Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 07 Наурыз, 2024

Ғылым – өндірістің іргетасы

Елімізде шетелден тағылымдамадан өтіп, білім алып келген жас ғалымдар көп. Ал олар қазір немен айналысып жатыр? Олардың  зерттеп жүрген саласы қандай? Бұл сауалдарға елімізде өнімді еңбек етіп жүрген бірнеше жас ғалым қыздар жауап берді. 

 

Айнұр Жидебаева, Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті, PhD: 

Менің түсінігімдегі ғылым...
 

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай атамыз айтқандай, ұстаз еңбегінің қыр-сыры мол. Бұл қиын да жауапты, шығармашылық еңбек екенін баршамыз мойын­даймыз. Сондықтан мен үшін мұғалім – ең мәртебелі, құрметке лайық мамандық. Менің түсінігімдегі ұстаз – рухы таза, ой-өрісі биік, ұлты мен Отанының болашағы үшін тер төгіп, шыдамдылық пен табандылықтың үлгісін көрсетуші, жаңашылдықтың бастаушысы, жүрегі жылы, көңілі дарқан адам.
Ұстаздық жолымды 2008 жылдан бастап  Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінде «Ғылым және технологиялар» факультетінде «Жаратылыстану ғылымдары» кафедрасында оқытушы ретінде бастадым.
Осы еңбек еткен 16 жылда талай жетістіктерге жетіп, Әзербайжан мемлекетінің Баку қаласында «Баку мемлекеттік университетінде» біліктілікті көтеру және тәжірибе алмасу мақсатында тағылымдамадан өтіп келдім. Түркия еліне жолым түсті, Ыстанбұл қаласында Йылдыз техникалық университетінде біліктілігімді жетілдіріп, тәжірибе жинақтадым.
Ал ғылымда биоалуантүрлілікті сақтау­ды зерттеумен 12 жылдан бері айналысып келемін. 30-дан астам ғылыми еңбегім бар: оның ішінде импакт-факторы нөлдік емес Scopus индекстелетін басылымдардағы жарияланымдар саны – 6, хирша индексі (Scopus) – 2.  
Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық қаржыландыру негізінде  бірнеше ғылыми-зерттеу жұмысын жүргіздім. «Каспий жағалауы аймағындағы қоршаған табиғи орта компоненттерін және техногендік объек­тілерді кешенді зерттеудің ғылыми негіздемесі» тақырыбы бойынша министрліктің гранттық қаржыландыру жобасын орындадым.  «Өсімдіктердің биоалуантүрлілігін сақтау және ұтымды пайдалану үшін Маңғыс­тау шөлді аймағында ландшафтық-коллекциялық және бақ-сая­бақ екпелерін құрудың ғылыми-практикалық және компьютерлік-ақпараттық негіздерін әзірлеу» тақырыбы бойынша министрліктің гранттық қаржыландыру жобасының жауапты орындаушысы болдым. 
Қазір мемлекет тарапынан жас ғалымдарға жақсы қолдау көрсетіліп отыр. Министрліктің 2023–2025 жылдарға арналған «Жас ғалым» жобасы бойынша жас ғалымдарды гранттық қаржыландыруға арналған конкурста «Шетпе–Оңтүстік бор карьерінің аумағында био­алуантүрлілікті сақтаудың экологиялық аспектілерін ГАЖ технологияларын қолданумен ғылыми негіздеу» жоба тақырыбында грант иегері атандым. Мемлекет басшысы Қасым-
Жомарт Кемелұлының 2022 жылдың қарашасында өңірімізге келген іссапарында да «Шетпедегі заңсыз қоқыс төгуді және карьер жұмыстарын жүргізуді доғару керек. Бұл қалдықтарды жою жөнінде арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырамын» деп айтқаны белгілі. Жобамның мақсаты – цемент зауыты қызметінің қоршаған ортаға әсерін бағалай отырып, биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі іс-шараларды таңдау үшін зерттелетін ауданның геоақпараттық мониторингінің әдістемесін әзірлеу және бағдарламалық қамтамасыз ету.
Зерттеу барысында Каспий цемент зауытының ауданында, Маңғыстау таулы аридті аймағында Шетпе–Оңтүстік бор карьерінің жағдайына қатысты ғарыштық суреттер мен ГАЖ технологияларын пайдалана отырып, өсімдіктер мен жануарлар әлемінің жай-күйіне жүргізілетін болады. Қазір Шетпе–Оңтүстік бор өндіру ауданындағы биоалуантүрлілікті сақтау мәселесінің жай-күйін анықтау үшін аймақтағы топырақтың ластану дәрежесін зерттеуге арналған үш сынақ алаңынан және бір анықтамалық учаскеден сынамалар алынды, топырақтағы ауыр металдардың (Cu, Ni, Zn, Mg, Cd, Cr) құрамы анықталды. Антропогенді ластанған аймақтан алынған табиғи фитоценоздар өсімдіктерінің құрылымына әсерін зерттеу жүргізілді. Кас­пий цемент зауытының ауданындағы табиғи ортаны олардың маңызын ескере отырып, өсімдіктер дүниесінің жай-күйін зерделеу үшін аймақтағы белгілі нүктелерден алынған өсімдік сынамаларына химиялық талдау жүргізіліп жатыр.

 

Айбүбі Дүйсебаева, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы, PhD:
 

Мал шаруашылығын өркендету маңызды 

Қазақ халқы үшін төрт түліктің орны ерек. Дала өркениетінің философиясын тереңінен түсінудің мәні «мал-жаның аман ба» деп жөн сұрасудан басталады. Ғасырлар бойы мал шаруа­шылығымен айналысқан қазақ даласында көшпелілерді жою ХХ ғасырдағы ең ірі катаклизмге әкелді. Ал мал шар­уашылығын жүргізудің өзіндік тәртібі мен жүйесі ұрпақтан-ұрпаққа тәжірибе арқылы берілген білімге негізделді. Бұл білім экожүйеден бастап табиғи дағдарыстан төрт түлігін аман алып қалу және емдеудің жолдарын жинақтаудан құралды. Малдың амандығы көшпелілер өмірінің кепілі болғаны анық. Олай болса, осы малды емдеу тәсілі мен оны жүргізудегі өзгерістерді терең зерттеу ел экономикасының маңызды бағыты – мал шаруашылығы саласына қажет тәжірибені игеруге жол ашатын прагматикалық мәнге де ие болып отыр.
Бүгінде жалпы гуманитарлық ғылым кешенінде үлкен өзгерістер жүріп жатыр. Соған орай жүргізіліп жатқан зерттеудің өзектілігі, ең алдымен, отандық тарихнамада дүние­жүзілік тарих ғылымының жаңа зерттеу стратегиялары негізінде жазылған зерттеулердің жетіспеушілігінен туындайды. Заманауи тарихнамаға тән нәрсе: пәнаралық, өзге әлеуметтік ғылым әдістерін пайдалану, микродәрежелі зерттеулерге қызығу, тарихи дереккөздердің алуантүрлілігі, сондай-ақ адамзат тіршілігінің жаңа қырларына назар аударатын жаңа тарихи субпәндер пайда болды. Олардың зерттеу нысандарына қарай, деректік қоры да өзгеріске ұшырады. Соның бірі – қоршаған орта тарихы. Қоршаған орта тарихындағы отаршылдық мәнмәтіні отаршылдық және ішкі жүйені сапалық өзгерту секілді теориялық негізді анықтайды. Бұл концепцияның бастапқы пункті – «шеткі аймақты жабайы, табиғи әлем» деп, ал «орталық, ішкі аймақтарды өркениетті әрі мәдени дамыған қоғам деп қабылдауы» . 
Тұжырымдалған зерттеу мәселесі мен жұмыстың қалыптасқан әдістемелік құрылымын Америкада, Калифорния­ның Дэвис университетінде шетелдік жетекші Ян Кэмпбеллдің жетекшілігімен 6 айлық ғылыми тәжірибенің нәтижесі деп қарастырсақ болады. Батыс зерттеушілерінің заманауи еңбектерін оқу, отарланған халықтардың ортасына Батыс империяларының араласуы мен дамуы зерттеудің теориялық негізіне айналды. Қоршаған орта тарихы адамдар мен адамзат қоғамының табиғат әлемімен байланысын зерттейді. Бұл қоршаған орта тарихын адамзат тарихын түсіну құралы ретінде пайдалануды көздейді. Қоршаған орта тарихшылары жердегі тірі және жансыз жүйелердің адам өміріне қалай әсер еткенін зерттейді. Олар сонымен қатар адамның қоршаған ортаға әсерінен болатын өзгерістерді бағалайды. Осы жаңа тарихи саланың дамуында ағылшын-­америкалық мектеп үлкен рөл атқарды.
Осы кезеңде тарих ғылымы «антропоцентризм» сынын да ескере отырып, «әлемді адам құндылықтары мен тәжірибесі тұрғысынан қарастыруға», яғни табиғи ортаға қатысты адамның басымдығына қарсы болатын адам мен табиғат әлемі арасындағы тарихи байланыстар интеграциясын зерттеуге көшті, ал бұл экологиялық парадигма қозғалысы «human-animal interactions» секілді басқа «қарым-қатынастардың» дамуына жол ашты. Жануарлар мен адамдардың қарым-қатынасы туралы құрастырылған тарихи әдебиет, жануарлармен байланысты өзгертетін, гуманитарлық ғылымдарда «animal turn» аталатын көлемді бөлімнің бөлшегі, ол «animal history» секілді жаңа субпәнді атау қалыптастырудағы жаңа «сын-қатерге» жауап берді. Гуманитарлық ғылымдардағы «жануар­ларға бетбұрыс» өзгерістерінен соң пәнаралық ерекше байланыстарды дамытатын, жасалған тұжырымдарды негіздеу үшін тарихи дереккөздерді оқуға мүмкіндік беретін, философиядан ветеринарлық медицинаға дейін, ғылымның басқа да салаларынан қағидалар немесе теорияларды алудың уақыты туындады.
Қазақ даласына жаңа ветеринарлық тәжірибелерді енгізу мысалында бұл әрекеттің икемділік пен сындарлықтың белгісі немесе Ресейдің әлеу­меттік тәжірибеге қол сұғу механизмі болғанын анықтай аламыз. Бұл, өз кезегінде, жануарлар тарихы мен империализмді зерттеудегі үрдіс пен әлеуметтік, сая­си, экономикалық және «қоршаған орта» тарихы байланысының жиынтығы, жаңашыл бағыт пен жаңа өлшемдегі қазақ даласындағы отаршылдық көрініс­тері мәселелерін қолға алып, ашуға мүмкіндік береді. Бұл ретте табиғаттың, қоршаған ортаның жаңа жүйемен қарым-қатынасын ғана емес, ең басты фактор – жануарлармен қарым-қатынасын қарастыру маңызды. 
Қамқорлық риторикасы мен техникалық прогресті желеу етіп, Ресей қазақтың дәстүрлі мал шаруашылығына ветеринарлық қызметті енгізу арқылы билігін күшейтті, ықпалын сездірді, қазақ шаруашылығының ішкі құрылымына өзгерістер енгізді. Бұл, өз кезегінде, ветеринарияның – қазақ даласын басқарудың, жаңа өмір сүру формасы мен қоршаған орта қалыптастырудың бір бөлігі екенін көрсетті. Егер негізгі тұжырымдарға тоқталар болсақ: 
1. Қазақ даласында ветеринарлық қызметтің қалыптасуы мен дамуына эпизоотиялық ошақтар ықпал етті, бұл даланың көшпелі халқына да, отырықшы тұрғындарына да әсерін тигізді. 
2. Ветеринарлық қызметтің малды айдау жолдары мен пункттерінде оқшау­лану сипаты, жергілікті тұрғындардың көшпелі малына қатысты жұмысына шектеу қойды. 
3. Азаматтық ветеринарлық желінің кеш қалыптасуы, ірі қара малдың оба ауруы, сауда-өнеркәсіп саласының мүддесін қорғауға бағытталған іс-шаралар қазақ даласында ветеринарлық қызметтің отаршылдық құрылымын қалыптас­тырды.
4. Жұқпалы аурулармен күрес жергілікті көшпелі халықтың қозғалысы мен өмір сүру тәртібін шектеді. Қазақтар мемлекеттік әкімшілікпен, мал дәрігерлері мен фельдшерлермен кездесуге мәжбүр болды, жаңа заңдар, ережелер мен тыйымдарға жиі ұшырай бастады.
5. Ветеринарлардың қызметі «дұрыс отарлау» жобасының бір бөлігі, «империяның құралы» ретінде қарастырылды.
6. Малға екпе егу қазақ халқының қоғамдық және жеке кеңістігіне үздіксіз бақылау мен араласу тәжірибесіне айналды.
7. Патшалық билік қазақ даласын әскери, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салаларына арналған жылқылардың түгесілмес мекені ретінде қарастыр­ды.
8. Қазақтардың мекен ету ортасының тарылуы, көші-қон жолдарының қысқаруы, мал мен мал өнімдеріне сұраныс­тың артуы қазақ қой шаруа­шылығын құлдыратып, мәдениеттің негізгі элементінен айырылу қаупін тудырды.
9. Ірі қара қазақтардың малшылық өмірінің тез және түбегейлі өзгеруінің негізгі субъектісіне, мал құрамының сапалық өзгеруінің маңызды элементіне және мал шаруашылығы мен оның әл-­ауқатының құлдырауының символына айналды.
10. Мал құрамындағы сапалық өзгерістер процесі қазақ малшыларының дәстүрлі тұрмыс-тіршілігін өзгертті. Малды тұрақты қорада ұстау, жерді пайдаланудың жаңа тәжірибесі шөп шабудың дамуына ықпал етті. Соңғысы қазақ халқының мал шаруашылығының формаларынан ауытқуына ғана емес, сонымен бірге қоршаған ортаға да зор әсер етті. Малға шөп жинау топырақ жамылғысының құнарының төмендеуіне ықпал етті. Әртүрлі өмір сүру салты қоршаған ортаға әртүрлі әсерін тигізді, табиғат-адам-жануар тұрақты триадасына өзгерістер енгізді.

Әзірлеген
Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ

 

 

460 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз