Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 09 Сәуір, 2015

Көз алдымызда – ел шежіресі

Фотосурет арқылы қуанышты да, қай­ғыны да баяндауға болады. Тарихымыз бен өткен заман көріністерін көз алдымызға әкелетін де фотосурет. Бұны біз ҚР Орталық мұражайында өткен белгілі фототілші Мұрат Мәмбетовтің фотокөрмесінде ұғынғандай болдық. Мұрат Мәмбетов алғашқы қызметін облыстық телеарнада режиссер көмекшісі ретінде бастаған. Кейіннен облыстық, аудандық газеттерде және ҚазТАГ-ТАСС-та фототілшілік қызмет етті.  фотосурет Көрмеге ұсынылған фотосуреттер тақырыптары жағынан әр алуан. Мәселен, «Балалық шақ», «Менің ауламның балалары» суреттері қайта айналып келмейтін балалық шаққа саяхат жасаса, «Қарттық», «Әсемдік» суреттері кез келген жанды толғандырары анық еді. Десек те, «Арал қасіреті» деп аталатын топтамадағы фотоочерктері әсерлілігімен, қаншама сырды бір көріністе жинақтауымен ерекшеленді.  Арал мәселесі бүгіндері әлемдік проблемаға айналған.  Алайда Арал қасіретін фотосурет арқылы жеткізе білетіндер некен-саяқ. Бұл суреттер 1991 жылы түсірілген екен. Әр суретте фотосуретшінің қолтаңбасы, ізденгіштігі байқалады. Бұл суреттердің тарихы жайлы автордан сұрағанбыз: «1989 жылы Мұхтар Шахановтың арқасында Қарақалпақстанға сапарға шықтым. Ол кездері жас фототiлшiмiн. Қазір сырттай Арал мәселесін барша жұрт біледі. Алайда өз көзіңмен көріп, сол жерде болғанымның әсері мол болды. Арал тағдыры мені  қатты толғандырды. Шөлейт жер. Тот басқан кемелер. Тіпті кең тыныс алу мүмкiн емес. Тұзды, құрғақ, шаң... Алайда Қазақстандағы Арал аймағында дәл осындай кемелердiң «зираты» бар екенiнен хабардар едiм. Сөйтіп, 1991 жылы Арал қаласына жаяу­латып, кездескен көлiкке мiнiп, дәл осы жантүршiгерлiк жерге аяқ бастым. Санаулы сағаттарда бар көргенімді суретке тарттым. Қонақ етiп, сурет түсiруге, осы арқылы ондағы көріністерді әлемге жариялауға мүмкiндiк берген жергiлiктi қарапайым тұрғындарға өте ризамын. Өкiнiшке қарай, дәл сол кезде мұндай түсiрiлiмдердi жарыққа шығару мүмкiн емес болатын. Ал қазiр сол парызды орындаудың сәті түсті» дейді. Фотосуретші осы суреттерін жинақтап «Арал – КСРО мұрасы» атты фотоальбомын шығарған екен. Аталмыш альбом үшін 2010 жылы Мәскеу қаласында өткен ТМД мемлекеттерінің «Кітап өнері» атты халықаралық байқауында ІІ-дәрежелі дипломға ие болыпты.  Сонымен бірге фотосуретшінің «Қазақстан спорт әлемінде» атты фотоальбомы да жұртшылықты бейжай қалдырмайды. Фотокөрмедеге ұсынылған суреттер арасында Дінмұхамед Қонаевтың, Кеңестік кезеңдегі Социалистік  Еңбек Ері атанған азаматтардың, Жұбан Молдағалиевтің, Зейнолла Қабдоловтың, кәсіби мүсінші Хәкімжан Наурызбаевтың порттерін кездестіруге болады. Тағы бір суреттер топтамасы тәуелсіз, егемен Қазақстанның алғашқы қалыптасу кезеңдеріне арналған. «Семей ядролық полигоны жойылсын», «Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы» деген суреттері тарихта қалатын дүниелер екені анық. Тәуелсіздік үшін күрестегі жастар бойынан табылған патриоттық өршіл рух та осы суреттерде бірден байқалады.  Бүгінгі ұрпақ ата-баба аманат қылған тәуелсіздік пен егемендіктің қадірін түсінуі қажет. Фотосуретшінің тағы бір ерекшелігі  деп оның қазақ жерінің әсемдігін, табиғатының көркемдігін жеткізуге деген ықыласын айтар едік.  Осы мақсатта ел-елді аралап, барша жұртқа табиғатымызды, атадәстүрімізді насихаттауға күш салыпты. Мәселен, оның көкжайлау пейзаждары, малды өріске айдаған сәттер,  ауыл жұртының Наурызға  дайындығы, құсбегілердің қыран бүркітті баптауы – осы суреттерден ұлттық нышан байқалып тұр. Және бұл топтамадағы суреттерде ұлттық дәстүр, табиғат ананың кереметтілігі, қазақи қонақжайлық  өзіндік үйлесім тапқан. Фотоочерктің де маңызды тұсы осы болар. Мұрат Мәмбетов фотоочерк жанры «фототарих» деген мағынаны бiлдiретінін, яғни өмiрде  өтiп жат­қан жылдар тiзбегiнiң көрiнiстерiн, айқын және нақты көрсетiп тұратын суреттер жиынтығы екенін атап өтті. Фотосуретшінің айтуынша, ұлттық мәдениетiмiздi, салт-дәстүрiмiздi фотоочерк арқылы жеткізе білген тиімдірек. Себебі сөзбен айтып жеткiзе алмаған дүниелерді  фотоочерк суреттер арқылы сөйлетедi, бұл бейнелер адам жадында мәңгі сақталады.  Фотокөрмеге келген жұртшылық ел тарихы хақында біраз мағлұмат алды.  Қаншама тарихи суреттер жоғалып та кетті. Сондықтан бүгінгі таңда Фотомұражай ашудың сәті келген секілді. Расында, сырттан келген мейман болсын, өсіп келе жатқан жас ұрпақ үшін де фотомұражайдың маңызы айрықша. Мәселен, көрші Ресейде фотомұражай үйі бар.  Бұл мұражай түрлі көрмелер, жас фотосуретшілерге арналған шеберлік сыныптары өткізіледі. Ал Еуропада тіпті Фотография үйі бар. Онда әртүрлі тақырыпта 20 мыңнан астам фотосуреттер бар. Тіпті осыдан бір ғасыр бұрынғы суреттер де сақталған. Көптеген шетел меймандары өзіне қажетті тарихи суреттерді дәл осы мұражайдан тамашалап, тіпті белгілі бір қаражатқа көшірмесін де түсіре алады екен. Фотография үйі әлемнің барлық фотосуретшілерімен байланыс орнатып, өз көрермендері үшін түрлі көрмелер де ұйымдастырып отырады. Бұл әрине, өз кезегінде әлем халқының фотоөнерге деген биік көзқарасынан туындағаны анық.  Ал бізде әсіресе, жастар арасында фотоөнерге өнердің түрі ретінде емес,  кәсіпкерліктің бір түрі ретінде қарау басым. Мұрат Мәмбетов осы орайда  Фотомұражай ашудың маңызы зор екенін баса айтты. Фотосуретші алдағы уақытта Қазақ хандығының 550 жылдығына орай, Астана жайлы фотоальбомдар шығаруды жоспарлап отыр.

Ақбота ИСЛӘМБЕК

1250 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз