Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 17 Наурыз, 2024

Алтынкүрек

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ,

«Ana tili»

Қазақтың танымында жел – қыс пен жаздың қандай болатынын болжайтын синоптиктік хабаршы. Себебі күзде және көктемде жиі соғатын желдің күш-қуаты мен бағытына қарап, халық алдағы жыл мезгілінің жайлы, жайсыз болатынын аңғарып, соған орай қыс немесе жаз қамын алдын ала ойластыратын болған. Демек, қазақтың астрономиялық танымында жел ауа райының жалпы жағдайына әсер ететін негізгі себептің бірі саналады. Мәселен, қазақтың көне «тоғыс» есебі бойынша, Үркер суға түссе, жаз жаңбырлы, ал құрғаққа түссе, жаз бойы азынаған жел соғып, қуаңшылық болады. Күз бен көктемде соққан желдің жағдайына қарап, қыс пен жаздың қандай болатынын мөлшерлеп, соған сай жазғы өндіріс пен қытымыр қыстың қамын жасайды. Себебі жазғытұрым жел қатты болса, жерді құрғатып, ақ шаңды аспанға шығарып, көктем мен жазда қуаңшылық болады. Ал күздің қара суығымен бірге сумаңдап соққан қара жел де қыстың жайсыз болатынынан хабар береді. 

«Жел тұрмайынша, күн ашылмайды»

Қазақ халқы «жел еспей, бұлт көшпейді», «жел дауыл шақырады, бұлт жауын шақырады», «керіспейінше, ашу басылмайды, жел тұрмайынша, күн ашылмайды» деп түйген. Соған орай ауа райының өзгерісін де желмен байланыстырып, «жермен келген жермен кетеді, желмен келген желмен кетеді», «жел бар жерде сел бар» деп, қыстың қасат қарының еріп, көктемнің келуін де желге қатысты деп біледі. 

Ендеше, біз де желге қатысты атаулардың біразын атап көрейік. Тілімізде желге қатысты атаулар жел, боран, дауыл деп үшке бөлінгенімен, оның соғу жылдамдығы, соққан мезгілі және соққан орнына қарай ішінен тағы да көптеген түрлерге бөлінеді. Қазақ халқы ерекше күтетін жел – алтынкүрек. Ол – оңтүстіктен үзбей соғып, қыстың соңғы қарын күрт ерітетін жылы жел. Алтынкүрек желі небәрі бірер күн соғып, тыншығанмен, тозып-тоңған табиғатты әп-сәтте жаңғыртып, оятып, жасартып жібереді. Аталған жел қазақ әдебиетінен де тыс қалған жоқ, қазақ жазушылары мен ақындары шығармашылығына қосып та жүреді. Мәселен, Ілияс Жансүгіров былай жырлайды: 

«Қыс, қар, мұз, қырау, 

қылау – жерді көміп, 

Бұлт бүркеп, тұман төніп, 

баса шөгіп. 

Жер-көкті аяз бүріп, қызыл жалап, 

Бұрқ-сарқ боран құсып, 

шашып, төгіп.  

Кейде аяз, кейде бұрқақ, 

кейде қыр­бақ, 

Кейде еркек, кейде күрпік, 

кейде сырғақ. 

Жер тарпып, аспанды аршып 

алтын күрек, 

Сапырар сұрапылды кейде бір уақ». 

Жырға қосылған алтынкүрек тек жел ғана емес, қазақта көктем амалдарына да жататын көрінеді. Бұл туралы этнограф Болат Бопайұлы «мәз болмай, жаз болмайтынын» алға тартады. 

«Қазақта ақпаннан кейін наурызда көктем амалдары басталады ғой. Наурыздың 9–15 аралығында «мәз» деген амал болады. «Мәз болмай, жаз болмайды» немесе «мәздің шағына жетпей, жаз болмайды» дейді қазақта. Айдың 19–26 аралығында болатын амал бар. Сонымен қатар наурызда жауған қарды күремейді. Наурыздың ақша қарындай деген сөз бар. Ұлан-ғайыр далада мал шаруашылығымен, құс шаруалығымен, аңшылықпен, малдың төлімен айналысқан ата-бабаларымыз ауа райын алтынкүрек желіне бағып қараған. Көктемге қарай жел соғады, боран тұрады, жауған қарды жел күрейтін болған ғой. Соған қарап алтынкүрек қарды ерітеді. Осы алтынкүрекке орай, түрлі амалдар да бар. Амал жеті күнге созылады: амалдың басы, амалдың ортасы, амалдың аяғы. Амалдың басы үш күн, ортасы үш күн, соңы бір күн. Амалдың басы ызғарлы, ортасы жылы болады, соңында қар ериді. Содан көктем көрінеді деп есептеген. Алтынкүрек желі дегені жел қатты болып кетпесін, боран соғып мал қырылып қалмасын, апат болмасын деп ырымдап, алтынкүрек желі деп атаған. Оның белгісі көп, кей жерде қонақ дейді, кей жерде құралай жел дейді. Осының бәрі – көктем амалдары. Қыстың амалдары, «алты ай қыс, алты ай жаз» дейді ғой. Кейде ол «мәз» амалы қатты болып кететін болса, омбылап қар жауып тастаса, күн суытып кетсе, боран соқса, ат тергейді. Қазақта ат тергеу бұрыннан бар ғой, келіннің атасының, енесінің, қайын жұртының аттарын атамайтыны сияқты. Сол секілді амалдың атын тергеп, Алтынкүрек амалы, алтынкүрек желі деп аталып кеткен», – дейді этнограф Болат Бопайұлы. 

Этнографтың сөзінше, қазір бұл амалдар өткеннің еншісінде қалған, біреу білсе, біреу білмейді. БАҚ беттерінде, ғаламторда айтылып жатқанымен, нақты қолданыстан шығып қалған көрінеді. 

«Бұл бұрынғы көшіп-қонып жүрген кездегі, түрлі салалар мен мамандар жоқ кезде, қазақтың ауа райын білу үшін қолданған амалы ғой. Сондықтан мұны қазір көп адам пайдаланып жүрген жоқ. Десе де, халық ішінде ауылды жерлерде, таулы жерлерде, ауа райы құбылмалы жерлердегі көненің көзін көрген, тарихи ауа райын білетін болжаушылар жақсы біледі. Мал шар­уашылығына қатысты болғаннан кейін үйі жылы, тамағы тоқ болған соң ұмытылып кетеді ғой. Барлық нәрсе қажеттіліктен туады. Шаруашылығына тіке қатысы бар адамдар оны пайдаланған. 

Алтынкүрек амалының шаруаларға маңызды болатын бір жері бар: көктем амалдары, қыс амалдары, айналып, алтынкүрек амалы кірген кезде күн суытып, қар жауатын болса, жаздың шілде айларында жаңбыр мол түседі. Оның егін шаруашылығына, мал шар­уашылығы үшін шөпке, жайы­лымға пайдасы бар. Соған қарап отырып оны болжай алады. Егер ештеңе жаумай, қатты суық болатын болса, құрғақшылық, күн ыстық болады. Жасыл көктемейді, егін ысырап, жұтап қалады деп топшылаған. Заман ағымына қарай маңызы бар, маңызы жоқ дейтін нәрсе жоқ. Ата-бабамыздан қалған тарихтағы мұраларды жаңғырту, жаңарту, өмірдегі, қоғамдағы, тұрмыстағы шар­уашылығына байланысты білгеннің, білімнің артықшылығы жоқ. Оны біліп жүру, ата-бабаларымыздың ауа райын болжағанын, шаруашылығын, қалай өмір сүргенін білу керек болады, ол мұралық сипаттағы білімге жатады. Ата-бабамыздың жолымен, салтымен, дәстүрімен, ғылым-білімімен жүруді артық деп санауға болмайды», – дейді этнограф Болат Бопайұлы. 

 

 

 

«Көктем шуақ шашқанмен, салқын жүрек»

 

 

 

Алтынкүрек – алғаш көктемде желпитін жылы леп, майда самал дедік. Дәл осы самал қазақ әдебиетінде де оқтын-оқтын кездесіп қалады. Мәселен, ақын Бағдат Мүбәрактің «Алтынкүрек» атты жыр жинағы бар. Дегенмен ондағы алтынкүрек екі түрлі мағынаны беруге тырысқан. Ақын кітабын «Алтынкүрек» деп атағанымен, жинақтың ішінде алтынкүрек деген өлең жоқ. Оны сөз шеберінің өзі былай түсіндіреді:

«Жалпы жинақта «Алтынкүрек» деген өлең жоқ. Ол менің бір өлеңімнің ішінде ғана бар:

«Сөгерсің қар көбесін, алтынкүрек,

Көктем шуақ шашқанмен, 

салқын жүрек.

Қыз ғұмырдың қызығын 

көре алмаған

Түсіме неге сол бір марқұм кіред». 

Кейде бір оқырмандарым ойлайды, сол өлеңге бола қойылған шығар деп. Бірақ өлең деген өзі адамның шер болып қатып қалған мұң-шерін жібітетін көркем дүние ғой. Өзім солай түсінемін. Сондықтан бұл жинағымның атын «Алтынкүрек» деп қойдым. Басқа ешқандай құпиясы жоқ. Сол поэзия адам жанының дәрумені, адам жанының емшісі, қатып қалған шерді жібітетін дүние болған соң, солай қойғанды жөн көрдім. Кітаптың атын қою да қиын ғой өзі. 

Алтынкүрек деген жалпы біздің Арқа жақта осы наурыздың аяғы, сәуірдің басына қарай соғады. Бұл өзі бір бөлек салқындау жел. Бірақ қарды ерітетін, қарды жерге сіңдіретін осы жел болады. Алтынкүрек желі әрі кетсе бір апта ғана соғады. Сол бір аптаның ішінде бүкіл қызыл суды ағызып, қарды кетіреді. Негізі, қарды күннің жылуы емес, осы алтынкүрек кетіреді. Мен желдің өзі сондай болған соң, кітабымның атын да бір-біріне сәйкес келеді-ау деп осылай қойған едім», – дейді ақын Бағдат Мүбәрак.

Ақынның айтуынша, оның ауылында алтынкүрек жиі айтылады. Әжесі, әке-шешесі де жиі айтып отыратын болған. Арқаның жұрты осы алтынкүрек желін күтіп отырады екен. «Алтынкүрек болады, алтынкүректен кейін қардың көбесі сөгіледі» дейді. Ал оның әдебиет­те кездеспеуі мүмкін емес. Кез келген қаламгер қолдануы әбден мүмкін. 

«Жалпы, алтынкүрек желі қысы қатты болатын жерлерде көп айтылады. Себебі алтынкүрек деген – құдды бір көктемнің келгенін, жер-ананың жібісіп, табиғаттың ерекше бір күйге енетін кезі. Соны асыға күтеді. Біздің жақта алты ай қыс қой, адамдарды қажытып жібереді. Сондықтан мұны көп айтады. Қазақ ғұлама, ұлы халық қой. 

Мысалы, қазір наурыз келді, Алматыда жылы, барлық жақта жылы. Елдің бәрі көктем келді деп ойлайды. Көктем әлі келген жоқ. Әлі алда аяз бар, әлі боран да болуы мүмкін, мысалы, Арқа жақта. Біздің жақ дәл мұндай кезде босаңсымайды. Керісінше дайын отырады. Тек алтынкүрек соққан кезде ғана көктем енді келді деп босаңси бастайды. Ал наурыздың аяғына де­йін ешқандай босаңсымайды, барлық нәрсе қорда сақтаулы тұрады. Себебі бұл соңғы бораны өте қатты болады. Алтынкүрек сол наурыздың аяғы мен сәуірдің басында соғады», – дейді ақын Бағдат Мүбәрак.

Оның айтуынша, алтынкүректің егін, мал шаруашылығына әсері әр өңірде әрқалай. 

«Оңтүстікте шаруашылық ерте басталғанымен, бізде алтынкүрек соқпай, ештеңеге әрекет етпейді. Іске кірісіп, көктемге дайындалу деген жоқ. Алтынкүрек болмай дайындалмайды. Біз жақта қар таудай болып үйіліп қалады. Соның барлығының астынан жай ғана суын ағызып, жердің барлығын лай қылып, бәрінің берекесін алатын кез. Содан кейін халық бірден жер қотарып, бау-бақша, егінге кірісе қоймайды. Ол енді мамыр айында басталады. Қазақта «сәуір болмай, тәуір болмайды» дейді ғой, міне, осы сөз біз жақта алтынкүрекке арналған. Арқада алты ай қыс, алты ай жаз. Үлкендер «қыста тон киіп жүресің, жазда тонның түймесін ағытып жүресің» деп қалжыңдайды. Сол сияқты бізде көктемде осы сәуір келмей, тәуір болмайды. Халық бәрібір алтынкүректі күтеді әрі біліп алған», – дейді Бағдат Мүбәрак. 

 

Алтынкүрек – қазақ санасының саф самалы

 

Қазақ елі – ежелден табиғатпен етене байланыста өмір сүрген халық. Халық дүниетанымы табиғатты өзінен, өзін табиғаттан бөтен санамаған. Қазақ үшін табиғаттың әрбір құбылысы Жаратушы болмыспен байланысы бар тылсым ретінде ерекше мағынаға ие. Тіршілік бастауы Жер-Ана – кие­лі ұғымдар көшін бастап тұр. Келесі ұғымдар: Жер-Су, Көк аспан, Жел (Ауа), Топырақ (Құнар), Тау-тас, Дала, Ай-Күн, Жұлдыз, Жан-жануар, Өсімдік – адам табиғатымен ұштастырылған. Адам – табиғаттың бір бөлшегі. Мұны философ Әбдірашит Бәкірұлы мыңдаған жылдар бойы табиғаттың ығымен өмір сүрген халық, еш уақытта өзін табиғаттан жоғары қоймағанымен түсіндіреді.

«Оның адами тәрбие жүйесіндегі «Ұят болады», «Обал болады», «Жаман болады» үштігінің «Обалы» мен «Жаманы» – табиғатқа арналады (оның ішінде адам да бар). Бұл үштіктегі «Ұят болады» деген түсінік қана күрделі адами қатынастар жүйесіне қатысты айтылады. Байқасақ, әлемде осы күнге дейін «саф ауадай» сақталған мұндай экологиялық сана көрінісі сирек халықтарда ғана сақталған екен. Оның төркіні сонау көне замандардағы бабалардың адами тамыры табиғаттан ажырамаған, табиғаттың бөлшегі ретінде қабылдаған наным-сенімдерден туындап, мұндаға дейін елеулі өзгеріссіз келе жатқанында болса керек.

Иә, заман өзгерді. Бүгінде табиғаттың өзі адамзаттың ақыл-ойына тә­уелді болып қалды. Табиғат адамзаттың қорқау әрекетінен өз теңдігінен ажырап, ырғақты дамуын жоғалта бастады. Ауа­ның ластануы температура көтерілуне ұласты, атмосфераның жоғарғы қабатында «озон шұңқырларының» пайда болуы жер бетінің ультракүлгін сәуледен қорғанысын азайтты. Соның әсерінен алып айсбергтер мен таулы мұздақтардың еруі жылдамдады... Осыны көре тұра, біле тұра адамзат табиғаттан барын алып қалуға жанталасуда: жерасты мұнайы мен газын тауысуда (соңы не болары белгісіз), жерасты суын және өзге қазба байлығын тауысуда (соңы не болары белгісіз)... 

Міне, осындай саф ауаны (сананы) бір кездері көктегі Құдайдың «Жерді де, Суды да, Жұлдызды да, Жан-жан­уарды да, өсімдіктерді де менің «сү­йіктім» Адам атаның ғана қалауын қанағаттандыру үшін жараттым» деп айтыпты» деген бірауыз сөз шәт-шәлекей етті. Адам өз тойымсыздығының тығынын ашып жіберді... Одан атқылаған жалыннан сана көзі қарауытты. Оған болашағы қызық болмай қалды. Ол «Бүгін әрі Бәрін» деген обырлық санаға ауысып алды», – дейді философ Әбдірашит Бәкірұлы. 

Философтың сөзінше, сол ортада табиғаттан ажырамаған, табиғат киесін ұмытпаған таза бұлақтай «қазақ дүние­танымы» көрінеді. Дүние қуып, өкпесі өшіп, ентігі басылған әлем қазір осы «таза бастауға» назар сала бастады. Ендігі жерде «қазақтың табиғатпен өрнек­телген дүниетанымы» әлемдегі ең ұлы байлыққа айналатын шақ та жаймен жылжып келе жатқанын айтады.

«Менің бұл сөздеріме тас үйде отырып, желден қорғанған бүгінгінің көп қазағы: «Ойхой, армансыз бір желпініпті!» деп күлуі де мүмкін... Күлсін. Оларға жауап дайын: «Иә, желпіндім, өйткені киіз үйдің керегесін түріп тас­тап, салқын самалға кедесін тосқан қазақ желпінбегенде, кім желпінеді?»

Жалпы, бүгінгі әңгіме жел туралы болып отырғандықтан, мен «желпінуді» табиғаттың ең бір керемет ғажабы дер едім. Желге қанатын төсеп құс та желпінеді, көкке самғап қалқиды. Желмен өсімдік атаулы «желпініп», тұқымын шашады, өсіп-өнеді. Желмен – су да ұшады, дүниеге нәр береді... Яғни мұндағы «желпініс» – тұтас табиғатқа тән қасиет! Ендеше, табиғатпен тұтасқан қазаққа да бұл қасиет жат емес: жанын тазартады, қиялын көкке ұшырады. 

Мысалы, табиғаттан іргесі ажырамаған халық мінез-құлқын да табиғат өлшемімен бағалайды. Оның жарқын көрінісі қазақта мол. Соның бірі – желге қатысты анықтамалар.

– Қазақ алай-дүлей соққан желді «ақ боран» деп атайды. Дәл осы сөз қазақта адам мінезіне және ашулы әрекетке қатысты қолданылады;

– «Ала құйын» деген жел бар. Ол жердің шаңының астан-кестенін шығарып, төтесінен келетін жел. Оны қазақ жақтырмайды. Сондықтан «алыстан ала құйындатып шауып келе жатқан аттыны көрсе, қазақ одан жаманшылық күтіп, сескенеді. Өзі де үйге қарай ат басын тарта ұстайды. Ол – жаман ырым;

– Адам қатты ашуланғанда «бұрқан-тарқан болды» дейді. Өйткені ондай ашуға берілген адам дауылдай жолындағысын қиратуы мүмкін. Сондықтан оны сабырға шақыру қажет;

– Қазақ ызғарлы желді қара түспен бояған: қара дауыл, қара боран т.т. Соған сай адамның да мінезіне «қара ниет», дүлей күшке «қара күш» деп баға береді. Бірақ қазақ өзіне үнемі тартып тұратын үйді де «қара шаңырақ» деп атап, адамға оның құдіретін сездіреді;

– Жаймен соққан жанға жайлы желді «қоңыр жел» деп атап, оны адамның даусына, мезгілге байланысты «қоңыр» деп қосақтайды;

– «Алтынкүрек» желі қазақтың «алтын» сөзіне байланысты қалыптас­қан. Алтын – тат баспайтын, сәнін жоғалпайтын металл. Сонымен бірге байлық пен құт-берекенің символдық атауы. Мысалы, көп баланы өмірге әкелген ана – «Алтын алқа» иегері, тұлғаларды өмірге әкелген ана – «Алтын құрсақты ана» деп аталады... Сол сияқты, қазақ баласына да «Алтыным» деп еміренеді», – дейді философ Әбдірашит Бәкірұлы. 

Философтың сөзінше, бұл түсініктер желдің «Алтынкүрек» аталуының бір мағынасы. Екінші мағынасы – қазақтың тұрмыс-тіршілігінен туады. Ол көктемде жиі кездесетін «жұтқа» байланысты. 

«Көктем шыға, мал баққан жұртқа «жіңішкенің үзілер» шағы келеді. Со кезде күндіз еріген қар түнде қатып, мал өрісіке шыға алмайды. Осы жағдай ұзаққа созылса, жұтқа ұласады. Ол – апат! Сондықтан қазақ жұрты көктем шыға оңтүстіктен күрт соғар жылы желдің тезірек келуін күтеді. «Жел тезірек жетсе екен» деген тілекпен оған «Алтынкүрек» деп әсем ат қояды. Оны «құтқарушы күрекке балайды. Жай күрекке емес, алтын күрекке!

Мұнда тағы бір философиялық мағына бар: қазір біздің қоғам «қыстан шыққан» жұртқа ұқсайды. Ел ұзақ жылдар «коррупцияның қара дауылына» тап болып, жерасты, жерүсті байлығы «жұтқа» ұшырады. Ел енді ғана ес жиып, «жұтты» ысырып, табиғи әділеттікті әкелетін Алтынкүрек желін күтуде... Халық Наурызда бір-бірімен қауышып, бір-біріне осы тілекті айтуда... Міне, Алтынкүрек желі дегеніміз, меніңше, осы!» – дейді философ. 

 

P.S.

 

Қазіргі ғылымда желдің жылдамдығын 12 балдық арнайы Бофорт шкаласымен анықтайды. Мұндағы 0 балл желсіз тымықты білдірсе, жылдамдығы 30 м/с-тан жоғары 12 балдық желді дауыл деп атайды. АҚШ метеорологтерінің айтуынша, соңғы жиырма жылда желдің ең қатты соғуы 70 м/с болған. Ал әлемдік рекорд 1934 жылы тіркелген. Ол кезде желдің соғу жылдамдығы 103 м/с болған екен. 1996 жылы Барроу аралында «Оливия» циклоны соққан кезде жоғарыдағы рекордтардың бәрін бұзып кеткен. Оның жылдамдығы –113 м/с-тан асқан. Жел басқа, боран басқа, дауыл басқа... Тілі бай, атауларының астары шүңет халқымызда желге байланысты атау да аз емес. Кейбір зерттеушілер желге, қарлы боранға қатысты атаулардың өзі 100-ден асады, тіпті неше жүзге жетуі мүмкін дейді.

300 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз