Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 17 Наурыз, 2024

Бәйшешек, жауқазын, қызғалдақ

Мамандардың пайымдауынша, дүниедегі ең әдемі гүлдер лалагүлдер тұқымдасына жататын өсімдіктер. Біз білетін қызғалдақ пен жауқазын дәл осы лалагүлдер тұқымдарынан тараған делінеді. Ал бәйшешек, яғни наурызгүл – көктемде қар астынан шығатын гүлдердің жиынтық атауы. Негізінен, Қазақстанның барлық өңірінде бәйшешек атауы қолданылмайды. «Солтүстік далалық өңірлерде – құндызшөп (ұйқышөп) десе, Алтайда – қандық, оңтүстікте запыран-алатаулық бәйшешек және кессельрингілік лапыз» атайтын көрінеді.

 

Алғашқы гүл

Сол секілді, жауқазын бәйшешегі деген де сөз қолданысын білеміз. Бұл жердегі бәйшешек – жауқазынның күлтесі деуге болар. Латынша атаулары: бәйшешек – Grocus, Galanthus, жауқазын – Primula, қызғалдақ – Tulipa. Бізге орыс тілі арқылы келген «тюльпан» латыннан енгенін көріп отырмыз.  
Түрлі түсіндірме сөздіктерде бәй (бәй тікті) – түзу, тік ұстады, жоғары көтерді деген мағынада қолданылатын түбір сөз екені айтылған. Бірақ, кей ғалымдардың айтуынша, бәй – «бай» сөзінің дыбыс­тық өзгеріске түскен нұсқасы. Үлкен, алғашқы деген мағына береді. Сонда бәйбіше – үлкен әйел, бәйшешек – алғашқы гүл ұғымын береді. Ал шешек үш түрлі мағынада қолданылатынын әдебиеттен хабардар адамдар білсе керек. Алғашқысы, шешек өзі жеке тұрып та гүл деген мағына береді (Қар кетті, сулар ағып, мұздар еріп, Бар құда рақыметін көптен беріп. Киімсіз үйде отырған жетім бала, Жайылды ормандарға шешек теріп, – Ақмолла ақын). Екінші, «шешек атты» тіркесін, гүл ашты деп түсінеміз (Кім сүймес шешек атқан көкек айын, Бейне жаз, менің сүйген сәулетайым, – Біржан сал). Үшіншісі, жұқпалы бөртпе ауру. Шешек  – адам денесі қызарып, ыстығы көтеріліп ауыратын қауіпті сыр­қаттардың санатында. Қазіргі медицина мұндай баяғыдан белгілі жұқпалы дерттердің алдын алатын екпелер жасайды.
Балаларға шығатын жел шешекті қазір де естіп қаламыз. «Шешектен адам бетінде қара дақ қалады» деседі. Ауыз­екі тілде «шешек келгір» деген қарғыс бар. Монғол тілдерінде шешек – цэцэг, яғни гүл деген сөз. Демек, шешек – түркі-монғол тілдеріне ортақ атау. Егер қыз­ғалдақ тұқымдары көбіне қызыл реңді болады десек, бәйшешек сары және көкшіл түсті келеді. 
«Бәй» түбірінен басталатын сөздер де біршама. Атап айтсақ: бәйшешек, бәйбіше, бәйге, бәйек, бәйпек, бәйтерек, бәйтөбет, бәйшөңгел, бәйшікеш, бәйшік, бәйіт.
Енді аталған сөздерді жеке-жеке таратсақ: бәйтөбет – төбет ит, сырттан. Оған қоса есейіп қалған ұлдардың немесе бөтен біреулердің ерсі көрінген қылығын жақтырмағанда айтылатын кекесін сөз. Ұнатпағандағы «төбеттей», «бәйтөбеттей» теңеулерін «жас емес», «жөн білмейтін берекесіз» секілді жағымсыз мағынада түсінеміз. 
Бәйшөңгел – он екі мәрте түлеген, яғни жасы, құс тұқымының өлшемімен есептегенде, біршамаға келген бүркіт. Ол сөз батыр адамдарға да қаратыла айтылған. Мысалға: «Абыз:Табанды би майталман шығар ма? Еліне қайырым қылар ма? Тепкілі батыр байшөңгел шықты ма, бетінен жау ықты ма?» (Мұхтар Әуезов).
Бәйшік – қыстық үй, оны кей өңірлерде ыстық үй деп те атайды. Бірақ бұл түркі-монғол тілдеріне ортақ сөз болар. Себебі монғолдар күні бүгін қыста отыратын жылы үйлерін бәйшін (орфографиясы бойынша байшин болып жазылады) деп атайды. Мұндағы -к, -н дыбыстарының айырмасы – түркі-монғол тілдерін қойып, түркі тілдерінің өз арасында да баршылық құбылыс. 
Бәйіт десе, егіз ұйқаспен жазылған қос тармақты өлең деп білеміз. Атақты шығыс жұлдыздары Гәнжауи Низами мен Әлішер Науаи бәйіт түрінде жазғаны мәлім. Сол секілді ораза кезінде айтылатын жарапазан сарынындағы бәйіттер болған. 
Белгілі мифолог-ғалым Серікбол Қондыбай ертегілерді талдай келе, бәйтерек ұғымына мифтік тұрғыдан жинақтап толымды түсінік берген. «Біріншіден, бәйтерек ғаламның орталығы болып табылатын киелі жерде, киелі бұлақ қасында орналасады. Ол үш дүниені жалғастырушы, төбесі – аспанда, тамыры жерасты дүниесінде орналасқан. Екіншіден, бәйтеректің екі полюсінде алып қарақұс пен жылан-айдаһар бар, олар дуалистік қарама-қарсылықтың тұлғалануы болып табылады. Үшіншіден, бәйтеректің түбінде белгілі бір мифтік – киелі процесс өтеді, бұл шамандыққа байланысты. Осы жерге батыр келіп, жыланды өлтіріп, қарақұс балапандарын құтқарады, сол еңбегі үшін қарақұс батырды басқа дүниеге өткізеді. Бұл тұрғыда бәйтерек ғаламдардың есігі болып табылады. Бәйтерек ғаламдық ағаш ретінде басқа мифтік дәстүрлерде де таралған. Мысалы, скандинав мифінде осындай ағаш Иггдрасиль, саха-якуттарда пай-қайың деп аталады. Бәйтерек сөзінің этимологиясы бәй – «байырғы, түпкі, алғашқы, «бірінші», терек – «тіріг» сөздерінен құралып, «өмір беруші», «алғашқы өмір» дегенді білдіреді».
Ілкіде айтылған бәй – үлкен, ал­ғашқы мағынасында қолданылатын сөз десек, бәйтерек – үлкен ағаш ұғымын береді. Мұндағы терек парсының дарақ сөзінің біздің тілдегі дыбысталу үлгісі әрі сол дарақтың парсыша тура тәржімесі де ағаш. Бәйтерек көк тіреген жай ағаш емес, тылсым қасиетке ие ағаш екенін айттық. Ол жердің кіндігінде өседі, тамыры – жерасты, діңі – адамзат дүниесі, басы – аруақтар мекені. Мұндай қасиетті ағаштың қазақ ішінде түрліше атауы бар. Атап айтсақ, әулие ағаш, мырза терек, мықан ағашы, сетер тал деп тізбелеуге болады. 
Қалың қазаққа түсінікті бәйбішені, бәйгені, бәйек болудың бір нұсқасы бәйпек қағуды, бәйшікешті (байшыкеш) талдап-таратып жату артық болар деп ойлаймыз. 
Бәйшешекті наурызгүл деп те атайтынын айттық. Әрине, ол бәйшешектің көктем гүлі ретінде танылғанына, жаңа жылдың рәмізіне айналғанына байланысты. Наурызгүлмен қатар аталатын нәурізек деген құсты да халық жылы ілтипатпен атаған. Нәурізек «Қарасы шағын ғана, жеп-жеңіл, ұшқалақтап тұрған аяғы жіңішке, құйрығы ұзын, көк ала кішкентай құс» («Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» энциклопедия). «Нәурізек, келдің бе, анаңның көзі жазылды ма?» деген сөз оның «анасы – Жер-Ана» деген аңызға қатысты айтылады. 
Наурызға қатысты мал шаруа­шы­лы­ғымен ғасырлар бойы айналысқан халқымыз үшін наурызтөлдің де өз орны бар. Жаңа жыл күндері туған, енесі өсімтал, ұрғашы қозыны наурыз­төл атаған. Оны кейде көгенбасы деп те әспеттеген. Басқа қозылардан айыру үшін қырыққан кезде жонында бір уыс жүн қалдырған. Оны келепан деп атайды. Келепан атауының шығуы да қызық. Халық баққан малы ерекше болса деп армандаған. Жылқысы тұлпар, сиыры тынжы немесе қаратіл, түйесі жампоз не желмая, қойы келепан болғанын қалаған. Зерттеушілердің сөзімен түйіндесек, қиялдағаннан, армандағаннан туған мифологиялық атау.

Жауқазындар патшасы 

Отандық гүл тұқымдарын зерттеуші ғалымдар Анна Иващенко мен Олег Беляловтардың түйіндеуінше, «Қызғалдақ жалпылама, «жауқазын» атауын тұрақтандыру қажет». Сондықтан әлемге таралған көптеген түрлердің ата-тегі болып табылатын грейгтік, кауфмандық, яғни тікелей қазақстандық тұқымдар жауқазын атауына сай. 
Әлемдегі ең әдемі жауқазын, қызғалдақ тұқымдарының арғы тегі, дәлірегі, отаны – Қазақстан екені айтылып жүр. Жалпы Орта Азия таулары мен далаларына жауқазындардың 65 түрі таралған болса, олардың 37 түрі біздің еліміздің аумағына тән. Көршілес елдерде олардың 12–27 түрі ғана таралған екен. 37-нің 10-ы жергілікті тұқым делінеді. Сегіз түрі шектес мемлекеттерде де бар. Атап айтарлығы, он жеті түрі «Қызыл кітапқа» енгізілген. 
Әсіресе мамыр айында Қызылорда, Жамбыл, Түркістан, Алматы, Жетісу облыстарының жерінде қып-қызыл жалындай жайнайтын, туристерді қойып, жергілікті халықтың көзқуанышына айналатын қызыл алқаптар грейг жауқазыны болса керек. Оны біз көбіміз түсіне қарап, қызғалдақ атаймыз. Дұрысында жауқазын. 
Жылда Халықаралық әйелдер мерекесі елімізде гүл мейрамы секілді өтетіні мәлім. Сонда гүлдердің сырт пішіні сарымсақ секілді тұқымын көреміз. Оны ғалымдар пияз, жуашық атайды, біздіңше сарымсақ тәрізді тұқым. Қазақ жерінің ежелгі гүлінің бірі аталған грейг жауқазыны ондай жуашық түзбейді, тұқымынан пайда болған сабақтары ондаған жыл гүлдейді. Оның жетілуі де оңай болмайды екен. Алғашқы он, он бес жыл гүлі тұқымдағанша жұлынбай келер жылдарға аман жетсе, тағы ондаған жылдар бойы құлпырып гүлдейтін көрінеді. 
Грейг жауқазыны 1877 жылы бірінші сыныпты сұрып ретінде танылып, Голландияда диплом берілген екен. Оны мамандар жауқазындар патшасы атайды. Себебі гүлі бокал тәрізді, диаметрі 10–12 см, сабағы биік, мықты. Реңі ерекше, қанық ал қызыл, сарғыш қызыл, ашық сары, ашық қоңыр және аппақ. 
Жауқазындардың таралуы еліміздің әр өңірінде түрліше. Батыс, солтүстік облыс­тарда – үш-төрт, орталық пен шығыс­та алты түрі өседі. Құмды, шөлді, яғни жылы Қызылорда облысында – алты, Түркістан, Жамбыл, Алматы облыс­тарында он үш, он бес түрі бар. 
Тағы бір ерекшелік, мамырда еліміздің аумағында құртқашаштар гүлдейді. Оны орысша касатка, қазақша шиқылдақ, латынша lris деп атайды. Латынша атау­ды қазақшаласақ, кемпір­қосақ деген түсінік береді. Кемпірқосақ секілді құлпыратын гүлдердің елімізде жиырма түрі өседі. Таулар мен жазықтарда, орманды алқаптарда альберттік күлгін құртқашаш – жыланқияқ, етті ақшыл құртқашаш, блудовтық сары құртқашаш, корольковтық қан қызыл жүйкесі бар ашық қоңыр құртқашаш, шөлде өсетін палластық құртқашаш тағы басқаларды атауға болады. 
Шығыста алдымен парсы, сосын Осман империясы билеушілерінің бақтарын құлпыртқан «Лалагүлдер, раушангүлдер, қызғалдақтар» (Рудаки), қазақ жерінде есте жоқ ескі замандардан өссе керек. Қызғалдақтың (дұрысында жауқазынның) отаны делінетін Голландияға осы бір көз тартатын өсімдіктің барғанына небәрі төрт жүз жыл. Ал оның Жер бетінде пайда болуын ғалымдар 10–20 миллион жылмен есептейді. Қазақ жерінде өнген лалагүлдер тұқымдары Еуропаға, Африкаға, Қытай мен Үндістанға таралған деседі. Оған нақты дәлелдің бірі – Жетісудағы Теңлік қорғанынан табылған, біздің заманымызға дейінгі III–II ғасыр­ларға тиесілі екені анықталған «алтын қызғалдақ (жауқазын)». Онда алтыннан құйылған гүл бейнесі анық көрінеді. 
Жауқазын бейнелері қазақ халқының қолөнерінде, ежелгі Сыр бойындағы, Арқадағы және оңтүстіктегі Қожа Ахмет Ясауи секілді мазарлардың бедерлерінде кезігеді. Шоқанның ісін жалғастырып, ұлттық болмысқа қатысты жәдігерлерді қазбалап көп зерттеген Әлкей Марғұланның археологиялық, этнографиялық еңбектерінен бұл сөзімізге дәлелдер табамыз. Ғалым еңбектеріндегі халқымыз тұтынған киіз үйдегі тұскиізден бастап өзге де заттардағы ою-өрнек түрлеріндегі гүлдер бейнесі бөлек зерттеуге тұрады. Себебі онда ежелгі көшпелі қазақтың қолтаңбасы, дүниетанымы бар. 
Әрине, гүлдің әдемілігі ақындар үшін шабыт шақырады. Бәйшешек, жауқазын, қызғалдақ атаулыны жырламаған қазақ ақыны да жоқ шығар.
«Көңіліңді жабыртқатса тыныш бақ,
Жүгіре шық белес қуып тыныстап.
Жауқазындар жаутаң қағып тұрады,
Көктеменің күміс шығын уыстап.
О, кербездік! Гүл білегін сермесіп,
Жерде туып, жерден нәр ап, 
жерде өсіп.
Күн-серіге сүйгізеді еркелеп,
Ашып қауыз-пердесін…
Көктем бикеш көк көрпесін өтектеп,
Көтеріліп келе жатыр етектен.
Жауқазындар алып шықты асқарға,
Сұлулықты жетектеп», – деп келетін Кәкей Жаңжұңұлы есімді ақынның өлеңін сонау сексенінші, тоқсаныншы жылдары жатқа оқитын едік. Көшпелілерге мұндай гүлдерді жырлау таңсық емес. Арғы ата-бабаларымызды құлпырған өсімдіктердің ғұмыры тым қысқа болатыны толғандырған, содан да түрлі аңыздар шығарып, «олар тек о дүниеде мәңгілік жайнап тұратын болар» деп жорамалдаған сыңайлы. Оған ілкідегі «алтын қыз­ғалдақ (жауқазын)» дәлел. Ғалымдардың пікірінше, қадірлі адамдармен гүлдерді бірге жерлеу, олардың бейішке баратынына сенгеннен пайда болса керек. 

Қызғалдақ дағдарысы

Кезінде «түрік лалагүлдері» атанған жауқазын, қызғалдақ тұқымдарын атақты Селжұқ сұлтандары Орта Азиядан өздері ала кеткен немесе атажұрттарынан алдырған. Бұл әрекет басқа елдің, дәлірегі, Голландияның бағын жандырды десек болады. 1453 жылы Константинопольды жаулап алып, Ыстанбұл атандырған әйгілі Мехмед сұлтан аталған қалада гүлзарларды дамытқан. «Ыстанбұл қызғалдағы» деген жаңа сорт пайда болған. Мехмед сұлтанның ұзақ билік құрған мықты ұрпақтарының бірі – даңқты Сүлеймен сұлтан заманында шренк қызғалдағының жуасы (тұқымы) Еуропадан Ресейге дейін таралған. Бастысы, сол ХVI ғасырда Сүлеймен патшаның сарайындағы авс­триялық елші Ожир Гиселин де Бусбек құлпырып шығатын жуа тұқымдарды Еуропадағы гүл өсірушілерге берген. Венадағы император бағында жұмыс істейтін Каролус Клусиус есімді азамат 1593 жылы Голландиядағы Лейден университетінің ботаникалық бағына түрік лалагүлдерінің үлкен тобын апарған, сөйтіп голландия дәуірі басталған. 
Голландиялық селекционерлер орта­азиялық байырғы гүл тұқымдарын құбылтып, жүздеген будан жасағанын айта кеткен абзал. Әрине, сол елдегі саудагерлер әлем тарихында қалған, дәлірегі, ХVII ғасырдың бірінші жартысында «қыз­ғалдақ дағдарысы» атанған жағымсыз дүрлігу тудырды. Алыпсатарлар тез баю үшін қызғалдақ тұқымына деген көрсе­қызарлықты пайдаланды. Ақырында, 1637 жылғы ақпанда гүл базарларының саудасы тұйыққа тірелді. Құныққандардың көбі байлығының недәуір бөлігінен айырылды. 
Түркиядан Еуропаға апарылған тұқым геснер қызғалдағы атанды. Одан жаңа мәдени сорттар шығарылды. Дегенмен ең қызығы – голландиялықтар Ресей ботаниктерінен тағы да орта­азиялық жуалар мен тұқымдарды алған соң, ХIХ ғасырдың екінші жартысында әсем гүлдер селекция­сының жаңа кезеңі басталыпты. Турасы гүлдердің өз отанынан алынған тұқымдар тың серпін берген. Сөйтіп, жұртшылықты таң-тамаша қылып, жаңадан үш мың сорт шығарылыпты. 
Қанша мәдени дегенмен, жабайы болса да, табиғи түр қалайда жасанды буданнан артық. Гүлдер жөнінде де солай айтуға негіз бар. Голландиялық әйгілі мамандардың бірі Д.Лефебр ол жөнінде былай депті: «Табиғи қызғалдақтарды будандастыруға қатысты, менің ойымша, мен ең ғажайып нәрсені жақсартқаным жоқ. Табиғаттан тікелей алынған өсімдіктерде, фостер немесе грейг қыз­ғалдақтарының күлтелерінің формасы мен түсі осы түрлерден алынған, қолдан өсірілген будандарына қарағанда едәуір әдемі екенін айтқым келеді… Жабайы өсетін гүлдерді, әсіресе ерекше, табиғи түрлерді сақтау кезінде олардың реңдері мен формасынан асып кете алмайсың». 
Расында, табиғаттың өз сыйының қадірін білгеніміз жөн. Дала жауқазын, қызғалдақтарының қой малы сүйсініп жейтін тұқымдары жоқ емес. Ғалымдардың зерттеуінше, біз жоғарыда сарымсақ тәріздес тұқым атаған жуасымен көртышқан, тоқалтіс, суыр, түйеқұлақ тышқан секілді кемірушілер қоректенеді екен. Яғни олар топырақ астындағы жуасын қазып жеп, өсіп-өнуіне зиянын тигізеді. Оған қарсы тұра алмасақ та, адамдардың табиғи гүлдердің өсуіне кедергі келтірмеуін, жуашығы жоқ, тұқымынан өсетін, гүлін жұлса өспей қалатын грейг жауқазыны секілді байлығымыздың қадірін білгеніміз жөн. Қазақ даласындағы гүлдердің мыңдаған жылдық табиғи тұқымдарын сақтау, қорғау мәселесі күнтәртібінен түспеуге тиіс. Қысқасы, мамандар айтса айтқандай, жұмыр Жердің бетіне алма тұқымы және лалагүлдер тұқымы қазақ жерінен тараған. Сондықтан қолдағы бар байлықтың қадірін білген жөн.

Дағжан БЕЛДЕУБАЙ, «Ana tili»

Фото: Досжан Балабекұлы

326 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз