Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 30 Наурыз, 2024

Әскери қызметшілер ардагер барлаушыны ғасырлық мерейтойымен құттықтады

Ұлы Отан соғысының ардагері Василий Иванович Зинченко 29 наурызда 100 жасқа келген мерейтойын атап өтті. 

Оны Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының орынбасары полковник Раджан Жанысов, Түрксіб ауданының қорғаныс істері жөніндегі басқармасының, соғыс ардагерлерінің, тыл еңбеккерлері мен соғыс балаларының қоғамдық қорының өкілдері, десантшы-сарбаздар құттықтады.  

Құрлық әскерлері әскери институты оркестрінің сүйемелдеуімен барлаушының ерлігіне құрмет көрсеткен десантшы жауынгерлер мерейтой иесінің алдынан салтанатты маршпен өтті.  

– Бүгінгі таңда Алматыда Ұлы Отан соғысының 32 ардагері тұрады, олардың сегізі биыл ғасырлық мерейтойын атап өтеді. Біздің міндетіміз – қаза тапқан жауынгерлерді жадымызда сақтау, арамызда барларына қамқорлық жасап, қолдау көрсету. Олар біздің мақтанышымыз, кешегі тарихты жасаушылар. Ұлы Отан соғысы батырларының ерлігі мен жанқиярлығының арқасында біз бейбіт аспан астында тәуелсіз, гүлденген мемлекетте өмір сүреміз, – деді құттықтау сөзінде Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының орынбасары полковник Раджан Жанысов.

Василий Иванович 1924 жылы 29 наурызда Алтай облысында дүниеге келген. Зинченконың отбасы Алматыға көшіп келгенде ол 15 жаста болатын. Содан екі жыл өткенде, 1941 жылдың қарашасында әскерге шақырылды. 

Барлаушылар мектебінде жасөспірім Василий қоян-қолтық ұрысының және суық қаруды қолданудың машықтарын үйренді. Дайындықтың негізгі бағыты саналатын диверсиялық жұмыста да үздіктердің қатарынан көрінді. 

Барлау мектебінде алты айлық оқуды аяқтаған соң қызыл әскер сарбазы Сталинград майданында шайқасып, Украина мен Польшаны азат етуге қатысты. 

Василий Иванович фашистердің тұтқынынан қашып, бір күн бойы суық батпақта отырғанын, оны ізімен келген неміс итін суға батырып қашып құтылғанын есіне алады. Ауыл тұрғындары әрең жеткен қызыл әскерді паналатып, емдейді. Содан кейін қайтадан майданға – қарсыластың тылына жіберіледі.

– Барлауда әкемді бойының пәстігі, елеусіздігі және кез келген жағдайға бейімделу қабілеті үшін бағалапты. Жау тылында ол жиі жасөспірім болып көрініп, олардың арасында жүріп, неміс сарбаздарынан соққысына да шыдапты. Соған қарамастан талай пайдалы ақпаратты басшылыққа беріп отырған, – дейді ардагердің қызы Людмила. 

Кительдегі наградалар арасында Қызыл Жұлдыз ордені, І дәрежелі Отан соғысы, ІІІ дәрежелі Даңқ ордені, «Сталинградты қорғағаны үшін» және «Германияны жеңгені үшін» жауынгерлік медальдары неше жыл өтсе де жарқырап тұр. 

Василий Иванович – Эльба өзеніндегі кеңестік және ағылшын-американдық әскерлердің әйгілі кездесуіне қатысқан. Сол жерде фашистерді жеңгені туралы алғаш хабарды естіген.

Соғыс аяқталған соң, бір жылдан кейін елге оралды, жүргізуші болып жұмыс істеп, жастардың әскери-патриоттық тәрбиесіне қатысты. 

Ардагер ғасырлық мерейтойын сүйіспеншілікке толы отбасымен өз отбасында қарсы алды. Оның төрт баласы, жеті немересі, он екі шөбересі және екі неменесі бар. Василий Иванович артындағы ұрпағын нағыз байлығым дейді.

Фото: gov.kz

106 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз