Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 01 Ақпан, 2024

Бауыржан Мырзабаев, әлемге әйгілі жокей: Қазақстанда жанкүйерлерім енді көбейіп келе жатыр

Бауыржан Мырзабаев бала кездегі арманына адалдық танытып, кәсіби шыңдалу үшін шетел асқан азаматтың бірі. Кәсіби шабандозды қазір бүкіл әлем таниды десек артық айтқандық емес. Ол осы уақытқа дейін  Чехияның 3 дүркін, Германияның 4 дүркін, Еуропаның 2 дүркін чемпионы атанып үлгерген шабандоздың бірі. Әлем таныған жокей (шабандоз) жақында елге оралған болатын. Оның әр күні, әр сағаты тығыз кестеге құрылған. Десе де қарапайымдылығы басым жігіт елге келген сапары аясында уақыт тауып, редакциямызға бас сұқты. Біз өз кезегімізде жастайынан ат құлағында ойнап өскен талантты жігіттің жетістікке жету жолын білмек мақсатта әңгімеге тарттық. 

- Редакциямызға қош келдіңіз, Бауыржан! Әңгімеміздің әлқиссасын «елде қаншалықты жиі боласыз» деген сұрақтан бастағым келіп тұр.

- Елге жиі келе бермеймін. Егер келе қалғанның өзінде арқаны кеңге жайып демалуды көздеген емеспін. Әрі кеткенде бір-екі күнге аялдап, іні-қарындастарымның тойына қатысуға, отбасылық қуаныштың ортасынан табылуға тырысамын. Басқа кезде уақыт жоқ. Бірақ осы жолы бір айға келдім. Негізі соңғы екі жылда Қазақстанға ең ұзақ уақытқа келген сәтім осы шығар.

- Жылқы жануарына қызығушылығыңыз қай кезден басталды?

- Ауыл баласы атқа жақын болады ғой. Кішкентайымнан жылқыға үйірмін. Жеті жасымнан бастап бәйгеге шапқан адаммын. Содан бастап шабандоздыққа деген қызығушылығым ешқашан басылған емес.

- Чехиядағы жокейлер мектебіне жолыңыз қалай түсті?

- Бізде бәйгеге шапқан балалардың көбі кейін далада қалады. Олар 14-15 жасқа толғанда бәйгеге қатыса алмайды. Сол себепті мен бала күнгі арманымды әрі қарай орындау үшін шетелге кетсем деген мақсатым қойдым.   Шет мемлекеттерде ат бәйгесі кәсіби тұрғыда жақсы дамыған. Керек десеңіз, ол жақта өмірбойы ат спортымен жұмыс жасай аласың. Сондықтан алғашында Англияға кетсем деген ойым болған, бірақ ыңғайы келмеді. Италияға да жолым түспеді. Чехияға кетуіме Алматы ипподромының директоры Нұрлан Тілеулесов деген ағам себепкер болды. Сол кісінің таныстарының көмегімен  2009 жылы Чехияға жол тарттым.

Әлемге әйгілі шабандоз Бауыржан Мырзабаевтың редакциямызға келген сәті

- Жокей лицензиясын алу қиынға түсті ме?

- Әрине, бұл оңай дүние емес. Өйткені, жокейліктің 9-сыныптан кейін түсіп оқитын, кәдімгі біздегі колледж секілді мектебі бар. Ол жерде үш жыл білім аласың. Содан кейін ғана лицензия алып, жарыстарға қатысуға мүмкіндік туады. Бір қызығы, қай мемлекеттің лицензиясын алдың, сол жерде жарыстарға тұрақты қатысу үшін сол елдің тілін жетік білуің керек. Ең бастысы, ат спортының ережелері дүние жүзі бойынша бірдей. Лицензия бермес бұрын сол ережелерден тест тапсырасың. Медициналық тесттен өтесің. Бәрінен сүрінбей өткенде ғана лицензия иеленесің.

- Алғаш рет Чехияда жыл қорытындысы бойынша чемпион атандыңыз. Жалпы чемпиондық титулға жету үшін неше мәрте бәйгеге қатысу керек?

- Жокейлер арасында чемпион атану үшін бір бәйгеден жеңіп шығу аздық етеді. Себебі бәйгені кездейсоқтықпен ұтып алуың да мүмкін. Ал талап бойынша бір жыл бойы ең көп ұтысқа жеткен шабандоз ғана чемпион болады. Үлкен жарыс, кіші жарыс болсын, бәрі бір ұпайдан саналады. Жеңістің белгіленген шегі жоқ. Бәрі қарсыластарыңа, олардың бәйгедегі жеңіске жеткен санына байланысты. Олардан артық көрсеткіш көрсетсең,  чемпиондыққа қол жеткізесің. 

- Еуропадағы ат жарыстарының біздегі бәйгелерден айырмашылығы қандай?

- Еуропа чемионатының артықшылығы – ережелер өте жақсы сақталады. Тұлпардың жағдайы жақсы жасалған. Бізде кез келген алаңда бәйге ұйымдастырыла береді ғой. Ол жақта ат жарыстарына арнайы жасалған ипподромдар бар. Бәрі талапқа сәйкес болуы керек. Жүлденің де қаржысы қомақты. Біздің бәйге мен шетелде  мен қатысып жүрген ұшқыр бәйгенің кәсіби тұрғыдан айырмашылығы жер мен көктей. Сондықтан оларды бізбен салыстыруға келмейді. Мәселен, Жапонияда жарыста 3-4 миллион доллар ақша тігіледі. Ипподромға 100-120 мың адам жиналады. Делебесі қозған жанкүйерлердің де белсенділігі сұмдық. Ипподромда орнатылған экрандарда шауып келе жатқан аттарды жақындатып, алыстатып, түрлі планда жарысты тікелей көрсетіп отырады. Бәс тігіп ойнайды. Егер шындап қолға алса, бұл – өз шығынын ақтайтын, өзін-өзі  алып жүре алатын спорт түрі.

- Демек, біздің шабандоздар оларға жете алмайды дегіңіз келе ме?

- Мүлде салыстыруға келмейді. Біріншіден, Қазақстанда ондай спорт түрі толыққанды қалыптаспаған. Біздегі шабандоздар өздерінің қызығушылығына қарай қатысып жүрген жай адамдар деп есептеймін. Олар кәсіби шабандоздар қатарына жатпайды. Кәсіби шабандоз болу үшін көптеген жарыстарға қатысып, тәжірибе жинақтау керек. Қанша жерден талантың асып тұрса да, өзіңді шыңдамасаң чемпиондық дәрежеге жете алмайсың. Ақшасы көп қалталы азаматтар миллиондаған доллар шығындап ат сатып алады. Ал шетелде тәжірибең болмаса, жақсы аттардың жанына ешкім жолатпайды. Тұлпарларға өте үлкен ақша салып отырғаннан кейін, тәуекелге баруден қорқады.

- Табысыңызға тоқталсақ, әлемге танымал жокей қанша табыс табады? Жалпы бәйгеден бірінші келгенде сізге жүлденің қанша пайызы беріледі?

- Маған жарыстардың жүлде қорынан 5-7 пайызға дейін беріледі. Ұтқан жарыстарымның санына да байланысты болады. Табысымның белгіленген шекті мөлшері жоқ. Бір жылда қанша жарысқа қатысамын, қаншасын ұтамын,  соған байланысты табыс табамын. Сондықтан табысым әр жылда әрқалай.

- Бәйгеге қатысатын аттарды қалай таңдайсыз?

- Бір ат күнде жарыста шаба алмайды. Ең жиі дегеннің өзінде 2-3 аптада бір рет қана жарысқа шығады. Өйткені жарыс тұлпарлар үшін өте ауыр. Кейбір аттар жылына 3-4 реттен артық шаппайды. Бізде күнде жарыс болған соң, тақымыңдағы ат ауысып тұрады. Дамыған мемлекеттерде он күн бұрын қай жерде қандай жарыс өтеді, оның уақыты, қандай аттар қатысқысы келетіні туралы мәліметтер алдын-ала интернетке шығады. Соның бәрін бақылап отыратын менеджерім бар. Ол бапкерлермен, ат иелерімен сөйлесіп, келісім жасайды. Мәселен, менің бір күнде 8-12 атпен шабатын кезім болады.  Менеджердің ақысы менің ұтысымның процентінен де жүріп тұрады.  Екі тараптан қызығушылық туғандықтан, менеджер барынша жақсы, бәйгеден оза шауып келетін аттарды табуға тырысады. Егер бәйгеге жаңадан қатыстырылып жүрген аттар болса тұқымына мән беріледі. Тұлппардың тегі жан-жақты тексеріледі. Себебі аттың қабілеті генмен жақсы беріледі. Бірақ мұның өзін жүз пайыз көрсеткіш деп айта алмайсың. Сонымен қатар, ай сайын бәйгеде шауып жүрген аттардың бұрынғы нәтижелеріне қараймыз. Жарыстарда екінші, үшінші келіп, бабы келісіп келе жатқан аттарды таңдаймыз. Әр кезде дүлділ тұлпар тақымыңа бұйыра бермейді. Ұзын сөздің қысқасы, жанып тұрған тұлпарға талас көп.

- Жылқыны менеджеріңіз таңдайды деп отырсыз. Дегенмен жылқы көлік емес қой, тірі жануар дегендей. Сондықтан шабандоз тақымындағы атпен қандай да бір байланыс орнатып, сезіне білуі керек шығар?

- Иә, кейбір атқа қайтадан отырып бәйгеге шауып жатасың. Ал кейбіріне кәсіби тілде «галоп» дейді, яғни соңғы дайындығына барып қатысуға тырысамыз. Бірақ әрқашан оған ыңғай келе бермейді. Аттардың бірі Францияда, енді бірі Англияда бапталады. Кейде бәйгеде шабатын тұлпарды алдын-ала көре де алмайсың. Сырттай мәліметтерімен танысып, соған қарап тактика, жоспар құрасың. Бір жағынан мұндай жағдай жұмысымызды жеңілдетеді. Алайда жарыс кезінде тақымыңдағы аттың әр әрекетін сезіну,  түсіне білу адамның талантына байланысты. Бес жүз келі тартатын тұлпар сағатына 70 шақырым жылдамдықпен шапқанда, оны тізгіндей білу өте маңызды.  Оның күшін жарыстың дистанциясына бөліп, мөлшерлеп ұстамасаң, соңына жетпей, шаң қауып қалуың мүмкін. Бұл жерде Құдайдың берген таланты мен тәжірибе қатар жүреді. Бір-бірімен тағыз байланысты. 

- Шыны керек, біздегі бәйгелерде шабанозға көп мән бермейтін секілдіміз. Бірінші келген тұлпар ғана дәріптеліп жатады. Осыған сіздің көзқарасыңыз қандай? 

- Әрине, сізге қаншалықты мықты жылқы бұйырса да, шабандоз қателік жіберсе тұлпар межеден бірінші келмейді. Керемет шабандоз бола тұрып, нашар жылқы жолықса, бұл ретте шабандоз сөзсіз ұтылады. Пайыздық тұрғыдан есептегенде, көп жағдайда тұлпардың күші мен бабына байланысты. Ал қалғаны шабандоздың айласы, әккілігіне байланысты деп айта аламын. Бұл жерде үшке бөліп қарастыру қажет: бапкер, ат және жокей. Бірі мықты болса, келесісінің қатесін жауып кетуі ғажап емес. Қазақта «бақ шаба ма, бап шаба ма» дейді ғой. Шабандоздың да еңбегі зор.

- Жокейлерге салмақ қоспау керек деген талап бар ғой. Бұл жағы сізде қалай? Арнайы диета ұстайсыз ба? Естуім бойынша, салмақ сақтау үшін екі күнде бір ғана алма жеген кезіңіз болған екен. Осы қаншалықты рас?

- Ол рас әңгіме. Бұл тұрғыда әр шабандоздың жағдайы әртүрлі келеді. Менің  бірінші кемшілігім бойшаңмын. Сондықтан салмағым ауыр тартып тұрады. Сол себепті 55 келі салмақты ұстап тұру маған қиындық тудырып жататыны бар. Кейде бір кофе ішіп, бір алма ғана жеп салмақ түсіретін де кездер болады. Өйткені бір күн Парижде болсаң, екінші күні Берлиннен табыласың. Арақашықтығы әжептәуір болғандықтан бірде ұшаққа, бірде пойызға мінесің. Кейде көлікпен жетесің. Ондай шақтарда салмақ қуалайтын уақыт та таппайсың. Сол жағы маған ауыр тиеді. Кейбір шабандоздың салмағы жеңіл, бойы кіші болғандықтан, тамақ жағынан мәселе жоқ. Өзінің физикалық қалпын сақтаса жетіп жатыр. Ал маған ең бірінші салмақты қалыпты түрде сақтау қажет. Оған қоса салмақ сақтаймын деп жүргенде, қатты әлсіреп қалмау жағын ескерген дұрыс. Себебі оның бәрі жарыс кезінде бірден сезіледі.

- Әлемдік деңгейдегі танымал жокей атану үшін қандай қасиеттер қажет?

- Жанкүйерлер тек қана жеңімпазды көреді. Тек жеңіс жайында ғана біледі. Ал оның артында қаншама қиындықтар тұрғанын көбі ескере бермейді. Жокейге тән қасиеттер ретінде салмақты үнемі қадағалауды, шыдамдылықты айтар едім. Адам бойындағы сенімділік те маңызды рөл атқарады. Бір қарағанда ат үстінде шауып келе жатқан шабандоздың тірлігі түк қиын еместей көрінуі мүмкін. Алайда ат жарысы физикалық тұрғыдан ауыр жұмыс. Миллиондаған қаржы тұратын көліктен де қымбат атты саған сеніп тапсырғаннан кейін, оның иесінің алдындағы жауапкершілік те бар. Келесі бір мәселе, бұл үлкен дәрежедегі, мыңдаған жанкүйер көз тігіп отырған спорт түрі. Аздаған қате жіберіп қойсаң, газет бетіне, жаңалықтарға шығарып, тез жамандай салады. Мұндай жағдай шабандозға психологиялық тұрғыдан өте ауыр тиеді. Сондай-ақ, үнемі сырт мемлекеттерде жүретіндіктен тіл білу өте маңызды.

- Өзіңіз қанша тілді меңгергенсіз?

- Қарапайым ауылдан шыққан баламын. Қаза тілі қанмен сіңген, көріп отырсыз. Бұдан бөлек орыс, ағылшын, неміс және чех тілін білемін.

- Әлемнің түпкір-түпкірінде жанкүйерлеріңіз көп екенін білеміз. Ал өзіңізді Қазақстанда танымалмын деп есептейсіз бе?

- Осыған дейін Қазақстанда мені ешкім танымайды деп айтатынмын. Қазір бәрі ақырындап өзгеріп келеді. Кабирхан Дубайда ұтқаннан кейін және көшпенділер ойыны Қазақстанда өтетін болған соң, елдегі жұрттың осы спорт түріне деген қызығушылығы арта түсті. Халық мені де «осындай жокей бар екен» деп тани бастады. Ал негізінде мені өзге елдерде көбірек таниды. Қазақстанда жанкүйерлерім көбейіп келе жатқанына қуаныштымын.

- Алдағы мақсат, жоспарларыңызбен бөлісе кетсеңіз?

- Бұл туралы осыған дейін де тілге тиек еткенмін. Елімізде жокей мектебін ашсам деген ойым бар. Мен өзі жылда өзіме мақсат қоятын адаммын. Бір жылым өткен жылдан асып тұру керек. Құдайға шүкір, бір жылым бір жылымнан жақсы болып келеді. Осы тұрғыда тағдырыма еш ренішім жоқ.

- Отбасын құру ойда жоқ па?

- Отбасын құру қазір мен үшін басты дүниенің бірі. Қазақ қызына үйленемін деген ұстанымым бар. Егер жақсы қызды кездестірсем, отбасы құрудың уақыты келді деп ойлаймын. Уақыт бір орында тұрып қалмайды. Адам бәрін бірге алып жүруі керек. Осы күнге дейін карьераны ойладым, енді жеке өмір жайлы ойланатын уақыт келді деп санаймын.

- Ендеше,  сәттілік тілейміз. Жеңісті күндеріңіз көп болсын!

Сұхбаттасқан:

Гауһар Түстікбаева,

"Қазақ газеттері"

1485 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз