Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 24 Наурыз, 2024

Адам баласын біріктіретін құдірет

«Наурыз айы туғанда, Той болушы еді бұл маңда», – деп әндетіп, қазақ даласы әнге бөленіп тұр. Күн нұры төгіліп, айнала жасарып, жаңарып, жер бусанып, малдың аузы көкке тиіп, марқая­тын уақыттың адам жанының да нәзік қылын шертіп, жақсылыққа, құштарлыққа, бауырмалдыққа баурауы – көктемнің лебі. 
Елімізде он күн тойланатын әз Наурыздың бірі – «Қа­йырымдылық күні». Қайырымдылық – бүкіл жақсылықтың бастауы, жанашырлықтың, татулықтың, береке-бірліктің символы. Қайырымдылық – адам баласын біріктіретін құдірет. Ұрпақтар сабақтастығы, аға буын мен жас буынның арасындағы дұрыс қарым-қатынасты қалыптастыру, қоғамның, жеке адамның бір-біріне мейірімі артып, шапағат-шарапатын көрсету сияқты ұлттық құндылықтарымыздың қайнар бастауында ізгілік жатыр.

Нұрдәулет АҚЫШ, жазушы, ғалым: 

Сүтпен сіңген мінез сүйекпен кетеді 

 


– Адам баласы қоғамдық қарым-қатынасқа түскен сонау ықылым заманнан бері бір-біріне қарама-қарсы екі ұғым пайда болған. Оның бірі – қайырымдылық, екіншісі – қатыгездік. Бұл екеуі бір-біріне антоним сөздер десек те болады. Қайырымдылық бар жерде қатыгездік болмайды және керісінше. Осы жерде еске ала кету керек, қазақ халқы әу бастан-ақ табиғатынан қайырымды, ізгі ниетті, жан дүниесі жайсаң, мейірман халық. Бұл – ғасырлар бойы біздің қалыптасып келе жатқан адами қасиетіміз. Осыны айта отырып, басқа халықтардың да бойындағы жақсы мінез-құлықты, құбылысты жоққа шығаруға болмас. Әңгіме біреуінде көбірек, біреуінде азырақ болатынында. 
Қазақтың қайырымдылығын кез келген ересек адамдар, алдыңғы буын өкілдері жас кезінен сезініп өсті. Сол қасиеттерді бойына сіңіріп, ержетті десек те болады. Мысалы, өзіміз жас кезімізден үлкен кісілердің «қарғам-ау», «құлыным-ау», «ботам-ау», «жаным-ау» деген сияқты жақын тартқан сөздерін естіп өстік. Бұл – қайырымдылықтың бастау көзі. Осындай сөздерді естіп тәрбиеленген бүлдіршін өсе келе сол мінезден ұзамайтыны сөзсіз. Қазақ айтқандай, «сүтпен сіңген мінез сүйекпен кетеді». 
Қазақтың негізгі тіршілік ортасы ауыл болды ғой. Бұрын шағын ауылдармен көшіп-қонып жүрді. Киіз үйде отырды. Одан кейін, отырықшы болуға айналған уақытта да, ұжымдасып өмір сүрді. Ауыл – табиғат ортасында қалыптасқан қазақтың мінез-құлқы. 
Қала урбанизацияның жаһандану орталығы болғанымен, белгілі бір дәрежеде онда қатыгездік мол. Тіпті басқа халықтардың өзінде де селолық жерлер мен қалалық жерлерінде айырмашылық сезіледі екен. 
Бүгінгі таңда сол қалаға көбірек шоғырланғандықтың әсері ме, әлде басқа жағдай ма – қатыгездіктің көбейіп кеткені рас. Кеңес үкіметі ыдырап, нарықтық заманға қарай бет бұрған кезімізде осының көріністерін айқын сезінетін болдық. Мысалы, сол заманда «Бұл сенің проблемаң» деген сөз шықты. Яғни ағайындылар немесе жора-жолдастар өз басындағы мұңын шаға бастаса, еститін жауабы: «бұл сенің проблемаң». Бұл – нағыз қатыгездікті білдіретін сөз. «Сенің ісіңе мен араласпаймын, өз мәселеңді өзің шешіп ал» деген қағидат. Біз осыдан арылуымыз керек. Маңайдағы адамның жекелеген мәселелері «бұл сенің проблемаң» болуға тиісті емес. Қандай данышпан батыр болса да, кейде өзінің жеке бас мәселелерін жалғыз өзі шеше алмай жатады. Ал оған қарағанда жасөспірімдер, әйелдер, қарт кісілер қалай шешеді? Сондықтан да бұларға мейірімділік керек. Басына түскен қиыншылықтан немесе түрлі ауыртпашылықтан қасыңдағы адамдардың жанашырлығы арқылы ғана жеңілдейсің. Тіпті сол арқылы құтылуға болады. Міне, осы жағдайды ұмытып бара жатқандаймыз. Қазір енді «бұл сенің проблемаң» деген сөз азайған сияқты, жиі ести бермейміз. Бірақ салқыны қалған, ызғары сезіледі. Сондықтан біз қазақ халқының қайырымдылығын қайтарып алуымыз қажет. Бері қарай жеткізуіміз керек. Әсіресе көп жағдайда қатыгездікті жиі кездестіреміз. Бір-бірін жатқызып қойып сабау немесе аяусыздықпен тепкілеу, адамның иманын, жанын шошытатын құбылыстар қатыгездіктің нақты көрінісі. Қайырымдылық болмаған жерде бейбітшілік те болмайды. Соғыстың бастау көзі қатыгездікте жатыр. Эгоизмде жатыр. Эгоизм, менменшілдік қатыгездікті туғызады. 
Баяғыда мен «Қазақ әдебиеті» газетіне қалыптасқан үрдісті бұзып, басқаша бір қағидат ұсынғанмын. Газет оны тақырып етіп те берді. Достоевский айтты дейтін «Әлемді құтқаратын сұлулық» деген сөзге, түсінікке өз басым қарсы шыққан едім. «Әлемді құтқаратын сұлулық» емес дедім. Сұлулық болмайтын себебі – атақты қолбасылар, дүниежүзін жаулап алушы Шыңғыс хан болсын, Гитлер болсын, сұлулыққа іңкәр болған жандар. Тіпті Гитлер өзі сурет де салған, ән де салған, сұлулықты жақсы көрген. Сөйте отырып, бүкіл дүниежүзін, жаһанды бүлдіріп кетті емес пе?.. Қаншама миллиондаған адам қаза тапты. Сонда әлемді құтқаратын сұлулық болғаны ма?.. Жоқ, олай емес, әлемді құтқаратын қайырымдылық, мейірбандық, жанашырлық деп білуіміз керек. Сондықтан біздің үкіметіміз Наурыз мейрамын он күнге бөліп тойлауды ұсынды. Оның бағдарламасын жасады. Ішінде дау туғызып жатқан жағдайлар да бар, бірақ «Қайырымдылық күні», «Шаңырақ күні» тағы басқа күндері өз орнымен жемісін береді деп сенемін. Қайырымдылыққа аса қатты мән беруіміз керек. Ол тек осы Наурыз мерекесінің тұжырымдамасында қалып қоймағаны жөн.  Адам өміріндегі қайырымдылық факторын ешқашан да ұмытпауымыз керек. Әр күн, әр сағатта адамдар қайырымды болып, бір-біріне ізгі ниетпен өмір сүрсе, ол қоғамды алға жылжытады деген сөз. Қазір жұрттың көбі көлік жүргізуші. Сонда көшеде кетіп бара жатқанда бір-бірімен жанасып, бір-біріне жол бермей немесе ерегесіп-төбелесіп жатқандарды көреміз. Бұл да сол өзімшілдіктен туған қатыгездіктің көрінісі. Ал Кеңес дәуірінде қалай еді? Кеңес дәуірінде біз жамандағанмен, оның жақсы жақтары болатын. Мысалы, айдалада көлік қалып қойса, біреу бұзылып тұрса, міндетті түрде өтіп бара жатқан машина тоқтайтын еді. Және қол көтермесең де аялдап, жағдайыңды сұрайтындар болған. Оны өз басымыз көзімізбен көрдік. Ал қазір ешкім тоқтамайды. Мүмкін, бір жағы, тұрған адамнан қорқатын шығар, екінші жағынан, бәрі бітірген шаруаларына асығуда, үшіншіден, өзімшілдіктің кесірі деп ойлаймын. Айта берсек, бұл бағытта әңгіме көп. Сондықтан қайырымдылық мәселесін күн тәртібінен түсірмей, ылғи айтып отырған жөн. 
Негізгі тәрбие отбасыдан басталады, балабақшаға немесе баланы мектепке беріп қойып, ата-ананың қол қусырып қарап отырғаны дұрыс емес. Өздерінен бастау керек. Кейде жас ата-аналардың аузынан шығатын сөздер бар. «Ақшасын төледік, әрі қарай өздері тәрбиелесін, оқытсын, жетілдірсін» деп. Бұл да қате түсінік. Сенің балаңа деген жүрегіңнің жылуы болмаса, төгіліп тұрған мейі­рімділігін бала сезбесе, ол бала қалай болып өседі. Сондықтан «әке-көкем, жаным» деген сөздерді көбірек қолданайық. Және құр сөзбен емес, қиналған сәтте бір-бірімізге қол ұшын беріп тұрайық дегім келеді.   

Бақыт ТЕМЕШҚЫЗЫ,бірінші дәрежелі заңгер, Заңгерлер одағының мүшесі:

 

Әлемді сақтап тұрған – мейірім

 


Адам бойындағы ұлы қасиет­тің бірі – мейірімділік. Жүрегі мейірімге толы адам көбінесе бауырмал, жанашыр болып келеді. «Заманына қарай адамы» деп жатамыз. Мына  жиырма бірінші ғасырдың жаһандану заманы келгелі, оның үстіне қымбатшылық нарық та халыққа кері әсер еткендіктен бе – адамның жүрегі қатыгездікке толып, бауыры тасқа айналып бара жатқаны мені алаңдатады. Иә, заман өзгереді, дамиды. Бірақ адамдық-адамгершілік құндылықтар заманға емес, адамға, тек өзімізге байланысты екенін естен шығармауымыз керек. Өкінішке қарай, қазір адамның ниеті де бұзылып бара жатқандай көрінеді. Рухани құндылық пен материалдық құндылықты шатастырып алған жан адамдықтан алыстай түседі. Содан барып, ағайын бір-бірімен араласпай, бауыр бауырмен бәсекелесіп, қатыгез болып ұлттық құндылықтан, имандылықтан, мейірімділіктен алшақтап кетті. Әлбетте, тәрбие тал бесіктен, отбасынан басталады ғой.
Сондықтан біз ата салт-дәс­түрмен, ізгі ниетпен, қазақы менталитетпен жастарымызды  мейірімділікпен ана тілімізде тәрбиелеуіміз керек. Мейірімді жүректен бауырмалдық та, жанашырлық та, мейірімділік те шығады. Оны балабақшадан бастап, мектеп қабырғасында үйретіп санасына құйып отыруымыз керек. Мен тіпті мектепке «ата дәстүр» деген пән енгізсе,  әрі жұма сайын бір мәрте өткізіп отырса, керемет болар еді деп олаймын. Салт-дәстүріміздің негізі, қайнар көзі – нағыз  осы ұлыстың ұлы күні әз Наурызда жатыр. Бұл мерекеміздің үлкен тәрбиелік мәні бар. Біріншіден, күн мен түннің теңелген уақыты. Әрі түркі жұртында, оның ішінде біздің қазақта жылдың басы болып есептеледі. Бұл ұлттық мейрамның мән-мағынасы, құндылықтары зор. Қыстан шыққан ел ақ сарбасын айтып, ақ мол болсын деп тойлайды. Он төрті  «Қауышу», «Жүздесу»  күнінен бастайды. Араздасқандары болса татуласады. Ағайын бір-бірін қонаққа шақырып, бауырлар  қауышып дидарласады. Қандай керемет. Батыстың даңғаза таңсығынан арылып, осындай салт-дәстүрімізді қолдап ұмытпауымыз қажет. Мұны көрген ұл-қыздарымыз үлгі-өнеге алып, мейірімді, қайырымды, бауырмал, ақ ниетті, кішіпейіл болып өседі. Мен өзім де осы наурыз айында дүниеге келгем. Атамның  ізгі тәрбиесін  көріп өскем. Енді немерелеріме шамам келгенше сол тәрбиені берсем деймін.
Мемлекет басшысы  биылдан бастап жаңа форматта наурыз мейрамы он күн тойлансын деп жарлық шығарды. Бұл игі жаңалықты естіп қатты қуанып отырмын. Халық та қолдап жатыр. Ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрімізді, ұлттығымызды сақтасақ, еш қателеспейміз. Бабалардың жолымен жүрсек, еліміз де адаспайды, рухты ұрпағымыз да адаспайды. Біздің елдігімізді, қазақтығымызды айқындап, ұлтымызға рух беріп келе жатқан ата дәстүріміз болса, әлемді сақтап тұрған мейірімділік дер едім.

Күлжахан КӘКІШҚЫЗЫ,ҚХА мүшесі:

 

Ұлттық болмысымызды түзеуіміз қажет

 

Қоғамда адам өзгерді ме, әлде заман өзгерді ме – білмеймін, кінәмшілдікке көп жол беретін болып кеттік. Осы тұрғыда  «заман бұзылды», «жастар мейірімсіз», «қазіргі қыздар тәрбиесіз» дегенді жиі естіп жүрміз. Кейінгі кезде осы жағдай мені де көп ойландырады. Шынында, біз неге тек кінәлаймыз, неге қоғамды қайтсек өзгертуге болады дегенді ойламаймыз. Иә, бүгінгі қоғамда мейірімділік, кішіпейілдік, қарапайымдық сияқты асыл қасиеттер азайып бара жатқандай көрінеді. Осындай  құнды адами қасиет­терден алшақтап бара жатқанымызға тек өзіміз кінәліміз. Осыны мойындап, жағдайды өзгерту өзімізден екенін түсініп, әрекет етуіміз керек.
Бұрынғылардан қалыптасқан «үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» деген ұғымға қазіргінің адамдары аса мән бермейтін сияқты, бір-бірімізді ағалаудың орнына, табалауға дайын тұрамыз. Жастарды тәрбиелейтін өзіміз екенін естен шығарып, оларды жөнсіз кінәлаймыз. Әйтеуір, өз кемшілігімізді мо­йындаудан аулақпыз. Менің пайымдауымда, осының бәрі – отбасыдағы тәрбиенің осалдығынан болып жатқан жағдай. Отбасылық құндылықтардың  әлсіреуінен қоғамдағы адамгершілік қатынастар өзгеріп жатыр.
Атам қазақ «ұяда не көрсең,  ұшқанда соны ілесің» деген  емес пе? Үйдегі ата-ананың тәрбиесі өте маңызды. Дана халқымыз ұлдың да, қыздың да тәрбиесіне ерекше мән берген. Әсіресе қыз тәрбиесін үнемі назарда ұстап, «қызға қырық үйден тыю, қала берсе күңнен тыю» деген. Қызды тәрбиелеу арқылы ұлтымызды тәрбиелейтінімізді естен шығармаған жөн.
Соңғы кездері уақыттың жылдамдығы адамды өз иіріміне орап алды ма, әйтеуір, бір-бірімізге мейірімді қарым-қатынас жасауға уақыт жеткізе алмай жатамыз. Өзгенің ұл-қызы былай тұрсын, өз баламызға дұрыс­тап көңіл бөлуден қалып барамыз. Немерелеріне ертегі айтып, әлдилеп ұйықтататын әже сиреп барады. Керісінше, немерелерімен тұрғысы келмейтін үлкендердің қарасы көбейгендей көрінеді.
Біз қоғамды қайырымды етуіміз үшін ұлттық болмысымызды түзеуіміз қажет, адами құндылықтарды жас буынға дәріптеп, өзіміз үлгі болғанымыз дұрыс. Біз дегенім – аға буын ақсақалдар, аналар, әжелер. Жасыратыны жоқ, кейбір үлкендеріміз өз ана тілінде сөйлеуді қойған. Немерелерімен орысша тілдеседі, орысша тәрбиелейді, орыстілді мектепте оқытады. Мейлі оқытсын, бірақ отбасыда қазақтың тілі мен салт-дәстүрін үйретсін. Адамгершілік құндылықтар ананың сүтімен, әкенің өсиетімен, тәлім-тәрбиесімен қалыптасады.
Қоғамды қайырымды жасау үшін бірінші отбасыдағы тәрбиені күшейту қажет, екіншіден, балабақша, мектепте  сапалы білім берумен қатар, ұлттық тәрбие беру ісін үнемі назарда ұстау маңызды. Үшіншіден, қоғамдағы тәрбиені қалыптастыруға әкелер, аналар, әжелер мектебінің жұмысын жандандыру керек. Сонда біздің ұлттық құндылықтарымыз, қазақи салт-дәстүріміз, адамгершілік, сыйластық, мейірімділік сияқты адами қасиет­теріміз жаңғырады, ұрпақтар сабақтастығы жалғасын табады.

Алмабек ИБРАЙЫМОВ, Maqsut Narikbayev University (KazGUU) Senior Lecturer-і:

Өкпе-ренішсіз өмір сүрейік

Атам заманнан бері қазақтың болмысы мен бітімі әрқашан да ұлттық құндылықтар мен қасиеттерді баланың кішкене күнінен бастап сіңіруге тырысқан. Оның қатарына үлкеннің жолын кеспеу, бірінші болып амандасу, кісі ақысын жемеу, қиналғанға қол ұшын беру секілді қарапайым қағидалар кіреді. Оның барлығы өте қарапайым әрі кез келген адам істей алатындықтан, қоғам болып оны жүзеге асыруға мүмкіндік беретін-ді. 
Қазіргі уақытта адамның таным мен түсінігі, материалдық құндылықтарының өзгеруіне байланысты олардың арасында өзара бәсекелестік, бақталастық туып жатқаны жасырын емес. Бұрыннан келе жатқан «Өле жегенше, бөле же» деген мақалын қазір адам өзіне бұрмалап, «өзім ғана жеймін» деген ой пайда болды. Оған себеп те жоқ емес, себебі айналасындағы қоғамнан көп жәбір көрген, олардан зәрезап болған адам қатыгездікке барады.
Бүгінде мейірімді, қайырымды адам жоқ деп көпке топырақ шаша алмаймыз. Себебі әлеуметтік желілерде қиналғанға қолын созып, баспана әперіп, шетелге емдеуге жіберіп жатқан адам баршылық. Аталған  адамның барлығы да мейірімді айналасынан көргенін, олардың отбасы құндылықтарын барынша сақтап қалғанын айта кетуіміз керек. Иә, адам дүниеге келгенде бірінші ортасы отбасы болады. Сондықтан отбасыдағы тәрбие адамның бүкіл ғұмырына керек қасиеттердің алғашқы дәнін сеуіп, артынша оның қандай тұлға болып қалыптасатынын көрсетеді. Бұл туралы Рон Либердің «Тиыннан теңге құрайтын бала» (Steppe&World баспасының аудармасымен қазақша жарыққа шыққан. – А.И.) атты еңбегінде отбасының қоғамдағы қарым-қатынасы балаға әсер етіп, оның болашақтағы өміріне де әсер етеді деген пікірді алға тартады. 
Қатыгездіктен құтылудың бірінші жолы қоғамды білімді де білікті етуімізге тырысуымыз керек. Сондықтан әлеуметтік қолдау орталықтарына тек сол саланың мамандары ғана емес, сонымен бірге өзге де университеттік ұйымдар, қоғамдық топтар да барса құба-құп. Екінші жолы БАҚ саласында әлеуметтік маңызы бар бағдарламаларды ұйымдас­тырған дұрыс. Мысалы, бұрындары «Қазақстан» телеарнасынан шыққан «Жан жылуы», «Бармысың, бауырым» т.б. бағдарламаларды осы уақытқа дейін көрермені әлі ұмытпай келеді. Алайда қазіргі таңда әлеуметтік желіні қолдану белең алғандықтан, барлығы да өздерінің іс-әрекетін әлеуметтік желіге салуға барынша тырысып бағуда. Сондықтан адам жақсылық жасаса, мүмкіндігінше шын жүректен жасаса деген ниет те бар. 
Қатыгездік бір уақытта пайда болмайды. Ол белгілі бір қоғамға, не адамға өкпе-реніштен болады деп ойлаймын. Сондықтан барынша адамға өкпе-ренішімізді сақтамауға, оларды кешіруге тырысайық дегім келеді.

Әзірлеген
Бағдагүл Балаубаева

 

355 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз