Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 28 Наурыз, 2024

Бизнесті қазақша сөйлететін – қарапайым халық

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда Ұлттық құрылтайда  «Тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала береді. Бұл – біз үшін мызғымас ұстаным. Елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық. Ешкімді мәжбүрлемей, күнделікті өмірдегі қажеттілікті арттыру арқылы тіліміздің тұғырын нығайта береміз. Мемлекеттік тілге қатысты құр сөзден ештеңе шықпайды. Ең бастысы, нақты іс болуы керек» дегені белгілі. Анығында, қазақ тілін бизнестің,  ғылым мен технология тіліне айналдыру үшін не істеу керек? Біз осыған қатысты қазақ тілінің әлеуетін арттыруға үлес қосып жүрген бірнеше маманның пікірін ұсынып отырмыз. 

 

Дулат Тастекей, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қоғамдық бірлестігінің вице-президенті:

 

Қызметтің қазақ тілінде болуын талап етуіміз керек

 

– Қазіргі таңда біздің байланыс орталығына қоңырау шалатын азаматтардың 60 пайызы қазақ тілінде қызмет алады, басқасы  басқа тілде қызмет сұрайды. Біз 100 пайыз қызмет көрсетуге дайынбыз. 
Сол басқа тілде қызмет сұрап отырған азаматтардың 90 пайызы өзіміздің ұлттың өкілдері. Мен оған кепілдік бере аламын. Енді қараңыз, қазақ тілі қашан бизнес тілі болады дейсіз. Ол үшін әрбір тұтынушы, сіз бен біз дүкеннен азық-түлік, телефон немесе киім сатып алған кезде қызметті қазақ тілінде беруін талап етуіміз керек. Егер тұтынушының тілі мемлекеттік  тілде болатын болса, қазақ тілді таңдаудан басқа нұсқа қалмайды. Ол өзінің клиенті үшін тұтынушысы қай тілде сөйлейді, сол тілде қызмет істеуге мәжбүр болады. Олар осыған дейін өзге тілде бизнесін жүргізіп, тауарын емін-еркін сатып келген болса, оларға шығынданып, қазақтілді адамды жалдап, оларды оқытып, артық шығын жасау бизнесменге не үшін керек? 
Сондықтан бизнестен тілді тұтынушы талап етуі керек. Бизнесті қазақша сөйлететін – қарапайым халық. Ал қараша халық бизнесті қазақша сөйлететін мемлекет немесе үкімет деп ойлауы мүмкін. Олай емес. Мемлекеттің жеке меншік бизнеске араласуына қақысы жоқ. Біз «бизнесті қолдауымыз керек» деп жатырмыз. Қазір мемлекет тарапынан барып «сен мына тілде сөйле» деп қысастық жасайтын болсақ, ол заңға қайшы болады. Ал тұтынушы барып, «маған өз тілімде қызмет көрсет» дейтін болса, ол заңға қайшы іс-әрекет деп танылмайды. Сондықтан әрқайсымыз дүкенге кіргенде сатушының ығына жығылып, сол сөйлеп тұрған тілде сөйлеп, ақшамызды беріп кете беретін болсақ, ол солай болып қала береді. Егер әрқайсымыз тұтынушы ретінде «маған қазақ тілінде қызмет етіңіз» деп талап ететін болсақ, сол кезде бизнес те қазақ тілінде сөйлейтін болады. Оған бірінші жауапты – халық, ал халық дегеніміз – клиент.  

 

Үміт Битенова, Жамбыл облысы Талас ауданы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығында шығармашылық бөлім жетекшісі:

 

Мемлекеттік тілде сөйлейтіндер басым

 

– Жақында ғана Таразда «Amanat» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Мирас» аймақтық кеңесінің отырысы өтті. Жиында облыстағы мемлекеттік тілдің бизнес пен мемлекеттік қызмет саласындағы қолданылу аясы қаралды.
Айта кетерлігі, облыста қазіргі тілдік ахуал қазақ тілінде сөйлейтіндердің басымдығымен сипатталады. Мәселен, мемлекеттік тілді меңгерген халықтың үлесі 93,6 пайызды көрсетіп тұр. Дегенмен бұл көрсеткіш облыс тұрғындарының еркін жазып, сөйлей алатын деңгейге жеткенін білдірмейді. Халық санағының соңғы қорытындысы бойынша, тұрғындардың 74 пайызы мемлекеттік тілді толық меңгерген. Іс жүзінде қазір этнос өкілдерінің өзара сөйлесу тілі – орыс тілі. Өзге этностар арасындағы қазақ тілін меңгеру деңгейі – 77 пайыз. 
Қазір балабақшаларда мемлекеттік тілде тәрбиеленушілердің саны 90,1 пайызға жеткен. Облыстағы таза қазақ тіліндегі мектептер саны артып, 327-ге жетті. 
Кеңес отырысында өңірдегі тіл оқыту орталықтарындағы бірқатар олқылық туралы сөз болып, жөнге келтіру туралы ұсыныстар айтылды. Сондай-ақ әлеуметтік нысандар атауларының бейберекетсіз жазылатыны да күн тәртібіне шығарылып, басқарма басшысына ұсыныстар жеткізілді. 

 

Әбіл-Серік Әліәкбар, филология магистрі:

Заңмен талап етуді жүзеге асыратын кез келді

 

– 28 әріпке негізделген әліпби керек, оның латын мен кирилл болуы шарт емес. Осы әліпбилер негізіндегі төл жазуымызды қалыптастырсақ, бәрі орнына келеді. Бүкіл облыс пен аудан бойынша аудармашылар қауымдастығы мен редакторлар алқасын құруымыз керек. Осы мақсатта біз «Құнанбай қажы атындағы Алаш аудармашылары одағын» құрған едік. Қазақ тілі 100 млн тыңдарманы мен көрермені бар ең дамыған қыпшақтілді аудиторияға ие. Қазақ тілі сөздік қоры бай бола тұра, үйренуге бірден-бір жеңіл тіл екенін бірі білсе, бірі біле бермейді. Оның осы жеңілдігін кәдеге жаратуымыз керек. Ол үшін түркімен, қытай, өзбек тілдерінен аударма жасайтын қандастарымыздың басын қоссақ игі еді. Қазақ тілі – әлемге кең тараған тіл. Қытай, өзбек, түркімен және Ресей аумағындағы жергілікті ұлт қазақ тілінде сөйлеп, оны түсінеді. Тіліміздің осы таралу ерекшелігін пайдаланып қалмасақ, бәрі кеш болады. Ең бастысы, кірме сөздердің айтылу ерекшелігін ескеріп, фонологиялық тіл реформасын жүзеге асыру керек. И, у, ю, я әріптерінің жазылуын бірізділікке түсіру қажет. Яғни и, у, ю, я әріптерінің қосарлықпен жазылуы туралы ерекше ереже керек. 
Мемлекеттік қызметке қазақ тілінде жазып, оқи білетін адамды ғана қабылдау және бизнес келісімшарттарын әуелі қазақ тілінде жазылуын заңмен талап етуді жүзеге асыратын кез келді. Бизнестің тіркелуіне, келісім жасауына әуелі қазақша болуын талап етсе, олар қазақтілді заңгерлерге жүгініп, бәрі орнына келуі керек. Мектепте ауызекі сөйлеу тілі басшылыққа алынатын әдістеме орнатылса және Петровтың тіл үйрету әдісін үш тілге бейімдеп, 5-сыныптан бастап кез келген балаға үйрететін бағдарлама жасалса, қазақ тілі өз тұғырына қонады. 

 

Бақытжан Бұқарбай, баспагер: 

 

Жаңадан велосипед ойлап табудың қажеті жоқ

 

– Тіл жанашыры ретінде қазақ тілінің кез келген саланың тіліне айналатынына сенемін. Іскерлік әдебиетке бет бұрғаным да сондықтан. Ана тілімізді кез келген салада қолдану үшін жаңадан велосипед ойлап табудың қажеті жоқ. Қазақ тілінде сөйлей беру керек. Мейлінше, оны көп қолдану қажет. Мәселе сосын өздігінен-ақ шешіледі. Қазақтілді контентті көбейту үшін шетелдік бизнес-әдебиеттерді ана тілімізге аударудың маңызы зор. Шетелдің бизнес-әдебиеттерін қазақшаға аударған дұрыс, әрине. Бірақ бұл процестің өзіндік талаптары бар. Бізде сол талаптар сақтала бермейді. Шетелдік әдебиеттерді аудару үшін авторлық құқықты сақтау керек. Ресми түрде рұқсат алу қажет. Рұқсатсыз аудару дұрыс емес. Ұсақ-түйек болып көрінгенімен, мұның соңы жақсылыққа апармайды. Осыны ескерген жөн. Біздің компания шетелдік кітапты қазақ тілінде шығару үшін авторлық құқық иесінен сатып алады. Қазақша сапалы контентті көбейту осыдан басталады. 

 

Альберт Есен-әлі, «J WARM INVESTMENT» компаниясының негізін қалаушы:

 

Жарнаманы қатесіз жазу қажет

 

– Алдымен «қазақ тілін бизнестің, ғылым мен технология тіліне айналдыру үшін не істеу керек» дегеннен бұрын, «не үшін қазақ тілінде болуы керек» деген сұраққа жауап беру қажет.
Жалпы, ғылым мен техника тілін қазақ тілінде сөйлете алсақ, сонда бизнес өзі сол тілде сөйлеуге мәжбүр болады. Қазақ тілі түркітілдес халықтардың ортақ халықаралық қарым-қатынасына оңай болады. Осы арқылы Орталық Азияда 60 миллион халыққа ортақ еңбек пен ақпаратқа қол жеткізуіміз керек. Бұл тізімге тағы Түркияны қоса аламыз. 
Қазақ тілін бизнес, ғылым тіліне айналдыру үшін қандай істерді жүзеге асыру қажет? Ең алдымен, қазақ тілін латын әліпбиіне тез арада ауыстыру керек. Бұл геосаяси, бизнес пен ғылымға ену жағынан болсын, бізге үлкен белес әкеледі. Осы арқылы орыс тілінен түпкілікті арылып, әлемнің ғылым мен техника тілдерін ортақ түркі, яғни қазақ тілінде жасауға мүмкіндік туады.
Ғылыми еңбектер мен әлем әдебиеттерін қазақ тіліне аудару керек. Қазақ тілінде неғұрлым өте көп ақпарат болған сайын, соғұрлым орыс тіліне деген тәуелділік азая­ды.  Көрші бауырлас халықтарға да үлкен көмек болары анық. Аударма жасау үшін арнайы компаниялар құрылса, оны бизнес көзіне айналдыра алсақ, үкімет тарапынан да көп қаржы кетпейді. Есесіне, қаншама маман жұмысқа орналасады, қаншама жаңа бизнес түрі ашылады. Тек мұны қадағалап отыратын қоғамдық кеңес керек. Үкімет бір реттік қолдау гранты арқылы керек-жарақтармен қамтамасыз етсе де жетіп жатыр. Сонда үкіметтен қаржы алуды ғана көздейтін емес, еліне жанашыр шын патриоттар шығып, бизнеске айналдырып табыс табатын болады.
Қолданыстағы тілді реттеу керек. Кей халықаралық терминдер сол атауымен өз мағынасында аудармасыз қалуы керек және кей қолданыстағы сөздерді ортақ түркі тілінде қолдана алсақ, біз дайындаған материалдар мен ақпаратты сатуға, қолданысқа енгізуге жол ашылады.
Заманауи әлеуметтік желілерді тиімді пайдалану мәселесі. TikTok, Instagram, YouTube, Facebook, Twitter сияқты желілердің жұмысын қазақ тілінде пайдалануымыз қажет. Жалпы, әлеуметтік желі – ХХІ ғасырдағы ұлы күш.  Бұл – қару. Мұны дұрыс пайдалану адамзатқа да, мемлекетке де пайдасы зор. Үкімет пен бизнес бірлесе осы бағытта түрлі қазақ тіліндегі жарыстар мен жобалар жасап отырса, қомақты жүлделер тағайындаса, сонда миллиардтаған қаржы далаға кетпей, қоғам біртіндеп ортақ тілге көшеді. 
Қазақ тілін сәнге айналдыру. Ол үшін жастарға арналған қызықты дүниелер жасау керек. Ұлты өзге, бірақ қазақ тілінде сөйлейтіндерді насихаттау жұмысын тоқтатпаған жөн. 
Ғылым саласын насихаттау. Жас ғалымдарымыздың еңбектерін көптеп көрсету қажет. Отандық ғалымдарды насихаттайтын ток-шоу­лар мен түрлі контенттер жасауымыз керек. Ағылшын мен қазақ тілін бір деңгейде ұстауды көп насихаттай алсақ, игі іс болар еді. Ол үшін бизнесмендер көбінде қазақ және ағылшын тіліне басымдық беруді қолға алуы керек.
Мемлекет тарапынан қандай шаралар жасалуға тиіс? 
Ең біріншіден, заң мәселесі. Қазақ тілі мәртебесі туралы заңды дәл қазір өзгерте алмасы анық. Алайда жанама заңдық нормативтік құқықтық және қолданыстық бағытына қарай қазақ тіліне басымдық берілсе, жөн болар еді. Ең алдымен, мемлекеттік ісқағаздар бірінші қазақ, содан кейін ғана орыс тілінде жазылуға тиіс деген заң орнатылса дұрыс болады. Сол сияқты, банктік аударымдар мен қаржылық істер де алдымен қазақ тілінде, содан кейін барып орыс тілінде жасалса деген заңның болғаны жөн. Лингвистикалық заңды күшейту: жарнама мен жалпы құжаттарды қазақ тілінде айна қатесіз, калька аудармасыз жазу. Бұл жөнінде тіпті айыппұл салумен ғана шектемей, қылмыстық жаза қолдануды ұсынамын. «Әр мекемеде қазақ тілінде қызмет көрсететін мамандар болуы керек» деген норманы қатаңдату қажет. 
Екіншіден, мемлекеттік қолдаулар. Жоғарыда айтқандай, үкімет көп қаражат жұмсамай, шығынға батпай, тек аударма жасайтын ұйымдарға бірнеше сала бойынша бірнеше көлемде грант пен қайтарымы аз пайызды кредиттер берсе, бизнесмендер мен жалпы халықтың өзі тамаша жобалар ұйымдастырар еді. 
Қоғамдық ұйымдар мен бақылау орындарына қолдау мәселесі. Әлеуметтік желілер бойынша бағдарламалар жасау қажет. Ескеретін жайт, ол ұйымдарға қатысу саны шектеулі және оған мүшелікке өту үшін сайлау жұмысы жүргізілуі керек. Сонда жемқорлық пен сыбайластық тыйылып, тиісінше, шынайы мамандар жұмыс атқаруға сеп болады. 
Сол сияқты, халықаралық дәрежедегі компаниялар мен ірі мекемелермен байланыста болып, оларды түрлі форумдар мен конференцияларға тарту жұмыстарын қолға алу керек. Ондай конференция мен жиналыс­тарда бизнес өкілдері мен халық байланыс жасай алатындай мүмкіндік жасалса, дұрыс болар еді. Сонда қолы жетпей жүргендер Google,  YouTube, Twitter, Facebook, TikTok сияқты алпауыттармен байланыста болады. Сол кезде қазақ тілінде тікелей жасай алатын мүмкіндік туады. Қазақ тілінің әлеуетін арттыруға байланысты жеке компаниялар мен жалпы жоба жасағысы келгендер үшін концерт залдар мен конференциялық орындарды беру жағын жеңілдету жұмысы жасалса деймін. 

Әзірлеген 
Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ

 

532 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз