Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 25 Наурыз, 2024

Оразбай ҚОСАНОВ. Өлеңдер топтамасы

БОТАҚАН

Аяғына сүрініп, 
Құлап жүрген боташым.
Еркелігі өзіне
Ұнап жүрген боташым.

                                   Әсем басып сымбатын,                                    
Сынап жүрген боташым.
Анасының ақ сүтін
Сұрап жүрген боташым.      

 

МАЙМЫЛ

 

Мекені маймылдардың,
Ежелден орман екен.
Жайдары жануарлар,
Орманның қорғаны екен.

Ну тоғай ортасында,
Секірер сайран салып.
Керемет қимылына,
Тұрасың қайран қалып.

 

ИТ

Қасқыр көрсе үреді,
Қоян ұстап береді.
Қырағы сақ, адал дос,
Қасымызда жүреді.

Итсіз адам болса да,      
Адамсыз ит болмайды.
Ант бергендей адамға,
Адалдықпен қорғайды.

 

ҚҰРҚЫЛТАЙ

Бойы бармақтай-ақ,
Салмағы қаңбақтай-ақ.
Сәндікке іліп қойған,
Ұясы оймақтай-ақ.

Қолсыз-ақ келістірген,
Шіркіннің шеберін-ай.
Қиялға өріс берген,
Ғажайып өнерін-ай!  

 

АРА

Балы тәтті араны,
Барлық бала біледі.
Балын жейді үлкендер,
Ауырғанда жүрегі.

Естігенде ызылын,
Бала біткен сасады.
Көрген кезде араны,
Тым-тырақай қашады.  

 

ОРАҚТҰМСЫҚ

 

Тұмсығы орақ екен,
Құйрығы шолақ екен.
Тоны оның ала екен, 
Белбеуі қара екен. 
Тастардың тасасына,
Ұясын салады екен.
Түрленіп қас қағымда
Өзгере қалады екен.

 

АҚТИІН 

 

Үлпілдеген құйрығы –   
Ақтиіннің сәні екен.
Сүйіп жейтін қорегі –
Қарағайдың дәні екен.

Қарасаң көз тоймайды, 
Шыршалы орман тиіні.
Жарқылдайды көз тартып,  
Қызыл-сары киімі.

 

ҚҰНДЫЗ 

 

Құндыз ағаш кеміріп,
                         Қабықпен-ақ семірді.                        
Талшыбықтан үй салып,
Қысты өткізді көңілді.

Өзен, көлдің еркесі, 
Келбетіңе таңғалдым.  
Биік шоқтық серкесі, 
Шоқ жұлдызы аңдардың. 
 
Сәндік үшін бөрік қып, 
Құндыз ішік кигендер,    
Кетпесінші азайып,  
Құндызға көп тимеңдер!

397 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз