Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 08 Наурыз, 2024

Әлемді мойындатқан арулар

Айзат Жолдасова,

«Ana tili»
 

Жақында Ташкентте өткен Grand Slam турнирінде Кларисс Агбегненуге көптің көзі түсті. Неге десеңіз, алтын медалін құшақтап, баласын мейірлене емізіп отырған оған еріксіз сүйсінесіз. Осылайша, сәтті кадр әлеуметтік желіні шарлап кетті. «Карьерасы мен ошақ басын тең ұстаған әйел» десті жұрт. Байқасаңыз, отандық спортта бұдан да әсерлі хикаясы бар қыздар жетерлік. Тек жарнамасы әлсіз. Осы тұста қазір спортта жұлдызы жанып жүрген аруларды тізіп шықсақ. 
 

Жеңіске жетелеген жылдар

Иә, Кларисстен бірде-бір кем түспейтін спортшы ару – Мөлдір Жаңбырбай. Бірі Францияның қуатты дзюдо державасы өкілі болса, ендігісі қазақтың каратэ спортындағы тарихын татамиде жазып келе жатыр. Оның жолы, мақсаты, тіпті спортқа деген махаббаты ешкімге ұқсамайды. Өмірлік жары да каратэші. Содан болар, Мөлдір қызы дүниеге келгеннен соң екі айдан кейін жаттығу залына қайта барды. Тырысты, ұлттық құрама қатарынан тысқары қалмауға жанын салды. Барын да, басын да бәйгеге тікті, нәтижесінде 2023 жылы жеңіс сөзінің синониміне айналды. 
«Рас, жаттығуға кіріскенімде қызым екі айлық еді. Әрине, сәбиің екі айлық емес, екі жаста болса да, баламен бірге жаттығу қиын. Бірақ жанымда қызыма қарайтын, маған қолдау білдіретін жандар бар. Сол кісілердің арқасында жетістікке жеттім. Босанғаннан кейін ағза қалпына келу үшін кемінде бір жыл керегін де білемін. Мені босандырған дәрігерлер бастапқыда шешіміме қарсы болды. «Жоқ дегенде алты ай күте тұршы» деп кеңесін де берді. Алайда менде күтетін уақыт болған жоқ. Себебі жаттығуды алты айдан кейін бастасам, Азия ойындарына, Әлем чемпионатына дайындалып үлгермейтінімді түсіндім. 15 жыл спортта жүргеннен соң организмімді жақсы білемін. Сондықтан өзім жоспар құрып, ақырындап жаттығуды бастадым. Қазір денсаулығымда ешқандай мәселе жоқ, бәрі жақсы», – деген еді ол. 
Өзі айтқандай, баламен жаттығу жиынына бару, жарысқа алып бару оңай емес. Ол өткен жылы Марокконың Рабат қаласында, Испанияда өткен Премьер-лига кезеңінде, Малайзиядағы Азия чемпионатында сәтті өнер көрсетті. Дегенмен спортқа біршама үзілістен кейін оралған соң жарыс кезінде тез шаршап қалатынын жасырған жоқ. Осы тұсын кемшілік екенін мойындап, барынша дайындыққа ден қойды. Нәтижесінде ұлттық құрама сапында сайысқа түсе алатынын дәлелдеп, Ханчжоуда өткен Азия ойындарына барды. Жаңбырбайдың айтуынша, Қытайдағы Азия ойындарында еркін көсіліп, бабына келгенін сезген. Нәтижесінде, күміс медаль қанжығасына түсті. Ал Будапештте өткен әлем чемпионатында айды аспаннан бір-ақ шығарды. Тәуелсіз Қазақстан тарихында каратэден әлем біріншілігінде топ жарған алғашқы қазақ қызы атанды. Осылайша, мансабында үш рет әлем чемпионатына қатысып, кейінгісінде жүлде еншілеп қайтты. Айтпақшы, бұл сапардан Әмірәлі-Жаңбырбай жұбы қос медаль тағып, қыздарын құшақтап елге оралды. 
Жалпы, Мөлдір мен Дидар әлеуметтік желіде қызымен бірге татамиде жүрген суреттерін жиі бөліседі. Биыл 26–28 қаңтар аралығында Парижде өткен додада да Мөлдір бос қайтпай, қола медаль алды. Аталған бәсекеден кейін татамиде қызын тамақтандырып жатқан видеосы біраз қаралым жинады. Мөлдірдің осындай жанкештілігіне қарап, «татамимен жаны бір ме» деген ойға қаласың, таңданасың...

Париж, қазақ қыздарын күт!

Парадзюдо тарихында атым қалса, әнұранды әуелетсем дейтіндердің бірі – Ақмарал Науатбек. Бала кезінен Олимпиада чемпионы болуды армандаған Ақмарал 2021 жылдан бастап парадзюдоға ауысады. Содан бері бәсекелерден медальсіз қайтқан емес. «Мүмкін, менің парадзюдоға ауысуымның астарында Олимпиада биігін бағындыру жолы тұрған болар» дейтін жауабы да көпті жігерлендіреді.
«2021 жылдың қаңтар айында дзюдодан гран-при жарысына дайындық кезінде көзім жарақаттанды. Жарты жыл үзіліс алдым. Спортқа қайта оралу үшін барымды салдым. Дәрігерлер мансабымды жалғастыруға рұқсат бермеді. Осымен тоқтату керегін айтса да, шешіммен келіспедім. Ауыр күндерде отбасымның, жолдасымның, бапкер Айдын Жұматұлының қолдауын сездім. Соның арқасында қиындыққа сынбай, парадзюдоға ауыстым. Білесіз, спортта жарақат алып, қайта «тұра алмасаң», ешкімге керек емессің. Жоспар бойынша көзіме ота жасаған соң дзюдоға қайта оралудың қамын жасадым. Татамиді, жарыс атмосферасын сағынғаным рас. Бірде Айдын Жұматұлы парадзюдоға ауыса алатынымды, онда J1 және J2 категориясы барын айтты. Сөйтіп, халықаралық классификация бойынша J2 санатын алдым. Осылайша, алғаш рет парадзюдодан елордадағы Гран-при жарысына қатыстым», – деді парадзюдошы. 
Айта кетерлігі, Ақмаралға парадзюдо ережесін сіңіру қиынға соққан. Дзюдода қарсыласына әдіс жасатпай, суда жүзген балықтай қимылдайтын оған белдесу басталмай, жағасын ұстату оңай болмады. Дегенмен уақыт өте келе төселгеніне сіз бен біз куәміз. Әйтпегенде 2022 жылы Бакуде өткен әлем чемпионатында топ жармас еді. Финалда Рио Олимпиадасында алтын, Токиода күміс еншілеген француз қызымен кездесіп, айласын асырып кеткені тағы бар. Осылайша, ол ел тарихында алғаш рет әйелдер арасында парадзюдодан алтын медаль еншілеген аруға айналды. Осы сәтте Ақмарал Науатбек есімі күллі әлемді шарлап кетті. Парадзюдода жаңа толқын көтерілгені, абайламаса Париж төрінде бәрін жағаға шығарып тастауы бек мүмкін екені сөз болды. Сөйтіп, спортшының данқты жолы жалғаса берді. 
Мәселен, 2023 жылы Токиода өткен Гран-при турнирінде топ жарса, Ханчжоуда өткен парадзюдо ойындарында алтыннан алқа тақты. Биыл Германияның Гейдельберг қаласында додада шашасына шаң жұқтырған жоқ. Қайталап айтамыз, әлемдік парадзюдо сарапшылары қазақ қызының «жүрісін» бақылап отыр. Өйткені Ақмарал Науатбек жарыс кезінде «бүркітше» тактика қолданады. Аса сақ, тегеурінді, тіпті қарсыласы белдесуді қандай әдіспен аяқтайтынын біліп тұратындай. Спорттағы «алаңды оқи алу шеберлігі» деген осы ма дерсіз. 

 

Ұлттық құрама бойтұмары

Татамиден алыс кетпей, Әбиба Әбужақынова туралы да сөз қозғасақ. Ақмарал Науатбектей, Әбиба да барған додасынан жүлдесіз қайтпайды. Қазақ қыздары арасында алғаш рет әлем чемпионатында жүлде алған дзюдошы екені тағы бар. Анасы айт­қандай, көркем гимнастика жолын жалғас­тырғанда әлемдік дзюдо арнасының қазақша сөйлегенін көре алар ма едік?! Себебі Әбиба ешқашан өзге тілде сұқбат берген емес. Әуелде орысша қойылған сұрақтарға қазақша жауап беріп, ел жүрегінен орын алған-ды. Кейін татамидегі жалыны мен кіршіксіз көзқарасы көпті баурап алды. 
 «Ташкентте басталған Grand Slam жарысында күміс медаль иелендім. Бірақ менің көздегенім алтын жүлде еді. Осыған дейін қанша жарыс болса да, финалға жолдама үшін таласта «шыға алмай қаламын-ау» деген барьер, бір қорқыныш болатын. Бұл жолы алтынға жетпесем де, қорқынышыммен бетпе-бет келіп, жеңдім. Бірақ өзімнің қателігімнен алтынды қолдан жіберіп алдым. Десе де, мұны Олимпиада сынды маңызды меже алдындағы қатемен жұмыс істеуге мүмкіндік деп қабылдаймын. Осымен Ташкент татамиінен еншімде бір қола, бір күміс бар. Әлі де алтын үшін қайта келемін», – деп қорытынды жасады ол. 
Әбиба – дзюдодан ұлттық құраманың «машинасына» айналған спортшы ару. Себебі биыл рейтинг жинайтын үш бәсекенің үшеуінде де медальсіз қайтпады. 28 қаңтарда Португалияда басталған Гран-при жарысында, 16 ақпан күні Бакудегі Grand Slam турнирінде қола медаль еншіледі. Көп өтпей, 1 наурыз күні Ташкенттен «Әбиба күміспен күптеліпті» деген сүйінші хабар жетті. Десе де, БАҚ-та оның өткен жылы Дохадағы турнирде алған жарақатынан сауықпай, татамиге шығып жүргені әлсін-әлсін айтылып жүрген-ді. Жақында спортшы бұған нүкте қойды. Әлемдік рейтингіде 6-орында тұрғанын, алда Париж Олимпиадасы келе жатқанын, сол үшін қай жарысқа болмасын жауапкершілікпен қарайтынын жеткізді. Әбиба да Париж төрінен көп күткен алтынын тағып, абыроймен қайтқысы келеді-ақ...

Шахмат патшайымы

Шахмат тақтасында талайды тамсандырып жүрген қазақ қыздары көп. Оған дәлел Польшада өткен командалық әлем чемпионаты. Осы турнирде әйелдер құрамасы күміс медаль иеленді. Шахматшылар жартылай финалда Франция құрамасымен ойнап, жеңіске жетті. Ұлттық құрама сапында Бибісара Асаубаева, Ксения Балабаева, Әсел Серікбай, Меруерт Камалиденова, Алуа Нұрманова және Әмина Қайырбекова өнер көрсетті. Расымен, «сен тұр, мен атайын» дейтін саңлақ жетерлік. Соның бірі де бірегейі – әйелдер арасындағы халықаралық гроссмейстер Бибісара Асаубаева. 
Оның шахмат ойнап отырғанда асқан сақтықпен қимылдап, қарсыласына қабақ түйе қарағаны, бір қарағанда, үрей мен мақтаныш сезімін қатар сезіндіретіні рас. Бірақ БАҚ өкілдеріне сұқбат берердегі жымиысы тамсандырады. Осыдан қарсыласына психологиялық шабуыл жасады ма деген ойға қаласыз. Дегенмен блиц шахмат ойнаудан алдына жан салмай келе жатқаны көпті қуантады.
Иә, ол 8, 10, 12 және 14 жасқа дейінгі қыз балалар арасында өткен дәстүрлі шахмат жарыстарында әлем чемпионы атанған. 2022 жылғы желтоқсанда Бибісара Асаубаева Алматыда өткен әлем чемпионатында шахматтың блиц түрінен екі мәрте әлем чемпионы атанды. Бұдан бұрын 2021 жылы Польшада өткен рапид пен блицтен әлем чемпионатында блицтен алтын медаль, рапидтен күміс медаль еншілеген еді. Ал 2023 жылы Grand Swiss турнирінде қытайлық Тан Чжунъиді жеңіп, бір серпілтіп алды. Кейін Мәскеуде өткен «Шахмат жұлдыздары» турнирінде әлемдік гроссмейстер Сергей Карякинді жеңіп, сенсация жасады. 

Ел сенімі – Елена

Алда Париж Олимпиадасы келе жатқаны баршаға мәлім. «Алтын алады-ау» деп үміт күтетіндердің бірі – Елена Рыбакина. Мұны сала басшылары да айтып жүр. Сабыр­лы қалпымен, дәл әрі жойқын соққымен жанкүйер жүрегін жаулап үлгерген оған сенім артатындар жетерлік. Өйткені әрбір теннисші Уимблдонда чемпион атанып, сол аураны сезінгісі келетіні белгілі. Ал Рыбакина 2022 жылы аталған додада жеңіске жетіп, сенсация жасады. Осылайша, әлемдік теннис картасында Қазақстан туы желбіреді. Басты бәсекелерде Ленаны басты қарсылас ретінде танып, тіксіне қарайтындар көбейді. Жалпы теннисте «Үлкен дулыға» санатындағы негізгі төрт бәсеке бар: Australian Open, Roland Garros, Wimbldon, US Open. Қазір әлемдік рейтингіде төртінші орында тұрған теннисші бір жыл ішінде (2023 наурыз – 2024 наурыз) 21 турнирге қатысқан. Әрине, ішінде жарысты техникалық себеппен орта жолдан аяқтаған сәттері де бар. Алда күтіп тұрғаны – Indian Wells турнирі. Осыдан бір жыл бұрын аталған турнирде Елена топ жарған еді. Рыбакина атағын қорғай алатын-алмайтыны көпті ойландырады. Жалпы, теннисші бір жыл ішінде Италияда өткен Masters санатындағы турнирде, Брисбен турнирінде, Абу-Даби ашық чемпионатында жеңіске жетті. 

Бағы бар Бақбергенова

Балуан Жәмилә Бақбергенова – әйел­дер арасында әлем чемпионатында үш мәрте жүлде алған тұңғыш қазақ қызы. Оның еншісінде екі күміс, бір қола медаль бар. 72 келіге дейін белдесетін балуан қыз 2021 жылы Ослода (Норвегия), 2022 жылы Белградта финалға дейін жетіп, күміспен күптелді. 2023 жылы Сербияның Белград қаласында өткен бәйгеде қолаға қол созды. Еркін күрес шебері әлем чемпионатынан бөлек, Азия чемпионатында үш алтын, бір күміс пен бір қола медаль жеңіп алған. Әсіресе өткен жылы Астана қаласында өткен бәсекедегі Жәмиләнің жанкешті жеңісі көптің есінде қалды. 
«2023 жылы қатысқан жарыстардан жүлдесіз қайтпадым. Қазақстан спартакиадасында жеңіске жетіп, әлемдік және халықаралық жарыстарға қатыстым. Астана қаласында өткен Азия чемпионатында жанкүйерлерімді жерге қаратпай, чем­пион атандым. Қырғызстан мен Венгрия елінде өткен рейтингілік турнирде топ жардым. Белградтағы әлем чемпионатында қола бұйырды. Азия ойындарында олимпиадалық салмаққа ауысып күресіп, күміс жүлдеге қол жеткіздім. Аталған жеңістің бәрі оңайлықпен келген жоқ. Әр жеңістің артында қаншама еңбек пен тер бар», – деген еді балуан қыз. 

Талантты Таниева

Бірде әлеуметтік желіде көркем гимнастика шебері Елжан Таниевадан «2024 жылғы басты мақсатың не?» деп сұрады. Сонда ол Париж Олимпиадасын нұсқап, жауап берді. Әлияның төл шәкірті, ізбасары Елжан Таниева ұстазының айтқанын бұлжытпай орындап, барын салып жүргендердің бірі. Мәселен, ол Азия чемпионатында төрт бірдей медаль жеңіп алды. Оның екеуі күміс, екеуі қола. Одан бөлек Болгарияның София қаласында өткен әлем кубогінде жалпы есеп бойынша күміс медаль алды. Испанияда өткен Гран-при бәсекесінен де бос қайтпай, қола медальмен елге оралды. 
«Валенсияда мансабымдағы үшінші әлем чемпионатына қатыстым. Біріншіден, бапкерлеріме, дәрігерлерге және мені қолдаған жанкүйерлерге алғысым шексіз. Әттеген-ай, осы сында Париж Олимпиадасына жолдама ұтып ала алмадым. Бірақ берілмеймін, менің әлі де мүмкіндігім бар. Соны қолданып, жұмыс істеп, Олимпиада билеті үшін барымды саламын», – деген еді бойжеткен. 
Иә, Таниева жақында Испанияның Марбелья қаласында өтетін халықаралық Гран-при жарысына қатысады. Мүмкін, отандасымыз елімізге қажет жолдаманың біріне қол жеткізер. 
Біз мұнымен спортта жасындай жарқылдап жүрген бірнеше аруға тоқталдық. Бұдан бөлек фристайл-акробат Жанбота Алдабергенова, боксшы Балауса Мұздыман, Ангелина Лукас, Назым Қызайбай, теннисші Зарина Диас, дзюдошы Кәмила Берліқаш және басқа мықты спортшылар бар. Әрқайсысының өз жолы, еңбегі мен таңдауы тағы бар. Әзірге Олимпиада чемпионы атанған қазақ қызы біреу. Ол – Динара Әлімбекова, Беларусь биатлоншысы, 2018 жылы өткен ақ Олимпиаданың чемпионы. Ал Жазира Жаппарқұл жазғы Олимпиада жүлдегері атанған тұңғыш қазақ қызы. Жазира Рио Олимпиадасында күміс медаль алса, боксшы Дариға Шәкімова мен балуан Эльмира Сыздықова қола медаль еншіледі. Бірақ осындайда арулардың айтқаны еске түседі. Боксшы Балауса Мұздыман «Бірінші бол» подкасында қыздар да лайықты нәтиже көрсететінін, алайда ерлерге берілетін мүмкіндік пен қолдау басым екенін ашық айтқан. 8 наурыз халықаралық әйелдер күні мерекесі астарында да теңдік мәселесі жатқаны белгілі. Әйтпегенде, уақытында Жазираның еміне ақша бөлінсе, Токиода топ жарар ма еді, кім білсін?! Олимпиада жүлдегері атанған аруларға лайықты құрмет көрсетіліп жүр ме – ол да белгісіз. Білетініміз, спортта жүрген аруларға екі есе қамқорлық пен төзім керек. Мереке құтты болсын, арулар!

 

624 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз