмек сұрайды. Өз тарапымнан қолымнан келгенше көмектескім келеді. Мысалы, Оралға барған тұста шорт-трекшілер қорғаныс матасы туралы айтып, мұңын шақты. Олар  сырғанап келіп сол матаға  соғылады. Ал Оралда сол матаның жаңармағанына 20 жыл болған. Аталған мәселені әлеуметтік желіде жарияладым. Кейіннен мәслихат жиыны өтіп, қыркүйек айында жаңа матаны 30 миллион теңгеге алатынын айтқан. Бірақ жақында қайта сұрасам, әлі сатып алмаған. Жылдың аяғына дейін аламыз деген уәдесі бар. Одан бөлек менің ықпалым болды ма, жоқ па, білмедім, десе де Жәмилә Бақбергенова пәтер алды. Әлем чемпионатының үш дүркін жүлдегері  Жәмиләның баспанасы жоқ, әпкесімен бірге тұрады екен. Сол үйден жаттығуға барады, келеді. Ал әпкесінің күйеуі, бала-шағасы бар. Сөйте тұра ол мәселесін бір адамға айтқан емес. Осыны біліп, жарияладым, артынша жергілікті әкімдік қолдап, спортшымыз баспаналы болды. Жәмилә үшін шын жүректен қуаныштымын. Сол сияқты спортшылар арасында баспана мәселесі, одан қала берді дәрумен мәселесі бар. Өз қалтасынан дәрумен сатып алып, өз қаржысына жарақатын емдейтіндер бар. Оған қоса жалақысы кешігетін, келісілген қаржысын ала алмайтыны да бар. Көбін жарияламай-ақ тиісті органға жеткізіп, шешіп тас­тауға тырысамыз. Нәтиже болмай жатса, жалпы халықтың талқысына саламыз. Мысалы, балалар арасындағы жарысты Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өткізуге қол жеткіздік. Себебі өткен жылы балалар арасындағы күрестен сайыс қала сыртында, суық жерде өтті. Оның үстіне кілемдері жыртық. Соны жазып едім, нәтиже шықты. Одан бөлек «Өнер барысы» сайы­сының бағдарламасын түзеттік.  Енді «Өнер барысын» ешкім мазақтамайды, жарыс талабы тура «Қазақстан барысымен» тең болды. Сәукеле киіп, ойына келгенін істеп жүрген балуандар болды. Олар жарыстан шеттетілді. Алдағы уақытта мұндай жағдай қайталанса, төреші сол сәтте балуанды шеттететін болды. Мысалы, балуан­дар арасында шетел әні сүйемелдеуімен шығып, өзін көрсеткендер бар. Соның бәрі түзетіліп, біркелкі әуен қойылады. Жалпы айтпағым, жапондар дзюдосын ешқашан бұлай мазақ қылмайды. Мен де өз тарапымнан қазақ күресінің мазақ болғанын қаламаймын. Сондықтан жанашыр болып үйренейік. Бірақ осы жолда «таяқ жеп» қалатын сәттер болады.  
– Рыбакина турасында сын айтып әлеуметтік желіні бір шулаттыңыз. Расымен, ортақ мүддеге келгенде легио­нерлер шет қала ма? 
– Рыбакина қазір әлемдегі үздік төрттікке кіретін спортшы екенін білеміз. Алайда бұл оған сын айтылмауы керек дегенді білдірмейді. Өйткені аталған спортшы Ханчжоуда өткен Азия ойындарына қатыспады. Одан кейін Бэллиджи турнирінде өнер көрсетпеді. Себебін жарақатпен байланыстырды. Жалпы жылына екі-үш рет жалпыкомандалық жарыс өтеді. Сондай тұста Рыбакинаның әртүрлі себеппен тізгінді тартатынын байқаймын. Жеке рейтинг емес, ел үшін, көк ту үшін өтетін бәсекелерден неліктен шет қалатынын түсіндіруді жөн көрмейді. Бізде теннис жанкүйерлері көп. Не үшін қатыспағанын мәлімдеуін талап еттім. Теннис федерациясының вице-президенті Диас Досқараев тағы да дұрыс түсіндірмеді. Ярослова Шведова мүлдем басқа бірдеңе айтты. Әркімнің жауабы әртүрлі. Осыдан кейін жағдай күдік тудыра бастады. Көк паспортты алған соң, көк ту астында өнер көрсетіп жүрген соң, талап қоюымыз да, жөн сұрауымыз да қалыпты. Әлемдік деңгейде рейтинг жинайтын, ақша табатын, жағдайын жасайтын жерде өнер көрсетеді. Жарақатына қарамастан да кортқа шығады. Ал ұлттық командаға келгенде немқұрайлы қарайды. Әрине, бұл пікір теннис жанкүйерлеріне ұнамайды. Оның өнерін өзім де бағалаймын. Көп нәрсе талап етіп жатқанымыз жоқ, әнұранды асқақтататын додаларда топқа түсіп, бір мүддеде бақ сынасын. Жарысқа қатыса алмайтын жағдайда кемі түсіндіріп берсін. Жазғы Олимпиадалық спорт түрлерінде 20-дан аса легионер бар. Қысқы спорт түрінен легионерлер келіп жатыр. Олардың үмітті ақтамағанын Азия ойындары айқындап берді. Отандық спорт үшін ұят жағдай. Легионерлерді топырлатып әкелеміз, нәтиже жоқ. Талап қойып, таңдау жасай алмай отырмыз. Меніңше, бізге легионерлер керегі жоқ. Қазақ даласында бүкіл спорт түрінен өнер көрсете алатын, әлемдік деңгейге шыға алатын балалар жетеді. Тек іздеу керек, жағдай жасау керек, жол ашу керек. «Жеңілсе де Олимпиадаға қазақ баласы барсын» деп жүрмін. Азия ойындарын, Олимпиада аурасын сезінген қаракөзіміз ертеңгі маман, білікті бапкер болады. Осылайша, отандық спорттың дамуына үлес қосамыз. Жалпы тәуелсіздік алғаннан бері Олимпиадалық спорт түрінен 330 легионер көк ту астында өнер көрсеткен. Футбол, хоккей, велоспорт, волейболды былай қойғандағы саны осы. Көпшілігі елдеріне қайтып кеткен. Нәтиже көрсетіп, ақшаны алып, артынша елдеріне кеткені өкінішті. 
 – Ел спортында қолдау бар. Бірақ кей тұста түсінбейтін түйін көп. Мәселен, Седовтың өзіне қол жұмсауы, кей спортшының тосыннан бабын жоғалтуы. Допингпен ұсталған Ильиннің мемлекеттік шараларда төрде отырып, Шынәлиев сияқты боксшының  Олимпиада медалін сыйға беруі...
– Бұл айтылмай жүрген үлкен тақырып. Осы турасында айтуға оқталып жүргенмін. Қазақстандағы доппинг орталығы жыл сайын үш мың сынама өткізеді. Сынаманы тексеру үшін Германияға жібереміз. Бұл басқа елдермен салыстыр­ғанда үлкен көрсеткіш. Қолымда Өзбекстанда 100, Қырғызстанда 10 Белоруссия­да 300 сынама жібереді деген мәлімет бар. Яғни біз олардан он есе, жүз есе көп сынама өткізіп жатырмыз. Негізгі кілтипан осы жерде тұр. Неге үш мың сынама өткіземіз деген сұраққа ешкім тұшымды жауап берген жоқ. Бір кезде заңға осындай талап енгізілген, яғни мұндай міндеттемені өзіміз қойып отырмыз. Халықаралық федерация тарапы мен Олимпиадалық комитеттен, Допингке қарсы агенттіктен ондай талап жоқ. Оны алып тастасақ та болады. Ел намысын қорғайтын үш мың спортшы жоқ қой. Сонда айналып келіп, бір спортшыдан талдау ала береді деген сөз. Сәйкесінше, үш мың сынамадан көп доппинг анықталады. Ал спортшылар ренжиді. Олар дайындалатын, дайындалмайтын кез болады. Ауырып, ем алып жатады. Әртүрлі дәрі-дәрмек ішеді. Мұның бәрі тестілеу нәтижесінде шығады. Допингке қарсы орталықтан бөлек, зертхана бар, екеуі мемлекеттен 1 млрдқа жуық қаржы алады. Бұл тағы да түсініксіз жағдай. Мемлекеттен осынша көлемде ақша алып, спортшыларды ұстап береді. Кеңейтілген отырыста 93 спортшыдан доппинг анықталғаны айтылды. Бұл өте үлкен сан. Орталықтың басшысына бұл мақтанатын цифр емес екенін, 93 түрлі тағдыр екенін айттым. Соның ішінде Седов та, Ильин де болуы мүмкін. Біз неге өзімізді өзіміз ұстап беріп жатырмыз? Бұл мәселені терең зерттеп, қарау керек. Егер орталық пен зертхана спортшыларға қатты жаны ашитын болса, мемлекеттен қаржы алмай-ақ сынамасын алсын. Өйткені әлемде бірқатар Допинг орталығы тәуелсіз. Артынша спортшылардың жағдайын біліп, сұрап жатқан ешкім жоқ. Ұсталса, халықаралық деңгейдегі жарыста ұсталсын. Мұндай көрсеткіш аз. Өкініштісі, елімізде өтіп жатқан сайыс нәтижесі бойын­ша ұстап беріп отыр. Осы мәселені орталық басшысына айтқанымда шамданып қалды. Хабарласып, еш жерге жарияламасын, жазбасын деп айт­қаны тағы бар. «Ауруды жасырған өледі» деген бар. Ашық айтып, балаларды оңды-солды құрбандыққа шала бермей, ес жияйық. Жауапты министрлік осы мәселе бойынша шара қолданса деймін.  Отандық спорттың дамуына сіз бен біз болып үлес қосайық.  
 – Жақында ғана «Ақжайық» клубы турасында әкімнің есеп беруінде кеткен кемшілікті жіпке тіздіңіз. Мұндайды жиі жазып жүрсіз, сізге жоғары жақтан қысым болмай ма?
– Жасыратыны жоқ, жоғары жақтан қысым  жасайды, ол қысым жалғаса беретінін де білемін. Үндемей отыруға дәтім жібермейді. Біз үндемесек, басқалар үндемесе, кім спорттың жайын күйттейді? Онсыз да 30 жыл мардымды нәрсе айтпадық. Біріншіден, халыққа бәрін ашық жариялау қажет. Сол үшін қолда бар ақпаратты барынша тексеріп, бөлісемін. Әрине, бұл ешкімге ұнамайды. Отандық спортта былық көп екені белгілі. Соған қарамастан, қолдан келгенше аянып қалмаймын. Екі рет сотқа берген кез болды. Үркітіп, түнде қоңырау шалып, мекенжайымды сұраған сәт болды. Басқа да қитұрқы әрекетке барып жатыр. Психологиялық түрде қысым көрсеткісі келеді. Ақпараттық шабуыл жасайды, мен туралы жалған ақпарат таратады. Мұнымен тоқтамай, алға қарай жүріп келемін. Мысалы, Амангелді Сейіт­хан ағамыз қазақ спортының дамуына аянып қалған жоқ. Сол сияқты қазақтілді спорт журналистері қолынан келгенде тырысуы керек. Қазақтілді спортшының, бапкердің мұңын біз түсініп, үнін билікке жеткізбесек кім жеткізеді?! Халық ақиқатты білуге хақылы. 
– Сөз соңында елдегі спорт журна­лис­тикасы жайына тоқталсаңыз. Ермұхамед Мәулен «спорт журналис­тикасын, журналистерін шеттетеді» деген еді. Мұнымен келісесіз бе?
– Қуантарлығы, спорт журналис­тикасы дамып келе жатыр. Спорттың ішіндегі сала-салаға тамыр жайып келеміз. Футбол, хоккей, шаңғы деп кете береді. Мәселе көтеріп, талап етіп жүр. Сол арқылы саладағы біраз былық шығып, олқылық орны түзеліп келеді. Министрлік өкілдері де спорт мамандары керек екенін айтып жүр. Өз басым шеттету көргенім жоқ. Керісінше, әртүрлі мәлімдеме мен ақпаратқа бола шеттетіп, федерация басшылары басын ала қашатыны бар. Спорт журналистикасы Сейдахмет Бердіқұловтан басталады. Несіп Жүнісбай, Қыдыр­бек Рысбек, Амангелді Сейітхан, сол кісілердің бастап берген көшін жалғастырып келеміз. Бізге қызығып, тәжірибе жинағысы келетін жастар көп. ЕҰУ-да кафедра ашылып, Ермұхамед Мәулен бас болып маман даярлап жатыр. Бұл – қуанарлық бастама. 
– Әңгімеңізге рақмет. 

Сұқбаттасқан 
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ

3655 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз