Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Шартарап
  • 18 Қаңтар, 2024

Сенат Франциямен арада жаңартылатын энергия көздеріне қатысты құжатты мақұлдады

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы жаһандық жылынуға қарсы күрес саласындағы ынтымақтастықты іске асыру туралы арнайы келісімді ратификациялау туралы» Заңы мақұлданды, - деп хабарлайды kazgazeta.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Заңның мақсаты - 2022 жылғы 30 қарашада Парижде жасалған арнайы келісімді ратификациялау. Келісімнің негізгі міндеті - Қазақстан Республикасының аумағында жаңартылатын энергия көздері, орнықты даму саласындағы ірі жобаларды ілгерілету, әзірлеу және іске асыру арқылы жаһандық жылынуға қарсы күрестегі ынтымақтастықты жүзеге асыру.

Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мәліметінше, құжат Қазақстан мен Францияның энергетикалық қауіпсіздік саласындағы мақсаттарына, басымдықтары мен міндеттемелеріне қол жеткізуге, экологиялық таза технологияларға көшуге және шығарындыларды қысқартуға жәрдемдесетін жобаларды ілгерілетуге бағытталған.

Келісім аясында ірі жобаларды іске асыру жоспарланған. Мәселен, құжатта Жамбыл облысы Мирный кентінің аумағында жалпы қуаты 1 ГВт жел энергиясын пайдаланатын гибридті электр станциясын іске асыруды, әзірлеуді, салуды және пайдалануды көздейтін Мирный жобасын іске асыру ескерілген. Бұл жобаны іске асыру жаңартылатын энергия көздері секторын дамытуды жалғастыруға, нысаналы индикаторларға қол жеткізуге, сондай-ақ жыл сайынғы көмірқышқыл газының шығарындыларын кемінде 2 млн тоннаға қысқартуға мүмкіндік береді. Мирный жобасы 250 тұрақты жұмыс орнын, 2500 уақытша жұмыс орнын құруға және 820 млрд теңгеге жуық инвестиция тартуға мүмкіндік береді.

Келісімді ратификациялаудан күтілетін нәтиже - БҰҰ жүйесі аясында климаттың өзгеруіне қарсы күрес саласындағы әмбебап халықаралық шарттар бойынша Қазақстан Республикасының халықаралық-құқықтық міндеттемелерін іске асыру.

561 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз