Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 25 Қаңтар, 2024

Айжан Жүзбай, дизайнер: Бәрі асқақ арманнан басталды

Оның мінезі мен болмысы «қазаққа қызмет етпей қоймайтынын» айқындайды. Сөзінен Алтай даласындай биік, қимылынан Алатаудай өр екенін байқайсыз. Жасап шығарған дүниесіне қарап, ұлы даланың жауһарын көргендей күй кешесіз. Расымен, ZHUZBAY брендінің мәні  қазақылықта, еркіндікте жатыр. 
 

– Айжан, ZHUZBAY бренді қалай дүниеге келді?
– Бәрі үлкен арманнан басталды. Бес жасымда Түркістан облысының Қалаш ауылында отырып, түрлі қиялға бататынмын. Бірде теледидардан сән қойылымын көріп, сән саласында жүмыс істесем деп армандадым. Сол жылы біз Шымкентке көштік, кейін араға бір жыл салып Қарағандыға қоныс аудардық. 19 жасымда Қарағандыдағы Коммерциялық колледжге қабылданып, оқуды қызыл дипломмен бітірдім. Алда диплом табыстау кеші күтіп тұрды. Қызу дайындалып жүрмін. Ойымдағыдай көйлек тіккім келді. Көп әурелендім, мата іздедім. Алайда қиялымдағы эскизді дәл түрлендіре алатындай мата таба алмадым. Содан дайын көйлек сатып алуды ұйғарып, дүкен аралап кеттім. Сөйтіп жүргенде Бейжің Сән және технология институтына оқуға қабылдайтынын, грантқа түсу мүмкіндігі бары жайлы кішкентай жарнамаға көзім түсті. Сол сәтте өмірлік арманыма жолдама тап­қандай қатты қуандым. Құжаттарымды тапсырып,сайыстан өтіп, «Бейжің қайдасың» деп тартып отырдым. Күткендей, бар қызық Бейжіңде басталды. Бұл қалада жеті жыл тұрдым. Білім мен ілім жиып, көп іздендім, біраз таныс таптым. 2015 жылы Fashion Art Design мамандығы бойынша диплом алып,оқи жүре ізденіп, бітірген жылы ZHUZBAY брендінің мінезін,түпкі идеясын толлыққанды дайындап шықтым. Сөйтіп, іштей Сән апталығына дайындала бастадым. 2016 жылы Қытайдың Сән апталығын ашқан, сонда сегіз қанатты қазақ үй тіккен (Nomadic Showroom) тұңғыш Орталық Азия дизайнері болдым. Әлемдік аренада атымды шығарып, өнерімді паш етіп, қошеметке бөлендім. Көрген түстей ғажап сәт еді. Осылайша, ZHUZBAY бренді дүниеге келді. Бұл брендтің әлемдегі сән алпауыттарымен терезесі тең болғанын қаладым. Менің қолтаңбамды зерттей алған адам киім стилінен кеңдікті, дархандықты, батыл адамның образын көреді. Негіз қошқармүйізде жатыр. Өйткені бұл ою түрі қайсар мінезді сипаттайды. Оған қоса береке мен тоқшылықты, байлықты білдіреді. Сондықтан брендімнің культі – қошқармүйіз. Сондай-ақ өндірісте қой мен ешкі жүнін пайдаланамыз. Бабаларымыз да қой терісін өңдеп, киім еткен. Білесіз, таза тері бес-ақ жылда ыдырап кетеді. Ал жасанды тері 55 жыл бойы ыдырамай, табиғатқа зарарын тигізеді. Сол үшін «ұямда не көрсем, ұшқанда соны іліп» жүрмін. Баба жолында тәлім де, тәрбие де, қазына да жатыр. Тек оны көріп, қазып, «інжу-маржанын» кәдеге жарату керек.


– Ал ұлттық ою-өрнекті сән әлеміне әкелу, дамыту қаншалықты өміршең?
– Әрине, сұрағыңыз орынды. Байқасақ, қазір екінің бірі киімге ою-өрнек салады. Оның өзіндік жолы, орны бар. Бұл туралы аға-апаларымыз мәселе көтеріп, жақсы айтып жүр. Жалпы, киім дизайнына ою кестелеу әсемдіктен бөлек, ұлттық кодты, ұлттық өнерді дәріптейді. Әр оюдың мағынасы мен белгісі бары тағы бар. Мәселен, киімдегі оюдан адамның жасы, жағдайы,­ айтар ойы менмұндалап тұрады. Байқасаңыз, 2000 жылдан кейін туған жастар ою-өрнекке қатты қызығады, киіп жүреді. Мұны әлеуметтік желілер арқылы сәнге айналдырып жатыр. Бұл – қуантарлық жағдай. Қыздар арасында тақия кию әлі күнге тренд. Оған қазақи сәндік бұйым тағу қосылды. Ерлер де шапан киюді әдетке айналдырып жатыр. Осылайша, сұраныс туады. Бұрын шапан тігіп, ою басатындардың жұмысы жүрмейтіндей көрінетін. Қазір олардың табысы күн санап артып келеді. Оның үстіне кейінгі екі жылда шетелдіктер біздің мәдениетке қатты қызығушылық танытып жатыр. Бұл мен үшін мақтаныш, құдды бір жетістік.
– Сіздіңше ұлттық болмысымызды көрсететін, танытатын заманауи ұлттық киім қандай болу керек?
– Жоғарыда айтқанымдай, нағыз дизайнерлік киім өзінше «сөйлеуі» керек. Ерекшелігін, мінезін, табиғатын түсіндіріп тұрғаны жөн. Яғни көрген жұрт бірден қазақ екенімізді танып, өр мінезіміз бен дархан даладай пейілімізге қанық болса деймін. Айтқанымдай, заманауи ұлттық киім заман ағымына сай сапалы тігілген, айтар ойы мен тәлімі бар, ыңғайлы, сәнді болуы тиіс.
Қазір екінің бірі «өзіміздің өнім» деп киім пішеді, тігеді. Сұрай қалсаң, қол астында үш-төрт тігінші барын айтады. Бірақ үлкен өнеркәсіп ашып, салаға дендей кіру ойында жоқ сыңайлы. Осыған көзқарасыңыз қалай?
Көбі көрпесіне қарай көсіледі. Әрине, арман-жүйрік ұстатқан ба, әркімнің бір биікке жетсем дейтін қалауы бары рас. Бірақ арманның шыңына екінің бірі жете бермейді. Дәлірек айтқанда, жігер, талант, табандылық, білім мен ізденісті кәсіпкерлік талантпен ұштастырғанда ғана нәтиже көресің. Мәселен, биыл Бейжіңнен Астанаға көшкелі жеті жыл  болады. Ал Астана қаласында жекеменшік дизайн студиямызды ашқаныма дәл бүгін бір жыл толды. Бұдан бұрын жалдамалы жүйеге тәуелді болдық. Енді сол студияны кеңейтуді жоспарлап отырмыз.
Оған қоса биыл Шымкент қаласында «Оңтүстік» атты арнайы экономикалық аумақтан тігін фабрикасы, тері мен жүнді өңдеп, дайын зат шығаратын зауыттың жоспарын дайындап жатырмыз. Сәтін салса күзге дейін құрылыс бастау жоспарда бар. Сондай-ақ осы кеңістікте қазақ мәдениетіне негізделген жиһаз бен тұрмыстық бұйымдарды шығаруды қолға алсам деймін. Сонымен қатар менталитетімізді ескере отыра, Қазақстанда өсіп жатқан өсімдіктер негізінде косметика, бет пен дене күтім құралдары мен парфюмерия шығарғым келеді. Қазір инвесторлармен келіссөз жүріп жатыр. Осы келіссөз турасында бұрын жинаған тәжірибем көмектесті. 
2019–2023 жылдар аралығында Қазақстан ішіндегі форумдарда, Президенттің шетел іссапарларындағы жиында біраз инвестормен танысып, ой-өрісім жетілді. Енді қызу жұмыс істеп, жұмыс орындарын ашып, өнерімді, ұлтымның мәдениетін әлемге паш етсем деп білек сыбана кірістім.

– Әңгіменің ауаны креатив экономиканы дамытуға келіп тіреледі. Біз креатив экономиканы қалай көтереміз? Оған сән әлемі нендей үлес қоса алады?
– Сән индустриясы креатив экономиканың жарқын үлгісі. Бұл саланың экономикадағы рөлі мен орны айқындалып келеді. Әлемдік тоқыма және тігін өнеркәсібіне айтарлықтай әсер етеді. Мысалы, жасанды интеллект дамыған заманда, адамның ой өрісі терең екенін, ол ойлап таппаған нәрсе компьютерге түспейтінін ұмытпағанымыз абзал. Сондықтан креатив салада жетістікке жетудің маңызы зор. Президент кейінгі үш жылда креатив экономикан дамытуды назарында ұстайтынын, бұл болашаққа деген үлкен қадам екенін сан мәрте айтты. 
Мен білетін дизайнерлер онлайн шет елмен жұмыс істеп, креатив туындыларын жасап, пайда көріп жатыр. Мәселен, өз басым пандемия кезінде де тоқтамай, үйден Қытаймен жұмыс істедім. Қаражатсыз қалмадым, кәсіби өрлеп, іздендім. Оның үстіне шектеу жоқ, барынша дамыған елде өскен жастар алдынғы ұрпаққа қарағанда батыл, креатив келеді. Сондықтан мен жастарға сенемін! 
– Бәрі үлкен арманнан басталды Ал сән әлемінде шетелмен байланыс жағы қалай өрбиді? Сән апталығында жүргеніңізді жиі байқаймыз. 
Бәрі үлкен арманнан басталды. Өткен жылы шетелде тоғыз іссапарға бардым. Орташа есеппен төрт ай бойы шетелде жүріппін. Фабрикаларды, зауыттарды, тоқыма кәсіпорындарын, зергерлік шеберханаларды араладым. Келіссөз жүргіздім, көкжиегімді кеңейтіп, бірталай іскерлік байланыс орнаттым. Жақында жобаларым іске асып жатса, бәрінен хабардар боласыздар.
– Алда ZHUZBAY брендін қандай болашақ күтіп тұр, жоспарларыңызбен бөліссеңіз? 
– Қазір қыруар жұмыс пен ізденіс жүріп жатыр. Haute couture француз тілінен сөзбе-сөз аударғанда «жоғары тігу» дегенді білдіреді. Дайын киім топтамаларындағы претапорте (нарықтағы масс-маркет) киімдерден айыр­машылығы, Haute Couture өнімдері жаппай тұтынушыға арналмаған. Бір данадан ғана жасалады. Өзіндік елітер аурасы бар. Мысалы, сіз жоғары кутюр көйлегін кигенде матасы, сапасы, пішімі туралы уайымдамайсыз. Сізде ғана барын, ерекшелігін біліп, қуаттанасыз. Өзіңізбен бірге тарихты, нағыз шеберлікті, мәдениетті киіп жүргеніңізді біліп, рухтанасыз. Тарихқа үңілсек, алғашқы кутюр сән апталығы 1945 жылы өтті. Сол кезде жоғары сән синдикаты өз заманының ең көрнекті дизайнерлерінен бірегей топтамалар көрсетілімін ұйымдастыруды сұрады. Осылайша, сән әлемінде нағыз «соғыс» басталды. 1973 жылы әйгілі «Версаль шайқасы» болған кезде шарықтау шегіне жетті. Содан кейін француз дизайнерлері Ив Сен Лоран, Пьер Карден Юбер де Живенши, Марк Боан және Эмануэль Унгаро американдық әріптестері – Анна Кляйн, Рой Халстон, Оскар де ла Рентаға қарсы біртұтас майдан ретінде әрекет етті. Әрине, «қарудың» орнына кутюрьеде киімдер мен аксессуарлар болды. Көрерменнің көзі Америка жағында болғанымен, соған қарамастан, Париж өзінің жоғары сән астанасы мәртебесін сақтап қалды. Ал Chambre syndicale de la couture өз ықпалын кеңейтуді жалғастырды. Осындай тұнып тұрған тарихқа сүңгігім келді. Осы аураны сезініп, жоғары сәнге лайықталған көйлек тігуді ойладым. Алда Париждегі жоғары сән апталығына ресми түрде қатысқан Орталық Азиядан бірінші дизайнер атанғым келеді. Арманым – қазақ даласының мәдениетінің барлық ерекшелігі мен ұлылығын көрсету. Сол үшін барынша жұмыс істеп, брендті дамытуды, жоғары сәнге лайықтап киім пішуді жалғас­тырып жатырмын. 
– Бұрын институт ашуды жоспарлап жүргеніңізді айтып едіңіз. Сөз соңында соның жайына тоқталсаңыз.
– Қазір назарымды кәсіби өсу және өндірісті дамыту бойынша толық дайын­дық жүргізуге бұрдым. Сондықтан институт жайы уақытша кейінге қалды. Бірақ жоғарыдағы пункт орындалғанда, салада жетістікке жеткеннен кейін, нақты тәжірибеге сүйене отырып, институтты дамытамын. Бар білгенімді жастарға үйретіп, олардың өсіп-өнуіне ықпал еткім келеді. Ал қазірше шығармашылық, ғылыми-зерттеу ақпаратын жинап, кадрларды іріктеу үстіндеміз.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан
Айзат Айдарқызы

1259 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз